Тірек сөздер: қала, жұпыны киімді жатақтар.
3
… Абай Қарқаралы қаласын жапа-жалғыз аралап кетті. Кейде бір іші пысып, жүдеу тартса немесе бір нәрсеге ырза боп, көңілі өрбісе, осылайша жалғыз кетіп қалушы еді… Күн кешкіргенмен әлі батқан жоқ екен. Қала желкесіндегі әсем таудың қарағайлы жотасында қызыл арай сәуле бар. Тау басында жел тұрды білем. Тоғайсыз ашық жондарда сырғақ көрінеді. Жаяу борасындап, ұйтқи түсіп қызғылт құйын ұшқындайды.
Қала ішінде желсіз шыңылтыр аяз білінеді. Жайсыз суық емес. Бойды ширықтырып, жинақы ұстататын жеңіл мезгіл.
Таудың қалаға қараған бетін кеш көлеңкесі басқан. Жақын жердегі жақпар тастардың өзі де қазір көкшіл көлеңке ішінде көгілдірленіп, алыстай түсіп, түнге бейімдеп барады…
Абай өз пәтерлерінен екі-үш көше ұзап кетіп еді… Бір уақытта пұшпақ айналып, даурыға сөйлеп келе жатқан жаяу топты көрді… Көп адам болса да, ішінен Абайға таныс кісі білінбеді. Күлісіп, дабырласып сөйлеп келе жатқан ылғи жұпыны киімді жатақтар… Жаяу жүрістерінен де қаладағы қарекет адамдары екені танылып тұр.
…Бір пұшпаққа жақындап қалған екен. Дәл бұрыштан бұрылып, бұған қарсы шыққан үш аттыға көзі түсті.
Аңырып тұра қалды да, тез таныды. Келе жатқан Бөжей, Байсал, Байдалы екен. Ортадағы түлкі тымақты, күрең төбел атты Бөжей. Ақ сұр жүзі жабыңқы. Қоңырқай мұрты менен сақалына кешкі аяз қылау салыпты.
Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп, тосып тұрды. Аттылар мұның қозғалысын оқыс көрді ме немесе таныды ма, аттарын баяу бастыра бастап еді, жақындап тұстас келді.
Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:
– Ассалаумағалайкүм!.. – деп сәлем берді.
Медреседе жүргенде: «Көшеде хазіретті көрсең, осылайша тағзым ету керек» деп халфелер үйретуші еді.
Абай көптен бері ешкімге бүйтіп сәлем беріп көрген жоқ. Қарқаралыға келгелі Бөжейдің көрінгені осы. Шешесінің жүрердегі сөзі есіне түсті ме, болмаса қазіргі көңіл күйіне сай келді ме?.. Қалайша бүйтіп әдеп шығарғанын Абайдың өзі де байқамай қалған-ды.
Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды білем… атының басын тежей беріп:
– Уағалайкүмассалам, балам!.. – деп тоқырай қалды.
Байсал Абайды жаңа таныған еді. Жақтырмай, мұрнын тыржитып:
– Өй, мынау екен ғой, жә, жүрші! – деп атын қозғай беріп еді, Бөжей:
– Тоқташы! – деді.
– Ей, сол антұрғанның баласының сәлемін алушы ма ем?.. – деп Байсал Абайға қабағын түйе қарады.
Абайдың екі беті ду етті. Оқыс жалын беті емес, ішін де шарпып өткендей. Кінәлап, ренжіген жазықсыз баланың отты көздері жарқ етіп, Байсалға қадала қарады.
Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып:
– Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе? – деді.
– Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..
Абай болса, күндізгі өзін көңілдендірген күйін ұмытпаған болатын. Қарқаралының кейбір көше қазағы естіген татулық жайын Бөжей, Байсалдар әлі естіген жоқ-ты. Жаңа, кешке жақын ғана Алшынбай бұл үшеуіне кісі жіберіп, өз пәтеріне асқа шақырған екен. Не сөз барын білмесе де, соған аттанып бара жатқан беті осы еді.
Абай жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да:
– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!.. – деді.
Байсал бұл сөзді де жақтырмай сырт қарай беріп еді, Бөжей оның қозғалысын танып:
– Ей, Байсал, сен бата бермегенмен, мынау болайын деп тұрған бала ғой, – деді де, Абайға бұрылып:
– Ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын!.. Жалғыз-ақ өзгені берсе де, әкеңнің қаттылығын бермесін! – деп бетін сипады. Абай да Бөжейге қадала қарап тұрған қалпында бата қылып, бетін сипап еді…
Аттылар жүріп кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге қарап:
– Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің… – деді.
Абай тұрып-тұрып барып қана қозғалды.
Шын ба? Шын айтты ма? Жоқ әлде Байсалдың қаттылық, аямастық мінезі балаға ауыр тимесін деп, жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай жақсы бата берді? Ойда жоқтан, оп-оңайдан, осындай таудай үлкен сый бола ма?.. Мырзалық па? Жоқ әлде Абайды аз білсе де, тез танығаны ма?
Үлкендер көреген, танығыш, сыншы ғой! Шынымен-ақ танып айтқаны ма?.. Олай болса, Абай жаман кісі емес, жақсы кісі болмақ қой!..
Бұл жайды ойлаған сайын балалық өзімшілдігі қатты ырза болды. Абайдың іші ала қызып, біртүрлі қуана серпіліп, тез-тез құлаш сермегісі келгендей. Әлдеқандай өріс іздегендей.
Енді асыға жүріп келеді. Күн қазір ымырт бопты, оны да жаңа байқады. Екі көше адасып, пәтерінен асып кетіпті. Мұны да жаңа білді. Қайта жүрді.
Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді…
Бұл ой Абайға ең алғаш келген ой еді де… және тіпті өз ойы сияқты көрінді. Анығында: «ақыл, қайрат…», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердің өзара дауы, таласы деген «парсы, түрік» тіліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл әңгімесі бар-ды.
Қазірде Абай соны өмірден тапқанына да дән ырза… Өз ақылымен тапты… Тапты да: «Осының бәрі бір жерде, бір кеудеде, бір адамның ішінде болмаққа лазым…» деп, өзгеше бір сенімді байлау жасады. Осы оймен қатар, өзін осы Қарқаралыға келгелі қатты өсіп, ұлғайып қалған кісі сияқты көрді. Талай жанды көріп, талай сөздерді ұқты…
Халфе (арабша – орынбасар) – мұсылман қауымындағы ең жоғарғы атақ түрі, мұсылман қауымының басшысы.
Сексеуілдің шоғындай – «көзі жайнап, жанып тұр» деген мағынада. Сексеуіл – ең қызуы мол, ұзақ жанатын ағаш түрі.
Ымырт – Күн ұясына бата бастаған мезгіл. Оның мынандай атаулары бар: алагеуім – күн алакөлеңке, ұясына бата бастаған мезгіл. Кеугім, кеуім – қараңғы түсе бастаған кез, ымырт. Кеш – ымырт жабылып, қас қарайған мезгіл.
1. Үзінді мазмұнымен танысып, кестені толтырыңдар.
2. Абай Қарқаралыға неге келді? Кімдерді кездестіреді?
3. Байдалының Абай көздерін «сексеуілдің шоғына» балауында қандай мағына бар деп ойлайсыңдар?
4. «…Абайдың екі беті ду етті. Оқыс жалын беті емес, ішін де шарпып өткендей. Кінәлап, ренжіген жазықсыз баланың отты көздері жарқ етіп, Байсалға қадала қарады» деп жазушы неге Абай көзіндегі ерекше отқа назар аударған?
5. Қарқаралы сапарының Абайдың ерте есеюіне ықпалы болды ма?
1. «Жолда» тарауынан көрінетін Бөжей, Байдалы, Байсалдардың іс-әрекеттерін жинақтап, мінездеме беріңдер. Жинақтау мен даралау арқылы жасалған кейіпкер бейнелеріне талдау жасаңдар. Тараудың толық нұсқасын пайдалануға болады.
2. Үзіндідегі Абай мен Бөжейлердің диалогін рөлге бөліп оқыңдар. Ұлттық құндылықты баяндайтын қысқаша қойылым әзірлеңдер.
3. «Жолда» тарауынан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстырып, кестені толтырыңдар.
1. М. Әуезов романдағы кейіпкерлерінің киім киюі, жүріс-тұрысы мен сырт пішіндеріне ерекше назар аударып, қазақтың салт-дәстүріне қатысты қандай этнографиялық суреттер жасады? Жазушының шеберлігі туралы ойларыңды «ПОПС формуласы» арқылы жеткізіңдер.
2. Берілген үзіндіні тыңдай отырып, Байсалдың пікіріне талдау жасаңдар. Өз ойларыңды қорытындылап, жазып беріңдер. Уақыт – 7 минут.
3. Берілген үзіндіні тыңдай отырып, Бөжейдің пікіріне талдау жасаңдар. Бөжейдің батасы Абайға қалай әсер етті? Өз ойларыңды қорытындылап, жазып беріңдер. Уақыт – 7 минут.
1. Хрестоматиядағы үзінділерді негізге ала отырып, Абайды ерте есейткен сахарадағы әртүрлі қарым-қатынастар тізбегін жасаңдар.
2. Үзіндіге сыни пікір жазыңдар.
Кері байланыс. «Үш минуттық эссе».
1. Бүгінгі үйренгендеріңнің ішінде ең маңыздысы не?
2. Қай сұрақ есіңде қалды?
3. Сен үшін ең қиын, түсініксіз болған не?
«Абай» романының жазылу жайынан:
Абай туралы романдардың бәріне тән бір ерекшелік – менің шығарма үшін материал пайдалануымдағы ерекшелік. Бұл арада мен сіздерге Абай жөнінде, әсіресе оның өмірлік күресінің, ақындық қалыптасуының алғашқы кезеңдері жөнінде бізге жазба түрінде жеткен дерек жоқтың қасы екенін айтқым келеді. Рас, ол кезде кейбір жеке жазушылар болды, жазу-сызу Абайдан көп бұрын туды, бірақ Абай орта жасқа келіп, нағыз жұртқа танылған ақын болғанға дейін оның көптеген шығармалары қағазға түспей, ақынның өз аузында айтылып немесе оған жақын адамдардың жадында ғана сақталып жүрген.
Мұхтар Әуезов, 1959 жыл
КӨРКЕМ БЕЙНЕ – көркемөнерде, соның ішінде әдеби шығармада жинақталған түрде суреттелетін өмір құбылысының нақтылы көрініс-қалпы, кейіпкердің көркем ой елегінен өткізіліп, қорытындылап жасалған тұлға-бейнесі. Көркем бейнеде екі түрлі ерекшелік – жинақтау, жалпылық сипаттарды топшылап-түйіндеу және даралау, жекелік қасиет-белгілерді нақтылы түрде көрсету – осы екеуі іштей астасып, қабысып жатады.
Реалистік көркем бейне типтендіру тәсілімен жасалады. Жазушы көптеген адамдарға тән қасиет-сипаттарды жинастырып, екшеп, іріктеп алып, бір адамның бойына сыйғызып бейнелейді. Сонда кейіпкердің кескін-тұлғасы, характеріндегі жекелік, көпке ортақ жалпылық қасиеттері де жалқылық ерекшеліктерімен қатар айқын бедерленеді.
Зәки Ахметов