ҚАРАШЫҒЫН
(жалғасы)
1


Оқу мақсаттары:
  11.1.4.1 көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстырып, шығармашылық жұмыстарда қолдану.
  11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
  11.3.3.1 шығарманың идеясын көркемдік-эстетикалық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.

  Тірек сөздер: жайлауда, қонақ күту, Әбіштің білімі, жастардың пікірі.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – үзіндіні оқып, шығармашылық жұмыста қолданатын сөздерді теру;
  – автордың сөз қолдану ерекшелігін саралау;
  – көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарын теру;
  – әдеби эссе жазуға дайындалу.

  Жас шалғыны мол, кең қоныс – Барлыбайда отырған Абай ауылы. Мұнда бүгін үлкен әбігер бар. Ақ үйлер мен отаулар, қонақ үй, ұранқайлар арасында асығып басып жүгіргендер көп…
  Ауыл сыртындағы көгалға апарып, қағып-соғып тазалаған кілем, тұскиіз, алаша, текемет, жаңа сырмақтар көрінеді. Бұлар Абай үйлерінің айналасын оюлап, кестелеп, ерекше әшекейлеп тұр. Күміс қарғылы сылаңдаған екі сары тазы да үйлер арасында қарғып ойнап, әсем көрініс береді. Шашақты құлақтары жалбырап, ұзын құйрықтары шиыршықталып жүр. Олар секірсе де, ортқып ойнап алысса да, сыпайы сұлулықты байқатады. Еркелік шапшаңдықпен ұстарадай өткір қуатты да танытқандай. Барлық жинақы сәнді бітімімен еріксіз көз тартады.
  …Бүгінгі Абай ауылындағы үлкен әбігер мен қарбаластың жөні бөлек. Бұнда тартыс-таластың жиыны болмақ емес. Бөтен, бөгде, жатжалаң келмек емес. Мазасыз, жайсыз кеткен ауылдың тәрізі жоқ. Бірақ күйеу келтіретін, келін түсіретін, қыз ұзататын дағдылы той әбігері де емес. Абай мен оның барлық үй іштері, әсіресе іні-шәкірт, достары үшін ең бір қадірлі әбігер. Бұның себепшісі – Әбіш. Екі жылдан бері елге қайтпай, осы бүгін, енді ғана «туған ауылына келеді» деп, ата-ана, аға-бауыр ерекше тосып отырған Әбіш.
  Оны тосушылар тек ауылда ғана емес. Ат үсті әбігер ауылдан алыста. Шыңғыстан Барлыбайға қарай асатын Бөкенші асуының маңына да созылып барған. Ересек азаматтар, бозбалалар ауылдан алыста, асуға тақап барып, таңертеңнен бері сонда тосып жүр. Ол кеткендер Көкбай, Ақылбай бастаған – Кәкітай, Дәрмен, Мұқа, Әлмағамбет сияқты жастар. Оспан ауылының жігіт-желеңі де бірге кеткен.
  Оспанның өзінен туған бала болмаса да, бұның кенже інісі есебінде, Құнанбайдың қолында өскен Ақылбайдың екі баласын Оспан асырап алған еді. Олар үлкен үйде, Еркежанның қолында өсетін – Әубәкір және Пәкизат. Оспанның ерке етіп өсірген бұл екі баласы өзге балалар жүрмейтін жерлерге еркін бара беретін. Бүгін Пәкизат «Әбіш ағамның алдынан шығамын» деп, қасына бір топ өзінен үлкен қыздарды ертіп алған.
  …Жүргіншілер ойға, жазаң жерге келіп түскенде, бағанадан бұларға көрініп, өздеріне қарай асығып, тырағайлап шауып келе жатқан аттылардың алдыңғы екеу-үшеуі үйме-жүйме қатар жетті. Омырауларын тер басқан, демігіп, танауратқан сәйгүліктерді зорға тоқтатқан ауыл кісілері күймеге соқтыға жаздап, дабырлап сәлем берісті. Қуаныштың айғай-шуын, шат күлкісін Әбіштің алдынан ала шықты.
  Бұрын жеткен Кәкітай, Дәрмен және Оспанның бір ұл, бір қызы – Әубәкір, Пәкизат. Алдарынан бұлар орала бергенде, күймеде отырған Әбіш: «Тарт! Тоқтат аттың басын!» – деді. Қатты жортып келе жатқан күйме тоқтағанша, өзі ерекше шапшаң жас әскери дағдысымен күймеден жеңіл ытқып, қосаяқтап секіріп те түсті. Козлода отырған Баймағамбет те аттарды тежей берді.
  Іні-бауырлар көздерінде қуаныш жасы бар. Жарқыраған күлкі мен жас аралас шыққан үзік-үзік сөздер естілді.
  – Ағатай!
  – Әбіш аға!
  – Айналайын Әбіш аға! – деген шашудай шат, ақаусыз таза бауырмал сөздерді естігенде, Әбіштің өңі аппақ боп, жүрегі қалтырап кетті. Атынан домалай түсіп, құшағын аша жүгірген Кәкітай Әбішпен қатты құшақтасып, сүйісіп тұр. Бұған Әбіш ауру сияқты көрініп еді. Бауырмал жүрегі зу етті. «Ауру болмаса, бұншалық шөлмектей аппақ боп жүдер ме еді?» дегендей күдік оянған.
  «Әбдірахман көп уақыт елге келмеді. Қаладан ауру алып қала ма!» деген күдік уайымды, бұл азамат туралы үлкен аға, кәрі шешелер күдігін Кәкітай көп еститін. Жаңағы үріккен қалпын ол жасырған жоқ. Әбіштің құшағынан босай бере:
  – Әбіш аға, деніңіз сау ма? Аман-сау жеттіңіз бе? Түсіңіз неге жүдеу? – деп еді. Әбіш Әубәкір мен Пәкизаттың бетінен кезек сүйіп жатып, Кәкітайға жалт қарап, күліп жіберді. Жаңағы аппақ сұр жүзіне қазірде жұқалаң қызыл жарастық қан ойнап шығыпты.
  – Денім сау, Кәкітай! – деп ауыл-аймақтың, әкесінің амандығын сұрап кетті.
  Осы кезде созыла шапқылаған тосушылардың барлығы ағызып кеп, үйме-жүйме аттарынан түсе, жүгірісіп жатыр. Әбішті бәрі де аймалап, орталарына алды. Кәкітай қазір күйменің ішінде бұған қарап күліп, екі қолын жайып, тосып отырған Мағашқа қарай ұмтылған.
  Әбіш енді Кәкітайдан ауылдардың қонысын сұрастырып келе жатты.
  Барлыбайда Абай ауылы бар екен. Бұдан өзге Ырғызбайдың көп ауылдары ілгері жайлауларға көшіп кетіпті. Мынау ауыл осы жолаушылардың келуін тосып, іркіліп қалыпты.
  Шымы тұтас жазықта дүрілдетіп шапқан көп аттылар барлық ағындаған тобымен Барлыбай өзенінің жағасындағы Абай ауылына келіп те қалды…
  Абайдың айналасы қазір, көбінше, әйелдерге толы. Дәл қасында екі көзі жасаурап, өңі ақ сұрланып Әйгерім тұр. Көп келіндер, жұмысшы, сауыншы, жылқышы, биешілер сияқты жұпыны жүзді көрші-қолаң да көп. Үлкендерден қартаң шал көршілер болмаса, басқа бөгде адам аз. Жүргіншілер дәл ауылға тақай бергенде, салт аттының бәрін Дәрмен дабыстап тоқтатқан-ды.
  – Әбіштің күймесін алға шығарыңдар! Алдымен Әбіш жетсін! Ауылдың тосқаны сол ғой, біздер емес. Және ауылға атшабар, стражниктер тәрізденіп, қоқаңдап бармайық! Іркіле жүріңдер! – деп бұйырған.
  Баймағамбет ауылдың іргесіне жеткенше нар құла атты басын ірікпестен, сар желдіріп әкелді. Күйме тоқтамастан, Абай бастаған жиын қарсы алдынан өздеріне қарай қозғалғанда, Әбіш тағы да тоқтап болмаған күймеден ытқып, секіріп түсіп, көкесіне қарай құшағын жайып, асыға жүгірді.
  Абай да мол құшағын кең жайып, Әбішті бауырына алды. Соншалық қатты қысып, құшып тұрып, құлағынан, бетінен, көзінен сүйіп, ұзақ уақытқа шейін өз бауырынан босатпады. Әке мен бала екеуінде осындай сағынышты құшақтан басқа бір ауыз сөз болған жоқ. Әбішті көп уақыт жүрегіне басып тұрып, босатқанда Абайдың қара сұр жүзі аппақ сұр боп, өзгеше оңып өзгергендей…
  …Көп қауышу, жылап амандасу арасында шешелер мен жеңгелерінің тілеулестігі айтылады. Балажан көрші кемпір-шалдардың Әбішке айтып жатқан үзік-үзік мейір, шапқат сөздері естіледі.
  – Жаным, есен жеттің бе?
  – Сәулем, ұзағынан сүйіндірсін!?
  – Көп сағындырдың ғой, қуатым!
  – Айналайын күнім!..
  – Ата-анаңды ұзағынан сүйіндірсін сапарың!
  – Сапарың құтты болсын, қарағым!
  – Қош келіпсің, Әбішжан! – деген сан тілеулес жүректерден шыққан ыстық сөздер Әбіш үйге кіргенше барлық жиын атаулының тұла бойын шымырлатқандай.
  Қонақтар үйге кіріп отырысымен, Абай Әбіштің жүзіне үңілді.
  – Неге жүдеусің, Әбіш, денің сау ма?
  – Қаланың оқуы жақсы болғанымен, тамағында нәр бар ма?! Сорып тастағандай, шөлмектей болыпсың ғой? – деп, Көкбай Әбіш өңінің ақшылдығы үшін бүкіл қала тамағын кінәлауға айналды.
  Тағы бір кезде Абай Әбіштің оқу жайын сұрастырып еді.
  Петербургтегі Михайлов атындағы артиллерия училищесі Әбіштің айтуынша, оның таңдап түскен мектебі емес екен. Ол әзілдеп отырып, Абайдың өз сөзін келтірді:

– «Баламды медресеге «біл» деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», –

дегеніңіз есімде, аға! Ниетім, өзіңіз білесіз, политехникалық институт еді. Былтыр да, арғы жылы да оған түсуге менің жолым тар болды. Мынау школдың енді біраз оқуы қалды. Өзге оқуды осыны тамам етіп алып, ескермекпін, – деген.
  Абай әзіргі сөзді ұзаққа созған жоқ:
  – Ғылымның жаманы жоқ. Біздей сусағанға қай ғылым болса да, соңына түссе, алтын асыл қазынадай. Азаматтық құралыңды мығым етіп берерлік оқу, тәрбие болса, ата-ана одан өзге қолқа салмайды, қарағым! Халқыңа басшы болар талап соңына түссең, офицер боп жүріп жетесің бе, инженер болып, адвокат оқуын оқып жетесің бе, бәрібір! Қай тұрғысына барсаң да, еліңнің мұңы мен мұқтажы мың батпан. Тек, оқып өсе беруіңе саушылық қуатың ғана жетсе екен деп тілеймін! – деді.
  Әбдірахманды тағы да құшақтап, бір қолымен бауырына қысып, ұзақ ұстап отырды.
  Үй толы адам жиылып, ас әзірленді. …Осы кеште жиі ауысып отырған шай ішу, қымыз ішу, ет жеу араларында үй толы жиын әдемі бір сауық өнер көрсетісті.
  Сахара тіршілігінде ақын, әнші, ойыншы, күлдіргі адамдар көп кездеседі. Абай ауылының өзі болса, бұнда неше алуан сырлы сымбат, өнер үлгілері бар. Бірақ бүгін бұл ауылдың барша адамдарын анық тамаша қалдырған жаңа өнер көрінді. Ендігі сауықтың әрбір түрін тың қонақ бастады.
  Барлыбай жазығында жайлаудың жарық айлы, желсіз тынық түнінде, Абай мен Әйгерімнің үлкен үйінде, аса нәзік шеберлікпен сызылып созылған скрипка күйі кетті.
  Бүгінгі отырыста үй іші сауыққа ауысқан сайын сол скрипка ішектерінен өзгеше бір саздар тамылжиды. Әбіш жақсы скрипкашы екен.
  Ол кей уақыттар орыстың сұлу назды романстарын тартады. Бұл қауымға тың болғанмен, барлық орыс жұртына мәлім «Стенька Разин», «Ермак», «Бродяга» сияқты әндерін де тартады. Ойнақы, мөлдір қызық ырғағы бар, қайнағандай жігері жұлқынып тұрған өте әсем ырғақты би күйлерін ойнайды. Кезектесіп мазурка, полька-мазурканы жайнатады. Бір ауық құтыртып, асқақтата тасқындаған музыкамен «Гопакқа» соғады.
  Әбіш өр өнер, өр мінездермен, отырыс-тұрыс, киім қалпымен Абайдың жас достарының барлығын таңғалдырды. Олар қызығып таңырқайды. Оқу тәрбие мен шаһар тіршілік тәртібі бұлардан әрбір қимыл-қозғалыстарын, пішін-мүсін, қалып-қабілетін мүлде басқа еткен Әбіш мынау. Осылардың кейбірі туған ана құрсағынан туса да, мүлде басқаша боп, сыпайы бекзада үлгіде қалыптанған Әбішке көп таңырқап қарасады. Өздерінің ағасы, бауыры, ыстық досы, жандай жақын қадірлісі болған Әбіштің, бұлардан сондайлық ала бөтен өзгешеліктеріне кейде кешіріммен, кейде қызығу, мақтанумен, шексіз қошемет, құрметпен де қарасады.
  Сан рет скрипканы өзі тартып өткеннен кейін, бір кезде Әбіш өз скрипкасын Мұқаға ұсынды.
  Мұқа Абай ауылына бұл жастарға жолдас, дос болып, бертінде кеп қосылған. Ол осы елдің адамы да емес. Көршілес Көкен болысындағы Уақтың Қандар дейтін руынан шыққан.
  …Қалада кездесіп жүретін сыпайы мінезді, өнерлі күйші-скрипкашы және әсем әнші Мұқаны Абай мен Мағаш – екеуі де қатты ұнатқан. Дәрмен, Әлмағамбет, Ерболдар сияқты өздерінің қасында сақтап, айырылмас дос етіп алған.
  Ұзақ түн бойында ас пен сауық кезектестігі ауысып отырған кездерде, әрбір әредікте домбырашы Ақылбай, күйші Мұқа, әнші-күйші Әлмағамбеттер қонақ тартып өткен полька-мазурка сияқты билердің кейбір қайырмаларын өздерінің домбырасына ақырындатып, іліп-тартып, ұғып қалып отырғандарын да байқатып отырды. Сол орайда, Әбіш ұсынған скрипканы алған Мұқа өзінше бір сезімді күй тартып кетті.
  Саусақтары үлкен, тартыс мәнері Әбіштей емес. Бұл отырып, байсалды салмақпен, тек қол қозғалысымен ғана тартады. Әбіш байқап отыр. Мұқа да скрипканың тартуын әлдебір провинция күйшісінен үйренген, аз оқыған тәсілдер бар. Үлкен техникасы болмаса да, барынша шын сезімін ынта-бейілмен жеткізбек болған сирек талап танытады. Күйі анық мұңды, күйікті жүректің шын шері. Осы күйін екі қайырып тоқтағанда, Әбіш жалт бұрылып, бұл күй не күй екендігін сұрады.
  Мұқа өзіне сенімді жүзбен жауап қатты:
  – Бұл күйді біз «томнай места» деп тартамыз.
  – Темное место?
  – Темное место?! – деп Әбіш бұрын өзі естімеген күй жайынан сәл ойланып қалды.
  – Бұл вальс қой өзі, – деп тағы біраз ойланды да: – Атына қарағанда, бір сезікті орыннан естілген күй сияқты ғой! – деп Мұқаның жүзіне күле қарады.
  …Алыс жолдан келген өнерлі, оқымысты қонақпен сағынысқан аға, бауыр, құрбы-құрдас, дос-жарандар ең алғаш осылай кездесті.
  Кешегі мол сауықтың қалың тобы бүгін екіге бөлінетін болды. Биенің бас сауымы кезінде Абай үйінде қымыз ішіп отырып, жастар өзара кім жүріп, кім қалатынын айтысты.
  …Арада екі сағаттай уақыт өтті. Кейде желе жортып, кейде жазаң жерлерде бір-екі рет жарысып алысты. Бір шақта жүргіншілер аршалы тастақбелге шыққанда, ұзын өлке бойында, қалың шалғынды кең қонысқа созыла қонып отырған қалың ауылды көрді.

  Сахара тіршілігі – бұл жерде: ауыл, жырақтағы елді мекен деген мағынада.
  Гопак – украин халқының ұлттық биі.
  Полька-мазурка – поляк халқының ұлттық биі. 

1. «Қарашығын» тарауынан берілген үзіндіні оқып танысыңдар. «Қарашығын» сөзінің мағынасын анықтаңдар.
2. Абай ауылындағы әбігер мен қарбаластың себепшісі кім?
3. Жазушы әке мен бала сағынышын қалай суреттеген?
4. Маңайына үлгі болған Әбіштен әкенің күтер ішкі үмітін жазушы қандай сөздермен берген?
5. Әбіштің ерекше өнері мен өр мінездеріне, отырыс-тұрысы мен киген киіміне Абайдың жас достарының барлығы неге таңғалды деп ойлайсыңдар?
6. Әбішті өз ортасынан даралап тұрған қандай өнері?
7. Мұқа кім? Ол скрипкада қандай күйді орындайды?


  1. Үзіндіні ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстырып, өз ойларыңды жазыңдар.

  2. 1-жұп – үзіндідегі көркемдегіш құралдарды, 2-жұп айшықтау амалдарын табыңдар. Үзіндіде мінездеу, портрет немесе суреттеудің мысалдары бар ма?


  1. Үзіндідегі және Абайдың Әбішке арналған өлеңдеріндегі Әбіш бейнесін салыстырыңдар.

  2. Ж. Дәдебаевтың «Туыстарының және достарының ішіндегі өнерлілердің барлығы да Абай төңірегіне жиналған. Бірақ Абай маңын төңіректегенде олардың әрқайсысының өздерінше қуған есебі, ұстаған жолы бар» деген тұжырымын топта талқылаңдар. «Абай аға», «Кек жолында», «Қарашығын» тарауларынан мысалдар келтіріңдер.


  Романның көркемдік құндылығы мен жазушының эстетикалық мұрат-мақсатын талдай отырып, «Абай жолы» роман-эпопеясының көркемдік-эстетикалық құндылығы неде?» деген тақырыпта әдеби эссе жазыңдар.

  Кері байланыс. «Ойды аяқта».
  – Бүгін мен мынаны білдім: …
  – Мен мынаны үйрендім: …
  – Қолымнан келді: …
  – Қиындық тудырды: …


  Бұл роман – бүкіл түркітілдес халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан үлесі.

Шыңғыс Айтматов

×
×

Корзина