Тірек сөздер: достық, адалдық, тату достар, сыр, ішкі ой, пікір, сырлас достар.
Бұл – орта бойлы, кең жауырын, арықтау тарамыс денелі, жатаған келген ат жақты сары сұр кісі. Сәл қызғылт тартқан қыран көзді, жуан балуан мойынды. Ашық жүзіне жараса біткен сәл келтелеу қыр мұрнының астында шағын ғана мұрты бар. Қою шоқша сақалы сүп-сүйір. Сақал-мұрты күңгірт сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғылт түйе жүн шекпен жамылған. Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген, орта қоныш, көк салмен өрнектелген саптама етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық қатар аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы көзі қарағанда адамның ту сыртынан өткендей. Сараң қимылы, жұмыла біткен жіңішке еріндері аз сөйлеп, көп тыңдайтын адамды сездіреді. Егер тұлғасына, көңіл райына қарасаң, ішінде тұнып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың.
Бұл – Абылай ханның немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы Кенесары еді.
Кенесары осы төбеге шыққалы едәуір мезгіл өткен. Ол қазір қалың ойда. Есіне кешегі Нысанбай жыршының сөзі түсе берді. Ел аралаған әрі сыншы, әрі жыршы Нысанбай ақын, ақ киізге малдасын құрып отырып ап, Қасым төренің алдында Шыңғыс шежіресінің біраз жерін қисса етіп айтып берген.
Ол моңғолдармен іргелес Керөлең, Онон өзендерінің бойында көшіп жүрген Керей руының қалайша Шыңғысханның алғашқы жемі болғанын күңірене жыр етті. Бір мезет Орхон, Ом, Ертіс өзендерінің жағасындағы Найман, одан төмен, осы күнгі Сарыарқаның солтүстігі мен батыс өңірін жайлаған Алшын, Қыпшақ руларының Шыңғысханға қалай бағынғанын желдірте өтті. Содан кейін Арғын, Найман, Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Алшын сияқты белді рулардың Шыңғысханның үлкен баласы Жошының ұлысына бағынып, Бату ханның Алтын Ордасының негізін қаласқанын, Сарыарқа мен Еділ, Жайық бойын еркін жайлағанын бір шолып кетті. Жетісудағы Үйсін, Дулат, Жалайыр руларының Жағатай ұрпақтарының иелігіне қалғанын да жыр етіп өтті.
Енді Нысанбай жыршы қарағайлы кәрі домбырасын екпіндете ұрып Жағатай мен Жошы ұрпақтары нешеме жүз жыл бойы осы ұшы-қиыры жоқ кең даланы билегенін мақтан етті. Алайда бірімен-бірі хандыққа, баққа, жерге таласып, рәсуа боп, Алтын Орда ыдырағаннан соң, Жошыдан шыққан Керей, Жәнібек сұлтандар Шу бойында әлімсақтан бері келе жатқан Арғын, Қыпшақ, Үйсін тәрізді көне тайпаларға бірте-бірте Уақ, Тарақты, Керей, Найман, Қоңырат, Дулат, Жалайыр, Бестаңбалы секілді түркі тілдес руларды қосып, Қазақ хандығын құрғанын мадақ етті. Содан кейін Жәнібектің баласы Қасым ханның кезінде қазақтың айбынды ел болғанын бір мақтаныш етіп берген. Нысанбай жыршы сәл дем алып, шежіреге қайта көшкен. Бұл жолы Қасым ханнан соң қазақтар аз уақ тағы да быж-тыж болып келіп, тек Хақназар кезінде ғана қайтадан бас қосып, іргелі ел болғанын, Тәуекел, Есім, әз Тәуке хандардың тұсында тасы өрге домалаған, сырт дұшпандар шеніне келе алмаған айбынды мемлекетке айналғанын көзі от шаша отырып жырға қосты. Кең-байтақ жерді алып жатқан үш жүзден құралған елдің ауызбірлігі күшті болғанын, үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырғанын дәріптей келе:
– Арғын болсаң, Алтай бол,
Найман болсаң, Матай бол,
Алшын болсаң, Адай бол,
Бұл үшеуі болмасаң,
Қайсысы болсаң, сонысы бол,
Мейлің құдай бол! –
деп қазақ елінің ең жауынгер руларын шашпауларын көкке көтере бір шырқап, осы бірлестік Тәуке хан өлісімен тағы бұзылғанын, әр тайпа сұлтандары хандыққа таласып, елдің шырқын кетіргенін айтып берді.
Содан кейін Нысанбай жыршы қарағайлы кәрі домбырасын еңкілдете жылатып, іле-шала Қаратау мен Шу, Сарысу мен Сыр бойын жайлаған қалың қазақты қалай Жоңғар ханы Сыбан Раптан шауып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырағанын мақам етті. Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп ауылдарының Арал мен Атырау теңізінің жағасына, ал Орта жүздің Есіл, Нұра, Тобыл өзендерінің жоғарғы саласына көшкенін әдейі тоқтай айтып кетті.
Алдымен Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың, бір жылдан кейін Орта жүздің ханы Сәмекенің Ресей патшасына бағынғанын, сонан «Ақтабан шұбырындыдан» отыз үш жыл өткеннен кейін Қытай патшасы бір миллионға таяу қалмақты қырып, Жоңғар хандығын құртқанын бір мәлім етті. Осы шақта Найман, Керей рулары бұрынғы өзінің атамекен жері Тарбағатай тауы мен Қара Ертіс бойына көшіп кеткенін мақұм әуеніне сала зарлана қалды.
Осыдан соң Нысанбай жыршы әр жүздің әйгілі хандары Әбілмәмбет, Барақ, Нұралыларға қысқа-қысқа сөз тастап, үш жүздің басын қосу жолында күрескен, кейін Абылай деген атпен хан болған Әбілмансұрға тоқтаған.
Әбілмансұрға келгенде Нысанбай жыршының екі көзі оттай жайнап, күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан қурай жыланның көмейіндей ісініп кетті. Домбырасын бәйге атына шапқандай сабалай ұрып, жыр шумағын құшақ-құшақ лақтырды. Енді Нысанбай домбырасын лақтыра ойнатып, Абылайдың Қоқанға қарсы шыққанын, Сайрам, Әзірет, Шымкент, Созақ секілді жеті қаласын алып, Ташкентті қалай бағындырғанын, өзіне сес көрсеткен қырғыздың қалың қолды манаптарын Қызылсу, Шәмсі өзендерінің Шуға құятын сағасында кездесіп, «Жәйіл қырғыны» деп аталатын ұрыста қалай жеңгенін айтқанда екі көзі қанталап, қоянға түскен бүркіттей шаңқылдай серпіп, тіпті долданып кетті. Әбілмәмбет сұлтанның есігінде жүргеннен бастап, торғауытқа көрсеткен ерлігі мен ел басқарар ақылдылығы арқасында Орта жүзге хан атағына ие болғанын жыр еткенінде шабар бурадай тіпті құтырынып алды. Ақын енді алпысқа келген Абылайды үш жүзден шыққан өңшең қасқа мен жайсаңдарының шешімі бойынша Телікөлдің жағасында жұрт ақ киізге көтеріп, Үлкен хан сайлағанын толғағанда төбесі көкке тигендей екі көзі жайнап кетті. Бірақ Ресей қатын патшасы қазақ елінің басын біріктірудің қауіпті екенін ойлап тек өлерінен екі жыл бұрын ғана оны Орта жүзге хан етіп указ бергеніне бір тоқтап, сол Абылайдың жетпіске келгенше ыңғайына қарай біресе Ресей патшасына, біресе Қытай боғдыханына икем көрсетіп, Түркістаннан бастап Есіл, Нұра бойына дейін көшкен қалың қазақтың еркінділігін жоғалттырмай ел ғып сақтап өткенін тағы да бір алуан жыр ғып шырқатты.
Бәйгеге шапқан жүйріктей, жыр желісінен маңдай тері бұршақтап аққан Нысанбай ақын, бір мезет Абылайға Атығай–Қарауыл рулары алты қызын беріп, оның үстіне Абылай қарақалпақтан бір, қалмақтан бір қыз алып, олардан отыз бір ұл, қырық қыз көргенін аса бір асқан жыр етіп толғатты.
Дауысы қарлығып болдыруға айналған Нысанбай тек ел жатарда ғана Абылайдың қарақалпақ әйелінен туған Уәлидің Ресейге қолшоқпар болып кеткенін, қалмақ қатынынан туған Қасым төренің әке жолын қуып, қазақтың басын қосамын деп бәйек болып жүргенін мадақтай келіп, кенет оқшау отырған Кенесарыға қарай:
– Абылай жолы – ауыр жол:
Батыр Кене, біліп қой.
Абылайдай берік бол,
Алам десең абырой, –
деп ұзақ жырын бітірген.
Үйдегі жұрт жетпіске жуықтаған Қасым төренің бетіне қарап, тына қалған. Өйткені мұндай сөз төре бар жерде дәстүр бойынша тек қолбасшыға ғана айтылатын. Ал Қасым төренің соңынан ерген әскердің қолбасшысы Саржан сұлтан, Кенесарының ерлігі мен айлакерлігі жұртқа қанша аян болса да, даңқымен әзірге ол тек батыр деген атқа ғана ие еді. Алдында ағалары болғандықтан, өзі де «қолды мен басқарайын» деген ойдан аулақ-ты. Нысанбай – жұрттан асқан сыншы. Бұны осы отырғандардың бәрі де біледі, Нысанбай қасиеті Қасымға да аян…
Қасым төре жолды әзірге Саржан мен Есенгелдіге бергенмен, түбі Абылай жолын алып жүрер ортаншы ұлы Кенесары мен кіші баласы Наурызбай болар деп те үміттенетін. Нысанбай сөзінің өз ойынан шыққанына ол іштей «қателеспеген екем, мен аңғарғанды сыншы ақын да аңғарған екен» деп ойлады. Бірақ өзіне самсай қараған көзді байқамағандай, домбырасын қасына қойып, терін сүртіп жатқан Нысанбайға:
– Көп жаса, ақсаңдақ жүйрігім, – деді, – көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой.
Қасым төре Есенгелді менен Саржаннан бір айдан бері хабар ала алмай іші бітеу жараға толы еді. Суық хабар сумаңдап әп-сәтте-ақ тарайды ғой. Еш жаманаттың естілмеуі Саржан мен Есенгелді сау дегендей жұбаныш беретін. Қасым төренің оқыс аталған Кенесарының атын хош көргендей болуы ортаншы ұлына үлкен сенім артатынын танытты. Жұрт та мұны аңғарса керек. Қазір Кенесары осы жайларды әлсін-әлсін таразыға салуда. Әрине, қазір атасы Абылай ханның заманы емес. Ол кезде Ресей патшасының әскері де Ақ Жайықтың арғы бетінде болатын. Қарт Қожақ шежірешінің бала күнінде, Абылай атаң хан болар жылы Қызылжар қорғаны, одан жиырма бес жыл бұрын Ескі Семей, сол жылдары Қараөткел, Баянауыл, Қарқаралы бекіністері салынды деп отыратыны әлі есінде.
Кенесары батыр қазақтардың өз тәуелсіздігінен айырылуының ең басты себебі – «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп қарайтын ел ағаларының ауыз бірлігі жоқтығынан деп білетін. «Сол қазақтың басын қосуға бола ма?» деген сұраққа өзі де жауап бере алмайтын.
Тек соңғы кезде ғана бір жауаптың ұшығын тапқан тәрізді.
Ол ұшық Абылай атасының заманы мен қазіргі ел жағдайында жатқан секілді.
Абылайдың тұсында Ресей патшасы Сарыарқаны төңіректеп бекініс салғаны болмаса, бәлендей ішіне кіре қоймаған-ды. Сондықтан атасы Абылай біресе Ресейді еміндіріп, біресе Қытайды дәмелендіріп, екі ортада бостандығын сақтап жүре берген. Абылай кезіндегіден қазір қазақ елінің басын қосудың қиындығы да, жеңілдігі де осында деп түсінеді Кенесары.
Ашынған жолбарыс ажалдан шошынбайды. Қазір қазақтың қалың бұқарасы осы ашынған жолбарыс тәрізді. Үш жақтан бірдей қадалған найза қазақты да оятқандай. Кеше сонау Ұлытаудан Құдайменді батыр келген. Ол Жоламан мен Иман батырдың сәлемдемесін әкеліп, қазір Сарыарқаның қай қиырында болса да, ақ патшаға қарсы шығатын жұрттың көп екенін айтқан. Бастайтын жан болса еретін жұрт бар деген. Ал Сарысу, Шу, Сыр бойы қазақтарының да күйі белгілі, ұран салып, ту көтерсең, соңыңнан еруге дайын. Хиуа ханының қиянатына шыдамаған Адай, Тама, Табын, Шөмекей, Жаппас, Шекті рулары найзаларын жалаңдатып, қан жұтып ол отыр.
Қазір бас көтеруге ең бір қолайлы кез. Қиянат жанын жеген бұқара қураған шөп тәрізді, от тисе болды-ақ лап етіп бүкіл Сарыарқаны, Сыр бойын, Жайық, Маңғыстау, Үстірт даласын алып кетуі ғажап емес.
Кенесарының соғысты, ең алдымен, Ресей патшалығымен бастауды қалап алуына басқа да себептері жоқ емес. Патша солдаттарының бекініс, зеңбірек, карабин штуцерлері болса, қазақтың далиған жалпақ даласы бар. Егер тығылар жыңғыл, жықпыл сайы көп болса, қыр қоянын арлан тазы да ұстай алмайды. Арқаның жері мол, бір шеті Қарқаралыдан Ақ Жайыққа, екінші шеті Қызылжардан Бетпақдалаға дейін созылып жатыр. Қалай ойыссаң да, жер жетеді, тек үзеңгің берік, қайтпас қажырың болсын. Ал зеңбірек сүйреткен патша әскерінің мұндай мүмкіншілігі жоқ. Оның үстіне Орта жүз – көп ел. Бәрін бірдей көтере алмасаң да, соңыңнан еретіндер табылады. Әлің жетпей қуғынға түсер күн туса, батырлықты құрмет тұта білетін қазақ, кейбір ішіндегі әзәзілі болмаса, көрер көзге ұстап бермейді. Ең болмаса, Абылай ханның аруағын сыйлайды. Ал Қоқан мен Хиуа жерінде бұндай жағдай жоқ. Сыр бойы, Үстірт, Маңғыстау, Арал маңындағы көшіп жүрген қазақтардың шынтуайтқа келгенде басын қосу оңай іс емес. Қоқан, Хиуа хандарын жеңу үшін Жетісу, Алатау, Қарақалпақ өңіріндегі ағайындардың да бас көтеруі керек. Оған сену қиын.
Үйсін, Дулат, Алатауды жайлаған көп қырғыз, Арал бойын мекен еткен Қарақалпақ сенің сөзіңді сөйлеп, жоғыңды жоқтай ма? Өз ошағының басы аман болса, сенің қан төккеніңде несі бар?! Қоқан, Хиуа хандарының да күштілігі осында жатқан жоқ па, олар кімнің жүрегінің қалай соғатынын біледі. Қырғыз, қазақ, қарақалпақ бірігіп бас қоспайтынын сезеді.
Бірақ олар Кенесарыға оңайлықпен бой бере ме? Олардың да соңынан ерген қыруар ел бар. Қолдарында қару-жарақты жүздеген жасағы, сарбаздары тұр. Оның үстіне қол ұстасқан ақ патша әскерлері де қастарында.
Кенесарының бір тірелгені – ең алдымен, осы аға сұлтандар мен патша әскерінің арасына ши жүгіртіп көру. Шамасы келсе, Сібір мен Орынбор губернаторларын өзімен санасатын етіп алу.
Ол үшін Кенесары барысымен соғыс ашпайды. Алдымен губернаторлармен тіл табу жолын іздейді. Өзінің бірнеше тілегін қағаз жүзінде алдарына қояды. Егер губернаторлар сол тілектерді қабылдаса, Қоңырқұлжа, Ахмет, Жамантайлардың соңынан ерген жұрт та бұнымен санасатын болады. Ондай жағдайда, алты басты айдаһар болса да, Қоңырқұлжа, Ахметтерден өш алу оңайға түседі.
Әрине, онымен Кенесары сүйек тиген төбеттей ұпайым түгел деп өз бетіне кетпейді. Абылай атасының жолын қуып үш жүздің ханы атанбай тоқтамайды. Ең болмаған күнде ата тағын алып, Орта жүзді билейді. Сондықтан бір тілектен кейін бір тілек талап етіледі, бәрібір өз дегеніне жетпей қоймайды.
Ал генерал-губернаторлар алғашқы қойған тілектерін қабыл етпесе не істейді? Онда шешінген судан тайынбайды, соғыс ашады. Және ол соғысты ең қас жауы Қоңырқұлжаның ауылын шабудан, Қоңырқұлжа приказы Қараөткел бекінісін алудан бастайды.
Абылайдың алдында ғана Орта жүз хан көтерген қырық мың жылқы айдаған Сәмекенің ұрпақтары Құдайменді балалары десе, Кенесары ұйқысынан шошып оянады. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Кенесары арасында тек қана ежелден келе жатқан ел билеу, қоныс тебуден туған ата дауы емес, бастары көрге кіргенше кешірілмейтін уыты қанға сіңген өшпендік бар. Сол өшпендік, кешірілмес қастықтың енді ақ патша мен қазақ елінің арасындағы үлкен саясатқа да ықпалы тимек. Кенесары орнынан түрегеліп, сәл ерсілі-қарсылы жүрді де, қайтадан ой шумағын тізе берді.
«Хандыққа таласудың екі жолы бар. Оны сан айқастан өткен Кенесары жақсы біледі. Бірі – саған хан билігін әперем деген халықтың артында тұрып басқара білу. Екіншісі – соңынан ерген қолдың алдында жүріп ерлігіңмен өзіңе тартып алу.
Хандыққа жүз бен жүз, ру мен ру таласса, жұрттың арт жағында тұрып елді қырғынға айдап салып, ақыл-айламен, зұлымдық-жауыздықпен мұратқа жетуге болады. Ал бүгінгі таластай, қалың бұқараның тәуелсіздігін қорғау арманы мен сенің жұрт билігін қолға алам деген көкейкесті тілегің ұштасып жатқанда, соңыңнан ерген қолдың артында емес, алдына шығу қажет. Сонда ғана саған қара халық сенеді, соңыңнан ереді. Бұқара өз басыңның қамы үшін емес, халқың үшін алысып жүргеніңді көзбен көргені жөн. Сөйткен күнде ғана, арманыңа жетесің. Халық өзі арманыңа жеткізеді».
Осындай шешімге келген Кенесары кенет тізесін бүгіп, беліндегі Исфаған шебері соққан наркескенін суырып алып, қылшылдаған суық жүзінен сүйді. – Анадан қорқақ болып тумап едім, – деді кенет дауысы дірілдеп кетіп, – арманыма жеткенше қорқақтық білдірсем, өз қанымды өзім ішейін, осы сертіме, түсі суық наркескен, сен куә бол!
Мақұм әуені – әуен түрі.
Указ – Ресей империясының құқықтық-нормативтік құжаты.
Боғдыхан – император деген мағынада.
Ақсаңдақ – аты шулы, атақты деген мағынада айтылған сөз.
Наркескен – екі жүзі бірдей өткір қылыш түрі.
Ши жүгірту – бір-біріне айдап салып, араздастыру.
1. Үзіндіні түсініп оқыңдар. «Қаһар» дегенді қалай түсінесіңдер? Неліктен роман «Қаһар» деп аталған?
2. І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші, екінші кітаптары қалай аталады?
3. Тарихи роман дегеніміз не? Қандай тарихи романдарды білесіңдер?
4. Романға арқау болған тарихи тұлғалар туралы не білесіңдер? Үзінді оқиғасын қазақ тарихындағы қай тарихи кезеңмен байланыстырар едің?
5. Романның негізгі идеясы мен тақырыбына сипаттама беріп, өз талдауларыңды дәптерлеріңе жазыңдар.
6. Кенесарының портретін жазушы қалай суреттеген?
7. Нысанбай ақынның Қасым төреге Шыңғыс шежіресін қисса етіп айтып беруі Кенесарыны неге ойға батырады?
8. Қасым төре неліктен түбі Абылайдың жолын қуған ұрпақтары ортаншы ұлы Кенесары мен кіші баласы Наурызбай болар деп үміттенеді?
9. Кенесарыны қандай ойлар мазалайды? Кенесарының ойынша, қазақтардың өз тәуелсіздігінен айырылуының ең басты себебі неде?
1. «…Ал бүгінгі таластай, қалың бұқараның тәуелсіздігін қорғау арманы мен сенің жұрт билігін қолға алам деген көкейкесті тілегің ұштасып жатқанда, соңыңнан ерген қолдың артында емес, алдына шығу қажет. Сонда ғана саған қара халық сенеді, соңыңнан ереді. Бұқара өз басыңның қамы үшін емес, халқың үшін алысып жүргеніңді көзбен көргені жөн. Сөйткен күнде ғана, арманыңа жетесің. Халық өзі арманыңа жеткізеді» деген Кенесарының ойын тарқатып, топта талдап, ортақ пікір білдіріңдер.
2. Топпен бірге үзінді кейіпкерлерін тану (Қасым хан, Нысанбай ақын, Кенесары) тапсырмалары бойынша жұмыс жасаңдар:
– Жазушының кейіпкерлерді суреттеуі, портреттері;
– Кейіпкерлердің іс-әрекеттері, сөз саптауы, ойлау ерекшеліктері;
– Кейіпкер мінезін ерекшелеп тұрған сөздер мен суреттеулер;
– Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы, диалогі, қоршаған ортаға қарым-қатынасы;
– Кейіпкерлер бойындағы ізгі қасиеттер тізбесі.
3. Үзіндіден қандай құндылықтарды байқадыңдар? Кестеге толтырыңдар.
1. «РАФТ» стратегиясы бойынша үзіндінің өздеріңе ұнаған бөліктерін таңдап алып, қайта өңдеп, өздерің қалаған кейіпкер атынан монолог жазыңдар.
Рөл – кез келген рөлге ену.
Аудитория – тыңдарман, оқырман, қауым.
Форма – монолог.
Тақырып – «Қаһар» романы.
2. «ПОПС формуласы» арқылы үзіндінің тарихи және көркемдік құндылығына баға беріңдер.
1. «Қаһар» романы – Кенесары қозғалысының көркем шежіресі» тақырыбында эссе жазыңдар.
Кері байланыс. «Үш минуттық эссе».
Үзіндіден түсінгендеріңнің ішінде ең маңыздысы не?
Қай сұрақ есіңде қалды?
Сен үшін ең қиын, түсініксіз болған не?
КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ (1802–1847) есімі тарихта атасы Абылай ханның ісін жалғастырушы ретінде қалған. Көтеріліске шыққан сұлтанның басты мақсаты айырылып қалған қазақ жерлерін қайтару, сонымен қатар әкесі мен атасынан мұраға қалған Қазақ хандығын іс жүзінде және заңды түрде қалпына келтіру болды.
Патша үкіметіне қарсы тұрған он жыл ішінде Кенесары империямен арадағы қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу үшін бірнеше рет әрекет жасады. Орынбор әкімшілігінің өкілдеріне тұрақты түрде хат жазып, өзінің бейбіт пиғылына олардың көзін жеткізуге күш салады.
НЫСАНБАЙ ЖАМАНҚҰЛҰЛЫ (1822–1883) – жырау, ақын. Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққошқар елді мекенінде туып-өскен. «Кенесары–Наурызбай» дастанын жырлаған.