Өзеннің көркем нақыштары

1-тапсырма. Тыңдау, талдау және орындау.

Еділ мен Жайық

Өлеңін жазған: Ж. Молдағалиев
Әнін жазған: І. Жақанов

1.

Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Емізеді егіз Еділ мен Жайық.
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербе теді кеме, ойнайды қайық.

Қайырмасы:
А-а-а!
Ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық!

2.

Шырқалады әндер, жан жүрек іңкәр,
Сырқылдайды сұлу Еділ мен Жайық.
Әуелейді адам, самғайды сұңқар,
Шығандарға, шыңға қанатын жайып.

Қайырмасы:

Бейнетаспадан «Еділ мен Жайық» әнін тыңда, мазмұнын сыныптастарыңмен бірге талда.
Мына сұрақтарға жауап бер:

• Әнде не жайында айтылады? Неге Еділ мен Жайықты егіз өзендер деп айтады?
• Әуеннің сипаты қандай?
• Ән қандай ойлар мен музыкалық сезімдерді қозғайды?
• Әнді талап бойынша үйрен , мәнерлеп әдемі орында.

2-тапсырма. Тыңдау және талдау.

Влтава

(симфониялық поэмасынан үзінді)

Музыкасын жазған: Б. Сметана

   Бедржих Сметана (1824–1884) – атақты чех композиторы, пианист, дирижёр. Ол – Чехияның ұлттық композиторлар мектебін қалаушы.

   Өз шығармаларында ең алғаш рет чех халқының өмірін сипаттаған және халық әуендерін пайдаланған.

   Композитордың «Моя Родина» симфониялық поэмалар цикліндегі «Влтава» симфониялық поэмасы Чехияның бейресми ұлттық гимні болып саналады.

   Композитор шығармасын Чехия еліндегі ең әдемі өзендердің бірі – Влтава өзеніне арнаған. «Влтава» симфониялық поэмасы бағдарламалық музыкаға жатады.

Б. Сметананың «Влтава» симфониялық поэмасын бейнетаспадан тыңда және оқушылармен бірге талқыла.
Мына сұрақтарға жауап бер:

• Композитор шығармасында қандай өзенді суреттеді?
• Шығарманы тыңдағанда көз алдыңа не елестеттің?
• Шығармада өзеннің музыкалық бейнесі қандай сезімдерді қозғайды?
• Бағдарламалық музыка дегенді қалай түсінесің? Г. Свиридовтың «Время, вперед!» бағдарламалық шығармасын есіңе түсір.

   Бағдарламалық музыка – таза аспаптық немесе оркестрлік музыкалық шығарманың түрі. Оның мазмұны композитордың берген атауы, болмаса шағын поэтикалық мәтінге байланысты ашылады.
   Музыкалық бейне – музыкалық дыбыстар арқылы көркемдік бейнені сипаттау тәсілі.
   Симфониялық поэма – симфониялық музыканың жанры және бағдарламалық музыка. Оның мазмұнында әдебиет, сурет, тарих және табиғат көріністер бейнеленеді.

3-тапсырма. Суырыпс алма.

Су туралы

(шығармашылық ойын)

   Ойынның шарты. 1) Оқушылар үш топқа бөлінеді. Ойынның мақсаты – қазақ халқының су туралы мақал-мәтелдеріне қысқа бір жолды әуен шығару. Әр топ қалауы бойынша бір мәтелге 1 жол әуен құрастырады және дауысты, шулы, ұрмалы аспаптарды немесе қажетті бұйымдарды пайдаланады. Су қозғалысын, дыбысын суреттейтін әуен шығарып, топтарда орындайды.

   Оқушыларға мына мақалдар ұсынылады.

1. Су – ырыстың көзі,
    Еңбек – кірістің көзі.
2. Су жүрген жер – береке,
    Ел жүрген жер – мереке.
3. Таулы жер бұлақсыз болмас,
    Сулы жер құрақсыз болмас.

4-тапсырма. Таныстыру және бағалау.

Әр топ өз жұмысын таныстырады, бағалайды.
Мына сұрақтарға жауап бер:

• Жұмыста не қолайлы шықты?
• Қайсы жұмыс қолайсыз болды?
• Жұмыста нені әлі де жақсарту қажет?

×
×

Корзина