Мюнхаузен хикаялары

Мәтінге түрлі оқиғалар қосып әңгімелеймін.

1. Түсініп оқы.

Эрих Распе
1736–1794

  • Неміс жазушысы. Ол он сегізінші ғасырда өмір сүрген.
  • Оның әңгімелері таңғажайып оқиғаларға толы.
  • Жазушы өзінің ғажайып әңгімелерін Мюнхаузен деген әзілкеш адамның басынан кешкен оқиғалары негізінде жазып шыққан.

2. Мюнхаузен басынан кешкен бір оқиғаны тыңдап көр.

Дауыл

  Мені тек дала кезіп, тоғай аралаған екен деп ойлай көрмеңіз. Менің жұмыр басым не көрмеді дейсіз. Көк теңіздерді кешіп, мұхиттарды малтып өткенде ешкім естіп білмеген небір сойқан оқиғаларды бастан өткіздік.
  Бірде үлкен кемемен Үндістанды бетке алып, тартып кеттік. Ауа райы адам айтқысыз тамаша еді. Алайда біз белгісіз бір аралдың маңында аялдап тұрғанымызда керемет дауыл тұрды. Дауылдың күштілігі сондай, аралдың бірнеше мың (одан да көп-ау!) ағашын түп-тамырымен жұлып алып, аспандағы бұлтқа бір-ақ алып ұшты.
  Ал дауыл тоқтағанда, әлгі аспанға ұшқан ағаштардың әрбірі бұрынғы өз орындарына түсіп, бұрынғысынша тамырын жайып өсе бастады. Аралда әлгінде ғана дауыл болды дейтін емес, бәрі өз қалпында. Шындығында, керемет ағаш, ә?
  Дегенмен бір ағаш өзінің өсіп тұрған орнына қайтып оралмады.
  Мәселе былай еді. Әлгі ағаш аспанға ұшқанда бұтағында бір шаруа кемпірімен екеуі отырған болатын. Бұлардың ағашқа шығатын не жыны бар еді дейсіз ғой? Қу тамақ мәселесі. Қияр теру. Өйткені бұл жерде қияр деген нәрсеңіз тек ағаштың басында өседі. Аралдың тұрғындары қиярды жанындай жақсы көреді. Қиярдан басқа тамақты аузына татып алмайды. Тек қияр жейді.
  Ағашпен бірге ұшқан шаруалар не істесін, амалсыз аспанда қыдыруға тура келді.

Эрих Распе
Аударған Оспанхан Әубәкіров

3. Суретке қарап, Мюнхаузеннің әзіл әңгімесін (3-жақтан) әңгімеле. Өзің осы оқиғаға тағы қандай жағдаяттар қосар едің?

4. Өтірік айтудан біздің Тазша бала да қалыспайды, оқып көр.

Тазша бала

«Тазшаның қырық өтірігі» деп аталатын күлдіргі ертегіні естіген боларсыңдар? Сонда өлімнен қорықпай, қаһарлы ханның алдына қасқайып кіріп: «Мен шешемнің құрсағында жатқан кезімде әкемнің жылқысын он бес жыл бақтым», – деп өтірік әңгімесін бастайтын бір қаршадай ғана батыл бала бар. Ол бізге өзінің Тазша бала деген күлкілі атымен танымал.
Осы ертегіде Тазша бала қырық өтірікті мүдірмей айтып шығып, ханның тосыннан қойған тосқауыл сұрақтарына да тапқырлықпен жауап береді. Хан тағы да айла-шарғы ойлап, баланы сүріндірмек болып: «Ал енді қырық ауыз өтірік өлең айт», – дейді. Тазша бала бұған да мүдірмейді:

– Міндім де ақсақ қоңыз аяңдадым,
Болдыртып аяңымен қоян алдым.
Апырым-ай, сол қоянның семізін-ай,
Көтеріп қоңызыма қоя алмадым, –

деген сияқты ұшқыр қиял, тапқыр ойға толы өтірік өлеңін ағылта жөнеледі. «Ауынан өрмекшінің кілем тоқыдым», «терісін сары масаның теспей сойдым», «аспанға алты жерден тіреу қойдым» деп ханды да, қараны да қыран жапқандай күлкіден езу жидырмайды. Сөйтіп, қаршадай Тазша бала өзінің батылдығымен, ақыл-айласымен, сөз тапқыр шешендігімен жай отындай жарқылдап, өлім тырнағына ілікпей, ханды жеңіп, мұратына жетеді.

(«Ол кім? Бұл не?» кітабынан)

5. Тазша бала мәтінде

деп сипатталған. Осы сипаттың әрқайсысына дәлел келтір.

6. Өзің де Тазша балаға, Э. Распенің Мюнхаузеніне ілесе әзілге құрылған өтірік өлең құрастырып көр.

7. Түсініп оқы. Мәтіннің өтірік әңгімеге жататынына немесе жатпайтынына дәлелдер келтір.

Қай елде ағашта шоколад өседі?

Шоколад какао ағашының дәнінен дайындалады. Ал осы какао ағашы барлық жерде өсе бермейді екен. Ол тек ылғалды, ыстық Оңтүстік Америкада, Оңтүстік Шығыс Азияда және Батыс Африкада ғана өседі.

Балаларға арналған энциклопедиядан

8. Кім жылдам? Мәтіндердегі табиғатқа қатысты есім сөздерді ата.

×
×

Корзина