Тәуелсіз елім – Қазақстаным!

Сызбалар дайындап, топ алдында сөйлеймін.

1. Сөзжұмбақты шеш.

1. Ырыс алды – … .
2. Тамылжыта … салды.
3. Күн, қыран бейнеленген көк түсті мемлекеттік рәміз.
4. Астананың басты нысаны.
5. Мемлекеттік рәміздердің бірі.
6. Қазақстан Республикасының астанасы.
7. Тірлік, тірлік түбі – … .
8. Ту, Елтаңба, Гимннің жалпы атауы.
9. Достыққа … – қарыз іс.
10. Мемлекеттік тіл.
11. Ай – ортақ, … – ортақ, жақсы – ортақ.

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы – белгілі суретшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

2. Сөзжұмбақтың шешуіндегі «Тәуелсіздік» ұғымына түрлі сызбалар пайдаланып, ассоциация құр. Дәлелде. Тағы қалай толықтырар едің?

3. Мәнерлеп оқу үлгісіне назар аудар.

Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік

Жаралған бабалардың ерлігінен,
Таралған Желтоқсаннан – өр дүбірден.
Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік,
Затыңнан айналайын, елдігімнен!

Мерейім – нұрлана бер, азат Күнім,
Көрейін бақытымның азаттығын!
Таңымды тамылжытқан бостандықтан
Танылды бар әлемге қазақ бүгін.

Қас сақпын – Күннің түрік баласымын,
Қазақпын – Ұлы Тұран Даласының.
Өмірдің жеңіп алған Еркіндігін,
Өр үнім, болашақтың данасымын.

Кең далам, мөлдір көлім, сеңгір тауым,
Ел, бабам жеңді ерлікпен небір жауын.
Байрағым желбіреп тұр биіктерде,
Байладым Тәуелсіздік өмір бауын.

Жаныммен тұттым бабам өсиетін,
Қаныммен жаздым заман қасіретін.
Мың жасап, бар ұрпағым бас иетін,
Қымбат-ақ, Тәуелсіздік, қасиетің.

Құттысың, Тәуелсіздік, киелі күн,
Құт күшім – егемендік иелігім.
Уақыттың биігінен шуақ төгіп,
Бақытым – Еркіндік боп, сүйеді Күн.

Жарық Күн тегім менің, жасын жаным,
Тарихтың төріндемін ғасырлардың.
Ақтаймын артқан ісін бостандықтың,
Сақтаймын Тәуелсіздік – асыл арым!

Әдібай Табылды

Мемлекеттік Гимннің әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы – ақын-жазушыларға берілетін марапат.

4. Өлеңнің авторы туралы не білетініңді есіңе түсір. Мәліметтерді түсініп оқы.

Әдібай Табылды
1926 ж.т.

  • Отан, туған жер тақырыбына көп өлең арнаған ақын.
  • Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
  • «Әдібай Табылды – балаларға арнап жазатын ақын. Оның әрбір шығармасы оқушыны жақсылыққа жетелейді, ізгілікке үйретеді».

Кәдірбек Сегізбайұлы

5. Өлеңнен Тәуелсіздік идеясын ашатын сөздерді теріп оқы.

6. «5 те 5». Өлеңнен «Тәуелсіздік» ұғымына кіретін 5 сөзді таңдап, әр сөздің мағынасын ашатындай тағы 5 сөз ойластыр. Кластер түрінде көрсет. Басқа оқушылармен салыстыр. Қандай сөздер қайталанғанын тап.

×
×

Корзина