БИІКТЕ
(Татьянаның сахарадағы әні)


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.3.2.1 көркем шығарманың жаңашылдығын ғаламдық тақырыптармен байланыстыра отырып, сыни тұрғыдан баға беру.

  Тірек сөздер: іздену уақыты, ән, ән мен сөз үйлесімі, Татьянаның қазақша әні.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – үзіндіні оқып, автор бейнесі туралы теориялық ұғымды қайталау;
  – автор идеясын анықтау;
  – үзіндіде берілген ғаламдық тақырыпты табу;
  – көркем шығармаға сыни баға беруге дайындалу.

  Бірнеше жыл өтті. Абай үшін бұл еңбек мезгілі, өнер іздеу дәурені болған. Оқу менен жазу оның ендігі тірлік тынысы тәрізді.
  Бұл күндегі Абай ақын атын анық алған. Сол ақындық еңбегін енді халыққа етер азамат қарызы деп біледі.
  Соның орайына, қазіргі заманда Абай айналасына жиылған жас өнерпаздар да көп. Абай ендігі шығарған жырларын әрдайым жазып айтады. Сол жазғандарын жаттаушы, әнге салып айтушы, жұртқа таратушы іні, достары жаңағы жас серіктерінің арасынан шыға бастаған.
  …Таңертеңгі шайдан соң, үй іші де, қонақ атаулы да тысқа шығып кеткен. Қыстың бір ашық күні екен. Абай үлкен бөлмеде оңаша отырып қапты. Алдында кең, дөңгелек, аласа үстел тұр. Абай біресе сол үстелге шынтақтап, біресе алақанымен мықынын таянып, үнсіз отыр.
  Ішінде ой шырағы жанғандай боп, салмақпен қараған көздері анда-санда қарсыдағы терезеге қадалады. Күн түсіп тұрған қарлы адырға ұзақ-ұзақ қарай түседі. Өзінше бір мығым күшпен, ұғымсыз бір мұңмен жұмырлана бүгілген төбе-төбелер.
  Биылғы қыс – ел сөзінен, тынышсыз жүрістерден Абай өзін босатып алып, үйде көбірек орнығып отырған қысы. Көп өлең жазылған жылдың бірі де осы болатын. Сондай өзімен-өзі боп толғана ойланған уақыттарында көз алдына көптен-көп оралатын осы адырлар. Бұлар күн райына қарай әртүрлі ажар көрсетеді. Ақындық шабыт кейде осы адырмен көп сырласқандай болады. Бұлты сұрғылт күні ол адыр күн шуағын сағына мұңданады. Ашық күні жылы, жарқын жазын көксегендей көрінеді. Жеткізбес арман жеңсігі жеңген адыр.
  Қазір Абай сол адырдың жадыраңқы бір қабағын көргендей болды. Қоралы қойдың алды солай қарай өріп барады екен. Сарылып, сазарған үнсіз адыр енді тас басында жүріп шырқаған қойшы әнінен сергіген сияқты.
  Абайдың осындай боп үндемей ойланып қалған кездерін қабағынан танитын жолдасы бар. Ол – мұндай шақтарда үндемей, көп қозғалмай отыратын Баймағамбет. Қазір, тіпті қарап отырмас үшін ол Абайдың тобылғы сапты сарбас қамшысына бүлдірге тағып отыр. Анда-санда Абайға қарай түсіп, өз жұмысын істейді.
  Сондай бір нәрсені бұйырар деп күтіп отырғанда, Абай Баймағамбетке шұғыл бұрылып, жалт етіп салқын қарады да, үйдің сол жақ бұрышына қарай қол созып, үн қатпастан, бір нәрсені «әкел» дегендей белгі етті.
  Баймағамбет оның нені керек қылғанын түсінді де, шапшаң тұрып барып, үстелдің үстіне екі үлкен кітапты әкеп қойды.
  Абай бір кітаптың бетін ашып, өзіне керек жерін тапты да, сол беттерге қарап, шалқайыңқырап, біраз бөгеліп отырып қалды. Көзі екінші кітапқа да түсе береді.
  Бұл екі кітап – осы ауыл, өлкенің Абайдан басқа көп жанына әлі тілімен де, сырымен де ұғымсыз кітаптар. Тек Абай көңіліне ғана құрметті боп алған екі ақынның кітаптары. Ол жатқан – Пушкин мен Лермонтов.
  …Мынау екі ақын Абайға көп кезде бірге туысқан аға, інідей көрініп қалады. Сол теңеу бұл екі атты Абайға осы өз ортасы, өз айналасындағы адамның арасындай жақындата көрсетеді.
  …Басында ақылы мен ашуы шарпысып, кезек жеңісіп барып, ақырында сыншы – кемел ой жеңсе де, шерлі көргіш боп алып, тына жанған аға бар. Сол ағаның дертін көріп «тынғаннан не тауып ек?» деп ызасы мен қызуына бой ұрып, жұлысып өлген іні бар. Сол аға – Пушкин. Сол іні – Лермонтов. Кейінгі ұрпаққа, барлық ел, барлық заман, бар қауымдағы ойлыларға атой салып, өмірлері шырақша жанып өткен аға, іні… Абай ойлана отырып, Татьяна хатына үңілді.
  – Неткен айтқыш тіл! Тіл емес, жүректің лебі. Лүпілдеп соққан ырғағы. Қандай нәзік тереңдік! – деп отырып, кітап бетінен көзі тайқи бере:

– Ғашықтық тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл… –

деді.
  Татьяна хатының ырғағы мен нәзік үніне өз жанынан үн қосқан бір жолдарды еске алды.
  …«Евгений Онегиннің» осы беттерінің арасына салып қойған хат бар.
  Семей кітапханасына барып, он шақты кітап әкелген Баймағамбет осы хатты бірге әкелген. Білімді досы Михайлов Абайдың «Евгений Онегинге» сүйсініп жазған сәлеміне жауап айтыпты.
  … Көзі жасаурай, ерні жыбырлай отырып, Ақшоқының қос биіктеріне анда-санда көз тастайды. Бірақ қараған нәрсесін бұл халде көріп отырған көз емес. Ол – қазір ойдың көзі. Тербеле толқыған ақын толғауының көзі. Қолы ішек пернені термелеп, жебелей береді. Кешке жатарда да осы бір сарынды алыс бір ызыңдай зейіні шалып қап еді.
  Қазір сол саз есіне де, домбырасының ішегіне де тап түсіп, орала кетті. Тағы да тарта отырып, ақырын үн салып күңіреніп көріп еді, келген екен.

Амал жоқ, қайттым білдірмей,
Япырм-ау, қайтіп айтамын? –

деген екі жол, Татьяна сырының басы іркіліп тұрып, шешіле бастаған сияқты. Тағы да, тағы да… Біресе шынтақтап жантайып, біресе тез қозғалып, құшырлана малдасын құрып ап, арлы-бері тебіренеді. Қос ішек бірде баяу басса, біресе шұғыл, қатаң үндерге ауысып, асып қайтып отыр. Соңғы екі жол қымбатқа түсті. Бірақ о да оралды. Татьяна хатының үш аузын мүдіртпей айтып өтті. …Енді бірде қатты, бірде баяу тартады, ұмытылмайтын сияқты. Бір сәтте артына қарай, барлық мол денесімен шұғыл айналып бұрылып қалды. Жүзі әзіл-мысқыл ажарымен жарқ етіп барып, жылы қарап, Баймағамбетке:
  – Өй, сен неғып отырсың, не білдің? – деді.
  Баймағамбет Абайдың шұғыл өзгерісінен біраз дағдарып қап, бүлдіргесі тағылып болған тобылғы сапты сарбас қамшыны алақанына салып отырып:
  – Мынау еді, Абай аға! – деді.
  – Мен не ғып отырмын, оны сездің бе?
  – Сіздің ойыңызға бір орыс күйі түсті ме деп отырмын.
  – Ә, олай болса, о да білгенің екен. Бар, ендеше! Кішкене молданы шақырып кел! – деді де, өзі тағы да жаңағы ырғағын тарта жөнелді.
  Баймағамбет тұрып есікті ашқанда, ар жағында тыстан қайтып келе жатқан Әйгерім көрінді. Оның артында бөгде кісілер сияқтанған бірнеше адамның басы байқалады. Қолдарында қамшылары, белдері буулы, беттері біраз аяздаған адамдар. Өңшең тон, шекпен кигендер екен. Алдыңғы бір-екеуі Тобықты үлгісінен бөлек, шошақ төбелі, алты сай Уақ тымағын киген адамдар. Соны Абай көзі шалып болғанша, Әйгерім де, бұл кісілер де үйге кірді. Абай домбырасының үнінен ойын үзген жоқ еді.
  – Түу, аяз келді-ау! – деді.
  Әйгерім тіксініп қап:
  – Аяз жоқ қой, Абай-ау! Тіпті, бүгінгі күн май тоңғысыз! – деп таңдана қарады.
  Абай:
  – Ә-ә, рас, аяз екен десем, сендер екенсіңдер! – деді де, шет елдің кісілерімен амандасты.
  Әйгерім Абайдың талай жұмбақ сөзінің бірі екенін аңғарды да, күлімсіреп тұрып, түкпір үйге қарай кетті.
  Сөйткенше, қарсы үйде бала оқытып отырған Кішкене молда да келген еді. Абай соған қарап елең етті:
  – Татьянаның хатын көшіріп пе ең? Енді ол ән салатын болды ғой, білдің бе? – деді.
  – Онысы афзал болған екен, көшіріп қойып ем.
  – Ендеше, Мұқа мен Мағашқа хат жазып жібер. Екеуіне «Татьяна сәлем айтыпты, бізбен де таныс болсын» депті де! Мына Мұхаметжан қалаға бара жатқан шығар, сол сәлемін ала барсын! – деді.
  Үй ішінде тымақ, белдігін шешпей отырған бөгде қонақтар бұл сөздер не сөз, кімнің жайындағы сөз екенін ұққан да жоқ, ұғайын деп елең етіп, селт еткен де жоқ. Жалғыз-ақ, осылармен бірге кіріп, Абайдың төменгі жағынан кеп отырған Мұхаметжан бар еді. Кішкене молдамен қатар, Абайдың жаңағы сөздеріне құлағын түре тыңдаған сол ғана. Сұлу қызыл жүзді, қой көзді Мұхаметжан расында да қалаға бара жатқан.
  Ол өзінің жөнін сұрамай сезген Абайға біраз таңданумен бірге, жаңағы хат пен өлең жайын шын білгісі кеп отыр. Мұхаметжан да Мұқа сияқты жақсы әншімін деген жігіт. Оның үстіне бұның өзінің де анда-санда өлең шығаратыны бар. Соңғы жылдары Абайдан тараған өлеңнің бәрін көшіріп алып, жаттап айтып жүретін Абай айналасындағы жас достың бірі. Ол қазір сыртқы киімін шешіп жатып:
  – Абай аға, бұл ән салып жатқан кім болды? – деді.
  Абай домбырасын қайта ұстап, «Татьяна хатының» алғашқы үш аузын әндетіп айтып берді де, енді қайтып бұл жайдан сөйлеспеді. Әлі күнге үнсіз отырған қонақтардың шаруасын сұрады.
  Жаңағы бір айтқаннан Абайдың әнін үйрене алмай қалған Мұхаметжан ән ішіндегі сөздің төркінін жақсы сезген. Бұл күнге шейін Абай шығарған өлең мен әннің барлығын білем деп жүрген Мұхаметжан мына сөзді бұрын естімеген болатын. Абайдың жаңағы аңғарына қарағанда, бұны өзге жастар да білмейді екен. «Маған жаттап біліп алып, соларға айтып бар дегені екен ғой», – деді де, енді өлеңін де, әнін де әбден білмек болды.
  Мұхаметжан – Абайдың туысқандарының бірі. Жасы кіші болғандықтан, Абай өзі айтып бермесе, «тағы айтып беріңізші» деп сұрай алмайды. Қазбалап тақымдай бергенді Абайдың жақтырмайтынын да біледі. Сондықтан: «Бүгін Абай ағамның түстігіне қалайын да, осыны біліп кетейін!» – деп қарсы үйге кеткен Кішкене молданың артынан жөнелді. …Абай Татьяна әнін қайта іздеді:

– Амал жоқ, қайттым білдірмей…

  Домбыраға ыңырана қосып көріп еді, бағанағы ән әлі де жоқ, мүлде ұмытылған. Сөйткенше, қарсы үйден шыққан бірталай кісі тағы үстіне кірді.
  Бұлар Кішкене молда, бағанағы Мұхаметжан екен. Және осылардың алдында тоғызқұмалақтың ағашын бір қолына ұстап, тері дорбашадағы тастарын бір қолына алған Көрпебай кіріп келе жатты.
  Келгеніне үш-төрт күн болса да, Көрпебай Абайға тоғызқұмалақтан әлі жөндеп ұтқызған жоқ. Соңғы күндердің бір қатты бәсекесі боп алған ойын бар. Кейде таңертеңгі шайдан түстікке шейін ойнағанда бір ойынды тауыса алмай айырылысатын. Кеше кеш бойы Абай кітап пен жазу үстінде болды да, ойы үзіліп қалған. Енді Көрпебай «тоғызқұмалақ» ағашын алып кіргенде Абай: «Тағы алаң кірді, қоя тұрайын», – деп Пушкин томының беттерін жауып қойды. Көрпебайға:
  – Құр, кешегіңнің есесі енді қайтпаса, сен ағалап тұрсың! – деді.
  Сары сүйектен істелген жылтыр, жұмыр «құмалақтар» ұядан ұяға тоғыз-тоғыздан сырт-сырт түсіп жатты. Абайдың ұяларын да Көрпебай толтырып жатыр. Мұның қолы ағаш үстінен жүргенде лыпыл қағып, қалқып жүрген сияқтанады. Ұяларға санап түсіріп жатқан тастарды қандай қозғалыспен бөгелместен дәл түсіріп жатқанын байқау қиын.
  Абайдың кейбір қыстарда, үйде отырып қалғанда әдейі шақыртып алып, жиырма күн, бір айдай табан аудармай ойнап қалатын кісілерінің бірі Мақыштың Смағұлы не Марқабай болса, тағы бірі – осы Көрпебай. Ішінде Абай бар – осы үш-төрт ойыншы – бұл атыраптағы басқа ойын-шылардан озып, ағалап шыққан және өзара бәсекесі күшті ойыншылар.
  Абай мен Көрпебай ойынға кірісті. Басында үш-төрт кезекте, машықты бастаулар бойынша екі жағы да тез-тез жүріп барып, екі-екі ұядан тас алысты. Әлі тұздық алысып, беріскендері болған жоқ. 
  Қазірде бұл ойынға Мұхаметжан, Кішкене молда, Баймағамбет те қадала қарап отыр. Мұхаметжан бағана, қарсы үйге барған бетінде, Абайдың өзі жазған қағаздан Татьяна хатын түгел көшіріп бір алып, артынан Кішкене молдамен салыстырып, бірге оқып шыққан-ды. Молда бұл өлеңді көшірумен бірге, жаттап та алған екен.
  Жат үн, жат тілді Татьяна бұрын бұлардың Абайдан да есітіп көрмеген зарымен шерленді.
  – Соны сөз деген осындай-ақ болат та! – деп қадалады. Абай әлі де үн қатпай, Татьянасын ұмытқандай боп, Көрпебаймен аңдысуда отыр. Мұхаметжан алғашқы екі ауыз өлеңді жаттап та алды.
  Енді құмалаққа қарай түсіп, домбыраны қолға алып, ақырындап тартып, ішінен «Амал жоқ, қайттымды» өзі білген әнге қосып көріп еді. Әзірге ол әндерге қосылмай жатыр. Өзінің атақты әні «Ақ қайыңға» салып көрді, «Топайкөкпен» де жағалатты. Созылмайды, көнбейді.
  Баймағамбет мұның нені іздеп отырғанын ана үйде-ақ есітіп келген. Енді Абайды осылай аударып көрем бе деп жағалатып, Мұхаметжанға:
  – Немене, Татьяна «Ақ қайыңды» білгісі келмей ме, қалай? – деді.
  – «Ақ қайың» ғана емес, тіпті біз білген әнге жуысайын деп тұрған Татьяна көрген емен.
  – Бәйіт, терме сияқты келте, шолақ әнге тез келе ме дейім! – деп, Баймағамбет Абайға тағы қарап қойды.
  Абай бұлар сөзіне енді ғана көңіл бөле бастап:
  – Солай деймісіңдер! Татьяна болса, ол «Ақбала» да болмас, Бағдат, Мысырдан бәйіт те тілемес! – деп бір қойды да, көңілденіп, көтеріңкіреп алып, бір рет көшіп кеткенде соңғы тасы тарс беріп Көрпебайдың орта ұясының біріне түсе қалды. Сөйткенде, Абай мәз болып, мол денесі селкілдеп қатты күле жөнелді. Көрпебай сасып, қабағын түйіп, томсарып қалды.
  Алғашқыдай емес, қасында отырған жігіттердің нені тілеп отырғанын Абай енді аңғара түсіп:
  – Баймағамбет-ау, Татьянаның бағанағы салған әнін енді қайта айтпай отырғанын көрдің бе? – деп Мұхаметжанның домбырасына қол созды. Мұхаметжан домбыраны ұсынып, тізесінде жатқан қағазына үңілді.
  Абай бұл жолы тартып жөнелгенде, таңертеңгі ән қаз-қалпында қайтадан шапшаң ғана орала кетті.
  – Жоқ, енді айтқысы келген екен, – деп сүйсіне күле түсіп, – былай депті ғой! – деді де, үн қосты. Өз аудармасының екі ауызын айтып өтті. Сол екінші өлеңі біте бергенде, түкпір үйден келе жатқан Әйгерім көрінді. Ол Абайды таңдана тыңдай кеп, қасына отыра берді.
  …Әйгерім Мұхаметжанға бұрыла қарады да:
  – Кәні, ол қандай ән екен? Талайдан үніңді естігеміз жоқ, түстік жеп аттанарсың, өз ұққаныңды айтып берші! – деді.
  – Ойбай-ау! Өзім де бір-ақ есітіп, ұстай алмай, «дәт» деп қап отырғам жоқ па, жеңеше-ау, – деп Мұхаметжан домбыраға жаңағы әннің бас қайырмасын тыңқылдатып көрді. Келмей жатыр. Абай бұл кезде өз кезегін жүріп, сәл босап отыр еді.
  – Жоқ, теріс тартып отырсың, – деп домбыраны қайта алды. Жаңағы әнін үш-төрт қайырып тартып өтті. Мұхаметжан енді домбыраны қайта алғанда, іркілместен қатесіз тарта жөнелді.
  Сол арада жаттап алған алғашқы екі ауыз өлеңді әнге де салып жіберді.
  – Айта түс! – деді Абай.
  Рұқсат алып алған Мұхаметжан өзінің зор, таза үнімен енді шырқап айта жөнелді.
  Тізесінде жатқан жазуына көз қиығын тастап отырып, барлық Татьяна хатын іркілмей айта берді. Тоғызқұмалақ тоқталып қапты.
  Абай міз бақпай, кірпік қақпай тыңдайды. Ол қазір Ақшоқы биіктеріне көз жіберіп, Татьянаның наз-наласына ұйығандай. Өңі өзгеріп апты. Өзі сөйлеткен сөз, өзі жырлатқан әуен ең алғашқы рет әрі жас, сұлу, әрі әсем нақысты әншінің көлденең үнімен айтылғанда, енді Абайдың өзін де қатты толқытады.
  …Бұның ажарын байқап, үйдегінің бәрі де қыбыр етпей, Мұхаметжанның жүзіне ғана қарап қалыпты. Қазақ әні емес. Бірақ сондай бір мұңлы шермен, ұғымды күймен ырғалған майда қоңыр, назды қоңыр толқын кетті. Мұхаметжан «енді айырылып қалмайын, жадыма тоқып алайын» дегендей боп, тоқталмай айтады. Өз көңілі де елжірей сүйінгендік танытады. Татьянадай жасты көз алдында көргендей боп, терең сезініп, ұғынған сияқты. Осы әнінің үстінде ұғынды. Әнін тоқтата бере:
  – Тал бойыңды ұйытқандай, сорлы шерменде екен, ә! Мұны осыншалық күңіренте күйзелткен қандай ғана жан екен, Абай аға?! – деп Абайға қарады.
  Тыңдаушы өзгелер де бұл сұрауды аса орынды көргендей. Бәрі де Абайдың жауабын күтті. Өзгеден жеңілдеу, шапшаң сөйлейтін Кішкене молда:
  – Е, оны айтқызып отырған Фошкин ғой! – деді.
  Мұхаметжан бұның қазіргі киліккенін жаратпай қалды.
  – Қоя тұрыңызшы, молдеке, Фошкин демей. Тіпті, сол ақынның аты да сіз айтқандай емес!
  Кішкене молда тағы да шапшаңдап:
  – Е, енді қалай екен? Мен бек дұрыс айтам, солай!
  – Жоқ, Абай ағам Пушкин дейтін сияқты еді! – деді де, Мұхаметжан Абайға қарады.
  Абай Пушкиннің өмірін, өлімін қысқа баян етіп беріп, «Татьяна хатына» қайта оралды. Мұхаметжанның жазбасын қарап, ойланып, кей жерін түзей отырды.
  …Сол күні Абайдың үйінде түстеніп алып, Мұхаметжан Семейге жүріп кетті. Абай бүгінгі кеш бойы Пушкинді тағы да қайта оқумен болған. Бүгінгі күні анда-санда алаң еткен уақ жайлар болса да, Абайдың Пушкинге оқушы ғана емес, ақынша жақындасқан күні. Туысын тапқандай боп шабытты үн қосып толғана бой ұрған күнінің бірі. Түнде кеш піскен еттің алдында Пушкин томын жауып жатып, Абай үй ішіне естіртіп бір сыр айтты:
  – Дүниеге көзімді аштың-ау, Михайлов, қандай қазыналарға мені жетектеп әкелген едің!.. Енді менің қағбам орнынан көшіп күншығысым – күнбатыс, күнбатысым күншығыс боп барады! Солай болса, болсыншы! – деді.
  Ас ішіп болған соң, үйдің іші жатпай, күндегі әдет бойынша «Абайдан тағы бір әңгіме шығар ма екен» дегендей боп, ұзақ отырды. Алдында шам жаққаннан асқа шейін кітап оқыған Абай, енді үйдегі жиын көңілін ескеріп, әсіресе бұның әңгімелерін телміре күтетін, бүгінде атақты ертекші боп алған Баймағамбетті ойлап және Әйгерімнің де үнемі құрметпен ден қоятын күйін еске алып, енді бір тың әңгіме айтып бермек болды.
  Сонымен түн ортасына шейін міз бақпай, қадала қарап, бұны тыңдаған мәжіліске осы кеште Абай француз жазушысы Александр Дюманың атақты романы «Үш мүшкетерді» қызық әңгіме етіп, ұзақ баяндап отырды.

   Бүлдірге – қамшы, сойыл, шоқпар сияқты қол қаруларының сабына тағылатын қайыс не былғары таспадан түйілген тұйық бау, ілмек. «Бүлдірге» сөзінің түп-төркіні буын және ілдіргі (буынілдіргі – буілдіргі – бүлдіргі – бүлдірге) сөзінен түзілсе керек.
  Кемел ой – толысқан ой, толық ой, өз биігіне жеткен ой.
  Тұздық алысу – «Тоғызқұмалақ» ойынында тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде қарсыластың екі құмалағы бар отауына таратқан құмалағыңыздың соңғысын түсіру керек. Тұздық ойында бір рет алынады және №9 отаудан ешқашан алынбайды. Тұздық аттас отаулардан алынбайды.

  1. Үзіндіде жалпыадамзатқа ортақ қандай мәселе көтерілген?
  2. Үзіндідегі негізгі идеяны айқындайтын сөйлемдерді тауып жазыңдар. Негізгі ой туралы жұбыңның пікірін тыңдап, пікірлеріңді білдіріңдер.
  3. Жазушы Абай шығармашылығындағы орыс әдебиетінің ықпалын қалай суреттеген?
  4. Абай Пушкин поэзиясымен қалай табысады?
  5. Қос ақынның үндестігін жазушы қалай танытқан?
  6. Кейіпкерлердің сөйлеу тілі, іс-әрекеттерін сипаттайтын сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді теріп жазыңдар.


  1. Жазушының шығармадағы кейіпкерлер арқылы баяндағысы келген құндылықтарын анықтаңдар.

  2. Берілген сөйлемге назар аудара отырып, Абай аударған Пушкин шығармаларын түпнұсқамен салыстырыңдар. Абай мен Пушкин шығармаларындағы ортақ идеялар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтап жазыңдар.
  «…Абай Пушкиннің өмірін, өлімін қысқа баян етіп беріп, «Татьяна хатына» қайта оралды. Мұхаметжанның жазбасын қарап, ойланып, кей жерін түзей отырды».


  1. Жазушының үзіндідегі Абайдың аударма саласындағы өзіндік ұстанымдары мен шеберлік үлгісі туралы пайымдауларын тауып, топта талқылаңдар.
  2. Абайдың Татьянаны қазақша сөйлетуінің сыры неде деп ойлайсыңдар? Ойларыңды «Төрт сөйлем» әдісімен жеткізіңдер.


  Романның жаңашылдығын ғаламдық тақырыптармен байланыстыра отырып, сыни тұрғыдан баға беріңдер.

  Кері байланыс. «Сауалдар кестесі».


  Классикалық қазақ әдебиетінің үздік үлгісі саналатын «Абай жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов әлемдік деңгейдегі көркемдік үрдістерді терең пайымдай отырып, сахара төсіндегі ұлттық ортаға тән тіршілік өрістерін неғұрлым шынайы диалогтік қарым-қатынастар ауқымында дәл, нақтылы бейнелеуді мұрат тұтты.

Бақытжан Майтанов

×
×

Корзина