Мен тұратын қала (ауыл)

Мәтіннің тақырыбы мен қорытынды бөліміне сүйеніп, өз ойымды білдіремін, өлең құрастырамын.

1. Өлеңді қара сөзбен әңгімеле.

Мен қалада тұрамын

Жүгірмеймін өзенге,
Жоқ меншікті бұлағым.
Қайтем енді, төзем де,
Мен қалада тұрамын.

Мен қалада тұрамын,
Тұрмыс-салтым аян-ақ:

Құдық – шүмек-краным,
Ал жайлауым – саябақ.
Мен қалада тұрамын,
Өте басқа өрнегім:

Гүлзар – жасыл құрағым,
Субұрқақтар – көлдерім.

Ертай Ашықбаев

2. Мәтінді түсініп оқы.

Ауыл таңы

  Жаз таңы баяу атады.
  Ақырындап жайыла түсер ақ сәуле әуелі ақтұмандай жайылып, сонан соң әрбір қарайған затқа, әрбір шөптің талына өзінше әр беріп, жер-жаһанды ақырын қозғап, көзге көрінбейтін сергек сезімдерді қалықтатып, шым-шым сылап-сипай, ақырын-ақырын тербеп оятады.
  Осы мезетте аспанда: мөп-мөлдір тұнықтық шырайланып сала береді. Қуаныштан жүректері жарылардай болып шыр-шыр еткен құстар кішкентай қанаттарын шаттана шапаттап, мөп-мөлдір тұныққа сүңги бастайды. Құстардың, жәндіктердің үндері бұрынғысынан басқаша құйқылжып, шымырлай әуелеп бара жатады. Жұлдыздардың түнгі ертегісінен қалып қойған қасқыр-бұлт, қоян-бұлт, арыстан-бұлт, шал мен кемпір-бұлт, бота-бұлттар қайда тығыларын білмей сасқандай селт етпей қатып-қатып қалады. Көкжиектің ніл бояуы жайылып, ақшыл-көкшілденіп жұмсарып бара жатады. Осы мезетте жерде: шөптер сабақтарын қозғап, гүлдер бастарын көтереді. Таңғы тәтті ауа тіршілік иелерін үнсіз ғана ұғар рақатқа батырады. Жердегінің бәрі үн қата бастайды, құрақ сыбыр салады, көл беті шолп етеді, жәндіктер жыбырлап-қыбырлауға кіріседі. Жан-жануар жиілете тұяқтарын сыртылдатады. Сәлемдескен, мал айдаған адамдардың үні бәрінен айқын, бәрінен де салтанатты естіледі.
  Таң тірлігі ғажап қой!
  Шіркін, осы сәт қылқалам ұшына қонса ғой, осы сәт нотаға түссе ғой.
  Қалалықтардың осындай сәтті көре алмайтыны қандай өкінішті!
  Оларға арман осындай таңдар.
  Ауыл таңы.

Жақау Дәуренбеков

3. Мәліметтерді пайдаланып, автор туралы айт.

Жақау Дәуренбеков
1946 ж.т.

  • Жазушы, журналист.
  • Отан, туған жер, ауыл тақырыбына көп шығарма жазған жазушы.
  • «Табиғатпен астасып ақырын басталып, әр шығармасының тоқетерінде тосын түйінмен аяқтап отыратындығы ғажап».

Сейфолла Оспан

4. Екі топқа бөлініп, таңғы тіршілікті сипаттап айтыңдар.

1-топ. Өз көрген-білгені бойынша айтады.
2-топ. Авторға ілесе ойларын айтады.

5. «Шіркін, осы сәт қылқалам ұшына қонса ғой, осы сәт нотаға түссе ғой» деген жолдардағы жазушы ойын бейнелеп көріңдер.

1-топ. Суретші болсам …
2-топ. Композитор болсам …

6. Пікірталас. «Қалалықтардың осындай сәтті көре алмайтыны қандай өкінішті» деген автор пікірімен келісетін, келіспейтіндеріңе дәлел келтіріңдер.

1-топ. Жақтаушы.
2-топ. Даттаушы.

7. «Менің қалам (ауылым)» тақырыбына 5 жол өлең құрастыр.

×
×

Корзина