1) Әлемде нақты бір елдерге берілген қандай имидждік атауларды (мысалы, «Күншығыс елі» деген сияқты) білесің?
2) «Ұлы дала» атауының мағынасын қалай түсінесің?
3) Ұлы Жібек жолы туралы не білесің?
4) Ұлы Жібек жолының қазақ елі үшін маңызы қандай болды?
5) Неліктен «Ұлы даланың жеті қырының» бірі ретінде Ұлы Жібек жолы алынған?
Ғылыми стиль
Ғылыми стиль – зат не құбылыс ғылыми негізде сипатталып, дәлелдеуді қажет ететін жазба стильдің бір түрі. Ал пікір дұрыстығын дәлелдеу үшін ғылыми стильге нақтылық, мазмұн дәлелділігі қажет.
Ғылыми стильдің лексикасындағы ерекшелік: сөз тек өзінің негізгі мағынасында жұмсалады. Сөздің көпмағыналылығы, бейнелі сөздер мұнда аз кездеседі. Сондай-ақ сөйлем мүшелерінің қалыпты орны, тіл нормасы қатаң сақталады. Ғылым салаларының ерекшеліктеріне қарай әр саланың арнайы термин сөздері болады. Мысалы, тіл білімінде лингвистика, лексика, фразеология т.б.; физикада анод, атом, салмақ, шама т.б. Сонымен бірге белгілі бір ғылымның саласында қолдану аясына байланысты жалпылама лексиканың кейбір сөздері термин сөзге айналады.
Ғылым ылғи алға басып, дамып отыратыны белгілі. Ғылымның дамуымен бірге жаңа ұғымдар туып отырады.
Ғылыми стильдің үш түрі бар: таза ғылыми стиль, ғылыми-оқулық стилі, ғылыми-көпшілік стиль. Энциклопедиялар, ғылыми-танымдық журналдар, газеттер мен сайттардағы ғылымға қатысты мәтіндер ғылыми-көпшілік стильде жазылады. Оқулықтар мен оқу-құралдарындағы ғылыми ақпараттар ғылыми-оқулық тілімен беріледі. Ал тек қана ғылыми ортаға арналған монография, диссертациялық еңбектер, арнайы салалық басылымдарда жарияланатын ғылыми мақалалар мен жоба жұмыстары таза ғылыми стильде баяндалады.
Ғылыми стильге ғылымның әр саласына қатысты жазылған ғылыми еңбектер: монография, оқулық, мақала, ғылыми есеп, диссертация, реферат, баяндама, тезистер т.б. жатады.
«Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығынан
Алтын киімді адам
Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған – Алтын киімді адам.
Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жетік меңгергенін аңғартады.
Дала халқы өз көсемдерін барынша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.
Н. Назарбаев. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан
Жібек жолы
Күн туса да қандай бір сауырлаған,
Жібек жолды кең дала, тау жырлаған.
Жібектейін жатқасын шұбатылып,
Жығылғанның еш жері ауырмаған.
Бұйра жалды қырларын сағымдаған,
Ұлы дала ешкімге бағынбаған.
Жиһаз артқан керуен
Жібек жолмен
Алтын өзен секілді ағындаған.
Байлық және ағылып тасқындаған,
Сауда қуған кімді де жатсынбаған.
Ұбап-шұбап жосыған керуені
Қарақшыға бұл жолды бастырмаған.
Тасқа қашап, мұң-сырын тауға ақтарған,
Ерлер қанша жат жерде аунап қалған?
Қара жолмен қара жау қаптағанда,
Жібек жолмен сарбаздар жауға аттанған.
Жүргізгенде әмірін Уақыт өктем,
Жауады деп ойлама жақұт көктен.
Қара жолмен жетсе егер қара Қайғы,
Жібек жолмен Бақ жеткен, Бақыт жеткен.
Тіршіліктің көздері бұлақтаған,
Жерұйықтан жұрт бар ма жырақтаған.
Ұлылықтың өзі де
Жібек жолмен
Көшіп келіп қазаққа тұрақтаған.
Ел түледі, бұл шақта қыр түледі,
Мәңгі бақи көгімнен Күн күледі.
Жібек жолмен адаспай, Азаттығым
Жеткен шығар еліме, кім біледі?!
Р. Ниязбеков
Мәтін бойынша жұмыс: Өлеңнің идеясын анықтап, тіліне талдау жасаңдар. Жібек жолы жайлы не білесіңдер? Сол замандағы түркі тілінің халықаралық деңгейдегі тіл болуы мүмкін бе? Өз пікіріңді айт. «Жалпыадамзаттық өркениет: Түркі мәдениетінің рөлі» тақырыбында ойталқы ұйымдастырыңдар. Ол үшін ойталқының мақсатын анықтап, онда талданатын мәселелерді бірге белгілеңдер. Орталарыңнан жүргізушіні сайлаңдар.
1) Нені жақсы түсіндің?
2) Нені түсінбедің?
3) Мақалада «Ұлы даланың жеті қырына» нені жатқызған?