КЕНЕСАРЫ ХАН МЕН ГЕРБУРТ-ЖҮСІП
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.2.4.1 көркем шығармадағы ғаламдық тақырыптарға креативті ой қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әңгіме, өлең, әдеби және еркін тақырыптарға шығарма) жазу.
  11.2.5.1 қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетіндегі ортақ бағыт, әдеби ағым, жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтау, талдау жасау.
  11.3.2.1 көркем шығарманың жаңашылдығын ғаламдық тақырыптармен байланыстыра отырып, сыни тұрғыдан баға беру.

  Тірек сөздер: Сұлтанның ашуы, Гербурт-Жүсіп, туған ел, халық тағдыры, ел билеу, азаттық ойлары.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – үзіндіні толық оқып, шығармашылық жұмыс жазу үшін керекті мәліметтерді теріп алу;
  – үзіндідегі ғаламдық тақырыпты анықтау, өз ойыңмен саралау;
  – әдеби ағым мен бағыт туралы теориялық ұғымдарды қайталау;
  – үзіндіде берілген жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтау.

  Бұлар Алаша хан моласы тұрған Кеңгір өзенінің жазық беткейіне жеткенде, басқа жақтың батырлары әлі келмеген екен. Кенесары шатырларын тігіп, сарбаздарды осы жерде күтпек болды. Арада үш-төрт күн өтті. Азық-түлігін түйеге теңдеп, әскерлерін соңдарынан шұбатып батырлар да келе бастады. Торғайдан Иман батыр, Елек пен Ырғыздың ортасын жайлаған Табыннан Жоламан батыр, өзінің үзеңгілес серіктері Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Құдайменді батырлар алдымен жетті. Көп кешікпей Жанайдар мен Бопай да келді. Бірақ Кенесары әлі ешкіммен тіс жарып сөйлескен емес. Жайшылықтағы ақылгөйлері, соғыс ісінде кеңес беретін қандыкөйлек серіктері Таймас пен Әбілғазы да тіл қатпай қойды. Екі көзі қанталап, жұқа ернін тістеніп, жалғыз сергелдеңге түсуіне қарағанда, ол енді бір батыл шешімге келген жан секілді. Сол шешімін орындауға тек ыңғайын күтіп іштен тынғандай…
  Кенесары қазір осы бейіттердің күнгей жағымен келе жатыр. Соңынан ерген ит тәрізді анандай жерден Қараүлектің салбыр бейнесі көрінеді. Сұлтан ашулы. Қайда бара жатқанын өзі де аңғармайтындай, қабағын қарс жауып, сылбыр аяңдайды. Кенесарының қазіргі ашуының себебі бар. Осыдан он күн бұрын «Кенесары көкиығы» деп аталатын биіктің Қостанай жағындағы көл жағасындағы жайлауға көшкен Балғожа бидің ауылына бір топ орыс балықшылары шықты дегенді естіген. Орынбор губернаторын Балғожа биге өшіктіру үшін, «жансыз барып балықшы орыстарды қырып келіңдер» деп бір топ жігітпен Байтабынды жіберген. Бүгін сол Байтабын қайтып келген.
  – Жарлықты орындадың ба? – деген Кенесарының сұрағына Байтабын сазара тұрып, «жоқ» деп жауап қайырған.
  – Неге? – деп Кенесары қайта сұраған.
  – Хан ием, – деген Байтабын тізе бүгіп, – Балғожа биге жала жабу үшін жазықсыз балықшыларды бостан-бос қыруға дәтім бармады, кешіріңіз.
  Соңғы жылдары Байтабынның өзгере бастағанын Кенесары аңғарып қалған. Батырдың өзі де мұнысын жасырмаған. Дегеніне көнбеген бір ауылды шапқаннан кейін сұлтанның өзіне де орынсыз қан төгудің керексіздігін айтқан. Кенесары іштей кектенсе де, «өз еліне жаны ашығаны-ау» деген де қойған. «Ал бұл жолғысы не? Кімге жаны ашығаны?». Бағана көп жылдан бері еңбегі сіңген батырына «бұйрығымды орындамағаныңды бір жолға кешірдім» деп сыр бермесе де, қазір оңашада ашуға шыдай алмай келе жатыр. «Жоқ, жоқ, – деді ол бір кезде, – тағы да бір сынап көрем. Егер Кіші жүзім деп жауымды наркескендей алып түспесең, өз обалың өзіңе». Осындай шешімге тоқтаған Кенесары сәл басылайын деді. Ол енді жан-жағына ойлана қарады. «Бағана осы жаққа Жүсіп кетіп бара жатыр еді ғой? Қайда екен?». Сұлтан енді кілт бұрылып теріскей жаққа қарай аяңдады.
  Ал Гербурт-Жүсіп қолы бос уақытта осы Алаша ханның моласының жанына келіп отыруды жақсы көретін. Оған осы айбарлы мола бір ғажайып асыл мүлік болып көрінетін. Моланың оқ-дәрі бұза алмайтын кірпіштерінің қандай құмтопырақтан құйылғанын, бес жүз жылдан бері алғашқы күндегісіндей түсін әлі жоғалтпай тұрған күмбез сырының неден жасалғанын түсіне алмай таңғалатын. Көшпелі елдің жүздеген жылдар бойы сары даланың желі мен жаңбырына шыдап келген осындай әсем ескерткіштер жасағанына мәз болатын.
  Жүсіп бүгін де осы мазарға келген. Бір төбешіктің басына отырып алып, өлең жазуға кірісті. Тағдыр жазып, сонау қадірлі Польшасына қайтар болса, Алаша хан моласы да есте қалсын…

Көз жетпейтін жасыл дала,
Көргені азап, қиянат…
Ортасында ақ шағала,
Тұр күмбезді бір зират…

  Өлең шумақтары асау өзеннің көк толқынындай бірінен соң бірі туып, бірін-бірі баса-көктей, жер кемеріне сыймаған дариядай Жүсіптің де тар кеудесіне сыяр емес. Біресе қиял оны ұшқыр қанатына отырғызып алып, ақша бұлттар жүзген көгілдір аспаннан да жоғары ала жөнеледі. Біресе тынық су бетінде ақырын тербелген қайықтай жан сезімі сәл тыныштала қалады да, кенет дауыл ұрғандай астан-кестен боп жүрегін ашу кернейді. Жүсіп бар әлемді ұмытқан: өзінің қайғылы халін де, Кенесары ереуілін де, қымбатты Польшасын да, тек өлең дүниесіне, шабыт дүниесіне кіріп кеткен. Осындай халде отырғанында кенет біреу иығына қолын салды. Жалт қараса, Кенесары екен. Анандай жерде Қараүлек тұр. Жүсіп шошынайын деді. «Не жазып қалдым?». Енді өлең дүниесі де, қиял, шабыт, әсем сәнді сезім әлемі де бірден ғайып болды.
  – Қорықпай-ақ қой, – деді оның ойын түсіне қалған Кенесары, – сенің еш кінәң жоқ, – сөйтті де Қараүлекке «кет» дегендей қолымен ишарат етті. Анау бөтен жаққа көңілі ауған жайылып жүрген атан түйедей аспайсаспай бұрылып, шатырға қарай балпаң-балпаң басып жүре берді. – Сені көрген соң, әдейі бұрылдым. Сөйлесейін деп едім… Шыныңды айтшы, туған еліңді сағындың ба?
  Жүсіп шынын айтты:
  – Сағындым. Әттең алыс, қашып кетер едім…
  – Қашып кетер едім? Бұрын бұндай сөз айтпайтын едің ғой, әлде біздің көтерілісіміз сені қызықтырмайын деді ме? Өзімнің туған жерімде қалған арманымды сендерден таптым деп едің ғой. Сол сөзің әлі
есімде.

  – Ол сөзді мен қазақ елі өзінің еркіндігі үшін күресіп жүрген кезде айтқам. Польша бұқарасы Ресей патшасының отаршылдық ісіне қандай қарсы болса, мен келіп қосылған шақта қазақ халқы да сондай қарсы еді. Сендердің күрестерің маған ұнаған. Польшада қалған арманымды, осында тапқандай болғам. Ал қазір…
  – Иә, қазір?.. Әлде сен бізді түскен жолымыздан адасты деп ойлайсың ба?
  Жүсіп не болса да, шынын айтуды мақұл көрді. «Мүмкін, менің сөзім ой салар», – деді ол ішінен.
  – Иә, Кенеке, – деді Жүсіп тікелей қарап, – сен өзіңді хан етіп ақ киізге көтерткізгеннен бері, ұстаған жолың да, алдағы мақсатың да басқаша… Сенің күресің енді байлардың үстемдігін қорғайтын хандықты сақтау күресіне айналып барады. Бұдан қалың бұқараға келер қандай пайда бар? Кедей жұртқа өз ханына бағынды не, орыс патшасына бағынды не, бәрібір емес пе? Бұрын өзінің күнкөрісі болған шұрайлы жерін, балықты көлін орыстың князь, генерал, графтарынан қорғап, қолына сойыл алған ереуіл бір басқа да, Абылай заманын көксеп, қазақты орыстан бөліп алып, қанын жеке сорамыз деген сұлтан, би, ақсақал, хан үшін күресу бір басқа. Бұл күрес тіпті зиянды, ол орыс пен қазақ халқының жақындасуына бөгет болады! Ал екі бейнетқор халықтың бірігуінде, жақындасуында олардың бар болашағы, бар алдағы жарық күні тұр.
  Жайшылықта сөзге сараң, ұстамды Кенесары кенет бұлқан-талқан боп ашулана қалды.
  – Қаны басқаның – жаны басқа деген осы. Абылай атамның жолын қуып арпалысқа шыққанымда орыс пен қазақты біріктіру үшін шықты дейсің бе? Жоқ, Жүсіп, Ресей – дария, біз кішкентай ғана мөлдір бұлақпыз. Мөлдір бұлақ суы дарияға құйғанда несі қалады? Дария суы ащы болса, бұлақ суы да ащы болады, дария суы тұщы болса, бұлақ суы да тұщы болады. Бұлақтың бар болашағы тек дарияның ғана еркінде қалады. Менің күткенім сондай өмір ме? Жоқ, бұлақ дария болмай-ақ өз бетімен аға берсін дедім. Біз Ресей патшасына бағынсақ, ел деген аттан айырыламыз. Жоқ, қазақ бұрын Абылай ханға бағынса, енді оның немересі Кене ханға бағынады. Өзім билеймін…
  – Қалай билейсің? Жерінен, суынан айырылған жұрт ертең қайтара алмайтынына көзі анық жеткен күні, сенің соңыңнан еруді қояды, Кенесарының хандығын сақтаймын деп бостан-бос қырыла бере ме?
  Кенесары кенет шабатын барыстай жиырыла қалды, шегір көздері қанталап, оң қолы беліндегі наркескеннің сабын кенет қыса ұстады.
  – Сенің дос екеніңді білмесем… – деді ол ентіге сөйлеп, сөйтті де, қолын наркескеннің сабынан қайта алды. – Еліңді қалай билейсің дейсің бе? Ресей патшасы бізді қалай билемек болды? Зеңбіректің оғыменен, жалаңаш қылыштың жүзімен емес пе? Мен де сөйтем. Дегеніме көнбеген елді аттың сауырына, қамшының бауырына аламын. Кімде-кім айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен – ол менің жауым. Ресей губернаторы қандай қасым болса, о да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата қырып, жоқ етем. Екі шешім болуы мүмкін емес. Жауын аяған өзі мерт болады. Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығыңды қорғаймын деп ертемін. Күшпенен қорқытып ертемін! Дәл осы айтқанымды ертең Жаппас руынан бастаймын. Бір үйін бос тастамай түндігін қылышпен турап, тайлы-таяғына дейін қалдырмай айдап алам!
  Қыс Сырды мекендеп, жаз Торғай бойын жайлап көшіп жүретін Жаппас руының билері Көбектің Алтыбайы мен Төлегеннің Жаңғабылы көптен бері Кенесарыға екіжүзділік көрсетіп келген. Қолдан келер қуат жоқ, іш қазандай қайнайды, сондықтан амалсыз жүрген. Доспыз деп ауыздары айтқанмен, іс жүзінде қастықтарын көрсете берген. Ел басын біріктірем деген Кенесары бұл билердің өз руларында ықпалды екенін еске алып, жеңіл-желпі күнәларын кеше салатын. Ал бұл билер ауылдары Сыр бойын жайлап, Торғайды қыстайтын. Жылқысын Мұғажар тауының ығына тебінге айдап, қойларын Орынбор шегарасында казак-орыс жерінде ұстайтын. Кенесары Торғайға көшіп келгелі, жайылымымыз тарылды деп екеуі бірдей наразы болатын. Кейде зекет те төлемей қоятын. Осыдан барып, Кенесары мен билер арасында қырбайлық күшейе түскен еді. Оның үстіне биыл Торғайды қыстап қалған Алтыбай ауылының он шақты жігіті жер білмейтін Сотников жасағына жол көрсетіп, Күнімжан мен Ақсақалтөбедегі Кенесары ауылдарын шабуға қатынасқан. Бұны естіген Кенесары билерге өшігуде. Сұлтанның қазіргі кіжінуі – сол өштіктің салдары…
  Кенесары кенет тұнжырап кетті. Шықшыттағы күре тамыры бүлкілдей ойнап, демін әзер-әзер алды.

Мазар – қайтыс болған адамның денесі жерленетін және оның атын есте қалдыру үшін салынған сәулет ғимараты.
Отаршылдық – отар етіп, билеушілік, тәуелді етушілік, бостандығынан айыру. Отаршылдық іс көбіне жергілікті тұрғындарды күшпен бағындыру және ығыстыру саясатымен (кейде қырып-жоюмен) ұштасады және басқа аумақтарды тартып алу үшін қолданылады.
Шықшыт – жақтың жоғары тұсындағы сүйек.

  1. Үзіндіні оқып, сюжеттегі негізгі оқиғаларды айтып беріңдер.
  2. Не себепті Кенесары Алаша хан моласының жанында әскерін күтті?
  3. Кенесарының ашулануы қандай оқиғадан басталды?
  4. Кенесары мен Жүсіптің диалогі не туралы болды?
  5. Картаны пайдаланып, үзіндіде аталған жер-су атауларын табыңдар. Кенесары ханның иелік еткен жерлерін белгілеңдер.
  6. Кенесары хан өз көтерілісінің мәнін қалай бағалаған?


  1. «Оқиға картасы» әдісі бойынша берілген үзіндінің сюжетін композициялық жүйесі бойынша құрастырып шығыңдар.
  2. Үзіндіде кездесетін 3 кейіпкерді атап, байқалған басты құндылықтарды анықтаңдар.

  3. Үзіндідегі көркемдегіш құралдардың қолданысына талдау жасаңдар. Көркемдегіш сөздерді бірінші жұпта табыңдар, екінші басқа жұптармен ой бөлісіңдер, үшінші топта үзіндіден мысалдар келтіре отырып, кестеге толтырып жазыңдар.


  1. «…Абылай атамның жолын қуып арпалысқа шыққанымда орыс пен қазақты біріктіру үшін шықты дейсің бе? Жоқ, Жүсіп, Ресей – дария, біз кішкентай ғана мөлдір бұлақпыз. Мөлдір бұлақ суы дарияға құйғанда несі қалады? Дария суы ащы болса, бұлақ суы да ащы болады, дария суы тұщы болса, бұлақ суы да тұщы болады. Бұлақтың бар болашағы тек дарияның ғана еркінде қалады. Менің күткенім сондай өмір ме? Жоқ, бұлақ дария болмай-ақ өз бетімен аға берсін дедім. Біз Ресей патшасына бағынсақ, ел деген аттан айырыламыз…» деген үзіндідегі Кенесарының ойын дамыта отырып, өз пікірлеріңді білдіріңдер. Шынайы өмірмен байланыстырыңдар.
  2. Үзіндіні тыңдап, Жүсіптің Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс пен хандық туралы пікіріне өз сыни бағаларыңды беріңдер. Өз ойларыңды шағын талдау түрінде жазыңдар. Уақыт – 15 минут.


  Тарихтағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі мен романды салыстыра отырып, сыни хабарлама жазыңдар.

  Кері байланыс. 
  – Қандай ақпаратпен жұмыс жасадық?
  – Жұмысты қалай жоспарладық?
  – Уақытты тиімді қолдана алдық па?
  – Қандай жаңа мәлімет алдық?
  – Нені үйрендік?
  – Не нәрсе сәтті болды? Сәтсіз тұсымыз қандай?
  – Нені әлі де жақсарту керек?

×
×

Корзина