Тірек сөздер: Кенесары мен Жүсіптің кеңесі, Жүсіп ойы, Кенесарының мақсаты, хандық.
Бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қазақша Сиыр жылы, қыргүйектің жетісі күні Алаша ханның бейітінің басында үш жүздің ақсақал, билері жиналып, Кенесарыны ақ киізге салып, хан көтерді. Бұл кезде Иосиф Гербурт-Жүсіп Торғайда еді. Кенесары хан болды дегенді естігеннен-ақ Жүсіп қатты ренжіді. Қазақ елінің патша отаршылық саясатына қарсы күресін Кенесары өз арманына жетуге пайдаланғанын енді түсініп, көтерілістің келешегіне қауіптене қарады. «Кенесарының хан болуы – оның өз арманына жеткен жері, бірақ бұл халық ереуілінің біткен жері. Енді жұрт өзінің бостандығы, жері үшін емес, Кенесары көтерген жасыл тулы хандықты қорғаймын деп алысуға мәжбүр болады. Бұдан әрі соңынан ерген ел күннен-күнге азая түседі. Ақырында көкейкесті тілегіне жете алмайтынын ұққан халық одан біржолата безеді. Бұқара жұртқа бұдан былай қарай Кенесарыға еріп қырылғанша, жан сақтау үшін Ресей империясының қол астына кірген жөн. Бәрібір Ресей империясы Кенесарыны хан етіп қоймайды. Ертең қалың қолмен шабады. Халық мұны неғұрлым тез түсінсе, оған Ресей патшалығына соғұрлым бағыну тиімді. Бірақ осыны халық тез түсінер ме?». Халық көтерілісінің түбі барып феодалдық, хандық тартысқа айналғанын көрген Иосиф Гербурт-Жүсіп енді Кенесары ордасынан кетпек болды. Бірақ он жыл өмірі өткен, жанындай жақсы көрген қазақ елін басына қатерлі күн туған кезде тастап кетудің ретін таба алмады. «Хан болып шыққан биігі – құлаған құзы екенін Кенесарының өзі түсінбеген күнде де оның жанында Таймас, Сидақ қожа секілді ақылды адамдар бар емес пе, олар неге түсінбейді? Ең болмаса, солармен сөйлесейін, соңдарынан елін, жерін қорғап ерген қалың бұқара Кенесарының алдағанына көзі жеткенде бұлардан қол үзетінін айтайын. Мүмкін ақыл айтар төреге», – деді ол ішінен.
Бірақ Жүсіп екі жағдайды еске алмады. Бірі – Кенесары бес жыл ұрыс-айқастың ішінде, өз маңына тар жол, тайғақ кешу күн туса тастап кетпейтін, әйгілі батырлардан, төре тұқымы туған-туысқандарынан табанды серіктер жинап, оларды жұмылған жұдырықтай, тастай етіп ұстай білді. Бұл батыр, сұлтан, билердің әрқайсысының соңында аз болсын, көп болсын жеке ауылы, руы бар. Рушылдық әбден қанына сіңген қазақ батыры, биі қайда бастаса, сонда барады. Кенесарының қасында мұндай серіктері бар деген сөз – елі бар деген сөзбен теңдес. Хандыққа, мансапқа, баққа таласатын адамдардың, ең алдымен, маңайына өзін сатпайтын табанды кісілерді жинап алуы – ежелгі әдеттері. Мұндай тіректерсіз қандай ақылды қайраткер болса да, ойлаған мақсатына жете алмайды. Кенесары да бұл әдісті жақсы пайдалана білген адам. Оның бір мықтылығының өзі де осында еді. «Тек Байтабын батыр ғана ши шығарғалы жүр ме, қалай дейді ішінен сұлтан, егер көзім шын жетсе…». Екіншісі: бұрын басқа үлгіде мемлекет болып көрмеген, әлі де феодалдық, рушылдық сатыда жүрген қазақ еліне хандық деген ұғым – жеке ел болып, өзінің жерін, еркіндігін сақтау деген ұғыммен бір. Қалың бұқараға хан сайлау деген ұғым, оның жеке ел болып көсемімізді сайладық деген ұғыммен ұштасып жатады. Осындай түсініктегі қалың бұқара, алғашқы кезде өзінің Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы бас көтерген қимылын ақырында кеп бостандықтары үшін емес, Кенесарының хандығы үшін күресіне айналып кеткенін аңғармады. Шынында да, Ресей патшалығына бағындым деп бітім істей тұрып Кенесарының өзін хан көтертуі, ел қамын емес, өз қамын ойлауы еді. Бұл баққұмар сұлтанның ғана трагедиясы емес, бостандықты көксеп алданған халықтың да трагедиясы еді. Осы трагедиясын түсінбеген ел Кенесарының соңына еріп тағы да бес жыл күресті, ақырында қанға батып қырылды…
Бірақ Гербурт-Жүсіп Таймаспен де, Әбілғазымен де, Сидақ қожамен де тез кездесе алмады. Жоқ жерден Кенесарының өзімен сөйлесуге мәжбүр болды. Бұлар бір мың сегіз жүз қырық екінші, барыс жылының көктемінде кездесті. Кенесары өткен жылғы қара суық күзде Перовскийдің жарлығы бойынша Қоқан жерінен қайтып келген соң, жылдағы әдеті бойынша қалың әскерін елді-еліне таратты. Өзі азғантай Төлеңгіт ауылы мен төрт жылдан бері бауыр басқан Торғай өзенінің жоғарғы сағасындағы қыстауында қысты тыныш өткізіп шықты. Перовский мен Генске өкпелегендіктен, қыс ішінде олармен хабарласа қоюды да жөн көрмеген. Бірақ осы барыс жылының басында Орынборда Генстің үйінде жетім балаларға тәрбиеші болып жүрген Алтыншашқа жолығып қайтқан Байтабын суық хабар әкелді. Патша ағзам жақында Перовскийді орнынан алып, Орынбор әскери губернаторы етіп генерал Обручевті тағайындапты-мыс. Байтабын: «Сірә, Генсті де босататын көрінеді, ісін тексеруге жіберіпті», – деп келген. Бұл хабарды естісімен қыстан тыныш шығуға айналған Кенесары түсінен шошып оянған адамдай қобалжи бастаған. Қарамағындағы рулардың басшыларына ат шаптырып: «Әскерлерін жылдағыдан гөрі ертерек, қар кетісімен, көк шығуға қарамай-ақ, Қаракеңгірдегі Алаша хан моласының жанына жеткізсін», – деп хабарландырған. Өзі де сұрапыл соғарын сезген шағаладай әлденеге мазасы кетіп, біртүрлі тынышсыздана түскен. Өйткені бұлармен тіл тауып, бітімге келгелі отырған Перовскийді патша ағзамның тегін түсірмегенін сезген… Және астыртын Орынборға жіберген кісі арқылы Генстің үйінде анда-санда бас қосатын офицерлердің сөздерінен «Обручевтің Кенесарыға сенбейтінін» Алтыншаш та хабарлаған. Бұрын Перовскийдің тәктәгімен әзер жүрген Горчаковтың енді бұған шабуыл жасайтынын Кенесары бірден ұққан.
Осындай қобалжуда көкек айы өте бастаған кезде, Кенесары азырақ бой сергітіп қайтайын деп, қасына өзінің батырларын ертіп, Ақсақалтөбедегі тоқал әйелі қыстауының маңындағы қалың жыңғылды қыратқа аң аулауға шыққан. Бұлар жоқта, Батыс Сібір генерал-губернаторы жіберген есауыл Сотников басқарған әскер Қараторғайда отырған Күнімжан ауылын шабады. Біраз малы мен екі баласын қоса, Күнімжанның өзін бас етіп, он адамды ұстап алып кетеді.
Бұны естіген сұлтан аңнан қайтып келіп, Күнімжанның ауылын кім шапқанын біле алмай әуре болып жүргенде, арасында он күн салмай, есауыл Сотников енді Ақсақалтөбедегі Кенесары тоқалы мен Есенгелді, Саржан ауылдарына тиеді. Абайсыз отырған елді қанға бояп, жүзге таяу адамды шауып өлтіріп, мың түйе, үш мың бес жүз жылқы, он мың қоймен бірге жиырма бес адамды тұтқын етіп айдап әкетеді.
Горчаковтың бұл қылығына Кенесары бұлқан-талқан болып ашуланады, өзіңе кісі қыру керек болса, мен де көрсетейін деп атқа мінеді. Міне, осылай ызаға әзер шыдап жүрген күндердің бірінде, ордада қағаз жазып отырған Жүсіпке:
– Ертең сарбаздарымыз бас қосамыз деп уәделескен Алаша ханның моласына жүреміз, барасың ба? – деді.
– Барамын, – деп жауап берді қанды оқиғалардың таяп келе жатқанын онсыз да сезіп жүрген Жүсіп ойланбастан.
Ертеңіне өзін қорғайтын Батырмұрат басқарған жасағымен Кенесары Алаша хан зираты тұрған Қаракеңгірге бет алды. Өзге батырларына да тез жетсін деп хабар берді. Бұл көкек айының аяқ кезі еді. Жер жаңа кеуіп, көгал шөп жылдағысынан ерте ду ете қалған. Арқадағы әлі бекініс салынып, мылтық дауысы аң-құсын үркітпеген Арғанаты, Ұлытау, Кішітау, Айыртаулар алыстан мұнарлана көрініп, қиялыңды тербеткендей. Оның үстіне кең дала биыл өте-мөте көркем еді. Жел соқса құлпыра түскен шалғын иісі жұпардай аңқиды. Бетіңнен сүйген көктем желі. Ойында да, қырында да, көлінде де, шөлінде де сыңсыған құс… Табиғаттың осыншама сұлу суретін көріп, мас болғандайсың. Қиялың көктем желіндей сары далаңды шарлай кезеді.
Кенесары осы ғаламат жерден расымен айырылам ба дегендей жан-жағына қайғыра қарап келе жатты. Екі баласы мен Күнімжаннан айырылғаннан бері тіпті өзгеріп кеткен. Бөлтіріктерінен айырылған бөрідей әбден қанкөзденіп алған. Жұртпен де тіс жарып сөйлеспейді. Бар зәрін ішіне сақтап, бетінен қан-сөлі қашып, ақ сары жүзі сұрлана түскен. Қимылы, жан-жағына қадала көз тастаған келбеті, қайғыдан гөрі Кенесарының жүрегін ашу-ыза, кек билегендей.
Кенесарының жанындай жақсы көретін әйелі мен балаларынан айырылғанынан да басқа жүрегін өртеген күйігі бар. Жүсіп оны да біледі. Ол күйік – сұлтанның Арқа мен Кіші жүздің ел билеген кейбір би, ақсақалдарын өзіне ерте алмағанынан туған күйік…
Бейіт – қайтыс болған адам жерленген қабір, мола, зират.
Көкек айы – жазғытұрым кезіне сай келетін төртінші айдың арабша аты (сәуір).
1. Үзіндіні түсініп оқып, тезистік жоспар құрыңдар.
2. Кенесарының хан болғанын естігенде Гербурт-Жүсіп неге ренжіді деп ойлайсыңдар?
3. Шын мәнінде, Кенесарының өзін хан көтертуінің астарында не жатыр еді?
4. Гербурт-Жүсіп неліктен Кенесары ордасынан кете алмады?
5. Перовскийдің орнынан алынғаны Кенесарыны неге қатты қобалжытты?
6. Кенесарының әйелі мен балаларынан айырылғанынан да басқа жүрегін өртеген қандай күйігі бар еді?
7. Үзіндідегі көркем образдар галереясын топтастырыңдар.
1. Роман үзіндісін топпен бірге талдап, сюжеттік желісі бойынша «Интеллект картасын» құрастырыңдар.
2. Романның үзіндісіне сюжеттік-композициялық талдау жасаңдар. Тарихи шығарманың көркемдік ерекшелігі туралы өз ойларыңды айтып беріңдер. Негізгі кейіпкерлерін белгілеңдер.
3. Жұптағы бір оқушы – Кенесарының, екінші оқушы – Гербурт-Жүсіптің бейнесіне жинақтау және даралау арқылы талдау жасаңдар. Екі кейіпкердің арасындағы қарым-қатынасты өз сөздеріңмен қорытындылап жазыңдар.
4. Үзіндіні тыңдап, көркемдегіш құралдары мен айшықтауларды теріп жазып, автор стилін анықтаңдар. Уақыт – 15 минут.
Үзіндідегі жалпыадамзаттық құндылықтар туралы жазушы ойын өз көзқарастарыңмен сабақтастырып, пайымдауларыңды жазыңдар.
Үлгі:
Тақырыптық 2 сөйлем: ………………………………………………………..
Қолдаушы 3 сөйлем: …………………………………………………………..
Қорытынды 1 сөйлем: …………………………………………………………
Шығарманың тарихи және көркемдік құндылығына баға беріңдер.
Кері байланыс. «3-2-1».
Сабақтағы 3 маңызды ақпарат.
Қиындық келтірген 2 мәселе.
Сабақта ұнаған 1 аспект.
АЛАША ХАН – халық аңызы бойынша, «Алты алашты» құрған тайпалардың түп атасы. Қазақ шежіресінде Алаша ханның шыққан тегі қарапайым кісі болған делінеді. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын ең көне аңыздарда кездеседі. Сондықтан кейбір ежелгі деректерде «Алаш» этнонимінің шығуы осы Алаша хан атымен байланыстырылады.