Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!

Өлеңді дұрыс, түсінікті, шапшаң, мәнерлеп оқимын және сызба бойынша талдаймын.

1. Өлең шумағын мәнерлеп, дауыс ырғағына келтіріп, шапшаң оқы.

Алатау – асқақ, арқа шың.
Шық та шыңға жайшы жалпақ
Қазақстан картасын.
Қарашы сонда, қалқашым,
Кең жазира еліңнің
Атырау,
Алматы,
Алтай,
Арқасын!
Қазақтың жері – мол арна,
Сай-саласы, кең даласы
Сәулетімен жаңарған.
Ғарышкерлер – ақ арман,
Біздің жерден ғарышқа ұшып,
Біздің жерге оралған!

Қабдыкәрім Ыдырысов

мәтінді әрі дұрыс, әрі жылдам, әрі түсініп оқи білу.

Мәнерлеп оқу талаптары:
1. Көз жүгіртіп, іштей оқу.
2. Тыныс белгілеріне назар аудару.
3. Дауыс көтерілетін сөздерді белгілеу.
4. Осы сөздерді айтқанда кідіріс жасау.
5. Түсінікті, ашық, шапшаң оқу.

2. Автор туралы әңгімеле.

Қабдыкәрім Ыдырысов
1928–1978

  • Павлодар облысы Ақтоғай ауданында туған.
  • Балаларға арналған «Әрқашан күн сөнбесін», «Әке жолы» т.б. бірнеше кітаптың авторы.
  • «Қазақ поэзиясына сазды да назды, әуенді де әсем жырларымен келген Қабдыкәрім өзінің қысқа өмірінде отыздан аса өлең жинағын беріп үлгерді.

Сағи Жиенбаев

3. Кең-байтақ жеріміз туралы айтылған мына өлеңнің мәнерлеп оқу үлгісіне назар аудар.

Өлеңнің басқа шығармадан айырмашылығы – ұйқасқа құрылады.

Ұйқас – өлең жолдарын біріктіріп, белгілі бір үйлесімде ұстап тұратын өлең бірлігі.

Туған жер

Шықшы тауға, қарашы кең далаға,
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
О шеті мен бұ шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?

Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жаза алмас ем, топырағыңды тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам, мен егер.

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде, – дер едім.

Мен өзіңдей байтақ едім, кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.

Қасым Аманжолов

Ұйқас түрлері (а, б – өлең жолдары).

Қара өлең ұйқасы:
….. а
….. а
….. б
….. а
Шұбыртпалы ұйқас:
….. а
….. а
….. а
….. а

Кезекті ұйқас:
….. а
….. б
….. а
….. б
Егіз ұйқас:
….. а
….. а
….. б
….. б

4. Өлеңнің авторы туралы әңгімеле.

Қасым Аманжолов
1911–1955

  • Қарағанды облысы Қарқаралы өңірінде туған.
  • Ұлы Отан соғысына қатысқан..
  • «Ақын сөзі өзекті өртеп, жүректі тербетіп шығады».

Ғабит Мүсірепов

5. Өлеңді мына ретпен талдап көр. Талдауыңды арнайы сызбаға түсір.

1. Авторы, атауы.
2. Тақырыбы мен идеясы.
3. Идеясын ашатын көркемсөз бен сөз тіркестері.
4. Шумақ саны.
5. Тармақ саны.
6. Ұйқастың сызбасы.
7. Өлеңнің түйіні.

6. Өлеңдегі туған жерге, далаға қатысты сөздерді жазып ал.

7. Сызба бойынша сөйле.

×
×

Корзина