Тірек сөздер:
Тақырыпқа шығу:
«Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Ә. Бөкейхан
1. Бұл пікірмен келісесің бе?
2. «Алаш» ұлттық идеясы тұжырымдарының бірі неліктен жер мәселесі болды?
1. Алаш қозғалысының тарихи негіздері. XIX ғасырдың аяқ кезі – XX ғасырдың басында халықтың жағдайы күрт нашарлап, кедейшілік кең етек жая бастады. Отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар бой көтерді. Салықтар мен міндеткерліктердің көбеюі, шұрайлы жерлерінің тартып алынуы қазақ ауылында ішкі шиеліністердің өршуіне жеткізді. Патшаның 1905 жылғы жарлығы бойынша бұрынғы Сібір шегара шебіндегі ені он шақырымдық бейтарап алқап казак әскерлерінің «мәңгілік» пайдалануына берілді. Патша үкіметінің осы және басқа да озбырлық әрекеттері салдарынан дала тұрғындары жаппай жерсіз қала бастады. Мәселен, бір ғана Семей облысының өзінде 100 мыңнан астам қазақ жерсіз қалып, Томск, Тобыл губернияларындағы орыс шаруаларынан, Сібір казактарының жерлерін жалға алып, пайдалануға мәжбүр болды.
1905–1907 жылдары елде социал-демократтар ұйымдары құрыла бастады. Қоғамда петициялық қозғалыс етек алды. Отаршыл өкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы жәрмеңкесінде жазылған петиция болды. Ұлттық күресте қалыптасып келе жатқан ұлт зиялылары қазақ халқының көшбасшыларына айналды. Жалпыұлттық демократиялық қозғалыстың басында Ә. Бөкейхан тұрды. Қазақ депутаттары Ресейдің Мемлекеттік Думасында қазақ қоғамындағы ең маңызды проблемаларды батыл көтере білді.
Қазақ халқының қоғамдық сана-сезімін арттыруға 1916 жылғы қаһарлы оқиғалар орасан зор ықпал етті. Соғыс жылдары жергілікті патша әкімшілігінің автохтонды халыққа қатысты ұлттық қанаушылығы мен озбырлығы күшейе түсті.
1917 жылға қарай жергілікті халықтың пайдалануындағы ең шұрайлы 45 миллион десятина жердің тартып алынғанын білеміз. Бұл кезде Қазақстанға Ресейден қоныс аударған шаруалардың жалпы саны 1,5 миллионға жуықтап қалған болатын. Қазақ халқы осындай ауыр қиыншылықта азып-тозып кетпеді, керісінше ұлтты азат етуді мақсат тұтып, арпалысқа толы жолды таңдады. Тәуелсіздік, елдің болашағы үшін күресте ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсете білді.
ХХ ғасырдың басында қазақ халқының сана-сезімі биік деңгейде көрініс тапты. Ұлт азаттығы жолындағы күресте қазақтың оқыған, халық мүддесі үшін бар күш-жігерін аямайтын азаматтар алға шықты. ХХ ғасырдағы ұлы реформаторлар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы ұлтты азаттыққа бастады. Олар қазақ халқының тарих сахнасынан біржолата жойылып кетпеуі үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады.
Ойлан
Ұлт зиялыларын қандай мәселелер біріктірді?
Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында Әлихан Бөкейхан бастаған топтың ерен еңбегі еш уақытта ұмытылмайды. Алаш идеясы Қазақстан азаматтарының бірігу, болашаққа жылжудың айқын бағыты, бірлігімізді бекемдей түсетін ұлы жол деп білуіміз керек.
А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы
2. Петициялар – Алаш зиялыларының ұстанымдары мен озық идеяларының көрінісі. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтар расында петициялық қозғалыс етек алды. Қазақ зиялылары өз халқының өмірлік маңызды мәселелерін петициялар жолдау арқылы шешуге тырысып көрді. Петицияларда жер, дін, құқық, тіл және халыққа білім беру саласындағы алуан түрлі талаптар қойылды. Петициялар жоғары билік орындарына жолдана бастаған еді. Алғашқы петициялар жолдаудың бастамашылары дін қызметкерлері (Ш. Қосшығұлұлы, Науан Хазірет т.б.) болды. Олар қазақ халқын христиан дініне енгізуді тоқтату, мұсылман оқу орындарын құруға қажетті жағдайлар жасау, молдалардың қызметіне кең жол ашу жөнінде нақты талаптар қойды. Уақыт өте келе жағдай өзгере бастады. Бірінші орыс революциясы жылдарында петиция жазуды қазақ қоғамының сауатты, зиялы өкілдері өз қолдарына алды.
Петициялар уезд бастықтарына, әскери губернаторларға, генерал-губернаторларға, Ішкі істер министріне, тіпті Ресей императоры ІІ Николайдың атына да жолданды. Отаршыл өкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы петициясы еді. 1905 жылдың шілдесінде Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император ІІ Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында кеңінен танымал беделді 42 қазақ қол қойды. Кейінірек Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Петицияны жазуға белгілі саясиқайраткерлер Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ж. Ақбаев, Т. Нұрекенов т.б. белсене атсалысты.
Петициядағы маңызды мәселелердің бірі Ресей империясының заң шығарушы ең жоғары органы Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын қатыстыру талаптары болды: «Малшаруашылығымен айналысу қырғыздарды (қазақтарды) сайлауға қатысу құқығынан неге айыруы тиіс? Сауда-саттық, егіншілік, балық аулау сияқты басқа да әртүрлі кәсіп түрлерімен айналысатындар ондай құқығынан айырылып отырған жоқ қой!..»
Қоянды (Ботов) жәрмеңкесі
Мемлекеттік шенеуніктер жоғары билік органдарына талап-тілектер айтып, петиция жолдаушыларды барынша жек көрді. Мұны Семей облысы әскери губернаторы Галкиннің Дала генерал-губернаторының атына 1905 жылы маусымда жазған хатынан көруге болады: «Қырғыздардың (қазақтардың) петиция жолдап, талап қоюларына жол беруге болмайды».
Талқыла
Галкин өз хатында неліктен петицияға қарсы болды?
Петицияның бір нұсқасын Темірғали Нұрекенов орыс тіліне аударып, Ішкі істер министрінің атына жіберді. Петицияның бұл нұсқасы барынша толық еді. Ол 47 тармақтан тұратын. Петиция қазақ қоғамының ХХ ғасырдың бас кезіндегі өмірлік маңызы бар күрделі мәселелерін: сайлауды ұйымдастыру, жер, дін, сот ісін жүргізу, білім т.б. толық қамтыды.
Жоғары билік органдарына жолданған петицияларда болыстарды, ауыл старшындарын және олардың хатшыларын тек сауатты қазақтардан ғана тағайындау ұсынылды. Бұл қызметке кірісер алдында олар ант қабылдап, ешқашан қызмет бабын пайдаланып, халыққа қиянат жасамауға тиісті болды. Шаруа бастықтарының орнына бітістіруші судьялар қызметін енгізу талап етілді. Петиция авторларының пікірі бойынша, бұл қызметке жеткілікті дәрежеде сауаты мен білімі бар қазақтар тағайындалуы тиіс.
Қазақтар петицияда өздерінің діни істеріне басшылық етуді 1867–1868 жылдардағы әкімшілік реформалар барысында енгізілген Орынбор діни басқармасының қарамағына беруді талап етті. Сондай-ақ мешіттер мен медреселер салуға еркіндік берілуін, газеттер пен кітаптар, діни әдебиеттер басып шығару үшін баспаханалар ашылуын ұсынды. Меккеге қажылыққа емін-еркін барып келуді, қазақ ауылдарына христиан дінін таратушы миссионерлердің баруына тыйым салуды талап етті. Жасы кәмелетке жетпеген қазақ жастарының басқа дінді қабылдауына тыйым салу талабы да қойылды.
Петицияда медреселерде араб, парсы, түркі тілдерін оқыту қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ ескі мешіттерді жөндеуден өткізуге және жаңа мешіттер мен медреселер салуға қаржы бөлуді ұсынды. Әр болыста діни алым-салықтарды жинайтын арнаулы адамдардың болуы, түскен мал мен қаржыны кедей отбасынан шыққан шәкірттердің оқуына жұмсау көзделді.
Петицияларда мектеп қабырғасында ислам діні негіздерінің міндетті түрде оқытылуы, «орысша сауат ашуды» содан кейін қолға алу талабы қойылды. Мектептерде христиан дінін оқытуға үзілді-кесілді қарсылық білдірілді. Қазақ халқына «бастық болғысы келгендердің қырғыз (қазақ – авт.) тілін білуі тиіс» екендегі атап көрсетілді. Петицияға қазақ өлкесінде ісқағаздарды қазақ тілінде жүргізу талабы да енді.
Ойлан
Алаш қайраткерлері неліктен бастауыш сыныптарда қазақ балаларын ана тілінде оқыту талабын қойды?
Тергеулер мен сот ісін аудармашыларсыз қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту талаптары қойылды. Барлық хатшылар мен күзетшілер жергілікті өңірден тағайындалуы тиіс. Петицияны құрастырушылар бастауыш сыныптарда қазақ балаларын ана тілінде оқытуды талап етті.
Пікірің қажет
Петицияда тіл мәселесінің көтерілуіне не себеп болды?
Петиция авторлары дала тұрғындарын сот, тергеусіз әкімшілік жолмен жер аудару ісіне наразылық білдірді. Дала генерал-губернаторы қазақтарды кез келген болмашы мәселе бойынша жер аударып жіберуге құқықты еді. Неке және отбасы мәселелерін әскери губернатор мен уезд бастықтарының қарауынан алып, бітістіруші сот құзырына беру талап етілді. Кісі өлімі болған жағдайда айыпты адамның жазаға тартылуымен қатар, қазақтардың дәстүрлі құқық заңы бойынша құн төлетуге өтініш білдірілді. Округтік соттың жанында міндетті түрде ақылдастар алқасы құрылуы тиіс деп атап көрсетілді. Сондай-ақ айыпталушының қорғаушысы болуы, билер сотының жергілікті отаршылдық билік орындарына емес, Әділет министрлігінің қарамағына өтуі талап етілді.
ХХ ғасырдың бас кезінде жер мәселесі одан әрі шиеленісе түсті. Сондықтан да петицияларда бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінді. Шегара шебіндегі ені 10 шақырымдық алқаптың және соңғы 20 жыл ішінде тартып алынған жерлердің бұрынғы заңды иелеріне қайтарып берілуі талап етілді. Қыстаулар мен жазғы жайлаулар өздерінің бұрынғы иелерінің қарауында қала беруі тиіс деп көрсетілді.
Петицияларда қазақтардың орман байлығын еркін пайдалану құқығына байланысты талаптар да қойылды. Сондай-ақ қазақтарға олардың көші-қон аймағындағы тұзды және балық аулайтын көлдерді қайтарып беру жөніндегі өтініштер де айтылды. Жергілікті халықтың атынан өзен-көлдерді жалға беру мүмкіндіктері ұсынылды. Түскен қаржы халыққа азық-түлік қорын жинақтауға тиіс деп көрсетілді.
Сонымен, петицияларда ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстанның саяси өміріндегі аса маңызды неғұрлым өткір мәселелері нақты да қысқаша тұжырымдалған түрде баяндалды.
Ойталқы
ІІІ және ІV Мемлекеттік Думаларға қазақтардан депутат сайланбауының себебі неде деп ойлайсыңдар?
Патша үкіметі қазақ халқының пікірімен санасуға мәжбүр болды. Петициялардың мәтінін жазғандар батылдық пен ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Бірақ патша үкіметі петицияларда қойылған талаптарды орындауға құлық таныта қойған жоқ. Ол талаптар Ресей империясының отаршылдық саясатына сай келмейтін еді. Солай болғанымен, петициялық қозғалыс жағымды рөл атқарды – қазақтар Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланды.
Халық бұқарасына басшылық етуде, отаршыл билік орындарына ұйымдасқан түрде петициялар жолдауда қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері Ә. Бөкейхан жетекшілігімен ерекше белсенділік көрсетті.
Қарқаралы петициясының негізгі тармақтары Алаш партиясының бағдарламасына енгізілді және Алашорда үкіметінің қызметінен көрініс тапты.
3. «Алаш» ұлттық идеясының тұжырымдамалық негіздері. Алаш идеясының негізгі өзегі болып табылатын мемлекеттілік дәстүрін жаңғырту, ұлт тарихын, тілін, мәдениетін сақтау мәселелері қазақ зиялыларының ұранына айналды. Сондай-ақ батыс мәдениетіне назар аудара отырып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибесіндегі ең үздік әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерін қабылдауды жақтады. Алаш зиялылары қазақ елін Батыс Еуропа өркениеті деңгейіне жеткізуді мақсат етті.
Алаш идеясының негізгі ұстанымдары: біріншіден, Алаш зиялылары «жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмесін. «Жерсіз Отан жоқ» деді. Екіншіден, елдегі барлық игілік халыққа қызмет етуі керек. Үшіншіден, Қазақстан Ресей империясының құрамына енуінен бастап қалыптасқан экономиканың шикізаттық сипатынан бас тартып, «қазақ елі толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиістігі» айтылды. Төртіншіден, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, діл, дін үстемдігі болуы керек. Бесіншіден, ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, ұлттық демократиялық мемлекет құру еді. Алтыншыдан, қазақ жеріне түрлі жағдайларда келген барлық ұлт өкілдері үшін ортақ Отаны Қазақстанда тұруға барлық кепілдіктер мен құқықтары сақталынады. Мемлекет ғылымға негізделіп дамыған елдердің жетістіктерін үлгі тұтуы қажет. Дін істері мемлекеттен бөлінген, зайырлы біртұтас демократиялық мемлекет құру қажеттігі айтылды.
Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекет құру еді. Алаш идеясының негізгі тұжырымдамаларының өзекті тұстарын Қарқаралы петициясынан, «Алаш» партиясы бағдарламасынан және ұлттық-демократиялық қозғалыс ірі өкілдерінің еңбектерінен көре аламыз. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси тұрғыдағы ой-пікірінің маңызы зор.
Ойталқы
Қалай ойлайсыңдар, Алаш ұлттық идеясын қайта жаңғырту қажеттілігі бар ма?
4. Алаш қозғалысының идеялары Әлихан Бөкейхан еңбектерінде. Алаш қозғалысының көшбасшысы, Алаш партиясы және Алашорда үкіметінің жетекшісі – Әлихан Бөкейхан болды. Ол туған жерінің тарихын терең зерделеп, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы маңызды тарихи оқиғалардың барлығына белсенді қатысты. Алаш идеясының тұжырымдамалары Ә. Бөкейханның ұлт-азаттық қозғалыс, отарлық езгідегі қазақ қоғамының жағдайы туралы зерттеулері мен терең талдауларында жасалған. Ә. Бөкейхан ел болашағын болжауда өткен тарихты танып-білу қажеттігі туралы былай жазады: «Тарих – түзетуші және үйретуші. Келешек күннің болашағын білуде тарих анық құрал болады». Болашағы зор ел боламыз десек, әрбір азаматтың ұлттың тарихы мен оның сабақтарын білу қажеттігін Алаш көсемі былай деп ескертеді: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешектің қандай боларына көзі жетпейді».
Ойлан
Алғашқы жалпыұлттық басылымның «Қазақ» деп аталуының себебі неде?
Әлихан Бөкейхан жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырушыларының бірі ретінде Алаш идеяларын алға тартып, ұлттық тарихты оқып-үйренудің маңызын атап өтті.
Қазақ көшбасшысы Қазақ хандығының Ресей империясы бодандығына түсу себептерін анықтау үшін ұлт тарихын терең зерделеді. Ол қазақтардың тәуелсіздігінен айырылуының басты себебі – бұрынғы ел билеушілерінің қол астындағы ру-тайпалар мен жүздерді біріктіріп, сыртқы отаршылдық қауіпке қарсы жұмылдыра алмауында деген тұжырымға келді. 1913 жылы былай деп жазды: «Бұрынғы ел билеушілердің басым көпшілігі уақыты мен күшін өзара қастандыққа, күш көрсету мен зорлық-зомбылық, алауыздыққа жұмсады». Ол хандық билікті қалпына келтірудің нәтижесіздігін түсінді. Ұлт тәуелсіздігіне тек белсенді саяси күрес арқылы ғана жетуге болатынын айтты. Осы мақсатпен кадет партиясына мүшелікке өтті. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамытудың эволюциялық жолымен қазақ мемлекеттілігін жаңғырта аламыз деген пікір ұстанды. Ә. Бөкейхан Қарқаралы петициясын дайындауға қатысып, петицияны жоғары билікке тапсыруда да алдыңғы қатарда болды.
Ә. Бөкейхан өз заманындағы сот ісін жүргізуден гөрі ежелгі қазақ даласындағы билер сотының әділдігін жоғары бағалай отырып, патша үкіметінің тұсындағы жағдай туралы былай деп жазды: «Қазақ орысқа қараған соң би жоғалды. Кім орысқа жағымпаз болса, сол жұртты бір қамшымен айдайтын болды. Бұрынғы шешен билерден келе жатқан әділ билік жорасы парақор билермен аяқасты болды. Пара беріп, ақты қара, қараны ақ қылатын күн туды».
1905 жылы Ә. Бөкейхан Мәскеуде өткен Ресей земствосы жиналысының мінберінен туған халқының жоғын жоқтап, сөз сөйледі: «Омбыда генерал Сухотиннің басшылығымен әртүрлі ведомстволардың шенеуніктері бас қосқан Кеңесте қырғыздарды (қазақтарды – авт.) земство жиналысына (Мемлекеттік Думаға – авт.) жібермеу туралы … пікір айтылды. Дала тұрғындарын саяси құқығынан айырудың оларды қаншалықты қатты қапаландырып, ашу-ызасын тудырғанын ескермеуге болмайды… Ең қарапайым әділеттілік пен ақиқат шындыққа қасақана қиянат жасаудың, алты миллион қырғызды (қазақты) құқықсыз тобырға айналдырудың қандай парасатты негізі болмақ деген сұрақ туады. Сонда қырғыздардың (қазақтардың) мүддесін кім қорғамақ? Егер біздің халқымыздың қазіргі өздері сайлаған өкілдері земство жиналысына қатыспайтын болса, онда ол халықтың мұң-мұқтажын және ол мәселелерді дұрыс шешудің жолдарын өз өкілдерінен өзге кім айтып, кім түсіндіріп бере алмақ?…»
Әлихан Бөкейхан қазақ халқының ежелгі ата-баба қонысынан айырылуына үзілді-кесілді қарсы шықты. Патша үкіметінің отаршылдық қоныс аудару саясатын әшкереледі. Жергілікті тұрғындарды христиан дініне көшіру әрекетін айыптады. Қазақ халқын біріктіру мақсатында ұлт етіп ұйыстыратын Алаш идеясын ту етіп алды. Өз халқының жарқын болашағын алдын ала болжады: «Қазақ табиғатынан ақылды және қабілетті. Қазақ халқы болашақта батыс өркениеті жолында іргелі жетістіктерге жетеді», – деген пікір білдірді. Ол еуропалық даму бағытын қолдайтын алғашқы қазақ демократтарының бірі болды. Оның идеялық-саяси көзқарасының қалыптасуына Ұлы француз революциясы зор әсер етті.
Қазақ-орыс қатынастарының тарихын жетік білген Ә. Бөкейхан өзінің ғылыми еңбектерінде жергілікті қазақтар мен қоныс аударушы орыстар арасындағы шиеліністерді патша үкіметінің әділетсіз жер саясатының салдарынан екенін жазады: «Жер үшін қоныстанушылар мен қырғыздар (қазақтар) арасында күрес күшейе түсті. Кейде тұрпайы түрде көрініс берген бұл күрес онсыз да заңсыздық негізінде орын алып отырған ұлттық қарама-қайшылықты тереңдете және шиеленістіре түсті».
Қазақ даласында партия құрудың ерекшеліктері туралы терең түсінігі бар Алаш қайраткері Ә. Бөкейхан: «Таяу болашақта, қырғыз (қазақ) арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай екі саяси партия құрылуы мүмкін. Олардың бірі ұлттық-діни атанып, мақсаты – қазақтарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ. Екіншісі – батыстық бағытта», – деп айтып кетті.
Ол сауатты, өте білімді, парасатты, өз заманының озық ойлы азаматы болды. Дала тұрғындарының ғана емес, өзге ұлттардың да құрметіне бөленді. Өз ұлтының ата тарихын жетік меңгеріп, мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне құрмет көрсетудің, туған халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін үздіксіз күрес жүргізді.
Әлихан Бөкейхан халықтың көшбасшысы қандай тұлға болу керектігін өз үлгісімен айқындап берді. Ол миллиондаған халықты «Алаш» қозғалысы идеясы төңірегіне топтастырды. Қазақтың зиялы азаматтарын өз Отаны мен халқына адал қызмет етуге шақырды. Өзінің: «өмірімнің соңына дейін қазақ халқына қызмет етемін», – деген ұстанымына адал болып өтті.
«Алаш» қозғалысы көшбасшысы Әлихан Бөкейханның есімі еш уақытта да ұмытылмайды. Қазақстанның барлық дерлік қалаларында оның есімімен көшелер аталған. Бүгінде Қазақстан Республикасында ер балаларға Әлихан есімін қою үрдісі кең таралған. «Алаш» мәдени және даму институтыоның көптомдық еңбектерін жарыққа шығарды. Оның құрметіне республикалық және халықаралық конференциялар өткізіліп тұрады. 2016 жылы елімізде Ә. Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы аталып өтті.
1. Ұлттық баспасөздің қоғамдық-саяси сананы оятудағы рөлі қандай?
2. Ұлттық мүдделерді қорғауда қандай іс-әрекеттер жасалды?
3. Мерзімді басылымдардың қоғамдық-саяси ойды жаңғыртудағы рөлі неде?
4. Қазақ зиялыларының шығармашылық мұралары қоғамдық санаға қалай әсер етті?
5. Ұлт мүддесін қорғауда Әлихан Бөкейханның саяси көшбасшылық қызметі қалай көрініс тапты?
Алаш (ежелгі түркі сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген қазақ халқы тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғымын бостандық пен бірліктің ұраны етіп алған.
Алаш қозғалысы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық күрес.
Петиция (лат. petitio – сұрау) – ұжымдық үндеу (талап, тілектер, өтініштер). Мемлекет басшысына немесе жоғары өкімет органына көпшілік атынан тапсырылатын жазбаша өтініш.
«Қазақ» газеті – 1913–1918 жылдары шығып тұрған жалпыұлттық апталық басылым.
Әлихан Бөкейхан (1866–1937) – XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялық үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Шәймерден Қосшығұлұлы (1869/1874–1932) – діни және ағартушылық істерімен шұғылданған қайраткер. І, ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған. Кеңес өкіметі тұсында молда ретінде қуғын көріп, саяси қыспаққа ұшыраған.
Шығармашылық тапсырма.
«ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтының әлеуметтік-саяси жағдайы», «Алаш» ұлттық идеясының тұжырымдамалық негіздері» тақырыбының бірін таңдап алып, мақала жазыңдар. (Сөз саны: 150–200)
Мақала критерийлері:
Кіріспе (негізгі ойға қысқаша тоқталу)
Негізгі бөлім (кем дегенде 2 дәлел келтіру)
Қорытынды (өзіндік баға беру)
«Қазақтың» жабылуы редакциялық ескертпе
Бүгін Орынбордан «Қазақ» газеті жабылды деген телеграмма алдық. Мұнан бұрын «Қазақ» басқармасындағы бір адамнан келген хатта мынандай сөз бар: «Орынборға большевиктер келді. «Қазақ» газетінің шығайын деп тұрған 220-нөмірін тоқтатып қойды. «Қазақты» жауып қойып, оның орнына большевик бағытымен жаңа газет ашпақ. Олар «Қазақтың» баспаханасына келіп, есеп-қисабын сұрады. Ол уақытта Байтұрсыновтар Орынборда жоқ еді. Сол себепті оған есеп беретін ешкім болмады. «Қазақ» газеті жабылды деген хабарды естігенде әрбір Алаш баласының жүрегі су етіп, қабырғасы қайысар. Біз бұған сенеміз.
«Қазақ» газеті Алаштың қараңғы заманда жол көрсетіп тұрған шамшырағы, сасқанда ақыл айтып тұрған көсемі. Ол қарасы өшкен залым хүкімет заманында Алаштың көз жасымен талай пәледен қалған еді. Оның бер жағында мынадай заман тұрған соң халық «әу» деп демін алып, енді «Қазаққа» деген пәле-жала құриды ғой деп тұрғанда мынау хабардың сап ете түсуі «мен Алашпын» дегеннің жанына қатты батады.
«Бірлік туы». – 1918. №22. – 20 ақпан.
1. «Қазақ» газетінің жабылуына қандай себептер әсер етті?
2. Бұл оқиғаны жергілікті халық қалай қабылдады?