Ана тілім – асыл қазынам

Сөйлеу барысында өлең жолдарын, нақыл сөздерді қолданамын.

1. Өлеңді түсініп оқы. Ақын қойған талаптарға жауап бере аласың ба? Байқап көр.

Бір өлеңін жатқа оқысаң Абайдың

Көп емес-ау, саған артар міндетім,
Ең оңайы: өзіңе-өзің жүр жетіп.
Бір өлеңін жатқа оқысаң Абайдың,
Сол болады еліңе еткен құрметің.

Көп емес-ау, саған артар міндетім,
Ең қиыны: өз халқыңды біл жетік.
Жақсы білсең, Құрекеңнің бір күйін,
Ол да сенің еліңе еткен құрметің.

Өз мініңді тексере алсаң, қолға алып,
Сол болады халқың жайлы толғану.
Ақырында…
Жазғандарын әкеңнің
Өз тіліңде оқи алсаң болғаны.

Жұмекен Нәжімеденов

Құрманғазы Сағырбаев

2. Мәнерлеп оқу үлгісіне назар аудар.

О, туған тіл!

О, туған тіл! Дүниеде
Сен болмасаң, не етер ем?
Аңмен бірге аң болып,
Шаңмен бірге шаң болып,
Ұстағанның қолында,
Тістегеннің аузында
Олжа болып кетер ем.

Сені берген атамнан,
Сені үйреткен әжемнен,
Қалай айналмаспын мен!
Сенен алған намыспен
Қырқып түсер қылыштай
Қалай қайралмаспын мен!
Ерлігімді мұқалтпай,
Елдігімді жұқартпай,
Еңсемді еркін ұстауды
Қалай ойланбаспын мен!

Өз тілімдей тіл қайда еркін басар?!
Тілім барда еркіме кім таласар?!
Туған тілім күрмеліп әлсіресе,
Ыстық қаным суынып, сиқым қашар.

Әбділда Тәжібаев

3. Автор туралы әңгімеле.

Әбділда Тәжібаев
1909–1998

  • Қазіргі Қызылорда қаласында дүниеге келген.
  • Ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі, ғалым.
  • «Әбділда Тәжібаев – сыршыл, лирик ақын».

Мұхтар Әуезов

4. Өлеңді жаттап ал.

5. Тіл туралы мақал-мәтелдерді құрап оқы.

Есіңе сақта!

1. Тіл – атадан қалған
2. Ана тілің алпыс
3. Ана сүті бой өсіреді
4. Аталар сөзі –
5. Өз тілің – бірлік үшін

a) өзге тіл – тірлік үшін
ә) асыл мұра
б) ақылдың көзі
в)ана тілі ой өсіреді
г)тілге татиды

6. Өлең жолдарын, нақыл сөздерді пайдаланып, «Ана тілім – асыл қазынам» деген тақырыпта ой бөлісіңдер.

7. Ақынға ілесе өлең құрастыр.

О, туған тіл! Дүниеде
Сен болмасаң, не етер ем?


×
×

Корзина