Тірек сөздер: үш күндік жол, бала шәкірт, ауыл, әке, әже, аналар.
1
Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды.
Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста өзі оятып тұрғызып еді.
Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзіне таныс Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады.
Арттағылар – Байтас пен жорға Жұмабай:
– Мына баланың ауылға асығуын-ай!
– Сорлы бала қыстай ішқұса болып қалған-ау, – деседі. Бала шәкірт ұзап кеткенде, бұлар да еріксіз желе шоқырақтап шауып отырып, қуып жетеді. Жорға Жұмабайдың тақымында қара шоқпары бар. Байтастың да аяғының басына ілген ұзын қайың сойылы бар-ды. Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар баланы жеке шабудан тежеп:
– Енді бізден ұзап кетпе! Анау Есембайдың жырасын білесің ғой!.. Ұры жатады… – деді.
– Сені мен бізді манадан көріп отыр! «Қоқырақтап жалғыз шабатын неме екен, түсіріп, атын әпкел өзінің!» дейді де, сені төбеден бір-ақ нұқып, мына бәйге бестіңді алады да, кете барады, – деді Жұмабай да.
– Е, сендер ше? Сендер беріп жібересіңдер ме?
– Ойбай, бізде не қауқар бар? Біз екеу-ақ…
– Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман, – деп Жұмабай шошыта сөйлегісі келеді.
Баланың қытығына тиетіні осы жері.
– Әйтеуір, сендерден дәрмен жоқ екен. Ендеше бірге жүрдім не, жеке жүрдім не? Ал кеттім! – деп соқтырта жөнелді. Бұл Тақырбұлақтан өте бергенде бастағаны еді.
Содан жаңағы қауіпті деген Есембайға жеткенше, артына бірде-бір қараған жоқ. Көз ұшына кетіп ұзап алып, ылғи жапа-жалғыз шауып отырған.
Жолдың бұл тұстары ылғи белес-белес болатын. Осы қазіргідей боп жұрт Шыңғысқа, жайлауға қарай көшкенде елсіз боп қалатын жер. Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. Тақ иек артпадан, өкпе тұстан жүргіншіге жауды қоян-қолтық, құшақтастыра түсіретін ұры сай, жасырын жыралары да бар.
Бұдан бұрынғы екі күндік жолда үлкендер жылдам жүрмей, баланың шыдамын әбден тауысқан-ды. Ол сондықтан бүгін, ауылға жететін күні үлкендерді еріксіз қатты жүргізудің айласын тапқанына дән ырза. Күні бойы осылай етуге байлаған.
– Бала деген қорқар болар еді. Ес бар ма өзінде, пәруәрдігер, – деп Байтас бабын таба алмай басын шайқайды.
Жұмабай әбден болмаған соң:
– Қап, мынаның баласы!.. «Мен бөрінің бөлтірігімін» деп келеді-ау! Қой, не де болса, қалмайық енді. Байтас, жүр! – деп шаба жөнелді. Екеуі де жарыса бастады.
…Бала шәкірт ауылға асыққан, лепірген күйіне қайта келіп, тағы да тебіне жөнелді.
– Уа, қой деймін, бала! Ат зорықтырасың!
– Жапа-жалғыз ұзап кетіп, жауға жем боласың! – деп екі жолдасы тағы тежей бергісі келді.
Бірақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, енді үйіне, ауылға жетуге асыққан бала шәкірт ол сөздерді тыңдайын деп ойысқан жоқ.
Үлкендер қорыққан Есембай да, тіпті ұрылар да Абайға сондайлық жат, суық боп көріне алмады. Ұры десе, осы елдің өздеріндей қазақтары. Көп болса, киімдері, ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті сарытоқым ұры болған – ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері де ұмытылмайтын. Қайта бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем деген іште жүрген ынтықтығы да болатын…
Қорықтан шыққалы таңертеңнен бері бөгелместен тартқан үш салт атты аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкі екінді кезінде Көлқайнардағы Құнанбай ауылына, Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған ауылына кеп жетіп еді.
Көлқайнар суы мөлдір, мол бұлақ болғанмен, кең қоныс емес. Жайлауға қарай, Шыңғыс асқалы беттеп келе жатқан елдің үш-төрт ауылы қоныпты.
Бұның бәрі «Құнанбай ауылы» деп аталады. Өзінің ауылы мен жақын туысқандарының ауылдары.
Көлемі аз бұлақтың айналасына жиі қонған ауылдардың үйлері де, шұбыртқан малы да, адамдары да кешкі мезгілде ыю-қию араласып жатқан сияқты. Жерошақтардан шыққан түтіндері де біріне-бірі қосылып ұласып, тұтасқан көкшіл мұнардай тарайды. Үрген иттер, мал қайырған айғайлар, маңыраған қой, қозы шулары араласып жатыр. Кешкі суға келе жатқан қалың жылқының кісіней шапқан дүбірі, шаң-тозаңы болсын немесе оқта-текте азынай кісінеп, үйірін іздеп шапқан, мінуден босаған жас айғырлар дауыстары болсын – барлығы да осы отырған ауылдардың осы кештегі тіршілік тынысын білдірген сияқты. Баланың барынша сағынған көрінісі. Қазір жүрегін аттай тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі. Жүргіншілер бұлақтың дәл қасына ең жақын қонған ауылға келе жатыр. Ортасында бес үлкен ақ үй бар, көп үйлі ауыл – Абайдың екі шешесі Ұлжан мен Айғыздың ауылы.
Осы ауылдың шеткі үйлерін сырттап, кешкі жайылымға, батыс жаққа қарай жаңа өріп бара жатқан бойдақ қойдың ішін аралап, ортадағы үлкен үйлерге қарай беттеп келе жатқан үш аттыны бұл ауыл тез таныды. Әсіресе қораның ортасында қосақталған қойды сауып отырған қатындар бұрын көрген екен. Етектерін белдеріне қайырып түріп алған, алжапқыш тартқан қалыптарымен, қолдарына шелектерін ұстасып, жүргіншілерге қарап:
– Қалашылар, қалашылар келеді!
– Анау Абай, Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы, – деді…
– Бәсе, Телғара ғой… жаным-ау, мынау… Телғара! Әпкеме айтайыншы, – деп жеңге де үлкен үйге қарай ұмтылысқан.
Сағынған баласының келер мөлшерін Байтас кеткеннен бері шешесі Ұлжан да есептеп, осы бүгінге ұйғарып жүр еді. Қырықтың ішіне жаңа кіріп, семіз тартып қалған сары-қызыл бәйбіше жаңағы дауыстарды түгел естіді. Өз үйінен шығарда, төрде отырған енесі Зерені де хабарландырып, сүйемелдеп ерте шықты.
Құлағы көптен мүкіс тартқан кәрі әжесінің ең бір жақсы көретін немересі – Абай-ды. Оны есінен шығармай, дұғасына кіргізіп, тілеуін тілеп отыратын.
Аттылар үйдің сыртына келе бергенде алдарында, сол үлкен үй мен күншығыс жағына тігілген қонақ үйдің екі арасында бұларды күткен бір топ жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көрші үйлердің қатындары, бірен-саран тыста жүрген шал-кемпір, онан соң осы ауылдың барлық үйлерінен шығып, жүгірісіп келіп жатқан балалар бар. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендері де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келіп жатыр.
Осы жиынға қараған бетімен, екі жолдасынан озып кеп бұрын түскен Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:
– Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер! – деді.
Абай жалт қарап барып, жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар – әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан аттарынан түсіп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес. Батыс жақтан 4–5 атты жолаушы келеді екен. Арты Қыдырдан шыққан жолаушылар тәрізді. Өздері өңшең толық денелі, үлкендер сияқты. Құнанбайдың бүгін әдейі тосып отырған адамдары болу керек. Ол соларға қарап тұр.
Байтас пен Жұмабай тақай бергенде, Абай да қасына кеп қалып еді. Үшеуі бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:
– Балам, бойың өсіп, ержетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп білімің де өсті ме? – деді. Кекету ме, жоқ, күдік пе? Немесе шынымен жай білгісі келгені ме?
Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай сезгіштігін өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:
– Шүкірлік, әке, – деп біраз тұрды да, – ат барған соң, дәріс тамам болмаса да, хазіреттің рұқсатын, фатихасын алып қайттым, – деді.
Тіпті, ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзірлеген жауабы еді.
…Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:
– Өзі, тіпті көшелі кісі боп қапты! – дей беріп еді, Құнанбай оның сөзін аяқтатпастан Абайға:
– Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам! – деді.
Абайдың күткені де сол еді. Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда, Абай қайтадан өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды…
Барлық үлкеннің құшағына амалсыз кезек-кезек кіріп болып, енді сытылып, шешесіне қарай баса берді. Абайдың өз шешесі Ұлжан мен екінші шешесі, сұлу жүзді Айғыз қатар тұр екен.
Бала топтан шыға бергенде, Айғыз күліп:
– Пай, баламыздың бетінен сүйер жер де қалдырмады-ау, – деп паңдана күлді де, Абайды көзінен сүйді.
Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бергі мінез болған. Бала осыдан арғыны күтпеуші еді. Бірақ бауырына басқанның өзінде де Абайдың жүрегін қатты-қатты соқтырған аса бір өзгеше жақындық білінді. Ана құшағы!.. Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки! – деп үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере бәйбіше таяғына сүйеніп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! – дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан лезде: – Қарашығым, қоңыр қозым… Абайжаным… – деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті.
Әжесін құшақтаған бойында үлкен үйге кірген Абай ымырт жабылғанша осында болды. Шешелері бұған біресе қымыз, біресе тоңазыған ет, біресе шай ұсынып тықпалай берсе де, баланың бойына ас батпады. Жөндеп ішкен де жоқ. Күні бойғы аштығы да ұмытылған сияқты.
Медресе (арабша медраса – оқу) – орта (сирек жағдайда жоғары) конфессионалдық мұсылмандық мектеп.
Құлағы мүкіс – құлақтың есту қабілетінің азаюы, нашар естуі.
1. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихы, жанрлық ерекшелігі, тақырыбы мен негізгі ойы туралы қосымша дереккөздерге сілтеме жасай отырып әңгімелеңдер.
2. «Абай жолы» романының басталуына жазушы қандай мән-мағына сыйғызған?
3. «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабы қандай тараулардан тұрады?
4. «Қайтқанда» бөлімінен берілген үзінді мазмұнын ашатындай мәселелердің тізбесінен тұратын жоспар жасаңдар.
5. Жазушы ауылын қатты сағынған жас шәкірттің ынтық көңілін, туған ауылына деген ілтипатын қалай бейнелеген?
6. Құнанбайдың «Бойыңдай боп білімің де өсті ме?» деген талап аралас сұрағында қандай мағына бар?
7. Үзіндіде қазақ тәрбиесіндегі әкені, үлкенді құрметтеу ерекшелігі қалай көрініс тапқан?
1. «Шығарманы талдау» кестесін топпен бірге толтырып, шәкірт Абайдың бейнесіне талдау жасаңдар.
2. Үзіндіні негізге ала отырып, «Жазушы тілінің сөздігін» құрастырыңдар.
1. Үзіндіден көрінетін құндылықтарды кестеге түсіріп, шығарманың құндылығына өзіндік баға беріңдер.
2. Абайдың әке алдында және аналар құшағында өзін қалай ұстағанын салыстырыңдар.
«Абай жолы» роман-эпопеясы туралы әлем қаламгерлерінің пікірін жинақтап, шығарманың тарихи және көркемдік құндылығына баға беріңдер.
Кері байланыс. «Зерде».
Білім. Тақырып бойынша алған ақпараттарым.
Эмоция. Сабақтағы көңіл күйім.
Баға. Өз жетістігіме беретін бағам.
Сын. Өз бойымда нені дамытуым керек?
Идея. Маған келген жаңа ой.