Музыка және сәулет

1-тапсырма. Ақпарат іздеу.

Интернет желісінде немесе бейне таспада берілген көріністерді көр. Мына сұрақтарға жауап бер:
• «Сәулет» дегеніміз не?
• Сенің қалаңда немесе ауылыңда қандай әсем ғимараттар бар?
• Неліктен сәулет нысандары әртүрлі?
• Олар не үшін қажет?
• Елордадағы «Бейбітшілік және Келісім сарайы» туралы не білесің?

Бейбітшілік және Келісім сарайы

(сөзжұмбақ)

• Сұрақтарға жауап бер. Жауаптарды сөздіктен тауып ал. Сөзжұмбақтың торкөздерін сыныппен бірге толтыр. Түсінгеніңді айт.

Сұрақтар:

1. «Бейбітшілік және Келісім сарайын» салу кімнің идеясы?
2. «Бейбітшілік және Келісім сарайын» ел арасында қалай атайды?
3. Ғимаратты салған ағылшын сәулетшісі кім?
4. Сарайдың ішінде музыка өнерін тамашалайтын қандай зал бар?
5. Әлемде кездесетін өсімдіктердің сан түрлілігімен қай залда танысуға болады?
6. Көркем суреттер мен картиналарды тамашалайтын қандай зал бар?
7. Жыл сайын сарайды көруге кімдер келеді?
8. Сарай еліміздің қай қаласында орналасқан?
9. Конференциялар өтетін залдардың бірі қалай аталады?

   Қазақстан Президенті. Пирамида.Адамдар. Туристер. Норман Фостер. «Концерт» залы. «Қысқы бақ». «Қысқы
кеш». «Құланшы». Алматы. Сәйгүлік. «Бесік» конференция залы.

   Бейбітшілік және Келісім сарайы – архитектуралық құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. Ол Астана қаласындағы қолдан жасалған жота үстінде орналасқан.

   Сәулет өнері – құрылысты жобалау, салу, оған көркемдік бейне беру өнері.

2-тапсырма. Талдау. Ақпарат іздеу.

Сәулеттік нысандардың суреттеріне қара, салыну тарихымен таныс.
• Бұл ғимараттардың сырт пішіні қандай?
• Әр ғимарат неше бөліктен тұрады?

   Ресей. Мәскеу қаласы.
Арсений Морозовтың сарайы.
1894 ж. салынған.

   Ресей. Мәскеу қаласы.
Үй-жұмыртқа.
2002 ж. салынған.

   Үш сәулетті нысанды салыстырайық: «Бейбітшілік және Келісім сарайы», Арсений Морозовтың «Сарайы», «Үй-жұмыртқа» – олар бір-біріне ұқсамайды және ерекше керемет формаларымен (түрлерімен) адам көзін тартады. Олардың формалары қандай және неше бөліктен тұрады

   Сәулетті нысандар мен музыкалық шығармаларды, мысалы, әндермен салыстырып көрсек, онда олардың арасындағы қандай байланыс пен айырмашылықты көруге болады?

Тобыңмен бірге талда. Өзіңе таныс «Кемпірқосақ» пен «Сыбызғы, сазсырнай» әндерін есіңе түсір.
• Әндердің формасын анықта, олар несімен ерекшеленеді? Қайсы ән тек шумақтан, ал қайсысы шумақ пен қайырмадан тұрады?
• Әндердің мазмұны не туралы?
• Осы әндер сенің қандай сезіміңді оятады? Есіңе түсір, сыныппен бірге орында.

   Форма (лат. forma) дегеніміз түр, кескін, сыртқы бейне, әдемілік.
   Музыкалық форма – музыкалық шығармада бөлімдер мен бөліктердің белгілі бір орналасу тәртібі.

   Вокалдық музыкада негізгі формалардың бірі – шумақ және қайырма.
   Шумақтық форма – вокалдық формасы музыкада ең қарапайым форма.
   Шумақтық формада музыка (әуені) қайталана береді, ал өлеңі өзгереді.

3-тапсырма. Әнді үйрену және орындау.

Киіз үй

Өлеңін жазған: Қ. Баянбаев
Әнін жазған: Ж. Тұрсынбаев

Шопан үйі аулақта,
Қақтырғандай таңдайды,
Ауып келген тау жақтан
Ақша бұлттан аумайды.
Қарап шықтым біртіндеп
Жасауларын жарасқан.
Төбедегі түндіктен
Көрінеді көк аспан.

Қайырмасы:
Көрінеді көк аспан.
Ха-лә-лә, лә-лә, лә-лә,
Көрінеді көк аспан.

Керегесін түргенде
Самал есіп тұрады.
Таңғажайып бұл бөлме
Маған қатты ұнады.
Еркін ойнай аласың,
Киіз үй ғой дұрысы,
Тұрғызатын баланы
Жоқ ешқандай бұрышы.

Қайырмасы:

Әннің бірінші шумағын ән орындау талаптары бойынша үйрен. Әннің мазмұнына көңіл бөл.
• Әннің формасын үлестірмелі парақшалар арқылы көрсет.
• Ән неше бөлімнен тұрады?
• Әнді қандай формаға жатқызуға болады?

4-тапсырма. Талдау.

Киіз үй туралы жұмбақтар

Төбедегі көзінен
Күн сәулесі түседі.
Бұрышы жоқ төрінен,
Самал еркін еседі.

(Киіз үй)

Жетпіс екі найзаны
Біріктіріп ұстап тұр,
Ата-баба мұрасы – ол,
Ие болар ұрпағы.

(Шаңырақ)

Қабырғасы тор көз,
Төбесінде зор көз.

(Кереге; Шаңырақ)

Тұмсығын тесіп,
Жүннен бұйда есіп.
Қазыққа байладым.

(Уық)

Келсең жолды ашады,
Кетсең жолды жабады.

(Есік)

Даланың тайраңын,
Қаз-қатар тұрғызып,
Отыз жерден байладым.

(Ши)

Дөңгелек үйдің
Қарашұбар жыланмен
Белін будым.

(Белдеу)

5-тапсырма. Орындау және импровизациялау.

Киіз үй

(интербелсенді ойын)

   Шарты. Мұғалім оқушыларды төрт топқа бөледі: «Екпін», «Дыбыс күші», «Регистр», «Дыбыс бояуы».
   Алдымен топтың атауына байланысты «Киіз үй» әнінің
музыкалық көркемдеуіш құралдарын өзгертуді тапсырады. Әр топ әнді қалай өзгертуге болатынын талдап, әртүрлі екпінде, дыбыс күшінде (динамика), регистрде және тембрде (дыбыс бояуы) орындайды.

   Келесі тапсырмада әр топ:
   • әннің ырғақтық суретін шапалақтап көрсетіп;
   • әнді орындағанда мазмұнына қарай көркемдеуіш құралдарды дұрыс көрсетіп берулері қажет.
   Ойынның соңында оқушылар жасаған тапсырма негізінде музыкада көркемдеуіш құралдардың мәнін көрсетуі тиіс.

6-тапсырма. Бағалау.

Ойынның шарты бойынша «Киіз үй» әніне байланысты жасаған жұмыстарын бағалау. Мына сұрақтарға жауап бер:
• Тапсырма орындау барысында қандай қиындықтар болды?
• Таныстырылымыңды қалай жақсартуға болады?

×
×

Корзина