Қазақстан – көрікті мекенім

Шығарманы бөліктерге бөліп, ат қоямын және оқиға жүйесін болжап, жалғастырып әңгімелеймін.

1. Өлеңге сүйеніп, сурет туралы әңгімеле.

Жасыбайдың үңгірі

Балалар-ау, балалар!
Баян тауға барайық.
Басып кеткен баяғы
Батыр ізін қарайық…

Жақтауы тас, мінеки,
Жасыбайдың үңгірі.
Жолын кесіп жауының
Жатқан екен бір күні.

Елім қамын етсін деп,
Жауды жалғыз бөгепті.
Жыламай ержетсін деп,
Бесіктегі бөбекті…

Жауды мұқап жасытқан
Жартастай боп Жасыбай,
Жауға тиген жасылдай
Жасыбайдың батыры-ай!

Өтебай Тұрманжанов

2. Мәтінді түсініп оқы.

Бурабайға саяхат

Сабақтың соңында Бану апай балаларға бір жақсы хабар айтты.
– Ертең Бурабайға саяхат жасаймыз. Кімнің барғысы келеді? Қолдарыңды көтеріңдер, – деді ол.
Балалардың бәрі де қолдарын көтерді.
– Жақсы, таңертеңгі сегізде мектепке жиналыңдар.
Аздап тамақ алыңдар, қайтарда қарындарың ашады.
– Шаңғы алуға бола ма?
– Қалауларың білсін…
«Бурабайға барамыз» деген жақсы хабар сынып жиынынан бері өзіне-өзі келе алмай, көңілі жүдеп жүрген Жарқынды да қуантты. Тауға шығуға дегенге жаны құмар оның көзіне Көкшетаудың бұйрабасты шоқылары елестеді. Бурабай көліне шаңғымен көктей өтіп барып, шыңдарда асыр салу қандай тамаша!..
Жарқын мектепке барғанда оқушылар түгел жиналып болып, сапқа тұрып жатыр еді…
Саяхатшылар тақалған сайын Бурабайдың сұлулығы айқындалып, көзге еркін шалына түсті. Айналадағы қалың ағашты қара қоңыр шатқалдар, дөп-дөңгелек көл орны – ақшыл ойпатты, ұшы-қиырсыз қар басқан бір түсті айдын далада бөліп тастап, төтенше бір сәнді құбылыспен көзді басқа жаққа бұрғызбай өзіне тоқтатады. Сол әлем дүниенің күзетінде тұрғандай батыс жағалауда, қолдан орнатқан діңгекте тіп-тік, сүп-сүйір болып, көкке шаншыла Оқжетпес шыңы мені көрдің бе дегендей өз сұлулығын кесе-көлденең тартады. Күзетте тұрған асқақ көңілді, батырдың алдырмас қамалындай болып, Оқжетпесті ту сыртынан қоршап, қыр арқасына бұлт шөккен, еңсесі жоғары Көкше көкшіл тұманмен мұнартады.
Бурабайды бұрын көрмеген Жақыпбек кішкентай ғана түкпірге жиналған неткен осыншама ғажайып сұлулық деп таңданғандай біресе көлге, біресе оның жағасындағы ғажайып бітісі бар Сиыртас пен Шошқатасқа, біресе оңтүстік батыстағы жалбыр басты шоқыларға, біресе Оқжетпес пен Көкшеге, біресе етегіндегі шипажай үйлері самсаған көлдің теріскей тұсындағы Бөлектауға телміре қарайды, жалғыз ол ғана емес, сан көріп, сан аралаған Бану апай мен Байсал ағай да, оқушы балалар да сүйікті мекеннің үйреншікті сұлу тұлғасына тосын адамша тоймай қарап тамашалайды.
Әрдайым оқыған сайын жаңа ой-пікірге жолықтыратын дана ақынның өлеңдері сияқты. Бурабай өлкесі де әр көрген сайын бұрын аңғармаған, яки ұғылмаған жаңа сұлулықтар байқатып, сарқылмас әсемдікке бөленіп, құлпырады да тұрады. Ол – күнде жас, күнде жаңа. Адамның ой-өрісі, есейген сайын осылай жаңара, гүлдене береді. Оны алғаш көргенде қалай тамашаласаңыз, екінші, үшінші мәрте де дәл солай тамашалап, құмарта қарайсыз. Ол сізге табиғат сұлулығын ұғуды, туған мекенді сүюді үйретеді. Оның жұпар иісті ауасы көкірек сарайыңызды ашып, Отанның байтақ даласындай кең тыныс бітіреді.
Сол әсем көлдің шығыс жағалауына келіп жеткен біздің саяхатшыларымыз екіге бөлінді. Мұғалімдер бастаған негізгі топ көлдің терістік жағалауымен шипажайды басып, Оқжетпеске аспақ болды да, шаңғылы бес-алты бала Бурабай көлін көктей өтіп, олармен Оқжетпес бауырында табысуға келісті.

Мұқан Иманжанов

3. Әңгіменің авторы жөнінде әңгімеле.

Мұқан Иманжанов
1916–1958

  • Балалар жазушысы.
  • Бурабайдың әсемдігі суреттелген «Шаңғышылар» атты кітабы бар.
  • «Қазақ көркемсөзінің қалың ортасында Мұқан Иманжановтың да мұқалмас өз сөздері жасай бермек».

Мұзафар Әлімбай

4. Түсініп оқы. Қай мәтінге қатысты екенін анықта. Бұл үзіндіні қалай атар едің?

  Асанқайғы Баянауылды көргенде: «Бір түнеп кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады. Баянға жаймай, қой семірмес», – деп қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.

Асанқайғы – ақын, жырау, би болған адам. Аңыздарда Асанқайғы желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көгорай шалғынды жайлы қоныс іздеген дейді. Жүрген жерінде әр қонысқа баға беріп отырған.

5. Болжаңдар. Мәтінде аталған жер-су аттары мен суреттерді пайдаланып, балалардың әрі қарай саяхаттарын жалғастыру картасын жасаңдар.

6. Ғаламтордан Баянауыл туралы аңыз-әңгімелерді тауып, мәтіндегі оқиғаны жалғастырып әңгімелеңдер.

7. Өздерің Қазақстанның қай жерлерінде болдыңдар? Барған жерлеріңнің тізімін жасап, Асанқайғы сияқты баға беріп көріңдер.

×
×

Корзина