Естіп тұрған дыбыстың қайдан шығып тұрғанын көрмесең де, айналаңда не болып жатқанын білесің. Сен телефон шылдырын, автомобиль шуын, жаңбырдың сыртылын осылай естисің. Толқын түрінде таралатын тербелмелі қозғалысты дыбыс дейміз. Қандай да бір зат тербелген кезде маңайындағы ауаны да тербелтеді. Сен естіген дыбыс ауаның тербелісі толқындары арқылы жетеді.
Дыбыс – дыбыс толқындарының көмегімен барлық бағытта тарайды.
Дыбыс қатты денелерде, сұйықтар мен газдарда тарала алады, тек вакуумда (ауасыз кеңістік) таралмайды.
Дыбыс толқындары кедергілерге тап болғанда, біразы жұтылады, біразы шағылады, біразы оны кесіп өтеді.
Дыбыстар ашық кеңістікке қарағанда тұйық кеңістікте жақсы таралады, себебі оның жолында кедергілер (қабырға, төбе, еден, жиһаз) көп кездеседі. Ғимараттың қабырғасы қатты әрі қалың болған сайын ол дыбысты сыртқа шығармай, ішке қарай қайтарады.
Дыбыс жақын аралықтағы кедергілерден шағылған кезде, ол алғашқы дыбыспен қосылады да, оны күшейтеді. Сондықтан үйдің ішіндегі дыбыс сырттағы дыбыстан қаттырақ болып естіледі.
Жаңғырық – қандай да бір кедергіден шағылған және бастапқы таралған орнына қайта оралған дыбыс толқындары. Дыбыс өзара араласып, бұрмаланып, дыбыстың анық естілуі төмендейді.
Кедергісі бар жерлерде дыбыс толқындарының таралуы кедергілер көлемі мен толқын ұзақтығының арақатысына байланысты. Егер кедергінің көлемі толқын ұзақтығымен салыстырғанда аз болса, онда толқын оны жан-жағынан айналып өтеді.