Қарашада қар жауып...

Шығармадағы оқиғаға өз пікірімді білдіремін және соған ұқсас мысалдар келтіремін.

1. Түсініп оқы. Мәтіннің жанрын анықта. Дәлелде.

Жүк артып инелікке, ерте көштім,
Жүйкелеп сарымайдан арқан естім.
Мұртына шегірткенің ат арқандап,
Дегенде өлдім-талдым, әрең шештім.

2. Түсініп оқы.

Тымақ киген инелік


Қарашада қар жауып,
Қақап кетті
Күн кенет.

Қыстың қайта айналып
Келгені ғой бұл,
Демек.

Шошытқандай мына күн,
Атам жылы киінді.
Алды түлкі тымағын
Жаздай тұрған ілулі.

Қатты сілкіп жіберді
Қолындағы тымақты.
Оны басқа киерде
Сөйту керек сияқты.

Күзгі кеште шық түскен
Тымаққа еніп алған ба,
Бір инелік шықты іштен
Атам сілкіп қалғанда.

Ұшып шыққан тымақтан
Шидей арық инелік
Баққа енгендей

Гүл атқан
Қанаттарын жүр керіп.

Жайлы тиіп құлаққа
Қанатының сыбдыры,
Кетті айналып шуаққа
Қыстың суық бұл күні.

Тамашалап,
Таңданып,
Инелікті көріп біз,
Тіл-жағымыз байланып,
Үнсіз тұра беріппіз.

Орнына баскиімді
Атам қайта
Қойды іліп:
– Қыстан шықсын биылғы
Тымағымды сол киіп.

Ал инелік
Тымақты
Асықпады киюге.
Жаз шыққандай шуақты,
Ұшып-қонып жүр үйде.

Қастек Баянбай

3. «Қастектің ойлары өрнекті, сөздері тұшымды. Үлкен-кішіні бірдей баурап алады. Сөз қадірін жетік түсінеді» деп айтқан кім? Есіңе түсір. Бүгінгі сабақпен байланысын анықта.

4. Мәтінде жылдың қай мезгілі суреттелген? Мәтін сөзімен жауап бер.

5. Суретке қарап, мәтіндегі оқиғаны қара сөзбен әңгімеле. Инеліктің жай-күйі сенде қандай көңіл күй туғызды?

6. Берілген жағдаятқа өз көзқарасыңды білдір.

«Орнына баскиімді
Атам қайта
Қойды іліп:
– Қыстан шықcын биылғы
Тымағымды сол киіп».

7. Мәтіндегі оқиғаға ұқсас жайттар туралы білетін болсаң, әңгімеле.

×
×

Корзина