Әнші Әміре

Сөйлеу барысында жазушы қолданған көркемсөздерді қолданамын.

1. Түсініп оқы. Мәтін мен сурет арасында қандай байланыс бар деп ойлайсың?

«ЭКСПО» көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ

  «ЭКСПО» халықаралық көрмесі қай кезде де маңызды шара болған. Кез келген мемлекет осы әмбебап көрмеге барынша дайындалып, абыроймен өткізуді ойлаған. 1925 жылы жаһандық шараны өткізу жауапкершілігін Франция астанасы мойнына алады.Осы «ЭКСПО» көрмесіне қатысқан алғашқы қазақ Әміре Қашаубаев болды. Қазақтың біртуар әншісі Парижде өткен дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертінде «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Дудар-ай», «Қараторғай » т.б. әндерді әуелетіп салып, дауысымен әлемді тамсандырған еді. Әйгілі француз жазушысы Ромен Роллан Әміренің құдіретті дауысын тыңдағаннан кейін: «Мен шығыста әншіні неге бұлбұлға теңегенін енді түсіндім», – деп таңдай қаққан екен.

Қымбат Нұрғали

2. Мәтінді түсініп оқы.

Әнші

  …Әмірқан шығысымен шапалақ шартылдады. Өзге шығушылардан Әмірқанның киімі де, түрі де, жүріс-тұрысы да жат еді. Қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді.
  Домбырасын күйлеп, екпіндетіп бір-екі сарындатып алды да, айғайға басты.
  Зал тым-тырыс болды…
  Топ көргенде Әмірқан аруақтанып, көтеріліп кетеді екен. Бұрынғы дауысы астар болмай қалды. Зал жаңғырып, күңгірлеп кетті.

Сұңқылдаған көмейі
Сыбызғының үніндей;
Ескектеген толқыны
«Бозайғырдың» күйіндей;
Аспандап соққан айғайы
Алтайдың асқар тауындай;
Желпілдеткен түндікті
Күздігүнгі дауылдай;
Төмендете сорғалап,
Тас бұлақтың суындай;
Әсем, әсем нақысы
Айдынның сұлу қуындай;

Қалықтатып созғаны
Сарыарқаның беліндей;
Жаяулатса баяулап,
Арқаның қоңыр желіндей;
Тамылжытып, сынықсып,
Жаңа түскен келіндей;
Қалың қазақ даласын
Әнімен залға сыйғызды,
Дауысын көпке сүйгізді,
Шапалақ та шапалақ…
Пәлі, шіркін! Бис-бис…
Тағы да шық, тағы да!..
Тағы шықты, Әмірқан.

Жазушы Әміренің дауысының ерекше екенін көрсету үшін салыстыру мақсатында көркемсөздерді қолданған. Алтайдың асқар тауындай, тас бұлақтың суындай, Арқаның қоңыр желіндей т.б. Көркемсөздер әншінің құдіретті дауысын есіткендей әсер қалдырады. Осындай белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге, белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа балап, ашығырақ көрсету үшін қолданылатын бейнелі сөз теңеу деп аталады.

  Бұл жолы Әмірқан басқа әнге салды.
  Бір-бірін қиып кете алмай, мұратына жете алмай, қош айтысқан жарға ұқсап; жалғызынан айырылып, қанатынан қайырылып, зарлаған бейне жанға ұқсап; болмаса жылап егілген, көзден жасы төгілген, бейне бір қайғы-зарға ұқсап; өкінішті, өксікті, қасіретті, мұңды әнді сарнады. Жұрт төмен қарап, әркім жүрегімен сырласқандай, әншінің бітіргенін де сезбей қалды. Кенет тым-тырыс бола қалды да, шапалақ қайта соғылды. Қалғып кетіп оянған, қызықты, тәтті түс көрген, қайтарам деп талпынған кісідей, жанға жаққан тәтті үннің кеткеніне өкініп, өршелене соғылды.
  Әмірқан тымағын қыңырайта киіп, тағы барды. Тағы соқты. Тағы соқты. Тағы да ескектете, желпіндіре, желіктіре, құлшындыра соғып, тыңдаушының айызын әбден қандырды. Әмірқан бәйгеден келді! Зал сарт-сұрт, айғай-ұйғай, гуілдеп, толқындап барып басылды. Әмірқанды құшақтай алып, арқаға қағып, бетінен сүйіп жатырмыз.
  Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол – тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса, рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Әнді көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.
  Әнін ұғушы, тыңдаушы болса, шабыттанып айтады. Тыңдамай, жыбырлап сөйлей бастаса, Әмірқан тұрып кетеді, айтпайды.

Жүсіпбек Аймауытов

қара сөзбен жазылған шығарма.

 әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың прототипі.

көркем шығармадағы
кейіпкердің өмірде болған нақтылы түп тұлғасы.

3. Мәтіннің авторы туралы әңгімеле.

Жүсіпбек
Аймауытов
1889–1931

  • «Ұлтшыл» деген жалған жаланың құрбаны болған.
  • «Қартқожа», «Ақбілек» т.б. шығармалары бар.
  • «Жүсіпбек – қазақтың ұлттық прозасының бастауында тұрған, оның туып, қалыптасуына зор еңбек сіңірген жазушы.

Серік Қирабаев

4. Топаралық жарыс. Мәтіннен теңеулерді тап.

5. «Өз сөзімде қолданамын». Жазушыға еліктеп әңгімелеңдер.

1. Әншінің дауысы.
2. Әншінің мұңды әні.
3. Әміредей әнді ешкім сала алмайды.
4. Әншіге көрсетілген құрмет.

6. Суреттерге қатысты теңеу сөздерді мәтіннен теріп жазып, түсіндір.

7. Төмендегі үзіндіні қимылмен көрсет.

  Ән салса, рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Әнді көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады.

8. Сұрақтарға жауап бер.

– Саған қандай әндер ұнайды? Оны кім орындайды?
– Бүгінгі таңның Әміресі деп қандай белгілі әншілерді айтуға болады?
– Оларды сипаттағанда қандай теңеу сөз қолданар едің?

×
×

Корзина