Қымыздың түрлері көп. Құнан қымыз үш тәулік бойы ашытылады. Ол саумал ішпейтін адамдарға беріледі. Дөнен қымыз төрт тәулік бойы ашытылады. Саумал қымыз – баяу ашыған қымыз немесе жаңа сауған биенің сүтін ащы қымызға қосып, пісіп-пісіп жұмсартылған қымыз. Бұл екеуі де көбінесе қарттар мен балаларға беріледі.
Халқымыз бесті қымызды қатты бағалаған. Өйткені ол – бабына келген, әбден ашыған, иісі аңқып, анадайдан тартатын күшті қымыз.
Жыл маусымына қарай уыз қымыз (мамыр қымызы), жазғы қымыз, күзгі қымыз (сіргежияр қымыз), қысқы қымыз (қысырақ қымызы) деп те атаған. Уыз қымыз (мамыр қымызы) – әлі уызы кете қоймаған биенің сүтінен ашытылған қоймалжыңдау қымыз. Жазғы қымыз (сары қымыз) – жаз ортасында, яғни шөп әбден піскен кездегі қымыз. Түнемел қымыз – мол қордың үстіне биенің сүтін құйып, ашытып, торсықта екі тәулік сақталған қымыз. Кейде торсықтың ішіне піспеген сүр қазыны салып, жылқышылардың қанжығасына байлап жіберетін болған. Бұл түні бойы шайқатылып, әбден бабына келеді. Мұның емдік қасиеті өте күшті, оны халқымыз «тосап» деп атаған. Сіргежияр қымыз немесе күзгі қымыз – күзде биелерді ағытар кезде ағайын, туған-туысқандарын шақырып берілетін қымыз.