ЗИЯТКЕРЛІК МИГРАЦИЯ: ПАЙДАСЫ МЕН ҚАУПІ

1. Төмендегі мақал-мәтелдерді оқып, мағынасын түсіндір. Олардың бүгінгі сабақ тақырыбымен қандай байланысы болуы мүмкін? Болжамыңды айт.

1) Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
2) Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл.
3) Білім инемен құдық қазғандай.

2. Шетелге оқуға барудың қандай пайдасы бар деп ойлайсың? Ал қандай қаупі бар? Пікіріңді қысқаша жаз. Қосымша ақпарат көздерінен өз ойыңды бекітетін статистикалық мәліметтер тауып, кірістір.

3. «Оймоншақ» әдісімен зияткерлік миграцияның туындауына себеп болатын факторлардың тізбегін жазып, әңгімелеп беріңдер. Сөздеріңде сын есімнің мағыналық түрлерін қолданыңдар.

Үлгі:

Ресми ісқағаздар стилі


   Ресми ісқағаздар стилі – ресми қатынастар аясында қызмет ететін стильдің бірі. Ресми құжаттар мен ісқағаздарының стилі деп те аталады.
   Ресми ісқағаздардың мынадай түрлері бар:
   1. Азаматтық қарым-қатынас құжаттары (сенімхат, кепілхат, келісімшарт, еңбек шарты т.б.).
   2. Жеке адам өміріне қатысты құжаттар (өмірбаян, түйіндеме, өтініш, мінездеме, жеделхат т.б.).
   3. Басқару, ұйымдастыру құжаттары (Жарғы, үкім, жарлық, ереже, бұйрық, хаттама т.б.).
   Ресми ісқағаздар стиліне тән құжаттардың тіліне белгілі бір
талаптар қойылады. Олар: сөздің дәлдігі мен бірмағыналылығы, жүйелілігі, дәлелділігі, ықшамдылығы, артық сөздің болмауы.
   Ресми ісқағаздар стилінде жазылған мәтінге қойылатын талаптар болады.
Олар:
• лексикада – ресми құжаттар мен ісқағаздарына тікелей қатысы бар сөздерді ғана орнымен қолдану, көнерген сөздерді бейтарап, кітаби немесе әдеби сөздермен алмастыру;
• морфологияда – жалпылық мағына беретін сілтеу есімдіктерін қолданбау;
• синтаксисте – сабақтас құрмалас сөйлемдердің (себеп-салдар, мақсат, шартты бағыныңқылы) көбірек қолданылуына мүмкіндік беру;
• қыстырма сөздерді қолдануды шектеу.

«Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығынан

4. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алу үшін өтініш жаз.

Өтініштің құрылымы:
– кімге: ұйым басшысының атына;
– құжаттың атауы;
– мәтін;
– күні, жылы;
– кімнен: өтініш иесінің қолы, аты-жөні.

5. Мәтінді оқы. Ондағы ойды өзек етіп алып, өз көзқарасыңды жаз.

Зияткерлік миграция немесе шетелде
білім алушылар


   1. Қазіргі таңда мұхит пен теңіз асып, білім қуған жастар саны күннен-күнге артып отыр. Жыл сайын мемлекеттің білім жүйесін дамыту үшін тілі жат елге барып, отбасынан жырақта білім алып жатқан жастар қаншама?! Жастардың білім алуы үшін Қазақстан Үкіметі арнайы «Болашақ» бағдарламасы арқылы көптеген талантты жастарға мүмкіндік сыйлады. Мақсат біреу ғана: болашақ отандық мамандардың сапалы білім алып, отбасына, мемлекетке пайда әкелуіне жағдай жасау.
  2. Шетелдегі білім деңгейінің жоғары дәрежеде екені белгілі. Бірақ білім алғысы келсе де, ондағы қиындықтарға төзе алмайтынын сезіп, көбісі бұдан бас тартып та жатады. Ал өз-өзіне сенімді, барлық қиындықтарға қарсы тұратындар еш нәрсеге қарамайды. Қазақта «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген даналық сөз бар. Олай болса, оқимын деген жас буынның жолын кеспей, керісінше, қолдау көрсетіп, болашағына мол сеніммен қарау керек.
  3. Соңғы жиырма жылда «білімділердің елден кетуі» ұғымын ғалымдар қайта қарап шықты. Енді бұл сөз «білімділердің келуі» және «интеллектуалдық айналым» феномендерімен бірге жиі қолданыла бастады. Елден кету білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл адам капиталының сапасына оң әсер етеді. Елден кеткісі келгендердің барлығының бірдей мақсаты орындала бермейді. Ал кеткендердің біршама бөлігі әлемдік деңгейдегі жаңа дағдыларды елге жеткізуге және өзгелергеде үйрету мүмкіндігіне ие бола алмайды. Үндістандағы IT мамандарының Америкаға қоныс аударуы елдегі IT секторының дамуына ықпал етті, көптеген халықтың компьютер ғылымдарын зерттеуге ынтасы артты. Алайда бәсекелестіктің жоғары болуынан олардың бір бөлігі ғана шетелге кетуге мүмкіндік алды.
   4. Қазақстанда бұл мәселенің өзектене түскенін соңғы он жылдықта ағылшын тілін меңгеруге бет бұрған адамдар санының көбеюімен түсіндіруге болады. Отбасы мүшелерінің біреуінің шетелге қоныс аударуы нәтижесінде ата-анасына ақша жіберіп, бауырларының оқуына мүмкіндік жасап отырады. Ал туған жеріне қайта келген соң, білікті және сұранысқа ие маман ретінде білімін көрсетіп, ел экономикасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар өз отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады.
   5. Әлемдік тәжірибеде шетелге қоныс аударуға тосқауыл қою білікті мамандар үшін зиян. Мәселен, жаңа дағдыларды игеруге кедергі келтіреді әрі технология, сауда және инвестицияға қолжетімділікті шектейді. Сонымен қатар көші-қон үрдісінің пайдалы тұстары бар. Мысалы, диаспоралардың өзара араласуы және тарихи отанынан көшіп кеткен адамдармен байланысты үзіп алмас үшін азаматтық беруді енгізу.
  6. Дегенмен басқа елге қоныс аударудың ең негізгі себептерін, еңбек нарығындағы құрылымдық мәселелерді үнемі қадағалап отыру қажет. Зияткерлік миграцияның зиянды жағы да болатынын естен шығармау

керек. Атап айтқанда, аралас некенің көбеюі, басқа ел азаматтығын алуға мүдделілік, Отан алдындағы парызын жете түсінбеу салдарынан шетелде жұмыс істеуге ұмтылыстың артуы және т.б. Зерттеушілердің пікірінше, таланттардың шетке ағылуын азайту үшін туып-өскен еліндегі балама мүмкіндіктерді қарастырған абзал. Арнайы жобалар жасау қажет. Онда таланттарды ашу, дамыту және өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін толықтай көрсетуіне, өзіне лайықты мансап биігіне көтерілуіне жағдай жасау жолдарын табу міндет. Сонда жоғары оқу орны түлектері арасындағы жұмыссыздық мәселесі де оңтайлы шешіледі. Елдің интеллектуалдық әлеуетін көтеру мүмкіндігі артады.


А. Әбітай

6. Мәтіндегі әр абзацқа тақырыпша қой. Соңында мәтін тақырыбы мен өзің жазған тақырыпшалардың арасындағы байланысқа мән бер. Мәтіндегі тірек сөздерді анықта. Тақырыпшалардың негізінде күрделі жоспар құрып, айтып бер.

7. Мәтіндегі қарамен берілген сөздердің мағынасын анықтап, олардың жасалу жолдары мен орфографиялық нормаға сай жазылу заңдылықтарын түсіндір.

8. Мәтін мазмұны бойынша кестедегі тұжырымдар мен мәтін бөліктерін сәйкестендір.

9. Мәтін мазмұнына сүйеніп, шетелге білім алуға немесе жұмыс іздеуге ықпал ететін ең маңызды екі факторды жаз. Солардың негізінде көші-қон мәселесімен айналысатын мекеме басшысының атына өзіңді шетелге жұмысқа жіберу жөнінде ресми түрде өтініш жаз. Өтініштің мазмұндық-құрылымдық жүйесіне мән беріп, тілдік құралдарды орынды қолдан.

10. Мәтіндегі «Шетелге қоныс аударуға тосқауыл қою білікті мамандар үшін зиян» деген пікірге «Келісемін/Келіспеймін» әдісімен өз ойыңды айтып, дәлелде.

11. Жағдаяттық тапсырма. Сен телеарна жүргізушісі қызметіне кастингке қатысуға келдің. Талап: берілген мәтінді мәнерлеп оқу. Сөйлеу ағымындағы интонацияның құрамдас бөліктері: әуен, әуез, тембр, қарқын, кідірісті сөйлеу мәнеріне сай қолдан. Сынып оқушылары ең үздік талапкерді анықтасын.

   Енді Қазақстан Республикасына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызмет орталығына жүгіне алады. Бұған дейін бұл қызмет тек Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті тарапынан көрсетілетін. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» баспасөз қызметі хабарлады.
   2019 жылдың 18 ақпанынан бастап көрсетіле бастаған жаңа қызмет түрін пайдалану үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге мынадай құжаттары болуы тиіс: Қазақстан аймағына кіруге визасы бар шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның жекебасын куәландыратын жарамды құжаты; шегараны кесіп өткені туралы белгісі бар көші-қон карточкасы; еркін түрде жазылған қолдаухат. Қызмет алушылар Қазақстан аймағына 6 айдан артық мерзімге келетін болса, қосымша толтырылған 2 мекен-жайға келу парағын, келу парағына толтырылған статистикалық есепке алу талоны мен 3,5х4,5 көлеміндегі бір фотосурет тапсыруы керек. Миграциялық ХҚО арқылы шетелдіктер бір күннің ішінде тіркеуге тұра алады. Мұндай орталық мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі еш кедергісіз алуға мүмкіндік береді, жемқорлық әрекетіне жол бермейді.Жаңадан қосылған қызметтен бөлек, мұнда шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады. Естеріңізге сала кетейік, еліміздің 13 қаласында көші-қон қызметтерінің орталығы жұмыс істейді. Тағы төрт (Павлодар, Өскемен, Тараз, Түркістан облысы) миграциялық ХҚО жыл соңына дейін ашылатын болады.

«Егемен Қазақстан» газетінен

8. Тыңдалым, оқылым мәтіндерінің негізінде «Қызыл крест» және «Қызыл жарты ай» ұйымы айналысатын мәселелерді ретімен жаз.

9. Берілген сұхбаттың құрылымына, журналист пен сұхбат берушінің сұрақ-жауабындағы сөздің коммуникативтік сапасына (сөз түсініктілігі, дәлдігі, анықтығы, тазалығы, жүйелілігі) шағын жазбаша талдау жаса. Сұхбаттың рәсімделуіне көңіл бөл. Пікіріңді айт.

10. Сұхбаттың жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып, берілген сұхбат бойынша тезис жаз. Ол үшін төмендегі тезиске байланысты берілген ережеге назар аудар.

   Тезис – абзацтың, лекция мен баяндаманың негізгі мәселелерінің жинақталып, қысқаша тұжырымдалған нұсқасы. Мәтіндегі тезис саны берілген негізгі ақпараттар санымен бірдей болады.
   Тезис екі түрлі: түпнұсқа тезисте автор өз мақаласында айтылатын ойды жинақтап жазады. Қосалқы тезисте өзге автордың еңбегіндегі ой тұжырымдалып беріледі. Қосалқы тезис жазуға қойылатын талаптар:
– мазмұнға сай болуы;
– тақырыптың дамуы қысқа және өзара логикалық байланыста жазылуы;
– әр ой қысқаша абзац түрінде жазылуы;
– автордың сол мәселеге қатысты ойы көрсетілуі тиіс.
   P.S.: тезис ықшам болу үшін мысалдар, дәйексөздер, салыстырулар, сипаттаулар, риторикалық сұрақтар, фразеологизмдер, өлең жолдары қолданылмайды.

11. Сұхбат мәтінінде көтерілген мәселе бойынша ұйым басшысының пікірі- не талдау жаса. Оны дәлелдеу үшін 4 себеп жаз. Автордың ойын сыни тұрғыда бағала.

12.«Аквариум». Егер барлық көші-қон түрі тоқтатылатын болса, Қазақстан қандай жағдайда болар еді? Бұл қандай пайда немесе зиян әкелуі мүмкін? Ойыңды сызба түрінде рәсімдеп жаз. Өз пікіріңді парталасыңмен сөзталас түріндегі диалогте қолдан. Сынып оқушылары ең үздік диалогті анықтасын.

13. Ақпарат құралдарынан Қазақстандағы «Қызыл жарты ай» ұйымы туралы мәліметтерді тауып, бұл ұйымның атқарып жатқан істері туралы мәтін құрап жаз. Оны оқушыларға оқып бер.

14. Көші-қон мәселесіне қатысты сала маманының жазған мақаласын тауып оқы. Мақаланың негізінде публицистикалық стильдің жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып, сұхбат құрап жаз. Ол үшін мақаладағы ең маңызды ақпараттарды анықта. Сол мәселе бойынша қысқа да нұсқа сұрақ әзірле. Автордың жауабын ықшамдап ал.

15. Өлеңді мәнерлеп оқы. Ақын бейнелеген жастың образын қара сөзге айналдырып жаз. Өзің жүрген ортадағы жастарға сипаттама бер. Екі мәтінді салыстырып, талдау жаса.

Жасампаз шақ, жастық шақ!
Дүниенің бәрі мөп-мөлдір арманға тұнып,
көгілдір қиял,
тәтті оймен таңдарды атырып,
алапат асау өмірге жасқаншақтамай
қарайтын өктем от тұяқ тарланда тұрып.

Көкірегі толы әсем ән,
көрініп өмір айнымай мүлде көктемнен,
гүл теріп қайтар достармен күнде бөктерден.
Жаңылыс басқан сәттерің жүрегіңді өртеп,
дөңбекшуменен көз ілмей түндер өткерген.

Мазасыз көңіл,
жас дәурен,
жетелеп аппақ армандар жаһан жақтарға,
жасайсың қолдан өмірді қатал қапталда.
жүресің қаһарлы ақпанда.

Бүріскен кәрі дүниені
жаныңның алау
отымен жылытып

Жалынды жастық алауым!
Ерліктер деген өзіңнен басталған анық,
алдыңда сенің бас иген асқарлар алып.
Қайсар даланың ұрпағы қанатын қаққан,
Жаңа заманның жалыны шашқанда жарық!

Зымырап жылдар зулайды:
тіршілік заңы жүйткуден қалғымас мүлде,
беттесең, өмір ұқсамайды қарлығаш, гүлге…
Бәрібір сенің өр тұлғаң сан жүректерде
лапылдап жанып тұрады мәңгі жас түрде!

Ф. Оңғарсынова

16. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Ақпарат көздерінен осы шараға байланысты материалдар тауып, талдау жаса. Соның негізінде «Мен жастарға сенемін...» тақырыбында ойтолғау жаз

17. Төмендегі сұрақтарға жауап жазып, жауабыңды түсіндір.

1-сұрақ: Не пайдалы?
2-сұрақ: Не қажет?
3-сұрақ: Нені есте сақтау керек?

×
×

Cart