ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭКОТУРИЗМ

1. «Киелі жер» деген ұғым мен экотуризмнің қандай байланысы бар деп ойлайсың? Еліміздегі киелі жерлер туралы мәлімет жинап, гидтің рөлінде өздерің қалаған киелі орын туралы келушілерге таныстырылым жасаңдар. Таныстырылым талабы: 10–12 слайдтық материал, киелі жердің тарихы мен қазіргі жайы туралы мәлімет беру керек.

2. Мәтінді оқып, оны негізгі бөлім етіп ал. Оның мазмұнына сай кіріспе және қорытынды бөлімдерді жаз. Онда экотуризмге қатысты термин сөздерді қолдан.

    Шарын – туристерді құшақ жая қарсы алатын мекендердің бірі. Жер бедерінің көрінісінен бұдан миллиондаған жыл бұрын жел мен су эрозиясының және мұз дәуіріндегі табиғи құбылыстардың әсер ету ықпалынан пайда болғандығы байқалады. Дәл осындай табиғаты ерекше шатқалды дүниежүзінде АҚШ-тың Колорадо штатындағы «Үлкен шатқал» алқабынан ғана кездестіруге болады.

   Шарын шатқалындағы сан алуан бедерлі көріністерді жергілікті тұрғындар ерте кездерде «Қызғылт қамалдар аңғары» деп атаған. Шатқалдағы түрлі пішіндегі «жартасты қамалдардың» өзен арнасынан биіктігі 150–300 метрге жетеді, ал өзен аңғарының ені 20–80 метрдей болады.
   Шарын өзені Теріскей және Күнгей Алатауларынан басталып, Іле өзеніне құяды, оның ұзындығы 427 шақырым.
   Шарын ұлттық саябағының аумағында өсімдіктердің 940 түрі Nөсетіні анықталған және оның 23 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген. Онда өсімдіктердің далалы, шөлді, бұталы, орманды, тоғайлы, шалғынды және батпақты топтарына жататын 70-тей табиғи бірлестіктері өседі. Сонымен қатар жануарлар дүниесіне де бай алқап саналады.

«Ана тілі» газетінен

4. Қазақстан картасына өзің білетін мәдени-тарихи ескерткіштері бар орындарды белгіле. Мысалы, Отырар, Берел қорғаны және т.б. Карта бойынша өзің қалаған аймақтағы экотуризм бағытын жаз. Бағыттыңуақыт мөлшері мен жолы туристердің демалуына қолайлы және тиімді болсын. Ол үшін жер қашықтығын, жолай тоқтап, тыныстайтын орындарды есептеп, көлік түрлерінің қайсысы ыңғайлы болатынын анықта. Туризмнің экзотикалық сипатта болуын ескер. Өз сөзіңді тыңдаушыларға ықпал ететіндей шешендік сөз түрінде айт. Сынып ең үздік шешенді анықтайды.

Пікірталас мәдениетіндегі сөзқолданым


    Пікірталас – ақиқатқа жетудің жолы. Сондықтан пікірталаста тек қана бірінің пікірін екіншісі жоққа шығару керек деген ой тумауы тиіс. Тіпті көзқарастар қайшылығының өзі пікірлесушілердің сыпайы, әдепті болуына кері әсерін тигізбеуі керек. Пікірталасты әдепті өрбітуге байланысты көптеген тілдік тәсілдер бар. Кейде пікірталастың ушығуына қатысушылардың бір-бірінің сөзін дұрыс түсінбей, бұрмалап қабылдауы себеп болып жатады. Сондықтан пікірталас барысында әріптесінің сөзін түсінбей қалған жағдайда, сөйлеушінің пікірін қайта сұрауға қатысты сөз орамдары бар.
  Әңгіме барысында әртүрлі мақсатта қолданылатын сөз әдебі орамдары мыналар:
  1) сөзді қайталап пысықтау мақсатында: «Егер мен Сізді дұрыс түсінсем, Сіз … деп айтқыңыз келді ғой деймін?», «Сіздің ойыңызша,… болды ғой?», «Басқаша айтқанда Сіз … деп санайсыз ба сонда?» және т.б.;
  2) сөзді анықтау мақсатындағы: «Кешіріңіз, сөзіңізді тағы бір қайталап жібермес пе екенсіз…», «Не айтқыңыз келіп тұрғанын аса түсінбей тұрмын», «Сіздің айтпағыңыз не?» және т.б.;
  3) ойды түйіндеу мақсатындағы: «Менің пайымдауымша, Сіздің басты идеяңыз … ғой, солай ма?», «Меніңше, Сіз … сезініп тұрған сияқтысыз», «Бәлкім, Сіз … боларсыз»;
  4) сезімді білдіру мақсатындағы: «Өте жақсы түсіндірдіңіз», «Ризалығымды білдіремін, көп рақмет!», «Алғысымды қабыл алыңыз!» және т.б.

5. Этикеттік сөз орамдарының ішінен пікірталас кезінде өзің үшін қажет болады деген нұсқаларды теріп жаз. Оның себебін түсіндір.

Қарсыласқа жауап беруде қолданылатын тілдік амалдар:
  – қызықты салыстырулар: «айтқан сөзіңіз адасқан оқтай болды», «сөзіңіз жебе болғанмен, садағы осал», «сөзіңіз сұлу сарайдай, бірақ жылуы жоқ», «оймен тоқылған өрмектей сөздің мәні қайсы», «ойыңыз – терең теңіз, дәмі кермек» т.б.;
   – өзінің қателескенін сыпайы түрде жеткізетін сөз орамдары: «менің айтпағым ол емес еді», «нақтырақ айтуға рұқсат етіңіз», «ойымды дәлірек білдірсем», «сөзге терең мән берсем» т.б.;
  – ұтымды мәтелдерді дұрыс кіріктіру: «айдағанымыз бес ешкі, ысқырығымыз жер жарады», «балапанды күзде санайық», «өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер», «қасқырдан қорыққан тоғай араламас», «лай судан балық аулау» және т.б.

6. Мәтінді тыңда.

7. Мәтін мазмұны бойынша екі бағандағы сөздерден сөз тіркестерін құрап жаз.

8. Еліміздегі табиғаты ерекше тағы қандай жерлерді білесіңдер? Парталасыңмен бірге диалог құрыңдар.

9. Мәтінді оқы.

   Біздің елімізде экологиялық туризмді дамытудың мүмкіндігі зор. Себебі Қазақстанның табиғи әлеуеті оған толық жетеді. Аймақтарда шоғырлану үдерісі және интенсивті ауылшаруашылығы өндірісі қамтылмаған тартымды мекендер көптеп саналады. Бұл экологиялық туризмді жоғары табыс көзі және экономиканың экологиялық қауіпсіз саласы ретінде қараған жағдайда еліміздің дамуының да маңызды элементі болатыны сөзсіз.
   Қазақстан – табиғи ресурстары өте мол, тарихи-мәдени әлеуеті жоғары, қойнауына әлі ашылмаған талай сыр мен құпияны сақтаған экзотикалық аймақ. Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыстың шеңберінде төрт ұлттық парк: Іле Алатауы, Баянауыл, Көкшетау, Алтын-Емелдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, осы аумақтарда экологиялық талаптар бойынша туризмнің негізгі нысандарын орналастыру көзделуде. Соған байланысты қорықтарда экотуризмді дамытуға мүмкіндік беретін Бас жоспар әзірленіп отыр.

   Қазақстандағы туризмнің даму болашағын қарастыру кезінде бұл қызмет түрін мемлекеттік деңгейде қабылданған стратегиялар мен бағдарламаларға сай дамытпаса, қоршаған ортаға кері әсер ету қаупі күшейеді. Мәселен, табиғи суқоймалар ластануы мүмкін. Оған туризмнің моторизациясы, тазарту құрылғылары жоқ туристік базаларда орналасқан коммуникалды кәсіпорындарының шығаратын қоқыстары әсер етеді. Сондай-ақ экологиялық туризмнің дамуы инфрақұрылымсыз болмайды. Экотуризм нысандары тиімді үйлестірілген орындарда арнаулы көліктердің, материалдық-техникалық базаның, тамақтану орындарының болуы ескерілуі тиіс. Дегенмен экологиялық туризмнің нысаны тұмса табиғат болғандықтан, инфрақұрылымды табиғат ландшафтары аса үлкен өзгерістерге ұшырамайтындай етіп дамыту қажет.
   Тәжірибе көрсеткендей, алғашқы ландшафтың өзгеру қаупі тау және таулы аймаққа жақын аудандарға төнеді. Туризмнің қарқынды дамуы бұрынғы шағын туристік базалар мен аңшылық үйшіктердің орнына енді ірі қонақүй кешендері және демалу базаларын салуды қажет етуде. Қыстық демалыс түрлерін дамыту кезінде шаңғы трассаларының, жолдардың, электр жүйелерін жүргізу орман алаңдарының қысқаруына себеп болып, нәтижесінде табиғат кешендерінің дағдарысына және ландшафтардың эстетикалық тартымдылығының төмендеуіне әкеліп соғып отырғаны жасырын емес.
  Экологиялық туризм қоршаған ортаның табиғи қалпының сақталуымен қызықты. Сондықтан қаражат экотуризмді дамытуға ғана емес, сол табиғаттың сұлулығы мен экзотикалық көрінісін сақтауға да бөлінуі қажет. Белгіленген аумақта инфрақұрылымды дамытумен айналысатын жекеменшік ұйымдардың иелері табиғи ресурстарды тиянақты және жүйелі қолдану талаптарын қатаң сақтауы тиіс.
  Әлемнің барлық елдерінде экологиялық туризмнің дамуына ерекше назар аударылады. Біздің елімізде де экологиялық туризмді дамыту бағытындағы талаптар ескерілуі керек.


Ж. Құлабаева

10. Мәтіннен термин сөздерді тауып, олардың қандай сөзбен тіркесіп тұрғанын анықта. Олар тағы қандай сөздермен тіркесіп қолданылуы мүмкін? Кестеге жаз

11. Төмендегі сөздерді пайдаланып, мәтін мазмұнына қатысты пікірталас түріндегі диалог құрыңдар. Диалогте қажетті сөз орамдарын қолданыңдар.

Керекті сөздер: дамытудың мүмкіндіктері, табиғи әлеуеті, интенсивті ауылшаруашылығы, табыс көзі, тарихи-мәдени әлеуеті, экзотикалық аймақ, ұлттық парк, Бас жоспар, табиғат сұлулығы, мемлекет қаржысы, инфрақұрылымды дамыту, экожүйеге кері әсер.

12. Мәтін мазмұны бойынша «Балық қаңқасы» диаграммасын толтыр. Жазғандарыңды өзара алмасып, пікір бөлісіңдер.

1) Балықтың басына – мәтіннің тақырыбын;
2) балықтың үстіңгі қаңқасына – мәтін авторының идеясын;
3) балықтың астыңғы қаңқасына – экотуризмді жүзеге асыру мүмкіндіктерін;
4) балықтың құйрығына – өз қорытындыңды жаз.

13. Мәтінді оқы. Мәтінде берілген ақпараттарға сүйеніп, өзің тұратын аймақта экотуризмді дамыту мәселесіне қатысты ресми хат жаз. Онда мәтіндегі қарамен берілген сөздер мен сөз тіркестерін қолдан. Хатта экотуризмнің әкелетін кірісін көрсетіп, пікіріңді дәйектеп жаз.

   Экологиялық туризм тұрғын халықтың әлеуметтік деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Қосымша табыс көздерінің пайда болуы кәсіптің, қолөнер мен сауданың дамуына әсер етеді, мұндай жағдай аймақтың материалдық жағдайын жоғарылатады. Шетелдік эксперттердің айтуынша, туризмнің дамуы арқылы алғашқы жылы тұрғындардың жалақысын екі-үш есеге, одан кейін туристік өнімдеріне сұраныс жоғары болған сайын он есеге көтеруге мүмкіндік бар. Ол менеджмент пен жарнаманың, сервис қызметінің жоғары деңгейде болуымен тікелей байланысты. Сондай-ақ тұрғындардың ресурстарды тұтыну мәдениеті жоғарылайды. Себебі олар үшін енді табиғат тек демалыс орны ғана емес, бизнес көзіне айналады.
   2003 жылы неміс эксперттері Орталық Азия мемлекеттеріне талдау жасай отырып, мынадай қорытындыға келген: экотуризм аймақтағы биоалуандылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Орман ағаштарын кесуді, балық пен аң аулауды, табиғатқа зиян келтіретіндерді бақылауға алу экотуризмнің басты міндеті болып саналып, оның тұрақты дамуына түрткі болады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шаруашылық қызметтердің шектеулілігі экожүйенің, флора мен фауналардың сақталуына мүмкіндік береді. Туризм саласынан түскен табыстар осы аумақты сақтап қана қоймай, оның жер ауданын кеңейтуге жағдай жасайды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтауға қажетті бюджетте қысқарады. Ол үшін парктер мен қорықтарда ақылы түрде танымдық туристік маршруттарды жүргізу, жергілікті тұрғын халықтың қолынан шыққан естелік, қолөнер бұйымдарын сату және т.б. арқылы пайда табуға болады.

«Зерде» журналынан

14. «Үздік жоба». Ақылдасып, өздерің тұрған аймақтағы ең ыңғайлы деп санайтын экотуризм нысанын анықтаңдар. Осы жерді таңдаудың үш себебін жазыңдар. Инфрақұрылымды жасау мен табиғи ортаның сақталуын үйлестіруге қатысты идеяларыңды шешендік сөз талаптарына сай тыңдаушыға әсерлі етіп дәлелдеңдер.

15. Экотуризмнің пайдасы мен зияны туралы өз ойыңды алдымен диаграмма түрінде рәсімде. Сол сызба бойынша келісу эссесін жаз. Тыныс белгілерін тиісті орындарға қой.

16. Кестедегі қарама-қарсы идеялармен танысып, пікірталас ұйымдастырыңдар. Әр топ өз идеясының артықшылығын, қарсы топ идеясының кемшілігін айтыңдар. Екіжақты келісім жасап, экотуризмді табиғатқа залалсыз дамытудың мүмкіндіктерін анықтаңдар.

17. Сабақ тақырыбы бойынша пікіріңді «ПОПС» формуласына сәйкес жинақтап жаз.

Бірінші сөйлем: «Менің ойымша,…»
Екінші сөйлем: «Себебі мен оны … деп түсіндіремін».
Үшінші сөйлем: «Оны мен мына … деректермен, мысалдармен дәлелдей аламын».
Соңғы сөйлем: «Осыған байланысты мен мынадай … қорытынды шешімге келдім».

×
×

Корзина