Тірек сөздер: көктемнің жайлы күні, аударма жасау, танысу.
Есігі түрулі, түңлігі шалқия ашылған кең үйге көктем сәскесінің бар тынысы, бар үні мол кіріп тұр. Биік төсек жанында дөңгелек үстелге шынтақтап оңаша ғана отырған Абайға есіктен кірген самал да жайлы.
Таласа, жарыса білінген изен, жусан, жас бетеге иістері де күншуақты салқын сәскенің қош лебіндей. Шырылдап ұшқан бозторғай үні бір кезек үй үстіндегі аспанға ілініп, қадалып, қырық құбылады.
Ақшоқының жақын сайларынан анда-санда үн қатып көкек шақырады. Үнемі жауапсыз сұрағын қайталай қадалтып, сұңқ-сұңқ етеді. Дүниенің ең бір жазықсыз, аңқау үнпазы өз жұбайын шақырам деп, кішкене сырын кең тау-тасқа да паш етеді.
Кейде жақын жердегі кең жайылым – «Қорықтан» адырға қарай шеттей ұшқан топ үйректердің сыпсың қанат қағыстары естіледі. Ұяны сай тастан, інді моладан салып ап, жұп-жұбайлы күндерге жаңа ауысқан сарыала қаз, итала қаздар үн салып өтеді. Абай кітап оқып отырса да, көктемнің осы сияқты көп алуан жаңа тірлігін үнемі қатар сезеді. Ойлай сезеді.
Үй жанынан кішкене, шымыр тұяқтарымен шапшаң дүбірлеп, топыр салып жас қозы-лақтар жүгіріп өтті. Бір болымсыз себептен үркіп, ұйытқып безгендей. Әлі өмір танымайтын жас буын өз тірлігін үрке сүйеді.
Көрші үйден осы қозылардай оқушы балалардың да жамыраған үні Абай құлағына оқтын-оқтын естіліп қалады. О да адам көктемінің жас төлді, балапанды тірлік үні.
Абай кітабын оқи отыра, даланың кей дыбыс, иістерін үстірт қана сезінсе, кейде оңай оралған қатар ойды жаңағыдай ойлай да отыр.
Еңсесі биік отаудың оң жақтағы тұскиіз, шымылдығына шаңырақтан түскен Күн сәулесінде көктемдік, жаңа ашық рең бар. Таза сыпырылып, таза жиылған оңаша үй Абай көңілін көтеріңкі етеді. Өзіне-өзі тиген еркін шақта, жас жасаулы, жарастықты жаңа көктемді үйден, тыстан бірдей сезіп, өзінше бір қуанышпен тыныс алады.
Кітабына тағы да ерекше сүйсінген ынтамен үңіледі. Бұл кітапқа қазірдегі Абай ықыласы, тіпті бөлек. Ол ықылас кітап пен оқушы Абай арасында жақсы бір ұғынысудан туған. Орыс тілінде жазылған ұзақ әңгімені Абайдың ең алғаш рет еркін ұғып, тіл бөтендігін жеңген кезі осы. Ұғымды болған кітап бірінші өткел болды. Таза, сара, ашық өткелдей. Абайдың көп жылдан бері жетсем деп тырмысып созылған арманды жағасына шығаратын өткел.
Биылғы өткен қыс бойы Абай неше алуан «тәпсірлерді» серік етіп, жалғыз табандап қадалғаны орыс кітабы еді. Аяғында осы көктемде, жаңа дүние саңылауы шын жарқырап ашыла бастағандай болған соң, Пушкинге ауысқан. Қара сөзінен бастаған. Қазірдегі өздігінен оқып, ұғып келе жатқаны – Пушкиннің ұзақ әңгімесі «Дубровский». Тілін берген «Дубровский» хикаясы өзегін де берді.
Осы таңертеңгі оңаша отырыста Абайдың бар дүниені, үй-мекенді, кең тынысты көктемді өзгеше шат, жарқын көңілмен сезуінің себебі де сол жаңа тыныс, жақын дос болған, қызық кітаптан ауысқан әсер еді. Көптен бұндай қуанған да емес сияқты.
Былтырғы жаз бен өткен қыс бойында барлық істен, сөзден безер боп, қашып жатып алып, үйден шықпай қойғанының да енді, міне, орайы қайтты.
…Абай қора салатын ұсталарымен, жұмысшыларымен және төрт-бес үй көршісімен келіп, сол жұмысын жүргіздіріп жатыр. Қораны салушылар өз жұмысын істеп жүр. Ол жақта көбінше Ербол мен Әйгерім болады. Абай бұл жолы әке-шеше ауылынан біраз ұсақ балаларды Кішкене молда деген тәрбиеші молдасымен бөлек үй көтеріп, бірге көшіртіп әкелген. Қазір көрші үйде үй салып жатқан сол шәкірттер ішінде Абайдың Ділдәдан туған балалары: Ақылбай, Әбіш, Күлбадан және кішкентай Мағаш бар.
…Кітапхананың ұзынша оқу бөлмесінде жұрт отыр екен. Абай бұл үйге кіргенде, әр үстелдің айналасында екіден, үштен отырып, кітапқа үңілген жандарды байқады. Әр жастағы, әр алуан киімді еркек, әйелдер, жас оқушы шәкірттер мен қыздар да көрінеді. «Осы шаһардағы ең бір қадірлі орын-ау!» деп ойлана қарап, жақсы бейілімен кіріп еді. Абай танитын әжімді жүзді, шоқша бурыл сақалды, жұпыны киімді қарт кітапханашы жымия күлді. Сирек бір қонағы келгендей, сыпайы пішінмен қарсы алды.
Залдың бергі шетінде мұртын сәнмен ширатқан, бұйра шашты, жылтыр жүзді чиновник отыр еді. Ол қатарындағы биік прическасы бар, сәнді киінген жас әйелге күлімдеген көзбен жиі иіледі. Бұл жерде де бозбастық дағдысын ұмытпағандай.
Сол жігіт кітапханаға Абай кіргенде, қасында отырған паң жүзді көрші әйеліне Абайдың келе жатқанын көрсетті. Залдың ішіндегі оқушының біразына естіртіп, даурыға түсіп, тұрпайы бір әзіл айтты. Ол әзілі кең шапан киіп, бұнда отырған жұрт үлгісінен басқаша көрініспен келген сахара қазағы Абайды қағытқан сөз еді.
– Бұ не ғажап! Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болған? – деді.
Абай бұл кезде кітапханашы қартқа қол беріп амандасып, өзіне керек кітабын енді атағалы тұр еді. Жаңағы тұрпайы әзілді құлағы шалысымен, чиновник жаққа салқын ызамен жалт етіп бір қарады. Чиновникке жақын отырған бірер жас оқушы оны қостап, ойсыз күліп қалған екен. Бірақ жігіттің қасындағы тәрбиелі, көрікті әйел күлген жоқ. Чиновникке тұңғиық қара көк көздерін кейіспен бұрды. Қабағын аз шытынып, жігіттің әдепсіздігі үшін қызарып кетті. Абайдың алғашқы ашуы бір-ақ сәтке білінгендей еді. Енді күлкілі мысқыл жүзбен жігітке бұрылды да, лезде жауап қатты:
– Чиновник мырза, түйе кірсе, несі бар, бұнда ол түгіл, есек те отырыпты ғой! – деді.
Чиновник бір қуарып, бір қызарды да, үні өшті. Оның қасындағы әйел шалқия түсіп, қатты күліп жіберді. Абайға соншалық мейірлі жүзбен, көз қиығымен бір қарап, бетін басып, төмен иілді. Абайдың сөзін естіген оқушының бәрі де қатты күлісті.
Таныс қартына Абай бүгінгі керегі «Русский Вестник» журналының белгілі саны екенін айтты. Кітапханашы ол журналдың кісі қолында екенін білдіріп үлгергенше, бұл екеуінің қасына орта бойлы, кең маңдайлы, қаба қара сақалды бір адам тақап келді. Ол бағанадан бері Абай кіргелі бұл кітапхананың сахарадан келген сирек оқушысына қадала қарап, аңысын аңдып отыр еді. Жаңағы Абай мен жеңілтек чиновник арасында болған өткір қағысуды да түгел естіген болатын. Қазір сол кісі Абайдың алдына келді де:
– «Русский Вестник» менде. Мен қарап болдым. Сізге бере аламын. Тек сұрайтыным, сізге ол не үшін керек еді? Қай жерін оқымақсыз? – деді.
– Ол журналда Толстойдың жаңа романы басылыпты, соны оқымақ едім! – деді.
– Сіз Толстоймен таныс па едіңіз? Неге оны ғана керек еттіңіз? – деді.
Абай бұл кісіге енді бұрылды. Жүзінен, барлық келбет-қабілетінен өзін сынап, барлап тұрған маңызды адам екенін байқады. Сыпайы жымиып, ілтипат білдірді.
– Мен Толстойды бұрын аз оқыған едім. Бірақ орыс халқының шын дана, ақылды адамы деп естимін. Сол ақылды адам қандайлық өсиет айтады екен, ұққым келеді!
Абайдың жаңа танысы журналды Абайға беріп тұрып:
– Білмек талабыңыз жақсы екен. Мен сізді бұдан бұрын, басқа бір жағдайда көріп едім. Областное правлениеде. Рас, ол кездесу қызықты жағдай емес болатын. Сізді мен сыртыңыздан бұрын да білуші ем. Бүгін мынау орында сізді көруім, шынымды айтсам, артық әсер етті! – деді. Өзінің жөнін айтып, Абайға қолын созып:
– Танысайық, Михайлов Евгений Петрович! – деді.
Абай оның қолын шапшаң алып, қатты қыса түсіп:
– Ибрагим Құнанбаев! Мен сізді жақсы білемін. Достарыңыз маған сіздің жайыңызды көп айтқан. Танысқаныма қуаныштымын! – деді.
Осыдан соң екеуі де кітапханадан шығып, Ертіс жағалаған көшемен ылдилап жүріп кетті. Шапанын желбегей салған Абай қамшысы мен тымағын артына ұстаған. Екеуі де баяу басып, әңгімелесіп келеді. Бұлардың арт жағында, Абайдың «бір орыспен сөйлесем деп, көше бойы жаяулап бара жатқанын» лайықсыз көрген Баймағамбет салт еріп келеді. Олар осы бетте су жағасындағы ақ диірменнің қасында тұрған ұзынша тасболат ақ үйге жетті. Михайлов парадный есікті Абайдың алдынан ашты да:
– Біздің үйге кіріңіз. Менің әлі сізбен біраз сөйлескім келеді! – деді.
Баймағамбет Абайдың бұл үйде отыра түсетінін аңғарды да, екі атты алып, Ертіс жағасына кетті. Михайлов көп бөлмелі үйдің сырттан кіретін есікке жақын, кең, жарық бір бөлмесінде жалғыз тұрады екен.
Бұл кездесуде осы күн кешке шейін Абай Михайловтың қасынан кете алмады. Мәжілісіне соншалық ырза болғандай ұзақ отырды.
Михайловқа Абайдың ықыласын ерекше аударатын себеп көп-ті. Абайдың бұл күнгі жиі сөйлесіп, ақыл алып сырласатын досы адвокат Андреев осы адамды мол баяндаған. Қазіргі Семей шаһарындағы орыс адамдарының ішінде ең зор ойшыл және үлкен адамгершілік тәрбиесін көрген жан деген. Андреевтің айтуынша, Михайлов Петербург, Москвадағы және Ресейдің іші мен сыртындағы, бұл замандағы орыстың үлкен ойшыл азаматтарының баулуында өскен. Өз өмірін халық, қоғам игілігіне еңбек етуге жұмсаған. Сол жолда патшалық, ұлық тарапынан айыпты жан саналып, жастайынан жазаға тартылған. Қамау-айдауды көрген кісі. Бірақ сол тартыс жолынан «қуғын көрдім!» деп азбаған да аумаған. Қайта айдау, тұтқын сапарын асыл адамдардың ортасында өткізіп, бұрынғысынан да ірі білім, өнер тауып, данышпандыққа жетіп қалған кісі. Заманы келіссе, бір халықтың маңдайына біткен ырысы дерлік. Ел қасиетін бойына жиған қадірмен азамат деген-ді.
Андреевтің осылайша таныстырған Михайловын Абайдың жүз көргені әлгі. Михайлов Абайдың бұл күнге шейін не кітаптар оқығанын сұрастырып білумен қатар, өздігімен оқудың жақсылығын да айтты, қиыншылығын да білдірді. Көп сөздері Абайдың көкейіне шәкірт жайын жақсы білетін ұстаздың тіліндей қонады. Бір кез Михайловқа әзіл етіп:
– Менің жолымдағы қиыншылықтарды айтқаныңыз сонша тура. Мысалы, көңілі жүйрік, қолы шебер сынықшы болады. Соның мертігіңді тауып, сипап отырған майда қолындай. Менің бірталай мұңымды өзіме өзім айтып көрмеген тілмен жеткізіп отырсыз! – деді.
Михайловқа Абай бұл сөздерін орысшалап айтқанда, көп тоқтап, көп ойланып, мүдіре отырып жеткізген.
Ол тоқтағанда, бұның орысша теріс сөйлеп отырған сөздерінің ар жағындағы мағынасын тез байымдап, қызығып аңғарған Михайлов күліп жіберді:
– Сіздің ұқсатуыңыз дұрыс, тапқыр сөз. Менің аңғаруым дұрыс болса, сіз көбінше бір нәрсеге теңеп айтқанда оқыс, қызық мысалдар табасыз. Оны мен сіздің Кошкинмен дауласқан жауабыңыздан жақсы аңғарған едім! – деді.
Абай өзінің тергеуінде Михайловтың болғанын енді білді. Кошкин сияқты ұлықтардың қазақ халқына ететін омырау ожар мінездерін шағым еткендей болып еді. Михайлов Абайдың чиновниктер мінезін білмейтін аңқаулығын айтып берді…
– Ол қауым сонау Петербургтен бастап, сіздің Семипалат уезіне шейін тегіс бір қалыпқа соққандай! – деп қолын бір сілтеді. – Сіз оларды өздерінің ісінен ғана түгел танып болмайсыз. Қайта-қайта Кошкинмен ұстасып кеп, әр жолда бір жарым айдан абақтыда отырып, олар мінезін біліп үлгіру аса қиын, ұзақ михнат жолы болады. Мен сізге оларды барлық тұқым-тұяғымен оңай танудың емін айтайын. Бұларды өлтіре сынап, бәріне қатал үкім айтқан Салтыков-Щедрин сияқты жазушы бар. Соны оқыңыз. Барлық өзіңіз көрген чиновниктер сырын, шынын сонда ұғынасыз! – деді.
…Өзіне осындай сенім көрсетіп, ішін ашып отырған Михайловқа алғыс та бар еді.
– Сіз маған бұрын мен баспаған дүниенің шетін аштыңыз. Соншалық сенім көрсетіп аштыңыз. Мен мына мәжілісіңізден сабақ алғандай болдым ғой! – деді.
Михайлов Абайдың иығынан қағып, аса сенгіш, таза көңіл достығын сездірді.
– Менен ғана оқымаңыз, менен ойлы, менен сыншы орыс ойшылдары бар. Солардан оқыңыз. Мен сондай адамдардың кітаптарын сізге беріп отырайын. Рұқсат етсеңіз, бұдан былай өз бетіңізбен оқуда сізге мен көмекші болайын. Оқу талабыңыз жақсы екен. Сіздің халықтан әлі оқыған жандар аз. Сізге көп білу керек. Көп шындықтарды тану шарт. Бұл жөнінде орыс кітабы үлкен достық етеді. Сенімді серігіңіз болады! – деді.
Абай Михайловтың бұған көрсеткен бейіл, ықыласына әке мейірімінен артық ырза болды.
– Мен өзімді сізге кездестірген тағдырыма соншалық ырзамын. Басшылық етем деген уәдеңіз мен үшін достық, зор достық! – деді.
Алғашқы күнгі кездесуді Михайлов бұдан соң, Абайдың орыс жазушыларын кімнен бастап, қай кітаптарын оқу керек деген байлауымен аяқтап еді. Абайға ол орыс тілінің ұғымсызын білдіретін бірнеше сөздік-лұғатты, тәпсірді өз кітабынан алып берді. Және өз қолымен жазып, Гогольдің, Лермонтовтың, Салтыков-Щедриннің, Лев Толстойдың бірнеше тілі оңай кітаптарын айтып берді. Абай осы кітаптарды дәл осы жолдың өзінде Семей шаһарында жатып оқып шықпаққа бекініп, күн кешкіріп бара жатқан шақта ғана Михайлов үйінен аттанды.
Осы күннен соң, әрбір үш күнде Абай Михайловтың үйінен табылатын болды.
…Абайдың жүрерлік кезі тақаған еді. Михайловқа бұл кездерде ол күн сайын қатынасып, жиі көрісетін. Бер жақтан қайтып, досының пәтеріне Абай енді бір келгенде, есікті Михайлов өзі ашты.
…Үлкен алақанына шалқасынан ашып салған бір кітапты оқып жүр екен. Шала амандаса сала Михайлов Абайды қолтықтап алды. Өз бөлмесіне қарай әкеле жатып:
– Құнанбаев, мен сізге орыс жазушыларынан басқа, соңғы мәжілістерімізде айтқан әр алуан білімдер саласынан да біраз кітаптар әзірледім! – деді.
– Қай білімдер саласын айтасыз, Евгений Петрович!
– Жалпы тарихтан! Европаның есею тарихынан және географиядан да, осы жыл ішінде сіз оқып, біліп шығатын кітаптар бар. Жарымын мен өзім таптым, тағы біразын Гоголь кітапханасынан, Кузьмичтен аласыз. Сіз үшін тапқызып, елге кетер жолыңызға, уақытша беріп жіберуге бөлгізіп қойдым. Соны барып аласыз! – деді. Аздан соң тағы да өзі сөйледі:
– Менің аңғаруымша, сіз тарихқа көп атсалыспаған сияқтысыз. Ол ғылымдардың анасы ғой.
…Абай Михайловтың бүгінгі мәжілісінен кейін, оны өзіне бұрынғыда да жақын көрді. Екеуін туыс ететін ағалық ойдың өрісін аңғарды.
Осы жолы Семейден бір арба қып алып қайтқан Абай олжасының қақ жарымы Михайлов көрсеткен я өздігімен тауып берген кітаптар еді.
Тәпсір – араб тілінен аударғанда мағынасын ашу, баяндау мағынасын береді.
Михнат – бейнет, азап, қиындық.
1. «Еңісте» тарауынан берілген үзіндіні оқып, композициялық құрылымына талдау жасаңдар.
2. Абай оқыған кітаптарға, шығармаларға назар аударыңдар.
3. Абай Михайловпен қалай танысады?
4. Кітапханада Абай мен жеңілтек чиновник арасында болған өткір қағысудан Абайдың қандай қыры байқалады?
5. Абай мен Михайлов диалогіне арқау болған өзекті мәселелерді атаңдар.
6. Абайдың ақындық әлемінің қуаттануына әсер еткен құбылыстар нелер деп ойлайсыңдар?
1. Негізгі кейіпкерлерге үзіндіде көрінетін іс-әрекеттеріне сүйене отырып, «Портреттік мінездеме кестесін» толтырыңдар. Жинақтау мен даралау арқылы жасалған өмір шындығын анықтаңдар.
2. Үзінді арқылы жазушының айтпақшы болған ойы не? Өзің қалай қабылдайсың? Кестені толтырыңдар.
1. Жер-су аттары мен мезгіл атауларын мәтіннен тауып, мағынасын анықтаңдар.
2. Абай мен Михайлов диалогін тыңдап, «Қазақ даласына жер ауып келген ойы озық, саясат қыспағына қарсы тұрған өжет идеяны тұтынушылармен пікірлес болуы Абайдың дүниетанымына қалай әсер етті?» деген сұрақты жұпта талқылаңдар. «Абай – ағартушы, демократ» тақырыбында өз түйгендеріңді жазып беріңдер. Уақыт – 10 минут.
Берілген сұрақтарды талқылап, ойларыңды ортаға салыңдар. Шығарманың жаңашылдығына сыни баға беріңдер.
1) «Абай жолы» роман-эпопеясының жаңашылдығы неде деп ойлайсыңдар?
2) Романның жаңашылдығын ғаламдық тақырыптармен қалай байланыстырар едіңдер?
3) «Абай жолы» роман-эпопеясының өміршеңдігі неде?
Кері байланыс. «Зерде».
Білім. Білім бойынша алған ақпараттарым.
Эмоция. Сабақтағы көңіл күйім.
Баға. Өз жетістігіме беретін бағам.
Сын. Өз бойымда нені дамытуым керек?
Идея. Маған келген жаңа ой.
«Абай» романының жазылу жайынан:
Өзім материал алған адамдардың ішінен мен Абайдың бірінші әйелі – Ділдәні атай аламын. Ол 1924 жылы өлді. Содан соң, мен Абайдың сүйікті жары – Әйгерімді жақсы білемін. Ол кісі 1918 жылы алпыс жасында қайтыс болды. Абайды бертінде көріп, оның өмірінің естелігін өз аузынан тыңдаған жасырақ адамдардың да бірқатарымен кездесіп, әңгімелестім. Бірақ олардың айтқандарының көбін мен фольклорлық сипатта қабылдадым: алыс өткенді аңыздай әсірелеп, сырлаңқырап, өзгерте өсіріп айтатын. Кейде тіпті бір нәрсе туралы бірінің айтқаны екіншісінің сөзіне қайшы келіп те жататын. Мұндайда шындықты табу мені тағы да көп ізденуге салатын.
Абай шығармаларын мен жастайымнан біліп өстім. Атам Әуез Абайдың досы еді; ол кісі біз сияқты немерелеріне ақынның өз өлеңдерін де, аудармаларын да көп оқытатын. Әсіресе Абай аударған Татьяна жанының нәзік сырын, оған Онегиннің жауабын жаттататын. Біз болсақ, Татьяна кім, Онегин кім – онда жұмысымыз жоқ, атамыздың айтқанын істеп, жаттай бердім. Абайға ықыласым ерте түсуге осы жайлар себеп болды. Бірақ орта мектепте оқып жүрген кезімде де, Ленинград университетіндегі студенттік жылдарымда да Абай жөнінде алдыма қойған пәлендей мақсатым болған жоқ.
Мұхтар Әуезов, 1959 жыл
ПРОТОТИП (грекше рrоtоtуроn – түп, төркін, бейне) – әдебиет шығармасындағы кейіпкердің бейнесін жасауға тірек, негіз болатын өмірде болған адам, яғни өмірде бар бастапқы, түпкі тұлға.
Шығармадағы кейіпкер мен уақиға нағыз өмірден алынғанда да, олар қаламгердің өмірлік тәжірибесімен, бұрынғы көрген-білгендерімен ұштасып, оның қиялында туған сезім-әсерлермен сабақтасады.
Өйткені өмірден көрген сол кейіпкер мен уақиға жазушының жанына жақын болмаса, ой-қиялымен, арман-мақсатымен жанаспаса, ол тіпті соларға елеңдемеген, мән бермеген де болар еді. Сөйтіп әдеби кейіпкердің тұлға-бейнесі, образы нақтылы бір прототипке негізделіп жасалғанымен, әдебиетке, көркемөнерге тән типтендіру, жинақтау принциптеріне сәйкес және жазушының нақтылы шығармасындағы идеялық нысанасына орай сомдалып, өзгеше сипат алады. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абай образын алсақ, көркем образдың іріленіп, типтік сипатқа ие болатынын көреміз. Шығарманың кейіпкері әдебиетте бұрыннан белгілі көркем тұлғаға негізделіп жасалса, оны да прототипі бар образ деуге болады. Мысалы, пьесадағы немесе кинофильмдегі белгілі эпостық жырына негізделіп суреттелген, прототипі (түпкі тұлғасы) бар образ.
Зәки Ахметов