Ешбір дұшпан басынбаған елміз

Көркем шығарма түрлерін ажыратамын, кейіпкердің іс-әрекетіне баға беремін және мәтін бойынша сөйлеймін.

1. Түсініп оқы. Пікір білдір.

Жер жүзіне ер атағы жайылған,
Жан емеспін оттан, судан тайынған.
Қайраты мол қандыбалақ қыранмын,
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған!

Мағжан Жұмабаев

2. Қыран сөзі көз алдыңа нені елестетеді?
    «Мен қазақпын…» деп бастап, ақынның көркем ойын қара сөзбен айт.

3. Мәтінді тыңда.

Қазыбек бидің шешендігі

  Бір жолғы елшілік сапарда жоңғар ханы Қалдан Бошақту қазақ елшілеріне:
  – Иә, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарыңды айтыңдар да, елдеріңе қайтыңдар, – депті.
  Сонда босаға жақта жайғасқан, жетелі жеткіншек Қазыбек лып етіп көтеріліп, қонтайшыға шоқтай жанған көздерімен тесіле қарап тұрып:
  – Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ та, біз – қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз. Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан да, біз – арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желімбіз, жабысқалы келгенбіз. Сен темір де, біз – көмір, еріткелі келгенбіз. Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз, егесетін ер шықса, иілткелі келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт, – деп, келбетті келген жас бала сұңқардай саңқылдаған дауысымен түйдектетіп, жалынды сөздерді меруерттей тізіп, бұршақтай жаудырыпты.

  – Балам, атың кім? – дейді сонда Қалдан Бошақту.
  – Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек би. Ұлтым – қазақ, руым – Қаракесек, – деп жауап беріпті.
  – Ендеше, дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен, есімің Қаздауысты Қазыбек болып қайта жаңғырсын, – деп, оның қанаты бар тұлпар, өркеші бар нар, заңғары бар тау екендігін қабылан түсті қонтайшы түсініп, түсі жылып, шыбықтай иіліпті.
  Сонымен, екі жақ бітімшілік, бейбітшілікке уағдаласады.
  Уыздай жас Қаздауысты Қазыбектің тапқырлығы мен алғырлығы, зерделілігі мен саналылығы, батырлығы мен батылдығы арқасында қазақ елшілерінің жортқанда жолы болып, айы оңынан туып, атамекеніне қанаттанып қайтады.

Сен әртүрлі шығармалар оқисың: ертегі, аңыз, жырлар, шешендік сөздер т.б. Міне, осындай әдеби туындылардың түрлері жанр деп аталады.

бүркіт, қаршыға, қырғи, ителгі сияқты алғыр құстардың жалпы атауы.

бұл жерде: ермін, батырмын деген мағынада.

ақылды, ойлы.

бұл жерде: Жоңғар хандығының билеушісі.

4. Қазыбек бидің өзіңе ұнаған сөзін пайдаланып, «Мен қазақпын…» деген көркем ойды әрі қарай жалғастырып айт.

адамның сыртқы келбетімен қатар ішкі жан-дүниесін, мінезін, жақсы, жаман қылықтарын суреттеу.

терең оймен, шебер тілмен айтылған халық шығармасы.

Үлгі:
Қазыбек би: – Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Оқушы: – Мен қазақпын. Ешбір дұшпан басынбаған елмін.

5. Қазыбек бидің айтқандары шешендік сөзге жататынын дәлелдеп көр.

6. Төмендегі үзіндіге мән бер. Осы үзіндіге сәйкес келетін тақырыпты таңда және дәлелде.

  …Келбетті келген жас бала сұңқардай саңқылдаған дауысымен түйдектетіп, жалынды сөздерді меруерттей тізіп, бұршақтай жаудырыпты.

7. Сөзіне, іс-әрекетіне сүйене отырып, Қазыбек биге мінездеме бер.

8. Сен де Қазыбек бидің сөздерін жаттап алып, нанымды, сенімді, жігерлі түрде айтып көр.

×
×

Корзина