Мысал жанрын талдаймын және мультфильм нұсқасымен салыстырамын.

Мәтінді бөліктерге бөліп, ат қоямын.

1. Мақал-мәтелдердің жалғасын дұрыс тап. Ортақ тақырып ойластыр.

1. Ырыс алды – …
2. Ынтымақ түбі – …
3. Бірлік болмай, …
4. Бірлігі жоқ ел тозады, …

… тірлік болмас
… бірлігі күшті
ел озады
… бірлік
… ынтымақ

2. Түсініп оқы. Негізгі ойды білдіріп тұрған нақыл сөзді тап.

Ата насихаты

Әкесі балаларына тату тұрыңдар деп талай айтыпты. Балалары тілін алмай, араздаса беріпті. Бір күні бір байлам шыбықты алып келіп, балаларына беріп:
– Сындырыңдар! – дейді. Балалары бірінен соң бірі алып, сындырайын деп еді, шыбық сынбайды.
Әкесі шыбықты алып, байлауын шешеді де:
– Бір-бірлеп сындырыңдар! – дейді. Балалары оп-оңай сындырады. Сонда әкесі: «Араздасып араларың ашылса, сендер де осы шыбық сияқты боласыңдар. Ұйымшыл болыңдар, сонда сендерді ешбір жау ала алмайды», – дейді.
Тірліктің күші – бірлікте.

Ахмет Байтұрсынұлы

3. Автор туралы әңгімеле.

Ахмет
Байтұрсынұлы
1873–1938

  • Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығының үлкен бір арнасы – оның аудармашылық өнері..
  • «Қырық мысал» – Ахмет Байтұрсынұлын аудармашы ретінде танытқан алғашқы жинағы. Кітапқа оның И.А. Крыловтан аударған қырық мысалы енген. Жинақтың «Қырық мысал» аталуының мәнісі де осында.
  • Мұхтар Әуезов «Қырық мысалды» «қалың қазақ жұртының алғаш естіген, төңкеріс рухындағы сөзі» деп бағалаған..

4. Тыңда.

Аққу, Шортан һәм Шаян

(Крыловтан)

Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,
Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,
Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін.

Бұлардың машақаты аз болмады,
Жұмысы орнына кеп мәз болмады.
Тартса да бар күштерін аямай-ақ,
Асылы, жүк орнынан қозғалмады.

Оншама ол жүк артық ауыр емес,
Құр сырттан пәлен деу де тәуір емес.
Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,
Бірыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.

Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсақ жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.

Ахмет Байтұрсынұлы

5. Мысалдың басты белгілерін көрсетіп, сызба дайындап, талда.

6. Мысалды және салынған суретті мультфильм нұсқасымен салыстырыңдар.

7. Эссе жаз.

1. Тақырыбы: Ынтымақ. Бірлік.
2. Тұжырым ретінде 1-тапсырмадағы мақал-мәтелдердің біреуін таңда.
3. Тұжырымға дәлелдер келтір.

Мысалдың басты белгілері:
1. Кейіпкерлері (жан-жануар т.б.) болады.
2. Кемшіліктер сыналады.
3. Ақыл-кеңес айтылатын қорытынды ой болады.

×
×

Корзина