Қазақстан – бай өлкем

Топ алдында сөйлеймін және сөйлеу барысында суреттер қолданамын.

1. Өлең мен суретті пайдаланып, мұнайдың пайдасы мен еліміздегі мұнайлы өлке туралы әңгімеле.

Мұнай теңізі

Кең даланың астында
Ғажап теңіз бар екен.
Жер бетіне тасқындап
Бір шығуға зар екен.

Мұнай-теңіз сол екен,
Қасиеті оның мол екен.

Сонау дала төрінен
Жанады екен от болып.
Зымыран да сонымен
Зулайды екен оқ болып.

Онсыз бәрі тұрады,
Мотор істен шығады.

Ойыншық та сендерге
Жасалады мұнайдан.
Егін өсер жерлер де
Сол арқылы тыңайған.

Мұнай-теңіз сол екен,
Қасиеті оның мол екен.

Фариза Оңғарсынова

бұл жерде: патша.

2. Өлеңнің авторы туралы әңгімеле.

Фариза Оңғарсынова
1939–2014

  • Ақын, халық жазушысы.
  • Тұңғыш өлеңдер жинағы «Бұлбұл» деп аталды.
  • Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақынға «Қазақ поэзиясының падишасы» деп баға берді.

3. Мәтінді түсініп оқы.

Жидебайдың жидесі

(Аңыз-әңгіме)

  Бір кезде осы сылаң қаққан сұлу Сырдың бойында бақайын суға батырып, балбырап көк құрақ, үкілі сырнайын сыңсыта тартып сұлу сары қамыс қана өседі екен. Кейінірек сулы Сырды сағалап сәмбі тал, үйеңкі, тораңғы да өсетін болыпты. Ал осы күнгі сұлу Сырдың көк бұйра ішігіндей екі жиегін алып жатқан көп жиде кейінірек келіп қоныстанған. «Бұрынғы қонақты соңғы қонақ қуады» дегендей, көк жиде кейін келсе де, қанатын кең жайып, тез молайып, өсіп кетіпті. Өйткені көк жиде қоныс таңдамайды. Қай жерге дәні түссе, сол жерге қорбиып, көк бұйра бөркін киіп шыға келеді. Өсіп, тамырын жайып, буынын қатырып бекіп алған соң, тікенегі тікірейіп, оншамұнша малға жегізбейді, адамды да оңайлықпен тигізбейді.
  Су жүрген жер – береке, берекелі жер – мереке! Сондықтан Сыр бойы – құтты қоныс, мерейлі мекен. Ағыл-тегіл егін, бау-бақша, дәнді дақыл, Сыр қойыны – тулаған балық. Сыр толқыны – жарқыраған жарық!..
  Осы сұлу Сырдың екі өңірі – сыңсыған қою көк ала жиде. Бұл да бір байлық! Гүлдеген кезде қыздарды қызықтырып тартатын жұпар иісті сары уыз гүлі бар, піскен кезде балаларды қызықтырып, «басыма шық!» дейтін балдай тәтті, қарақат моншақтай тізіліп, уылжыған жидесі бар.
  Елдің көнекөз қариялары: «Бұл жидені Сыр бойына баяғыда Жидебай әкеліп еккен екен, – деп сөз бастайды. – Әдейі көк нарына мініп, көше қонып жүріп, Жиделібайсын жеріне, Қоңырат деген еліне барып, жалынып қолқа салып, екі қап жиде ұрығын алып, көк нарына артып, Сырға қарай тартып жөнелген екен. Жел жетпес желмая – көк нарымен айлық жолды аз жүріп көктемде келіпті. Сыр бойына шаштырып, көк жидесін егіпті…
  Егіпті де, айтыпты:
  – Адал қолыммен көктемде еккен көк жидем дүлей болып өсер. Балаларың жейтін тәтті жеміске молығарсыңдар. Бір берекеге жолығарсыңдар. Топырақ илеп соққан тамыңның төбесін жабатын ағаш та болар бұл жиде. Түйе мен қойыңның жүнінен иіріп, киім тоқып киетін өрмек ағашың да болар бұл жиде. Көгеніңді керіп, атыңды байлайтын қазығың да болар, ас құйып ішетін табағың да, сүт сапыратын қалағың да болар бұл жиде.
  Түйеңе ашамай, атыңа ер, астыңа төсекағашың да осы жидеден табылар. Ең арғысы тоқпағың да, үйіңді тірейтін бақаның да осы жидеден табылар. Ағашты елдің бағы бар!
  Үйіңе сырық, жылқыңа құрық, адалбақан, айраныңды пісіп, майын алатын күбі іздеп, сапар шегіп, арыпашып, осынау жер шеті Хорезм мен Бұхараға жан қинап бармайсыңдар.
  Әкем менің атымды Жидебай деп қойыпты. Өсімтал жидедей мыңғырып ұрпағым өссін, өркенім үзілмесін деген шығар… Әкемнің осы асыл арманын, тәтті тілегін орындап, мәпелеп бала өсірдім. Адамға деген міндетімді атқарып, жиде ұрығын жер түбінен алып келіп, сұлу Сырдың берекелі бойына шаштым. Балалық та, аталық та міндетім орындалды…
  Жидекем мезгілі жеткен соң, дүние салыпты. Адал ниетпен еккен жидесі өсіп, орман болыпты».

Өтебай Тұрманжанов

сылдырлап аққан Сырдария өзені.

сыбдырлаған.

қымыз, айран құйып пісуге арналған ыдыс.

киімілгіш.

түндікті ашуға арналған жуанырақ ұзын ағаш.

жылқы ұстауға арналған ілмек жібі бар ұзын сырық.

4. Мәтіннің авторы туралы әңгімеле.

Өтебай
Тұрманжанов
1905–1978

  • Балаларға арнап өлеңдер мен әңгімелер жазған..
  • Отан, туған жер тақырыбы – ақын өлеңдерінің басты мәселесі.
  • «Балаларға лайық оңды шығарма жазу – әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі де қиын іс. Мұны ерекше талант иесі ғана игере алады. Өтебай Тұрманжанов – нақ сондай бесаспап жазушы».

Мұхамеджан Қаратай

5. Мәтінге сүйеніп, жиде ағашының пайдасын санамалап айт.

Пайдасы?

6. Мәтіннен Сыр бойының құтты қоныс, мерейлі мекен екендігі туралы айтылған жолдарды тауып оқып, суреттермен сәйкестендір. Көркем ойды өрбітіп әңгімеле.

7. «Туған өлкеңді таныстыр» жобасын дайындап, топ алдында қорғау.

1-қадам. Топты тақырыппен таныстыр.
2-қадам. Тақырып бойынша қатысушылардың пікірі.
3-қадам. Пікірлерді жинақтау.
4-қадам. Пікірлерді сұрыптау.
5-қадам. Топ алдында сөйлеу.

×
×

Корзина