ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТКЕН ҰЛЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

1. Сұрақтарға жауап бер.

1) «Өнертабыс» дегенді қалай түсінесің?
2) Әлемді өзгерткен қандай өнертабыстар туралы білесің?
3) Қазіргі кезде әлемге танымал қандай өнертабыстарды атар едің?

2. Түркі ойшылдарының өнерге қатысты айтқан нақыл сөздерінің мағынасын түсіндір. Бұл нақыл сөздердің бүгінгі сабаққа қандай қатысы болуы мүмкін? Бір нақыл сөздің негізінде өнер жайлы ойыңды айтып бер.

1) Жүзіне қарама, өнеріне қара (М. Қашғари).
2) Көрсетпеген өнер зая кетеді (С. Сарайи).
3) Қай істе де өнер қолдан:
Өнерлі адам жеңер болған (Ж. Баласағұн).
4) Ісмер қайда жүрсе де, ақша табады (С. Сарайи).

3.«Синквейн» әдісімен «Өнертабыс» сөзіне 5 жолды өлең құра.

Публицистикалық стиль

    Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихаттық әдебиетте, бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын функционалдық стильдердің бірі. Публицистика – қоғамның әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуіне атсалысатын айбынды құралы. Бұл стиль тыңдарман мен оқырмандардың арасына кең таралуымен, бейнелілігімен, баяндаудың шешендігімен сипатталады. Тілші-ғалымдар публицистикалық стильдің жазбаша түріне газет, журналдардағы мақалалар, памфлет, очерк т.б. шығармаларды, ал ауызша түріне шешендік сөздерді жатқызып жүр.
   Публицистикалық стильге қойылатын талап – қандай тақырыпқа жазылса да, логикалық жағынан дәлелді, көңілге қонымды болуы қажет. Ол тілдік құралдарды қолдана білуден байқалады.
   Тіл деңгейлеріне байланысты публицистикалық стильдің ерекшеліктері болады. Лексикада қоғамдық-саяси терминдер мен сөздердің (митинг, ереуіл, демократия, парламент), эмоциялық баға беруші сөздердің (еңбек озаты, көшбасшы, еңбеккер, дем беруші), экспрессивтік бояуы бар сөздердің (қоян-қолтық, нық қадаммен), фразеологияда перифразалардың (ақ алтын – мақта, күріш; қара алтын – көмір, мұнай; екінші тың – қойшаруашылығы, көгілдір тың – құсшаруашылығы); морфологияда қос сөздердің (қоғамдық-әлеуметтік, бұқаралық-саяси, үгіт-насихаттық); бұйрық рай тұлғасының (орындайық, табысқа жетеміз), синтаксисте сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің, қаратпа сөздердің, риторикалық сұрақтардың, жай сөйлем бөліктерінің, сан алуан қайталамаларының т.б. жиі қолданысқа түсуі публицистикалық стильдің басқа стильдерден өзгешелігін көрсетеді.


«Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығынан

4. Публицистикалық стильдің жазбаша және ауызша түріне тән ерекшеліктерді жаз.

5. Шешендік сөздердің қызметі туралы кластер жаса, олардың ерекшеліктерін түсіндіріп айт.

6. Мәтінді үнтаспадан тыңда. Негізгі ақпараттарды саралап, мәтіннің қай жанрға жататынын анықта. Стильдік ерекшелігін талдап түсіндір.

7. Тыңдалым мәтіні бойынша сұрақтарға жауап бер. Публицистикалық мақаланың негізгі мазмұнын өз сөзіңмен қысқаша жазып шық.

1) Ғылым мен техника қалай дамыды?
2) Рентген сәулесі қалай ашылды?
3) А. Эйнштейн қандай теорияларды ашты?

     Пікіралмасу дегеніміз қандай да бір талас тудыратын мәселе бойынша талқылаудың түрі. Оның пікірталастың басқа түрлерінен ерекшелігі – пікір дәйектілігінің болуы. Талас тудырған мәселені талқылау барысында әр тарап өз пікірін нақты деректермен дәйектейді

8. Пікіралмасу. Тыңдалым мәтініндегі ақпаратты пайдаланып, диалог құрыңдар.

9. Мәтінді оқып шығып, ой желісіне қарай абзацқа бөл. Өзің бөлген абзацтарға тақырып қой.

   1897 жылы Джозеф Джон Томсон атом құрамына кіретін теріс электр зарядты элементарлық бөлшек – электронды ашты. 1906 жылы Д. Томсонға Нобель сыйлығы табысталды. Зерттеулер нәтижесінде электрондар ағыны электр тогі (электрлі ағын) деп аталған табиғат құбылысы ашылып, бұл құбылыс мол энергия көзі екені анықталды және оны өндіру, басқару, қолдану кең өріс алды. Дамыған елдерде электрификациялау жүргізілді және әлі күнге дейін жалғастырылуда. Қазақстан да бұл заманауи үдерістен тыс қалған жоқ. Еліміз электр энергиясын ішкі қажеттілікке жеткілікті мөлшерде, экспорттауға да мүмкіндігі бар шамада өндіреді. Дегенмен электр энергиясына сұраныс жыл санап өсуде. 1898 жылы Франция ғалымдары Пьер Кюри және Мария Складовская-Кюри химиялық радиобелсенді элемент – радийді ашқандарын жариялады. Бұл ғалымдар радиобелсенділік құбылысын алғашқы әрі нәтижелі зерттеушілер қатарынан орын алды. Аталған ғалымдар Нобель сыйлығымен марапатталды. Бүгінде Қазақстан уран өндіру саласында алдыңғы бес елдің қатарына кіреді. Демек, біздің еліміз – аталған салада ең жаңа және қауіпсіз технологияны игерген елдердің бірі. 1900 жылы неміс ғалымы Макс Карл Эрнст Планк квант ғылыми гипотезасын жасап, квант теориясының негізін қалаушылардың бірі болды. 1919 жылы М. Планк Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Қазіргі уақытта кванттық физика тек теория емес, қолданбалы ғылымға айналды. Кванттық физикамен кванттық техника нақтылы жағдайларда кең қолданыс табуда. 1899 жылы ағылшын ғалымы Эрнест Резерфорд альфа-сәуле, бета-сәулені ашып, олардың табиғатын анықтады. 1903 жылы Резерфордпен Содди химиялық элементтердің бір түрден екінші түрге ауысу теориясын жасады; 1907 жылы Эрнест Резерфорд атом ядросы оң электр зарядты элементарлық бөлшек протон мен зарядсыз нейтрондардан тұратынын ашты. 1908 жылы Э. Резерфордқа Нобель сыйлығы берілді.

«Түркістан» газетінен

10. Мәтіннен термин сөздерді тауып, мағынасын түсіндір.

11. Мәтіндегі уран өндіру туралы ойбөлікті тауып оқы. Қосымша дереккөздерді пайдаланып, Қазақстанда уран өндіру саласы қалай жүзеге асып жатқанын анықтап, диаграммаға жаз.

12. Топқа бөлініңдер. 1-топ оқылым мәтініне жоспар құрыңдар; 2-топ мәтіндегі негізгі ойды анықтаңдар; 3-топ «Мәтінде аталған жаңалықтар әлемді қалай өзгертті?» деген тақырыпта шағын баяндама жасаңдар.

13. Суреттерге қарап, «Өмірді жеңілдетуге арналған қазіргі өнертабыстар» тақырыбына әңгіме құрап айт.

14. «Өмірді жеңілдететін өнертабыс» тақырыбында аргументті эссе жаз.

Эссенің шарты:
– кіріспе бөлім екі тезистен тұруы керек;
– негізгі бөлімде әр тезиске байланысты дәйектерді келтіру қажет;
– эссе жазуда екі дәйексөз бен статистикалық деректерді орынды қолдануы тиіс;
– көлемі – 150 сөз.

15. Көрсетілген салалар бойынша елімізде жаңалық (рекорд) ашып, танымал болған

16. Қосымша дереккөздерді пайдаланып, Алматы қаласында ашылған «Әлемді өзгерткен 101 өнертабыс» атты халықаралық мультимедиа көрмесі жайлы ақпарат жина. Ұлы ойшылдардың өнер туралы айтқан сөздерін дәйексөз ретінде алып, көрме туралы өз пікіріңді таза ғылыми стильде түйіндеп айт.

17. Өткен сабақ бойынша сөйлемдерді толықтырып жаз.

1) Бүгін мен … білдім.
2) … қызықты болды.
3) … қиын болды.
4) … тапсырманы орындадым.
5) … екенін түсіндім.

×
×

Корзина