Қарлығаш ұшып олай кетіп, бұлай кетіп, ақырында қимайды, баланың тізесіне келіп қонады. Бала ойлайды:«Әкем тұмарымды көріп таныса да, қай елде екенімді біле алмас, бұған бір белгі салайын» деп, өзінің қолын қанатады да, қанымен тұмарүстіне жауының таңбасын салады. Сөйтіп, тұмарды қарлығаштың мойнына байлап, елінің, әке-шешесінің, жалғыз қарындасының барлығын айтып, ұшырып қоя береді.
Қарлығаш ұшады аспанмен, баланың айтқан жоспарымен, асқар-асқар таулармен, айдын-шалқар көлдермен, батпақтылай жерлермен, алуан-алуан шөлдермен, түрлі-түрлі өрлермен, қос қанатын қамшылап, аспаннан қатер төнсе, таса жерді тасалап, үстінен тері тамшылап, неше мерзім өтеді, неше елді өтеді, нақ отыз күн болғанда бір ауылға ол жетеді, баланың айтқан ауылы осы ма деп мегзейді…
Бұл ауылға келген соң, қарлығаш әр үйдің төбесіне қонып, адамын байқап көрсе де, баланың айтқанына ешқайсысы ұқсамапты. Сөйтіп, шаршап қалғып отырғанда бір кемпірдің ыңырсыған дауысы шығады. Қарлығаш құлағын салып тыңдаса, кемпір айтады: