§33–34. Алаш қозғалысы және қазақ революционер-демократтарының саяси көзқарастары

Оқу мақсаты:
- Қазақ мемлекеттілігінің даму жолдары туралы ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси көзқарастарын салыстыру;
- Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына тарихи қайраткерлердің қосқан үлесін бағалау.

Тірек сөздер:

  1. Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысының қалыптасуы халықтың мыңдаған жылдық мемлекеттілігінің дәстүрін жаңғырту үшін күрес жолындағы ең маңызды кезең еді. Қазақ қоғамының көзі ашық, көкірегі ояу ұлтжанды азаматтары ұлттық идея төңірегінде топтасты. Алайда тарих тәлкегімен ХХ ғасырдың 30-жылдарынан 80-жылдардың аяғына дейін Алаш қозғалысы ғылыми тұрғыдан зерттелмей ұмыт қала берді, жарық көрген жарияланымдарда «ұлтшыл-буржуазияшыл» ретінде бағаланды.

  Алаш зиялылары Ресей империясының алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алған парасатты азаматтар еді. Бұл жағдай Алаш жетекшілерінің идеологиялық және жеке тұрғыдан тұлға ретінде қалыптасуында зор рөл атқарды. Ресей губернияларында оқып және жұмыс істеп жүрген кезде олар саяси күресте тәжірибе жинақтап, алғашында бірқатар партиялар (эсер, кадет т.б.) қатарына қосылды. Алаш зиялылары қазақ дәстүрі негізінде Батыс Еуропа демократиясы тәжірибесін пайдаланып, болашақта ұлттық мемлекет құру идеясын ту етіп көтерді.

Ойды жалғастыр
Патша билігі Ресейде білім алған қазақ зиялыларын отаршыл үкіметке қызмет еткізу мақсатын ұстанған еді. Алайда …

  Алаш зиялылары партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы кезінде ойластырды. 1905–1907 жылдардағы оқиғалар, Бірінші дүниежүзілік соғыс, Ақпан және Қазан революциялары сияқты ірі тарихи бетбұрыстар қазақ халқының қоғамдық-саяси санасының оянуына ерекше серпін, қуат берді. Қазақстанның барлық өңірлерінде, Омбы, Орынбор, Орал, Семей, Ташкент, Петропавлда социал-демократтық ұйымдар пайда болды. Бұл ұйымдар жергілікті халықтың саяси өмірге тартылуын тездетті. Революциялық қозғалысқа қатысқандарды полиция аяусыз жазалап, жер аударды, абақтыға жапты. Олардың арасында қазақ халқының көрнекті өкілдері болды. Мысалы, Ә. Бөкейханның қызметі Ресей империясы полициясының бақылауына сонау 1897 жылдан бастап алынған еді.

  Дала генерал-губернаторының арнайы қаулысы бойынша революция кезеңінде жарық көрген демократиялық бағыттағы мерзімді басылымдар мен әдебиеттерді таратуға қатаң тыйым салынды. Алайда шапшаң қозғалатын икемді, дала тұрғындары жаңа уақыт ағымы туралы хабарды тез таратты. Бұл туралы Ә. Бөкейхан былай деп жазды: «Қазақтардың шапшаң қозғалатындығының арқасында манифест қысқа мерзім ішінде күллі далаға тарап үлгерді. Барлық жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды, манифесті оқыды. Мемлекеттік думаға болашақта сайлау жүргізу мәселелерін талқылады. Ең алыс болыстардан қазақтар қыр қалаларына топ-тобымен аттанды, онда өтіп жатқан қала митингілеріне қатысты».

  1905 жылы желтоқсанда Орал қаласында бес облыстан келген қазақ делегаттарының съезі өтті. Ондағы мақсат кадеттер үлгісімен қазақтың саяси партиясын құру еді. Партия 1905 жылы қазандағы ІІ Николай жариялаған Манифест бойынша қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғауға тиіс болатын.

  1906 жылы ақпан айында Семей қаласында қазақтардың кезекті ІІ съезі шақырылды. Осы жылы мамыр айында кадет партиясының қырғыз (қазақ) бюросын құруға шешім қабылданды. Онда қабылданған негізгі бағдарламаға маңызды толықтырулар енгізіліп, қоныс аудару саясатын тоқтату, Дала өлкесіне жергілікті халықтың меншігі құқықтық мәртебесін беру, қазақ балалары үшін ұлттық мектептер ашу т.б. талаптары қойылды.

Есіңе түсір
Бірінші орыс революциясы қазақ халқына қалай әсер еткен еді?

  Ресейде Мемлекеттік Думаға сайлаудың басталуы, бірінші орыс революциясының жеңілуі кадеттік үлгідегі жалпыұлттық қазақ партиясын құруға кедергі келтірді. Партияның сенімді әлеуметтік тірегі мен қазақ тілінде шығарылатын баспасөз органы да болмады. Далалықтардың саяси мәдениетінің демократиялану негізі әлі де әлсіз еді.

  Халық жадында өшпестей із қалдырған қазақ хандарының бірі Есім хан. Ол мемлекеттің аумағын одан әрі кеңейтіп, Орта Азия елдерінің біраз жерін Қазақ хандығына қаратты. Есім қалыптасқан күрделі саяси жағдайлардан дұрыс жол таба білген ақылды және кемеңгер басшы ретінде танылды. Ішкі саяси тұтастықты қалыптастырып, Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етуді көздеген Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасым ханның заңдарын іс жүзінде қолдануды енгізді. «Қасым ханның қасқа жолы» аталып кеткен заңды Есім сол дәуірдің әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдірді.

  Партияның мақсаттары мен міндеттері кеңінен насихатталмауы себебінен өлке халқы үшін түсініксіз болып қала берді. Жергілікті халық өкілдері Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Өлкенің бүкіл аймағын түгел қамтып өткен демократиялық үдерістер толқыны қазақтардың петициялық қозғалысын елеулі түрде күшейтті. Патша үкіметі халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр болды.

Ойлан
Егер қазақтар сайлау құқығынан айырылмай, ІІІ және ІV Мемлекеттік Думаларға қатысқанда жағдай қалай болар еді?

  1906–1907 жылдары Алаш зиялыларының саяси белсенділігі арқасында қазақтар Ресей Мемлекеттік Думасына қатысатын болып шықты. Депутаттыққа сайланған өлке азаматтары өз қызметтерін адал атқарып, халқының көзін ашып, саяси санасын ояту жолында зор игілікті істер атқарды. Газет шығаруға әрекеттер жасалды. Орыс либерал-демократиялық баспасөз беттерінде қазақ зиялыларының мақалалары жиі жарияланып тұрды. І және ІІ Мемлекеттік Думада Дала өлкесінің депутаттары халықтың мүддесін қорғап белсенді жұмыс жасады. Мемлекеттік Дума мінберінде сөз сөйлеп, патша өкіметінің өлкедегі отаршылдық саясатын өткір сынады, жер мәселесін батыл көтеріп, аграрлық реформаларға қатысты өз жобаларын ұсынды.

  1907 жылғы реакцияшыл сайлау заңы бойынша қазақтар сайлау құқығынан айырылды. Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлауға рұқсат етілмеді. Сондықтан бұл жағдайда Ә. Бөкейхан бастамасымен Алаш басшылары мұсылман, кадет фракцияларымен келісімдер жасауға кірісті.

  Алаш көсемдері билік тарапынан қуғынға ұшырап, түрмеге жабылды, каторгаларға жіберілді. 1913 жылы «Қазақ» газетінде Алаш қозғалысының белсенді идеологі М. Дулатұлы: «1905 жылдан бастап біздің халық басқа халықтар сияқты дербестігін, ұлттық тұтастығын ойлай бастады. Бостандыққа ұмтылған сол жылдары Семей облысындағы қозғалыс жетекшілері мен елді даму жолына бастаушы ұлт зиялылары қудаланды, олардың біразы қамауға алынып, түрмеге жабылды, басқалары Сібірге айдалды. Қалғаны сенімсіз ретінде танылды», – деп жазды.

  Бұл дағдарыс қабілетсіз өкіметке қарсы наразылық туғызып, 1917 жылы Ақпан революциясына ұласты. Петроград жұмысшылары мен солдаттарының қарулы көтерілісі жеңіспен аяқталды. Патша үкіметі құлатылғаннан кейін Уақытша үкімет Ресейдегі бүкіл заң шығарушы мен атқарушы билікті қолына алды. Ақпан революциясының жеңісін ұлттық демократия өкілдері отаршылдық езгіден құтылатын сәт туды деп қуанышпен қарсы алды.

  Алайда жаңа үкіметтің басқару әдістері мен саяси бағыты революцияға дейінгі патша үкіметінің саясатын жалғастырды. Уақытша үкімет жергілікті халықтың жағдайын жақсартпады. Дегенмен біраз оң шараларды жүзеге асырды: тыл жұмысына алғандарды елге қайтару, қазақтардан облыстық комиссарларды тағайындау; Қазақстанға жіберілген жазалау отрядтарын кері қайтару т.б. Ұлт зиялылары саяси белсенділігінің арта түсуіне облыстық съездер үлкен әсер етті. 1917 жылы сәуірде Орынборда қазақ съезі шақырылды. Онда Бүкілқазақ съезін ұйымдастыруға шешім қабылданды. Съездің жер, дін, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелерді шешу жолдарын анықтауда маңызы зор болды. Алаш қозғалысының жетекшілері Қазақстан аумағына келген басқа ұлт өкілдері теңдігін қорғады. Алаш зиялылары жалпыұлттық бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуда елді біріктіруші күшке айналды.

  Алаш идеясы халықтың жаршысына айналған «Қазақ» газетін өмірге әкелді. Газет 1913–1918 жылдары шығып тұрды. Ұлттық зиялы қауым «Қазақ» газеті шығуымен біртұтас саяси күшке айналды. «Қазақ» газеті ұлттық мемлекеттікті қалпына келтіру идеясын барлық өңірлерге таратып, халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына түрткі болды. Газет өз Отанына адал берілген ұлтжанды азаматтарды тәрбиеледі.

  1911 жылы Санкт-Петербургте Алаш қозғалысы көрнекті қайраткерлерінің бірі Барлыбек Сыртанұлы болашақ мемлекет Конституциясы «Қазақ елінің жарғысы» деп аталатын жобасын әзірледі. 1918 жылғы қаңтарда қоғам қайраткері, жазушы Ж. Аймауытов «Абай» журналының беттерінде Алаштың әнұранын жариялады.

  Қазақ халқының мүддесін қорғауда Алаш көшбасшылары белсенді саяси күрес арқылы бейбіт жолды таңдады. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы және т.б. азаматтар қолға қару алып көтеріліс жасау халық үшін тек зиян келтіреді деген оймен жүйелі реформалар арқылы мақсатқа жетуді жоспарлады.

  2. А. Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси көзқарасы. Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі және ХХ ғасыр басындағы көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер болып табылады. Бірінші орыс революциясы (1905–1907) кезінде ол ерекше белсенділігімен көзге түсті. Мысалы, Қарқаралы петициясының құрастырылуына және оны билікке жеткізуге тікелей қатысты. 1907 және 1909 жылдары өзінің саяси белсенділігі үшін қуғынға ұшырады.

  1913–1918 жылдар аралығында ол өзінің серіктестерімен бірге Орынбор қаласында жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құруға қатысқан ұйымдастырушылардың бірі саналады.

  Көптеген Алаш қайраткерлері сияқты, әбден шиеленіскен жер мәселесін шешуге басымдық берді. Оның пікірінше, қазақ ата-бабаларынан қалған жерін әрқашан құрметтеуі тиіс. Ол жерлестерін жерді мемлекет меншігіне өткізудің белгілі бір пайдасы бар екендігіне сендірді. Себебі ол жағдайда жерді ешкім сата да, жалға да бере алмайды.

  А. Байтұрсынұлы қазақ тілі мен ұлттық әдебиетін белсенді түрде насихаттады және болашақта қалпына келтірілетін қазақ мемлекетінде лайықты орын алуы тиіс деп бағалады: «Өз тілінде сөйлейтін және төл әдебиеті бар халық қана дербес өмір сүруге ұмтылуға қақылы екенін еш уақытта ұмытпау керек».

  Мемлекеттік құрылыс мәселелерінде ол білім беру мен тәрбие ісіне көп көңіл бөлді. Осы орайда былай деп жазды: «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді».

  Ол ана тілінің тазалығына ерекше мән берді. Бастауыш сыныптарда оқушыларды тек ана тілінде оқытуға шақырды: «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізде, сонан соң басқа тілде оқытуға тиіспіз».

  Алдағы уақытта жаңа ұлттық мемлекет құратын жастарды білім алуға, қажетті мамандықты игеруге және бірлікке ұмтылуға үндеді: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осыларға жету үшін көп жұмыс істеу керек».

  3. Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси көзқарасы. Мыржақып Дулатұлы ұлт-азаттық қозғалыстың белсенді қатысушыларының бірі болды. 1904 жылы Омбы қаласында Ә. Бөкейхан және А. Байтұрсынұлымен кездесіп, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты.

  1907 жылы Санкт-Петербургте «Ульфат» татар газетіне қосымша ретінде «Серке» газетін шығарды. 1907 жылы қазақтарды Мемлекеттік Думаға қатысу құқығынан айыратын патша жарлығына қарсы шықты. Ол «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушылардың бірі болып, 1917 жылы жалпы қазақ съездерін шақыруға қатысты. 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарк» баспасынан оның әйгілі «Оян, қазақ!» өлең жинағы жарық көрді.

  Замандастары бұл кітапты «ұлттық манифест» деп атады. Автор поэтикалық түрде халықтың ауыр ахуалын көрсетіп, сонымен қатар осы қиын жағдайдан шығу жолдарын ұсынады. Ақын барлық жерде мешіттер мен медреселер салуды, жастарды исламды, халықтық салт-дәстүрлерді құрметтеу рухында тәрбиелеуді маңызды деп санады. Ол жергілікті тұрғындардан жер тартып алушы патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шықты. Қазақ тұрғындары тұратын жерлерге миссионерлерді жібермеуге шақырды.

  Осы кітапшаның жарық көруі жөнінде Семей округтік сотының прокуроры былай деп жазды: «Оян, қазақ» кітапшасы мазмұны бойынша мемлекеттегі қалыптасқан қоғамдық құрылысты құлатуға шақыратын, қырғыз (қазақ) жастарына үндеу болып табылады».

  Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітапшасы қазақ халқының арасында өте танымал болды. Бұл туралы патша агенттері 1911 жылғы наурызда Верный қаласындағы іздестіру пунктінің меңгерушісіне былай деп жазады: «Өткен 1910 жылы съезд барысында Пішпек уездік басқармасының аудармашысы қырғыз (қазақ) … Тынымбай Серікбаев … Пішпек уезінің барлық болыстық басқарушыларына көшпелі тұрғындарға тарату үшін Дулатов деген кісінің «Оян, қазақ» деп аталатын шығармаларын берді». Міржақып қамауға алынып, тергеу басталды. Ақын кітапшасын жариялауға Петербург цензурасы рұқсат бергенін айтып, кінәсін мойындамады. Тергеу оның бір жарым жылға абақтыға отырғызылуымен аяқталды. Өлеңнің отаршылдыққа қарсы мазмұны, сонымен қатар автордың халық арасында танымалдығы үшін кітаптың барлық таралымы тәркіленді. Басылым М.Дулатұлы Торғайға оралғаннан кейін 1911 жылы қайта басылып шықты. Кітапша ұлттық сананың қалыптасуында үлкен рөл атқарды және кейінгі қоғамдық-саяси үрдістердің барысына әсер етті.

  4. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің 1916 жылы қазақтарды тыл жұмыстарына алуға көзқарасы. 1916 жылы жазда қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы басталды. Далалық облыстардың барлығында дерлік бас көтерулер көрініс тапты. Көтерілісшілер тыл жұмысына алынатындардың тізімін жасаған болыс басқарушыларына наразылықтарын білдірді. Патша үкіметі көтерілісшілерге қарсы жазалаушы әскер шығарды. Алаш басшылары қарулы көтеріліске қарсы шығып, босқа қантөгіске ұшырамау үшін сабырлыққа шақырды.

  Ресей империясының жоғары органдарымен келіссөздер жасасып, халықтың аман қалуын ойлаған Алаш жетекшілері тыл жұмыстарына алуды (шөп шабу мезгілі, күзгі егінді жинап алу т.б. үшін) кейінге қалдыра тұрып, тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.

Ойлан
Тәуелсіздік жолындағы күрестің бейбіт түрінің ерекшелігі неде?

  Халықтың қарулы көтерілісі Алаш қозғалысы жетекшілерінің идеясына және ұстанымдарына сәйкес келмеді. Қазақ зиялылары эволюциялық жолды таңдап, бейбіт жолмен ұлттық автономияға қол жеткізуді қолдады.

  Алаш зиялылары жағдайды талдай келе, тыл жұмыстарына баруға келісуді ұсынды. Олай болмағанда ел ішіне патшаның жазалау әскері шығып, халықты қырып-жоятындығын білді. Уақыт көрсеткендей, көтеріліс барысында қарусыз халық өкіметтің жазалау шараларының құрбаны болды, мыңдаған жазықсыз адам қаза тапты, мал-мүлкінен айырылды.

  Алаш қайраткерлері халықты әскерге баруға, тыл жұмысына қатысуға үгіттеді.

  1916 жылы желтоқсанда Алаш элитасы (студент, дәрігер, мұғалім, фельдшер, аудармашылар) штабы Минск қаласында орналасқан Батыс майданның тыл жұмысындағы жігіттермен кездесті. Олар тыл жұмыстарына шақырылғандардың құқығын қорғап, азық-түлік, дәрі-дәрмектерін жеткізіп, қолдан келген көмектерін жасады.

Ойлан
Не себепті Алаш қайраткерлері халықты тыл жұмысына баруға үгіттеді?

  1917 жылы ақпан айында Ә. Бөкейхан Минскідегі Батыс майданның земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімін басқарды. Тыл жұмысындағылардың жағдайы туралы Ә. Бөкейхан былай деп жазады: «Ол жақта қазақ тілін білетін дәрігердің де, фельдшердің де көмегі өте маңызды». Батыс майданның және империяның басқа аудандарында жалпы 200 мыңдай қазақ еңбек етті.

  5. «Алаш» партиясының құрылуы. Саяси партия құрылуының алғышарты 1917 жылы ақпан революциясынан кейін қалыптасты. Ақпан революциясын қазақтар түсіністікпен қарсы алды. Революция қазақтарға қантөгіссіз патша үкіметі қанауынан азаттық әкелді, өзін-өзі басқару үмітін оятты. Осындай жағдайда ұлттық элита саяси партия құру туралы шешімін қабылдады.

  Кадет партиясы қазақ автономиясын құруға қарсы болғандықтан, халықтың үміті ақталмады. Бұл 1917 жылы Ә. Бөкейханның кадет партиясынан шығуына алып келді. Алаш зиялылары ұлттық партия құруға кірісті. Орынборда 1917 жылы шілдеде өткен Бірінші жалпықазақ съезінде «Алаш» ұлттық саяси партиясы құрылды. Толық емес деректер бойынша «Алаш» партиясының құрамына 5 мыңға жуық адам тіркелген. Қазақ зиялыларының демократиялық идеялары өз уақытынан озық еді.

  «Алаш» партиясы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бағдарлама әзірлеген тұңғыш саяси ұйым болды. Бұл тарихи съезде «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы қабылданып, 1917 жылы қараша айында «Қазақ» газетінде жарияланды. «Алаш» партиясы, ең алдымен, ұлттың саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін алға тартып, туған жерін сақтап қалуды мақсат етіп қойды. Қырғыз жерінде (Пішпекте) «Алаш» партиясының бөлімшесі құрылды. Оның жұмысына Ы. Жайнақов, А. Садықов, И. Арабаев, Н. Айдарбеков, В. Сооромбаев т.б. белсене қатысты.

  «Алаш» партиясынан басқа өлкеде Түркістанның діни бағыттағы елеулі «Шура-ислами» және «Шура-улема» саяси ұйымдары құрылды. Діни ұйымдардың ықпалы республиканың оңтүстік өңіріне таралды. Қазақстанның ірі қалаларында эсерлер мен кадет және социал-демократиялық топтар әрекет етті.

  1917 жылдың соңында қазақтың ұлттық, демократиялық бағыттағы саяси ұйымы «Үш жүз» партиясы құрылды. Партия мүшелері өз ұйымын «Қазақтың социалистік партиясы» деп атады. Партияның орталық комитетінің орналасатын жері Омбы қаласы болып белгіленді. М. Әйтпенов – партияның төрағасы, орынбасары – К. Төгісов, мүшелері Ш. Әлжанов, Ә. Досов, Ы. Көбеков және т.б. болды. Кейіннен партияның төрағалығына К. Төгісов сайланды. Баспасөз органы «Үш жүз» газеті 1917–1918 жылдары Петропавл қаласында шығып тұрды. Партия құрамына зиялы топ өкілдерімен қатар қазақ кедейлері де енді. «Үш жүз» партиясының бағдарламасында қазақ халқын отырықшылыққа көшіру, оларға шаруашылықпен айналысу үшін жеткілікті жер бөліп беру, кедейлер мен жарлыларға көмектесу, өлкеде оқу-білім тарату және т.б. мәселелер атап көрсетілді.

  Қазақтың демократиялық-радикалды топтарының мүдделерін қорғай отырып, олар «Алаш» партиясына қарсы идеялық-саяси күрес жүргізді. «Үш жүз» партиясы большевиктерді қолдап, оларға өлкеде кеңестік билікті орнатуға көмектесті. Қазақ халқының ұлттық мүдделерін басшылыққа алғанмен «Үш жүздіктер» әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерде большевиктердің ықпалында болды. 1918 жылы партия таратылды.

  Большевиктердің ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық беру жөніндегі уәдесі ұлттық аймақтардағы халықтарға Кеңес өкіметі жағына өтуге септігін тигізді.

  6. «Алаш» партиясының негізгі бағдарламалық ұстанымдары. Алаш қозғалысының жетекшілері ұлттық және мемлекеттік құрылыстың негізгі тұжырымдамаларын әзірледі. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын Ә. Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері дайындады. 

  Бағдарлама жобасы 10 тараудан тұрды: мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі.  

  «Алаш» партиясы бағдарламасында социал-демократтық идеялар нақты көрініс тапты. Бағдарламада тегін білім беру және медициналық қызмет көрсету; демократиялық сайлау, соның ішінде әйелдердің тең құқықтығы жарияланып, халықтық милиция және әкімшілік мекемелер құру мәселелері қарастырылды. Алаш қайраткерлері әзірлеген партия бағдарламасы мемлекеттің құқықтық негізгі құжаты ретінде халықтың қолдауына ие болды. «Алаш» идеяларының маңыздылығы мен өміршеңдігін 1995 жылғы Тәуелсіз Қазақстан Конституциясы растады.

Деректермен жұмыс
Оқулықтың хрестоматиясында келтірілген «Алаш» партиясының бағдарламасымен танысыңдар. Бағдарламада қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру қалай көрініс тапқанын анықтаңдар.

  7. Алашорда автономиясы. Ә. Бөкейхан және оның серіктестері қазақ автономиясын құруда Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін көздеді. Алайда уақытша одақтастарымен немесе қарсыластарымен жүргізген пікірталастарында ол туралы ашық айтпады. Алаш көшбасшылары қалыптасқан жағдайда тәуелсіз ел болу үшін қажетті шарттар әлі толық пісіп-жетілмегендігін, сондықтан алдымен федеративті Ресей құрамындағы автономия құруға қол жеткізу керек екенін жақсы түсінді.

  1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Ресей мемлекетінің бүліншілікке ұшырап, халықтың күннен-күнге күйзеле түсуінен қауіптенген Алаш жетекшілері қазақ халқының мемлекеттілігін қалпына келтіруді ойластырды. Алашорда автономиясын жариялау мәселесі «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Ұран», «Жас азамат» газеттерінде кеңінен насихатталды. Алаш көсемдер ұлттық мемлекеттілікті құру принципіне ұлттық бірлікті, ұлттың біртұтастығын негіз етіп алды.

  Ә. Бөкейхан ұлттық мемлекеттілікті құру болашақта жүзеге асатынына нық сенім білдірді: «Тірі болсақ, алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар». Алаш қайраткерлерінің түпкі мақсаты, ең алдымен, ұлттық автономияға қол жеткізу, одан кейін – толық тәуелсіз мемлекет құру еді. Қазақстан 1920 жылы – автономиялық республика, 1936 жылы – одақтас республика, 1991 жылы – тәуелсіз мемлекетке айналды. Алаш идеяларының көрегендігін тарихтың өзі дәлелдеп берді.

  «Алаш» партиясы қоғамның әртүрлі өкілдерін біртұтас Алаш идеясы, Алашорда автономиясын құру мәселесінде топтастырды.

  Қазақ ұлттық интеллигенциясы 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Екінші жалпықазақ съезінде қазақ мемлекеттілігі туралы мәселе қарастырды. Съездің күн тәртібінде өзекті – Ресей құрамында ұлттық автономия, ұлттық үкімет құру міндеті тұрды.  

  Алашорда басшылары ұлттық автономия құруда негізгі ұстанымы ретінде басқа ұлт өкілдерінің мүддесімен санасатын ұлттық бірігуді көздеді. Съезд «Алаш» атауымен қазақ автономиялы үкіметінің құрылғаны жөнінде мәлімдеді. Алашорда (Алаш автономиясының үкіметі) деген атпен Уақытша халықтық кеңес – үкімет құрылғаны айтылды. Уақытша халықтық кеңес 25 адамнан тұрса, оның 10-ы өлкедегі басқа халық өкілдері еді. Бұл Алашорда үкіметінің демократиялық сипатын айқын танытты.

Алашорда Батыс бөлімшесінің мөрі

  Съезде Алашорданың аймақтық бөлімшелерін, облыстық кеңестер мен комитеттер құру туралы қаулы қабылданды. Алашорда үкіметіне елдегі атқарушы билікті қолына алу тапсырылды. Қазақ автономиясының төрағалығына көпшілік дауыспен Ә. Бөкейхан сайланды. Алашорда мүшелігіне У. Танашев, Х. Досмұхамедов, А. Тұрлыбаев, М. Тынышбаев, А. Бірімжанов және т.б. енді.

  Алашорда автономиясының аймақтық бөлімшелері жанынан соттар мен милиция органдары құрылды. Жетісу жерінде Алашорда милициясын құрып, жасақтауда Отыншы Әлжанов зор еңбек сіңірді. О. Әлжанов большевиктермен кескілескен қан майданда 1918 жылы тамыз айында ерлікпен қаза тапты.

  Азамат соғысы большевиктердің жеңісімен аяқталысымен, Алашордалықтар ұлы мұраты қазақ автономиясына қол жеткізу үшін бірте-бірте Кеңес өкіметі жағына өте бастады.

М. Тынышбаев

  8. Кеңес өкіметінің Алаш қайраткерлеріне саяси рақымшылығы.

  Азамат соғысы кезінде Алаш қайраткерлері ақтармен бірге болды. Кейіннен Алашорданың большевиктермен қарым-қатынастары ымырашылдық сипат алды. 1919 жылы большевиктер алашордалықтарды өздерінің жағына тарту мақсатында РКСФР БОАК-і Алашордаға рақымшылық жасау туралы шешім қабылдады. А. Байтұрсынұлы жетекшілігімен алашордалықтардың Торғай бөлімшесі большевиктердің жағына өтті. Біртіндеп қазақтардың басқа топтары да осы жаққа өте бастады.

Пікірің қажет
Кеңес үкіметі Алашордалықтарға неліктен кешірім жасады?

  Кеңес өкіметі кейін Алашорданы таратты. Большевиктер Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін 1920 жылы таптық тұрғыда және пролетариат диктатурасы негізінде құрды.

  1919 жылғы сәуірдегі БОАК қаулысымен Алашорда үкіметінің мүшелеріне кешірім жарияланып, оның беделді мүшелері кеңес өкіметі қызметіне тартылды. А. Байтұрсынұлы Қырғыз (қазақ) әскери-революциялық комитеті құрамына енгізілді. Алашордалықтар әкімшілік органдарда, дәрігер, адвокат, мұғалім ретінде халыққа қызметін жалғастыра берді. Алайда бұл уақытша еді. 1921 жылы күзде «бұрынғы алашордалықтар арасында контрреволюциялық ұйым» анықталды деген хабар таратылды. Алаш қайраткерлері Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластатылып, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Шоқай т.б. қудалана бастады.

1. Қосымша материалдарды пайдаланып, өз облыстарыңда ғұмыр кешкен Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері туралы айтып беріңдер.
2. Алашордалықтардың ақтармен уақытша одақ құрып, кейін большевиктер жағына өткендерін қалай түсіндіруге болады?
3. Тарихи қайраткерлердің қоғамдық-саяси ойдың қалыптасуына қосқан үлестеріне баға беріп, қорытынды жасаңдар.

Автономия – бір мемлекеттің шеңберіндегі жеке ұлттың саяси жағынан өзін-өзі билеуі, жеке басқарушылық.
Милиция – қоғамдық меншікті, азаматтардың қауіпсіздігін, дүние-мүлкін қорғайтын, тәртіп сақтайтын құқық қорғау органы.

Отыншы Әлжанов (1873–1918) – көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі. «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Алаш идеясы үшін қолына қару алып күрескен.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. GREAT формуласы бойынша Алаш ұлттық автономиясының жариялануының тарихи маңызын талдаңдар.
G (Groundbreaking) – елеулі/бетбұрысты
R (Remembered) – барлығының есінде сақталған
E (Events) – кең таралған оқиға
A (Affected) – болашаққа әсер еткен
T (Terrifying) – қорқынышты

2-тапсырма. Берілген сызба бойынша әңгіме құрастыр.

Сәкен Сейфуллиннің «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» мақаласынан:

  «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патшаның арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандар арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметін қылды. «Қырық мысал», «Маса» кітаптарын, «Қазақ» газетіне редакторлық еткен еңбектерін оқып, Алаш кезеңін, артынан компартияға кірген уақытына түгел шолып, мынандай түйін түйесің: Қалай болса да жазушының қазақ жырларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай… Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін».

«Еңбекші қазақ» (1923 жыл, 30 қаңтар).

1. А. Байтұрсынұлын халық ағартушысы деп бағалауға қалай қарайсыңдар?

2. С. Сейфуллиннің Кеңес өкіметі мен партия қайраткері бола отырып, Ахмет Байтұрсынұлы туралы осындай пікір айтқанын қалай түсіндіруге болады?

×
×

Корзина