СЫР САНДЫҚ


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
  11.3.4.1 шығарманы идеялық жағынан мазмұндас әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдап, әдеби сын жазу.

  Тірек сөздер: достық, адалдық, тату достар, сыр, ішкі ой, пікір, сырлас достар.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – өлеңді сөз мағынасына мән бере отырып, толық оқып шығу;
  – өлеңдегі негізгі идеяны анықтау;
  – өлеңде көтерілген мәселені өмірмен байланыстыру;
  – автор бейнесінің негізгі идеямен байланыстылығын анықтау;
  – көркемдегіш құралдар қызметін талдау арқылы автор стилін анықтау;
  – идеясы ұқсас басқа да шығармалармен салыстыра отырып, әдеби сын жазу.

Шырқ айналар, шіркін, тауық,
Жемің болса қолыңда,
Қайдағысы сені тауып,
Топырлайды жолыңда.
Досыңмын деп ант береді,
Жем іздеген жанама.
Жем таусылса, жалт береді,
Сенерлік дос санама.
Нағыз достар – бір-ақ қалып,
Шындап берік сүйіскен.
Бір-біріне сыр ақтарып,
Сыр түйінін түйіскен.
Әр адамның ішкі сыры –
Берік қойма сақталған.
Сол қойманың бір түкпірін
Достың досы-ақ ақтарған.
Кейде ашуға сол түкпірді
Іздейді жан жақынын.
Шертеді жан сырлы жырды,
Сырлас жанын шақырып.
Тыныс керек кейде жанға,
Кейде жанға ән керек.
Күй шертуге анда-санда,
Сырласарлық жан керек.
Ішкі сырды мысал етіп,
Біраз ғана жырлайын.
Суреттеуге тауға кетіп,
Суретті ептеп сырлайын.
Сарыарқаның бір тауы бар,
Бір тауы бар сымбатты.
Сол таудан сен сыр тауып ал,
Сыр тауып ал, қымбаттым.
Қалың зеңгер, құзды шаттар,
Құзды шаттар – қалың ну,
Сарқырайды мұз бұлақтар,
Мұз бұлақтар уда-шу.
Нуда бір шың тіп-тік сұңғақ.
Тіп-тік сұңғақ бір биік.

Шың суретті бейне жұмбақ,
Тұрғандай көп сыр жиып.
Шыңды айналған құзды шаттар,
Құзды шаттар аққан су,
Сылдырайды мұз бұлақтар,
Мұз бұлақтар уда-шу.
Сөзім мысал, достым, тыңда,
Тыңда, достым, ойлап ал.
Түрлі сыр бар сол бір шыңда,
Сол бір шыңда қойма бар.
Қойма шыңның нақ басында,
Нақ басында қақпасы.
Алтын жазу қақ басында,
Қақпаның тас тақтасы.
Сол қоймада қымбат жасау,
Қымбат жасау сақталған.
Текшелеген сымдап жасап,
Сымдап жасап қақталған.
Бір сандық бар емес түрде,
Емес түрде көрнекті.
Бір түкпірде беті перде,
Беті перде өрнекті.
Бір сандық бар, ол сандықта,
Ол сандықта бір сандық.
Сырдың кілті қол сандықта,
Қол сандықта сыр сандық.
Сандық іші қызыл-жасыл,
Жасыл жібек перделі.
Толған қымбат сақтаулы асыл.
Асыл сым бар пернелі.
Сұлу жанды сұлу сүйген,
Сұлу сүйген сыршылым.
Жібек талдап түйін түйген,
Түйін түйген, түршілім.
Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын!

Сұлу сымда перне әуені,
Перне әуені жыр айтар.
Көңіл ашар тербеу әні,
Тербеу әні сыр айтар.

Шыққанбыз, дос, шыңға талай,
Талай сырды ойланып,
Ақтарарлық алтын сарай,
Алтын сарай қойманы.

  Зеңгер (зеңгір) – 1. Аспанмен таласқан биік; заңғар. 2. Аспан түстес, көк, көкшіл. Зеңгір сырмен сырланған үлкен терезелер. Зеңгір [аспан] – заңғар аспан, зәулім көк. Зеңгір құз [шың] – биік жартас, тұңғиық шыңырау. Зеңгір орман – мәңгі көгеріп тұратын қалың, ну орман.
  Шат – тау қойнауындағы жіңішке терең сай; шатқал.
  Жібек – жібек құрты ораған жіп, сол жіптен жасалған жылтыр мата.
  Перне – домбыра, гитара сияқты ішекті аспаптарды ойнағанда дыбысты күшейту үшін саусақпен басатын тетік.

  1. Өлеңді мазмұнындағы ой жүйесіне қарай бөлімдерге бөліп, әр бөлімге ат қойыңдар.
  2. Өлеңнің тақырыбы мен идеясын, жанрын анықтаңдар.
  3. Автор өлеңді неге «Сыр сандық» деп атаған? Өлең атауы саған қандай ой салды?
  4. Достық дегенді қалай түсінесіңдер? Достықтың қандай түрлері болады?
  5. Ақын нағыз досқа қандай қасиеттер тән деп есептейді?
  6. Ақынның өлеңді:
    – «Шыққанбыз, дос, шыңға талай,
    Талай сырды ойланып,
    Ақтарарлық алтын сарай,
    Алтын сарай қойманы», –
деп аяқтауы неліктен деп ойлайсыңдар?
  7. Өлеңнің негізгі идеясын Абайдың «Жаман дос көлеңке: басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың; күн шалса, қашып құтыла алмайсың» деген нақыл сөзімен қалай байланыстырар едіңдер?


  1. Лирикалық қаһарманның ішкі ойы өлең жолдарында қалай көрініс тапқанын жұптасып талқылап, өлеңнен мысал келтіріңдер.
  2. Өлеңдегі ақын бейнесін айқындайтын жолдарды топпен бірге теріп жазыңдар. Ақын бейнесін сөзбен сомдаңдар. Ақынның тұлғалық болмысы туралы жоба жасаңдар.
  3. Өлеңнен қандай құндылықтарды байқадыңдар? Жаңашылдығы неде деп ойлайсыңдар?

  4. Өлеңдегі троп түрлерін тауып, автор стилін анықтаңдар. «Таңдау және зерделеу» кестесін топпен бірге толтырыңдар.

  5. Берілген үзіндіні тыңдап, көркемдегіш құралдар мен айшықтауларды теріп жазыңдар. Уақыт – 15 минут.
  6. Өлең үзіндісіне «Қос жазба күнделігін» толтыру арқылы түсініктеме беріңдер.


  1. Берілген үзіндіні креативті ой қоса отырып, қайта өңдеп жазыңдар.

  2. Лирикалық кейіпкерге өздеріңнің сырларыңды, өзіндік ойларыңды айтып, «Ақынмен сырласу» хатын жазыңдар.
  3. «Досқа айтылар сыр» айдарымен ішкі толғаныстарыңды монолог ретінде жазыңдар.


  «Сыр сандық» өлеңі мен Әйтімбет шешен сөзінің идеялық үндестігі туралы әдеби сын жазыңдар.

  Кері байланыс. «Оқырман көзімен».
  – Жазушылар: өлеңнен алған әсерлеріңді әңгімелеңдер.
  – Ақындар: достық туралы 1–2 шумақ өлең жазыңдар.
  – Суретшілер: өлең идеясы бойынша сурет салыңдар.

×
×

Корзина