НАУРЫЗБАЙ
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау арқылы өмір шындығын көрсету.
  11.1.4.1 көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстырып, шығармашылық жұмыстарда қолдану.
  11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
  11.3.2.1 көркем шығарманың жаңашылдығын ғаламдық тақырыптармен байланыстыра отырып, сыни тұрғыдан баға беру.

  Тірек сөздер: Наурызбай, алғашқы құрбан, жоқтау айту, намыс, ерлікке бастау.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – үзіндіні оқып, кейіпкерлері туралы айту;
  – даралау мен жинақтау тәсілдері арқылы жасалған кейіпкерлер мінезін ашу;
  – үзіндідегі ғаламдық тақырыптарды анықтау;
  – автор қолданған көркем сөз кестесінен тұрақты оралымдар мен фразалық тіркестерді есте сақтау.

  Дәл осы кезде бұлардың жанына Наурызбай келді. Бұл – жиырма екіге жаңа шыққан келбетті жігіт. Бір әке, бір шешеден туса да, бітімі Кенесарыға мүлде ұқсамайды. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей құлаш жауырын, тіп-тік келген, ат жақты, екі бетінен қаны тамған аққұба түсті. Мұрын, көз, қас-қабақтары қазақ жігіттерінікінен көрі мол пішілген, танадай жалтыраған сопақтау келген үлкен қоңыр көздері адамға ілтипатпен қарайды. Қызылды-жасылды меруерт өрілген айдары самай тұсынан салбырап түсіп тұр. Жаңа тебіндеп келе жатқан қоңыр мұртты. Басында қызыл барқытпен тыстаған құндыз бөркі, үстінде құйыршықтары мен тырнақты аяқтары салбыраған қара қасқа күзен ішік. Ішігінің жағасына, жеңіне, шетіне қара қоңыр құндыз ұстаған. Беліндегі күміс белбеуіне былғары қынды селебе таққан.

  Наурызбай ұрысқа да осы киімімен шығатын. Білегіне дейін сыбанып түріп алған оң қолында бауыры қорғасын, бес батпан зілдей ауыр қара найзасын тудай көтере ұстап, астындағы сарғылт қылшықты ақбоз атын ойнақтата «Абылайлап!» шапқанда, жан қарсы келе алмайтын. Және зілдей қара найзамен ешкімді қос қолдап шаншып көрген емес. Оң қолында төрт жігіттің күші бар дейтін жұрт. Наурызбай асқан найзагер, заманында бұл соғыс қаруынан өзіне пара-пар келетін жан кездестірмеген. Және жауға шапқанда қабағы қарс жабылып, жүзінде ерекше қаһар пайда болатын. Ал жайшылықта Наурызбайдан ақ жарқын жан жоқ. Ол мұндайда әрі әнші, әрі әзілқой. Ал қазір Наурызбайдың қалың қабағынан қынжылған рең байқалады. Көзі тереңдей, қас-қабағы кіртие қалған.
  Оған себебі де бар еді. Наурызбай соңғы кезде өзі туып-өскен Көкшетау туралы көп ойлайтын болған. Мұндай кездерінде Арқаның жасыл шалғынды, көк майсалы даласы, жақпар-жақпар құз тасты, өн бойы өрби біткен қалың қарағай басқан түйе өркеш шағын таулары, көк толқыны жар кемерін тынбай соғып жатқан шалқар көлдері, мол сулы өзендері оның көз алдында елестейтін. Кенет Бурабайдың көз жасындай көгілдір толқыны шулағандай, кереге қанат қыран бүркіт қалықтай ұшқан Оқжетпестің басында ойнаған ерке жел жылағандай, дымқыл иісі аңқыған Кенесары үңгірі күңіренгендей құлағына бір қайғылы үн келетін. Сол үн өзін шақырғандай болатын. Наурызбай мұндай кезінде көктем сәнін, жұбайы әнін аңсаған жыл құсындай, іші-бауыры елжірей, туып-өскен Көкшетауын сағынатын. Өйткені асыр салған балалық шағы, жігіт болып махаббат дегеннің не екенін білген алғашқы бақытты түні, бәрі де осы Көкшенің көгілдір құшағында өткен. Наурызбайға Көкше деген құр ғана туған жер емес. Ол кейде өзінің жыл құсы болып жаратылмағанына өкінетін. Егер жылқұсы болса сол Көкшені әр көктемде бір шарлап ұшпас па еді! Мұндайда Наурызбайдың жүрегі удай ашып, жанын қоярға жер таба алмайды. Сол бақыттан, сол қуанышынан айырған сонау темір киген дұшпандарымен алыса түскісі келеді. Әттең не керек, Наурызбай да бір, тұғырда тұрған бала бүркіт те бір, ұшарға қанаты бар, бірақ аяғындағы жібек бау жібермейді, құр қайрат мезеп шаңқ-шаңқ шақыруға ғана дәрмені келеді.
  Қаратаудың жыңғылы мен баялышы Көкшенің тобылғысы мен қарағанына жетпес, бозы менен көдесі, жұпар аңқыған көк шалғынына пара-пар келмес. Сонда неге жүр бұлар Сырдың сұрғылт даласында? Жан сақтау ма, әлде хандық па көксегендері? Егер жер кегі болса, таласпай ма сол жер үшін сол туған жердің өзінде? Сырда жүріп Арқаны қалай алмақ? Наурызбай осы жәйіттерді ойласа, ештеңеге түсінбейді. Әкесі Қасым төре, ағалары Есенгелді, Саржанның бұл жөнінде ұстаған жолы оған жұмбақ.
  Наурызбайға мың Қоқан хандығынан Сарыарқасының бір жайлауы артық. Осы қайғы кеше Құдайменді батыр келгеннен бері тіпті үдей түсті. Қазіргі қабағының қатуына да себеп осы. Аға, жеңгесінің төбе үстінде оңаша тұрғанын көріп, сөйлесуге әдейі келген. Наурызбайдың реңінен көңілінің қапалы екенін аңғарған Күнімжан оған күле қарап:
  – Кіші төрем, неден жүдей қалғансың? – деді, – бір жерің ауырғаннан саумысың?
  Наурызбай қапалана жауап қайырды.
  – Ауру екенім рас, жеңеше… Жаным ауырады, көкірегім ауырады, жүрегім ауырады…
  Інісінің немен дертті екенін көптен бері сезетін Кенесары үндеген жоқ.
  Күнімжан енді жігер бере сөйледі.
  – Қара бұлттан күн де шығар, бұл аурулардан айығар заманың да келер.
  – Қашан?!
  – Оны жүйрік аттың шабысы, ер жігіттің намысы біледі.
  – Намысқа шабар алысымыз болып тұр ма? Біз қазір апан-апанға келіп тығылған бөрі тәріздіміз. Қанша бөрі болсаң да, тығылған жерің құр түкпір…
  Кенесары кенет інісіне қарады.
  – Апаннан атылған бөрі жауына қауіпті екенін білмейтін бе едің? Қол-аяғыңды бауырыңа жинап атылуға дайындала бер, Науанжан…
  – Жоқ, Кене аға, апанынан бөрі тек ажалына ғана атылады.
  – Кейде жауын да мерт етпей ме?
  – Маған ондай итжығыстың керегі жоқ, – Наурызбай ағасына кішілік мінез көрсете ақырын сөйледі, – маған жауымды аңдып басар Көкшенің ыңғыл-жыңғыл жартасы, соңымнан жел де қуып жете алмас ұшы-қиыры жоқ Арқаның кең даласы керек.
  Кенесары інісінің өзімен пікірлес екенін бұрын да білетін, бұ жолы да ойлаған жерінен шыққан соң, іштей қуанып қалды. Сөйтсе де қатты мінезіне салып:
  – Ұясынан ерте ұшқан қыран тез қартаяды, – деді, – алдыңда ағаларың барда жол таңдамай тұра тұр.
  Наурызбай Кенесарыны өзге ағаларынан артық сыйлайтын, сондықтан қарсы сөзге келмей:
  – Құба-құп, – деп төмен қарады.
  Дәл осы кезде күншығыс тұстағы белестен ойдағы ауылға қарай көтерілген шаң көрінді. Әрі-беріден соң тау ішінен екі салт атты сытылып шықты.
  Қырағы көз Кенесары тесіле қарады да:
  – Ойпырм-ай, мынау Ағыбай болмаса етті, – деді кенет қобалжи, – астындағысы Ақылақ тәрізді… – Наурызбай да тесіле қарады.
  – Иә, Ағыбай көкем! Ал жанындағысы кім? Ат жалына жабысқан түрі Ержанға ұқсайды.
  – Иә, солар.
  Сөйткенше құйындата шапқан екі атты жетіп те қалды. Енді олардың «ой бауырымдаған» айғайы да естілді.
  Кенесары сазарған қалпынан қозғалған жоқ. Наурызбай мен Күнімжан шыдай алмай келе жатқандарға қарсы жүгірді.
  Ағыбай пұшпағына дейін терге батқан атынан қарғып түсіп, белбеуін мойнына салып, қазақтың жамандықты естіртетін көне дәстүрі бойынша, екі қолын көкке көтере, тізерлей отырып, ағыл-тегіл жылаған қалпы суық хабарды естіртті.
  – Батыр Кене, қос боздағымыздан айырылдық, он сегіз асылдан айырылдық. Ташкент құшбегі қолынан Есенгелді, Саржан ағаларың қаза тапты. Қыршын жігіттерімізді де тегіс бауыздады.
  Кенесарының түрі күреңітіп, ерні бозарып кетті.
  – Қашан? Қалайша?
  Ағыбай бетінен сорғалаған жасын сүртпестен, ауызы кемсеңдей:
  – Осыдан екі күн бұрын. Жауыз құшбегі бізді алдап шақырған екен. Мәделіхан келген күні түнде Есенгелді мен Саржан сұлтанды диуан сарайына шақыртып алды. Сендердің Қоқан хандығына қарсы шығатын ойларың бар екен деп бастарын алдыртыпты. Ержан екеуіміз төрелердің жарлығы бойынша керуен сарай ауласындағы аттарды қарауға кеткенімізде рабатта ұйықтап жатқан өзге жігіттерді жендеттері келіп бауыздапты. Біз әзер құтылдық.
  Әлсіреп қалған Ержанды Наурызбай мен Күнімжан сүйеп тұрған. Суық хабарды естісімен Күнімжан басындағы үкілі сәукелесі мен күлгін торғын шәлісін жұлып алып, қара шашын жая, екі белін таянып жоқтау айта жөнелді:

– Қапыда кетті қос арлан,
Жау сөзіне бос нанып.
Аямады қас дұшпан
Батырып қанға кек алып…

  Жамандық хабар соққан желмен бірдей, іп-лезде бұл сұмдықты барлық ауылдар да естіді. Шаштарын жұлып, беттерін тырнап боздаған ана, егіл-тегіл еңіреген бала, үй-үйдің қасында жоқтау айтып топтанған қатын-қалаш, көзінің жасын сүртіп күрсінген шалдар, ашулы көздері оттай жайнап кіжінген жігіттер. Ойпатта отырған бар ауыл көл үстінде тып-тыныш жүзіп жүрген қаз-үйрекке ителгі тигендей әп-сәтте азан-қазан болды да қалды.
  Қанды уақиға әбігері тек ертеңіне таң атып келе жатқанда ғана басылды. Ағыбайдан Есенгелді, Саржан қалай қаза тапқанын толық естіген Қасым төре бір түннің ішінде у ішкендей боп жүдеп шықты. Үлкен мұрынды сарғылт жүзі көгілдір тартып, қою қызғылт сақалы қырау басқандай бозарып, жайшылықта қанды балақ қасқырдың көзіндей білеулене қызарып тұратын шегір көздері кенет жасып ағара түскен. Жетпіске келсе де, тіп-тік қапсағай денесі айдалада жел өтінде өскен жалғыз ағаштай тез-ақ бүкірейе қалған.
  Ол сәске көтеріле Кенесары, Наурызбай, Ағыбайды және ауылында қонып жатқан Құдайменді батырды шақырып алды.
  Аз уақыт үндемей отырып, басын көтерді.
  – Жас кезімде, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріп едім. Бұл қылығымды естіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» – деп еді. Көкшетауымнан айырылғаным ды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелдім мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса, Алла Тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды өзге балаларымнан аулақ ет!..

Рабат – ортағасырлық қалалардың қарапайым халық тұратын шеткі бөлігі. Араб тілінде «бекет», «қала» деген мағына береді. Елді мекен атауы. Рабат – Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы ауыл.

  1. Үзінді мазмұнымен танысып, оқиғалар тізбегін «Хикая картасына» түсіріңдер.
  2. Наурызбайдың қынжылу себебі неде?
  3. Шығармадан табиғатты суреттейтін тұстарын тауып, кейіпкерге қандай қатысы бар екенін анықтаңдар.
  4. Наурызбай мен Кенесары диалогін рөлге бөліп оқыңдар.
  5. Шығарманың осы бөлігінде халқымыздың қандай әдет-ғұрыптары көрініс тапқан?
  6. Шығармадан кейіпкерлердің қатты күйзелген тұстарын тауып, оған қандай оқиғалар себеп болғанын айтыңдар.


  1. «Әдебиет лотосы» әдісімен үзінді кейіпкерлеріне мінездеме беріңдер.

  2. «Балық қаңқасы» әдісі арқылы 1-жұп үзіндідегі жазушы қолданған көркемдегіш құралдарды, 2-жұп айшықтау амалдарын тауып, мағынасын анықтаңдар. Орындалу барысы: басы – жазушы стилі, үстіңгі сүйектері – көркемдегіш құрал түрлері, айшықтау амалдары, астыңғы сүйектері – үзіндіден мысалдар, құйрығы – үзінді туралы оқушы ойы.
  3. Үзіндіден көрінетін құндылықтарды кейіпкер табиғаты арқылы бағалап, салыстырыңдар.


  1. «Венн диаграммасы» арқылы «Қаһар» романындағы Наурызбай бейнесі мен Нысанбай жыраудың «Кенесары–Наурызбай» дастанындағы Наурызбай бейнесін салыстырыңдар.
  2. Үзіндіден алған әсерлеріңді «1 тезис, 3 дәлел» кестесімен білдіріңдер.


  Үзіндідегі автор ұстанымы мен көтерген мәселесін қорытындылап, сыни пікір жазыңдар.

Кері байланыс. Жұптық жұмыс.

×
×

Корзина