Сен табиғатта табиғи жарық көзі бар екенін және адамның жасанды жарық көзін ойлап тапқанын да білесің. Алайда денелердің көпшілігі жарық шығармайды әрі жарық түсірмейді. Жарық шығармайтын заттар бетінен жарықтың шағылуы салдарынан көрінетін болады.
Жарық жазық беттен доп ыршығандай шағылады. Жарық жазық бетке қалай тік түссе, солай тік шағылады. Тегіс жазық бетке түскен жарық сәулесі одан шағылып, толық бір бағытқа кетеді.
Ал жарық кедір-бұдыр, тегіс емес бетке түссе, жан-жаққа шашылып шағылады.
Айна өте тегіс әрі жылтыр болғандықтан бетіне түскен жарық жақсы шағылады. Алайда айна біздің түрімізді дәл басып көрсете алмайды. Мысалы, сен оң қолыңды көтерсең, айнада сол қолыңды көтеріп тұрғандай боласың. Айнадағы кескін бәрін керісінше көрсетеді.
Жалпақ айнаға жарық тік түскен кезде ондағы кескін бұрмаланбай, дұрыс көрінеді. Беті шығыңқы айна дөңес айна деп аталады. Автомобильдердің есігіндегі айналар дөңес, олар жүргізушінің жан-жағын көріп отыруына мүмкіндік береді.
Беті ішке қарай батыңқы айна ойыс айна деп аталады. Ойыс айналар кейбір телескоптарда қолданылған.