Атақонысым – алтын мекенім

Шығарма бөліктерін қайта өңдеп, басқаша әңгімелеймін және ойымды көркем жеткіземін.

1. Атамекен ұғымын атақоныс сөзімен алмастырып, қайта оқы.

1. Атамекен, туған жер,
    Кір-қоңыңды жуған жер.
    Кіндігіңді кескен жер,
    Кісі болып өскен жер.
2. Ұлтарақтай болса да,
    Атамекен – жер қымбат.
3. Атамекен анаң екен, 
    Қысылғанда панаң екен.

ата-бабалары мекен еткен ежелгі қоныс.

Атақоныс сөзінің мағынасын санамалап айт.

2. Жоғары пафоста жазылған мәтінді мәнерлеп оқу үлгісіне мән бер.

Атақоныс

  О, торқа мекен – туған жерім! Еркін көшіп, ен жайлаған қадірлі өлкем! Ұя салған бәйтерегім! Өткендердің ырзығы да, ырысыда саналған төрт түлік мал ойың мен қырыңды қаптай өрістеген бел-белесті, нулы-сулы, берекелі бай өлкем! Көгінде қаз қаңқылдап, көлінде қу сұңқылдап, құмында елік еркін ойнақтаған, әр жыңғылыңның түбінен қоян қашқан, суыңа балық сыймаған байтақ мекенім! Ата-бабаларым қыстау салған құтты қонысым.
  Міне, мен жападан-жалғыз қара орын – атақонысыма келіп тұрмын, жиырма бес, иә, иә, табандатқан жиырма бес жылдан кейін…
  Мынау – менің қыстауым! Қыстауымды, яғни атақонысымды көргенде жата қалып, қара жерді аймалағым келіп кетті. Жалаңаяқтанып, құлап қалған шым зілмәнкемді айнала шапқылағым келіп кетті.
  Білекті сыбанып жіберіп, кірпішін қайтадан өріп, төбесін жауып, есік-терезе орнатып, бәз-баяғы қалпына түсіргім келіп кетті. Әне бір ашық алаңқайға отыра қалып, кішкентай кезімдегідей, құм үйіп ойнағым да келіп кетті…
  Қыстауымның қазір жұрнағы да жоқ, жермен-жексен. Үйілген бір шым төмпешік болыпты да қалыпты. Бірақ қыстауымның қаз-қалпы, сырт тұрқы, алыстан көрінер ұсқыны менің көкірегімде тап кешегідей сайрап тұр. Тіпті, қай тұста қандай кірпіш барын және олардың қалай қаланғанын көзімді жұмып тұрып-ақ айтып та, көрсетіп те бере аламын…
  Мен үшін осы бір қоңырқай өңірден артық, қадірлі, жаныма жақын не бар, жер бетінде?! Қасиетті құндағым, жылы бесігім, ыстық ұям емес пе, бұл!
  Атамекенім маған құшағын кең жая қарсы алған үлкен әжемдей болып көрінді…
  …Шыр етіп жарық дүниеге келген қасиетті қыстауым – ыстық ұям, құтты бесігім, бауырымды көтерген соң, құлыншақтай асыр салып төсінде ойнаған, еркелікпен жата қалып құмына талай аунаған, бет-бедеріңе қарап, кең дүниенің не екенін көңілге түйіп, түсіне бастаған ардақты атақонысым.
  Жер шарының картасын мың мәрте үлкейтсең де, ноқат түрінде көрсетуге келмейтін осы бір қоңырқай атақонысыма деген анамның ақ сүтімен бірге бойыма сіңген өмірбақи айнымас махаббат, сүйіспеншілік, адамына деген ибалы ізет, бауырмалдық, қауымына деген құрмет, табиғатына деген перзенттік ықылас бүкіл қазақ жеріне, қазақ еліне, қазақ халқына, Отанға асқан сүйіспеншілікпен астасып жатпағанына кім кепіл?!
  Қасиетті туған жер! Көкірегінің сәл саңылауы бар әрбір перзентің тірі болса, сені көңілінен әсте шығармақ емес, қайда жүрсек те, әрқайсысымыздың құтты бесігіміз, ыстық ұямыз, салқын саямыз болып қала берерің хақ!

Өтебай Қанахин

3. Автор туралы әңгімеле.

Өтебай Қанахин
1923–1990

  • Ұлы Отан соғысына қатысқан.
  • Туған жерге деген сүйіспеншілігі сипатталған «Атақоныс» атты кітабы бар.
  • «Қаладағы қазақтың тағдырына арналған алғашқы романдардың бірін жазған Өтебай Қанахин артында 25 кітап қалдырды».

Мереке Құлкенов

4. Мәтіннен жазушының атақонысына деген сүйіспеншілігін білдіретін сөздерді теріп оқы.

5. Берілген үзінділерді қарама-қарсы көркем оймен өңдеп, әңгімелеңдер.

1) Қыстауымның қазір жұрнағы да жоқ, жермен-жексен. Үйілген бір шым төмпешік болыпты да қалыпты.
2) Жер шарының картасын мың мәрте үлкейтсең де, ноқат түрінде көрсетуге келмейтін осы бір қоңырқай атақонысыма …

6. Сыныптастарыңның алдында мына сұрақтарға жауап беріп, өз ойыңды айт.

– Туған жерге деген сүйіспеншілігіңді қандай әсерлі сөздермен жеткізер едің?
– Атамекеніңді көркейту үшін не істер едің?

7. Мәтіннен үзінділер жаттап, мәнерлеп оқы.

×
×

Корзина