Жаһандық (ғаламдық) мәселелер – адамзаттың бұдан былайғы тағдыры және әлеуметтік дамуы шешілетін аса маңызды мәселелер жиынтығы. Қазіргі өркениетке тән құбылыс – ғаламдық қауіп-қатердің өршуі. Олар әртүрлі және күннен-күнге үдей түсуде.
Әлемдік тәртіптер мен қатынастар да үнемі өзгерісте болады. Әрбір мемлекет осы жүйеден өз орнын алуға тырмысады. Адамзаттың жалпы дамуы барлық мемлекеттер еріксіз есептесетін ортақ заңдылықтарды және даму тенденцияларын тудырады.
Әлемдік тәртіптерге жаһандық экологиялық өзгерістер, дүниежүзілік соғыс қаупі, азық-түлік тапшылығы, ядролық қауіпсіздік, әлемдік ортақ ақпараттану, түрлі індет аурулары, индустриалдық- техникалық ортақтану, техногендік апаттар, халықаралық терроризм, есірткі, халықаралық заңсыз қару сату, халықаралық қылмыскерлік, адамдарды құлдыққа сату, діни экстремизм т.б. әлемдік қауіптер мен қайшылықтар үздіксіз өз ықпалдарын тигізіп отырды.
Ашық, ақпараттық, технологиялық қоғам құру жағдайында аталған қауіптер әрбір халыққа, әрбір мемлекетке және олардың азаматтарына өздерінің әсерін тікелей немесе жанама түрде тигізеді. Әлемдік қауіптердің шиеленісуі әлемдік экономикалық, қаржылық дағдарыстарға себеп болуда. Жаһандық дағдарыстардан әрбір мемлекет зардап шегеді. Сондықтан әрбір мемлекет әлемдік дамудың ортақ мәселелерін шешуге мүдделі. Ғаламдағы шешуі қиын күрмеулі мәселелер қатарында:
· соғыс және бейбітшілік мәселелері;
· этнологиялық мәселелер;
· аштықпен күрес мәселесі;
· дамушы елдердің экономикалық артта қалуын жеңу мәселесі;
· ғарыш пен Әлемдік мұхитты бейбіт игеру мәселесі;
· демографиялық мәселе;
· экологиялық мәселелер;
· энергетикалық мәселелер;
· рухани ортаны және адамзаттың мәдени әркелкілігін қорғау
мәселесі;
· ғылыми-техникалық дамудың жағымсыз салдарын жою мәселелері;
· аса қауіпті індеттермен күрес мәселесі;
· ауа райы мәселелері;
· шикізаттық мәселелер бар.
Ғаламдық мәселелерді шешудің басты шарты – әлемдік қауымдастықтың мақсатты түрде келісілген саясат жүргізуі. Оның мынадай стратегиялық аса маңызды екі бағытын атап көрсетуге болады: ғылыми-техникалық саясат және қазіргі халықаралық қатынастарды реформалау. Алғашқысы экологиялық, шикізаттық, энергетикалық және т.б. қолданбалы сипаттағы мәселелерді шешуге ғылыми-техникалық алғышарттар жасауды, ал екіншісі әлемдік қауымдастықты әділ демократиялық негізде реформалауды көздейді.
(Саяси түсіндірме сөздіктен)