Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі (жалғасы)

Кейіпкерлердің іс-әрекетіне өз көзқарасымды білдіремін.

1. Мұғалімнің көмегімен түсіндір.

Адамға ақыл керек, іс керек, мінез керек.

Абай Құнанбаев

2. Осы пікірді ескергенде Б. Соқпақбаевтың «Компас» әңгімесіндегі оқиға қалай жалғасады деп ойлайсың? Болжа. Көз жүгіртіп, өз болжамыңмен салыстыр.

Компас (жалғасы)

  Бодан жетісіп келе жатыр. Қолында компас. Әлгінде оны ұстап көру дәреже болса, енді өз билігінде: «Бәлем, Қанат, сат дегенде сатпай қойып едің. Енді қайтер екенсің!»
  Бір кезде Бодан көкірегінен біреу түйіп қалғандай оқыс тоқтады. Жүзіндегі қуаныш сәулесін лезде ұнамсыз ой көлеңкесі басып барады. «Не істеймін бұл компасты? Ешкімге көрсете алмаймын. Біліп қояды. Ұры атанам».
  Әкесінің қатал мінезі де Боданның көз алдына келе қалды. «Балам, адал бол! Біреудің ала жібін аттама!» деп, ертелі-кеш айтып отыратыны қайда? Ұлының мына қылығын біле қалса, ол – аспанды тастап жіберуден тайынбайтын адам. Боданның маңдайына шып етіп суық тер шыға келді. «Енді қайттім? Неге алдым?! Түсіп қалған заматта өзіне неге айтпадым? Әлде жан адамға көрсетпей, тығып ұстап жүрсем бе екен? Бірақ онда мұның қызығы бола ма?»
  Осындай сапырылысқан мазасыз ой үстінде Бодан қолындағы компасты аудара-төңкере қарап, біраз тұрды. Сау басына сақина тілеп алып, енді содан құтылатын жол іздеуде. «Ұры, ұры!» деген жексұрын бір сөз құлағынан кетер емес.
  – Жоқ, мен ұры емеспін, әдейі ұрлап алған жоқпын. Түсіп қалған жерінен тауып алдым, – деп, ол өзін-өзі ақтамақ та болады. Бірақ та бұл сөздің жалған екенін іші сезеді, жиіркенеді. Қолындағы компас Бодан үшін енді жабысқақ пәлеге айналды. Одан қалай еткенде де құтылып болмай, жаны жай табар болмады.
  Бодан су бойымен жар жағалап келе жатыр. «Тынышынан осыны суға лақтырып жібермеймін бе? Кім біліп жатыр?»
  Осы ойы қаншалықты тапқырлық болыпкөрінгенімен, Бодан компасты жоқ етіп жіберуге қимады. Енді не істеу керек? Тауып алдым деп, Қанаттың өзіне қайтарып берсе ше? Бірақ ол бұған сенеді деймісің? Бағана осыны сатшы деп, Боданның қадала сұрағаны бар ғой. «Өй, қу, қызығып, ұрлап алдың. Сіңіре алмайтын болған соң, өзіме беріп отырсың» дер.
  Бодан үйге келді. «Сен немене, бірдеңе істеп қойған сияқтысың ғой» деп, бәрі оған сезіктеніп қарайтын тәрізді.
  – Неге көңілсізсің, бір жерің ауырып тұр ма? – деп сұрады анасы.
  – Ішім ауырып тұр, – Бодан өтірік айта салды.
  – Неге ауырады? Қалай ауырады? Қай жері? Бірдеңе жеп пе едің? Не ішіп едің? – деп қамқор ана бәйек болып жатыр.
  – Білмеймін. Жай… Мына арасы ақырын ауырады… Енді басылды (Боданның әкесі бұл кезде үйде жоқ еді, жұмысында болатын).
  Алты жасар қарындасы Мәкетай Боданға еркелеп келді.
  – Аға, қайда бардың?
  – Тоғайға бардым.
  – Маған бүлдірген әкелдің бе?
  – Бүлдіргенге барған жоқпын, жай шомылуға бардым.
  – Алдайсың. Қалтаңды көрсетші. Бірдеңе томпияды ғой.
  Боданның жүрегі су етіп, бойы одан бетер мұздап кетті.
  Шиқанына тигендей шошып:
  – Ештеңе де жоқ, – деп, Мәкетайды бойына жолатқысы келмеді. Ерке қыз бұған көнер емес.
  – Әне, әне, көрсетші! – деп, компас жатқан қалтаны нұсқайды.

  – Бүлдіргенді кісі қалтасына сала ма екен? – деп, Бодан ашу шақырғандай түр көрсетті.
  – Енді, анау не?
  – Бұл – асық.
  – Асық емес, дөңгелек бірдеңе ғой. – Мәкетай мына сөзімен Боданның құпиясын әшкерелеп қойған тәрізденді.
  – Жоғал әрі! – Бодан оның қолын тұрпайықағып жіберді де, сыртқа зытып отырды.
  Ел көзінен аулақтап, Бодан тағы да су бойына келді. «Не істеу керек бұл компасты? Анау жардағы торғай ұяларының біріне тығып қойсам ба екен? Онда не болғаны? Немесе әлгінде өзіміз шомылған жерге қайтадан апарып тастасам ба екен? Қанат, мүмкін, іздеп келіп, өзі тауып алар?»
  Осы кезде Бодан тоғайдан шұбап шығып келе жатқан балаларды көрді. Қолдарында теріп алған бүлдіргендері бар тәрізді. Әлденеге асыққандай, ентелей басып келеді. Боданның жүрегі аттай тулап кетті. Балалар оның арамдыққылығын біліп қойып, өзара соны сөз етіп келе жатқан секілденді. «Енді қайттім? Не істедім? Суға лақтырып жіберіп құтылу керек». Бұдан басқа ешбір жол қалмаған тәрізді.
  «Лақтыр! Лақтыр! Жұтып алып, зым-зия жоқ етейін. Күйзеліп тұрған жаныңды сөйтіп жай тапқызайын» дегендей, өзен суы шымыр-шымыр толқындап, сылқ-сылқ үн қатады.
  Бүлдіргеннен қайтқан балалар жақындап қалды. Ең алда Қанат келе жатыр. Қасындағы балаға әлденені дамылсыз сөйлеп, әбігерленіп келеді.
  Бодан қолындағы компасты суға қарай лақтырып жіберді… Әдемі компас күнге шағылысып барып, шолп етті де, жоқ болды. Бітті.
  Содан онымен қоса жүрегін де лақтырып жібергендей, аса бір ауыр халде мәңгіріп, тұрып қалды.

Бердібек Соқпақбаев

  Адам баласы өмірде әр алуан жағдайға кездеседі. Оның қуанып, шаттанатын да, ренжитін, қайғыратын да кездері болады. Міне, осындай кейіпкердің ішкі жан дүниесін жазушы кейде кейіпкердің өзімен-өзін сөйлестіру арқылы береді. Мұны монолог деп атайды.

3. Мәтіннен Боданның ішкі ойларын тауып, теріп оқы және соған сай мінездеме бер.

Енді қайттім? Не істедім?
Суға лақтырып жіберіп құтылу керек.

өзіне сенімсіз

4. Жазушы монологті не үшін қолданған? Түсіндір.

5. Боданның орнына өзіңді қойып, образға еніп көр.

Мен Боданмын. Компасты ұрлап алған жоқпын. Ендігі шешімім мынандай: …

6. Суреттерді пайдаланып, оқиғаны жалғастырып әңгімеле.

×
×

Корзина