ҚОРШАУДА
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.3.2.1 көркем шығарманың жаңашылдығын ғаламдық тақырыптармен байланыстыра отырып, сыни тұрғыдан баға беру.

  Тірек сөздер: соғым науқаны, жас ақындар, Абай мәжілісі.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – үзіндіні оқып, Абай айналасындағы ақындар мен олардың өнерлері туралы талдау жасау;
  – автор бейнесін білдіретін сөздерді теріп жазу;
  – негізгі идеяны анықтау;
  – сыни бағалау.

1

  Биылғы қыстың басы адамға да, малға да әзір аса жайлы боп тұр. Декабрьдің ортасына тақалса да, әлі қар қалыңдаған жоқ, күн аяздап суытқан да жоқ. Шағырмақ, бұлтсыз ашық күндер көп. Қыс белгісі жақында түскен күпсек қардан және кей күндерде болатын сәл шытқыл аяздан ғана білінеді.
  Қыс кешең басталғандықтан, Ақшоқыдағы Абай ауылы биыл соғымды жай соя бастаған. Соңғы үш-төрт күн ішінде жылқы, ту сиырлар, еркек қой, ту саулық, семіз ту бойдақтар сойылды. Кілет, шошала, зәуезнәй атаулыға Әйгерім қыс азығын ертелі-кеш жиғызып жүр. Бір әредікте күле түсіп, Зылиқа мен Баймағамбетке күдік айтты.
  – Тек осы әбігер күндерде ғана қонақ саябыр бола тұрса екен! Азық қоятын жерлер, ас пісіретін үйлер аузынан шығып жатқанға Абай ағаң қарай ма? Қонақтың қырқы келсе де, жібермейді ғой, – деген.
  Бұнысы уайым емес, сәл ғана шаруаның қысылшаң күйін ескерткені. Көмекші жігіттер мен келін-кепшіктерге жіті жүріп, ширақ жұмыс етуді тапсырғаны.
  Бірақ Әйгерімнің тілегі болған жоқ. Уәделескендей дәл осы бүгінгі күн ойдан, таудан, тұс-тұстан қонақтар кеп жатты.
  Бір топ жолдасымен Байғабылдан Ақылбай келген. Абайдың сәлемімен осы соңғы жылдарда «ақын» деген атқа шыққан: Керей – Уәйіс, Топайдан Бейсембай деген ақындар да келіпті. Түстен бері осы қонақтар Абайдың үстіне келіп, сәлем берісіп, түстік астан, күндізгі шайдан ішісті. Отаулар, қонақ үйлер, көрші үйлердің бәрінде әзірге жататын орындарын анықтасты.
  Кеше «қонақ келмесе екен!» деген Әйгерім, бүгін осы қонақтарды өзінің дағдылы, сыпайы жүзімен қарсы алды. Күйлі көркем күлкісі үзілмей қабылдады. Зылиқаға шынын айтады: «Қонақ келмесе екен деп нем бар еді! Айтқаныма қарама-қарсы болғанын көрмеймісің. Енді тек сыр бермей, қабақ шытпай қабылдай беріңдер! Осыны көршілерге, келіндерге де айт! Және ас пісіретін кісілер жас малдың жылы-жұмсағын, тәтті-дәмдісін бапты ғып мол-мол ассын. Атап тапсыр!» деген.
  Бүгін келіп жатқан қонақтармен бірге қызық сауық, көңілді өнер қоса келетінін Әйгерім жақсы біледі.
  Шын, бүгін Ақшоқыға өздерінің соңғы өнер табыстарын асығып әкелген өнерпаздар аз емес.
  Келген ақындардан Абай күнұзын сұрау салумен болған-ды. Ақшоқыда күзден бері жазу соңында болған Мағаш Африкада Ніл дариясы бойындағы бір үлкен ерлік істі жыр етіпті. Мейірімсіз байдың ер құлдан саза тартқанын көркем әңгіме еткен. Соңғы күндерде сол дастан Ақшоқы, Қорық, Кіндікті, Шолпан сияқты жақын жердегі ауылдарға көшіріліп, жатталып, әнге қосылып тарап жатқан. Ақшоқыда туған, бұдан бұрын тараған Дәрменнің «Еңлік–Кебегіне» Мағаштың соңғы дастаны «Медғат–Қасым» сыңар серіктей қосылған.
  Жемісті болған күз соңында көп ақынның табысы бүгін осында ұшырасып отыр. Бұған себеп те бар. Қарамоладан аман-есен қайтқан соң, Абай өз достарының бәріне жаздыгүні Павлов, Әбіштер айтқан өсиеттерді ескерткен. Еңбекке, өнерге шақырумен қатар, әрбір ақынның ойында жүрген арманын, ақындық толғауын білген. Сонда атап көрсетілген мерзім де бар. Әйгерім оны білмесе де, Абай осы бүгін келген ақын атаулының бәріне бір күндерді белгілепті: «Дәл биыл, Ақшоқыдағы біздің ауыл соғымын соятын күндерге жырларыңды бітіріп, менің қасыма жетіңдер» деген екен.
  Бұрын келген ақындар күндіз екіден, үштен оңашаланып, өзара өлеңдерін оқысқан. Бірен-саран «Еңлік–Кебек», «Медғат–Қасым», «Қозы Көрпеш» сияқты өлеңдерді Абай да күндіз тағы бір тыңдап өткен. Бірақ ешкімге әзір ойын ашып айтқан жоқ-ты.
  Көпшілік кеште түгел Абай мен Әйгерім қасында бас қосады. Әлі келіп жетпеген ақындар бар. Тағы да тың өлеңдер сонда оқылады. Дәрменнің сол кешке әдейі іріккен бір жыры тағы бар-ды. Өз ойында, барлық басқа жырлар тыңдалып өткен соң, ең соңынан айтып шықпақ арманы.
  Осы күні кешке ел орынға отыра бергенде, тағы да тың қонақтар келді. Бұлар – Базаралы мен Көкбай. Екеуі бүгін кешке осы ауылдың желкесінде кездесіп, бірге келіскен. Абай Базаралының келгеніне, әсіресе қуанып, күле амандасып, жадырап қалды.
  Бұл жолы досының шақыруынсыз және бөгде жұмыссыз тыныштық сапармен, Абай қасында біраз болып қайтпақ боп келген. Абайдың қасына жиылып өлеңдерін тыңдатады дегенді Ерболдан жақында есітіп еді.
  …Осы қалыпта Әйгерім мен Зылиқа шай жасамақ боп еді, үстел басына барлық жұрт сыймайтын болған соң, Абай үстелді жиғызды да, ұзын кең дастарқан кілемге жазылды. Кең үйдің мол жиыны енді түгел қанат жайып, дастарқан жағалай отырысты да, шайға кірісті.
  Көкбай шайды ерте ішіп болған. Сол аңғарды таныған жұрт дастарқан жиылмай-ақ әр жерден күңкілдеп «жыр басталса» деген еді, Базаралы домбыраны өз қолымен алып, осындайдағы әдеті бойынша Көкбайға ұсынды.
  Содан ары тыңдаушыларды көп өтіндірмей Көкбай өз өлеңін жырлап кетті. Ұзақ ішілетін шай аяқталған жоқ-ты. Бірақ үлкен самауырды қайта демдеп әкелгелі алып кетіскенде, өлеңнің айтылып жатуы мезгілді сияқты.
  Көкбай бірталай уақыт жырлағанда, Абылайды мадақтап сөйлеген. Енді самауыр қайта кіргенде, Абылайдың нәсілдеріне ауысып, соларды қошеметтей бастап еді. Дәл осы уақытта Базаралы Көкбайды санынан қақты да, «тоқташы» дегендей белгі етті. Көкбай Абайға қарап еді, көптен салқын қабақпен тыңдап отырған Абай да тоқтағанын мақұл көргендей екен.
  Көкбай еріксіз шұғыл тыйылып қалды. Енді Базаралы іле сөйлей жөнелді.
  – Бұрын сөйледі деп айып етпеңдер, жігіттер, осында менен басқаңның бәрің, бастығың Абай боп, өңшең ақын екенсің. Ендеше, көп айтушыға бір тыңдаушы болсам, ойымды айтайын, – деп Көкбайға салқын қарап алды.
  Абай Базаралының бұл мінезін де құп көріп, айтуын өтінді.
  – Айтсам, Көкбай, «алдияр» дедің, «асыл ханым» дедің, «аруағыңнан айналайын» деп те жалбарынып жатырсың. Аяғы Абылайдан өтіп, нәсіліне де тауап қылар тәрізің бар. Шынымды айтайын, жақпайды маған, Көкбай, мұның. …Біз Абай сөзін естігелі осыны ұмытсақ, мақұл емес пе еді? Көкейіме қонбайды, өйткені көңіліме жақпайды. Ал адалын өздерің айт! – деп Базаралы Абайға қарады.
  Жұрт мына сын шыға бастағалы шайды ішпей, сілейе тыңдап қалған екен. Абай Базаралыны қостап, ойлана отырып, бас изеді де:
  – Осы сөз, анық әділ сөз ғой. Айтып қойғанымыз болсын, айтпағанымыз болсын, бәрімізге де жетерлік сын екен, – деп ойлана отырды.
  …Шай енді мүлде ішілмей қалған. Үй іші жым-жырт боп, Абайдың енді тағы да айтар ой-өрісін тосқан. Абай ойлана отырып, жай сөйлеп кетті. Әзіргі өңінде қуаң тартса да, толқу, қызу бар.
  – Батырды, қыз қызықты, асық ынтықты тауыпсыңдар! Жырларың да, сырларың да аз емес, армандарың да жаңа! – деп бастады. Бар бүгінгі дастандардың түгел тобын қармап өтті. – Жазарсың… Жаз. Бірақ Бұл аз! Аз! – деп қатаң, салқын үн тастады. – Істің сөзі емес, түстің… Тәтті түстің сөзі. Сендер ғана емес, менің өзім де жетпеген жер, жазбаған зар бар.
  …Ендігі күшті соған серме!.. – Сөзін осымен тоқтатты.
  Жастардың бәрі тегіс аңғарып отыр. Әзір Абай мақұлдаған бірде-бір өлең болмай шықты. Көкбай үнсіз жиын арасынан түрегеліп, «басым ауырып тұрғаны» деді де, шығып кетті. Есіктен шығардағы күжірейген жуан жотасына қарап отырып, Абай оның өкпелеп бара жатқанын аңғарды. Соған орай өзі де ішінен қатуланып қалды.
  Қабақтары ашыла алмаған ақындар арасында енді сабыры таусыларман боп тіленіп отырған Дәрмен ғана. Қазіргі қатты сыншыл қабақтардан күдіктене түссе де, өжет, өршіл көңілі қорғанған жоқ-ты. Сонысы сүйеу болды да, Дәрмен Абайға өтініш айтты.
  – Абай аға, сынға толы боп деген жерден шығады демейім, бірақ менде бір тың жыр бар еді. Өзін бенде баласына оқыған жоқ ем, соны тыңдап, мінеп берсеңіздер, қалай болар екен?! – деді. Абай Дәрменге жалт етіп үмітпен қарап қалып:
  – Айтшы, сен айтып көрші! – деді.
  Содан ары ақ сұр жүзді, тықыр тығыз сұлу мұртты, отты көзді, қаршығадай алғыр кескінді ақын жігіт жедел созып, өз жырын оқып кетті. Үй іші тегіс Абайдай бейіл қойып тыңдап қалды.
  …Зорлығы мен сұмдығы күшті бай ауыл, киіз үйде ықтырмасына сыйынған. Сол ауылдың шеткі жыртық лашығында жүдеген ауру ана бауырында қос бөбек лыпасыз бүрсең қағады. Олар – Асан, Үсен… Зарланған кәрі сорлы әже – Иіс. Күнұзын бай малының соңында жаурап ұшып қайтқан азамат – Иса!.. Осы түндегі асқындаған дауыл, азынаған суық лашық, бүріскен аш-арық, панасыз момын да жазықсыз үй іші… қатал қаскөй бай менен қабандай қырыс жыртқыш бай баласы. Исаның сабалуы. Ыққан қой… Оны қуған Иса… бұған өшіккендей дүлей дауыл, қар аралас суық жауын… Содан ары қасқыр… қасқырлар!.. Исаның ер қажыры, батыр қайраты… Жанталас!.. Соңғы арлан бөрімен жекпе-жегі.
  Осы жайларға ақын жыры ауысқанда, үй іші тегіс демін ішіне тартқандай тынып қапты. Қыбыр еткен бір жан жоқ. Тек оқта-текте күрсініп, шошына сыбырлаған Әйгерім үні білінеді.
  Ойда-жоқта, қақ қастарынан шыққан тың дастанның бар адамы, бар құбылысы кеше ғана өздерін қайғыртқан шер-сорымен, енді, тіпті, жақын кеп бар жүректі бүріп қысып әкеткендей.
  Шебер ақын алмастай өткір сөзден, оттай сезімнен құдіретті жыр құрап үдеп барады. Азамат Иса, ардақты ұлан, ердің еріне бітпес қайрат атты. Неге атты! Кім үшін атты! Қатыбас, аямас, ер қадірін танымас дұшпаны үшін, адамның қасқыры үшін атты-ау, есіл ер!.. Иса ауру… Науқасы қатаң, балалар қорқынышта. Шеше зарда, жар дертте… үй жүдеу. Үй іші аш… Исаның көкірегінде арман, арылмас, айықпас арман. Зарлаған анам, жетім боп балам, төсек тартып жарым қалып барады-ау! Адам да емес, қорқау қасқырдың інінің аузында қалып барады-ау!..
  Бұл тұста Әйгерім жылап жіберді. Бір Әйгерім ғана емес, Абайдың да көзі жасаураған, Дәрменнің өз көзінен де жас парлайды. Сандырақ… қасқыр… …Сонымен өшті зор кеудеде үлкен от!.. Кетті асыл ұлан!.. Зарлап қалды қос жетімек – Асан, Үсен. Арлыға, айуан емес адам ұлына, ағаға жаутаңдаған өтініш көзбен, әлсіз үмітпен қалды сорлылар!..
  Осыдан ары жырының аяғын бітірмей, Дәрмен орамалымен көзін басып, жылап отырып қалды. Жиын жым-жырт. Исаның анық қазір ғана дүниеден кешкен өлімінің үстінде отырғандай, қаралы… Барлық жүрек қапада. Абай да екі көзі жасқа толып, басын төмен салыпты. Демі дірілдеп, ауыр-ауыр күрсіне береді. Барлық өне бойы, кең кеудесі түгел сілкініп тітіркенгендей. Ұзақ уақыт осылай отырып барып бойын тежеп, ойын жия бере қысқа ғана тіл қатты:
  – Некрасов, мынау Некрасов үні ғой. Орыс халқының шын зары мен арманды жанын танытқан Некрасов көкейімнен кетпей отыр. Бұны мен тапқан жоқ ем… Өзім таппасам, жетпесем соған жетуші, табушы болса деуші ем… Жолың болсын, бауырым Дәрмен! – деді.
  Абайдың жаңа Некрасовты аузына алғаны тегін емес болатын. Ауыл қыстауға қонғаннан бері Абай өзі Некрасовты ерекше бейіл бере оқыды. Және осы күздің бірер күнінде, оңаша шақта Дәрменге де Некрасовтың бірнеше өлеңін, дастанын әдемі әңгіме етіп, шебер тілмен жеткізіп берген. «Крестьян – бұқара халықтың ішіндегі шынды, наразы көңілді, қайғылы халді айтуда ең үлкен үлгі беретін ақын осы» деп баяндаған.
  Дәрмен сол күндерде Абайды бар ынтасымен тыңдай отырып, өзінің ішінде Иса туралы тағы бір әмірлі ыстық қиял толқындары оралып үйірілгенін сезіп еді. Енді біразда үнсіз ойланып қалған Абайдың қиялы оянды. Аталық пен ақын ағалық бөгде бір сурет оралды.
  Құз-қияға, жалтыр тасқа, қақап тұрған аязда жұмыртқаларын салған алғыр қыран бүркіт ана… Ел осылай аңыз етеді, ақпанда сол жұмыртқаларын салып ана қыран қыс бойы бауырына баспай тосады екен. Сонда бір жұмыртқа жарылады, екіншісі және жарылады. Аязды көтермей үшіншісі де жарылады. Қалса аман, біреу ғана қалады екен. Сол қалғанды, жалғызды ғана, мамыр күні туғанда қыран ана бауырына басады да, балапан етеді екен. Кей жылдар бірде-бір жұмыртқасы аман шықпай түгел жарылып, ана бауыры түңіледі де, тұл кетеді.
  Абай енді бір сәт халқы мен өзін де сол анадай сезінеді. Мұның да айналасында сондай күй жоқ па? Жарылып жатқан жұмыртқалар аз ба? Жарылған жұмыртқаның біреуі – анау Шұбар болса, ол жарылып қана қоймай, маңайына шірік, лас дерт те таратып, өлексе құртын көбейтіп жарылғандай. Тағы бір жұмыртқа – жаңағы кеткен Көкбай ма? Тым құрыса, мынаны тыңдамай да кеткені, ұзаққа бармас жарылар тұқым болғаны ғой. Мынау отырғаннан, қалғаннан да талайы нәсіл болмас… Жарылар да, бітер де! Тек жалғыз ғана арман, тым құрыса, біреу… біреу ғана болса, қалса деуші еді ана көңілі… Енді сол біреу – осы Дәрмен болар ма?! Осы ғой! Артымнан мен жетпегенге жетіп, мен көксегендей ортаны көксеп ұшармысың алысқа! Жетермісің жақсы жайылымға? Мен ұшқаннан арыға ұшар болшы! Мен танығаннан арғыны танышы, кейінгі елің көрер ырыс-қонысты барлашы! Ол сол, сен бүгінгі шыншыл жүрекпен таныған өрісте!

  Кілет, шошала, зәуезнәй – тамақ сақтайтын арнайы бөлмелер.
  Қатыбас – қатты, қатыгез деген мағынада.

1. «Қоршауда» тарауын оқып, тезистік жоспар жасаңдар.
2. Ақшоқыға өздерінің соңғы өнер табыстарын асығып әкелген өнерпаздар кімдер?
3. Мағаш не туралы жырлайды? Ақындық жолда да, азаматтық ұстанымда да әке жолын үлгі тұтынған жан туралы не білесіңдер?
4. Базаралы тыңдаушы ретінде Көкбайдың Абылай туралы дастанына қандай сын айтады?
5. Шәкірт ақындары әкелген өлең-жырдың бірде-бірі Абайдың көңілінен неліктен шықпады? Үзіндінің осы тұсын Абайдың қай өлеңімен салыстырар едіңдер?
6. Дәрменнің Исаға арналған дастанының тыңдармандарға әсерін жазушы қалай суреттеген?
7. Сол жыры арқылы Дәрмен орыстың қай ақынымен рухани үндестігін танытады?


1. Тараудан өздеріңе ерекше ұнаған үзіндіге «Үш жақты күнделік» толтырыңдар.

2. Үзіндідегі Дәрмен мен Көкбай бейнелерін «Венн диаграммасы» бойынша салыстырыңдар.


1. Дәрмен Абай армандаған парыз бен жауапкершіліктің жүгін адал көтерген ұрпақ өкілі ме? Жазушының Абай дәстүрінің жалғасы барын, оның мұрагері халық өкілі екенін жеткізген концептуалды шешімі туралы не айтасыңдар?
2. Кесте арқылы шығарманың негізгі идеясымен автор бейнесінің байланысы туралы өз ойларыңды айтыңдар.


  Үзіндідегі Көкбай мен Дәрменнің жырларына айтылған сын мен бағаны зерделей отырып, өз бағаларыңды беріңдер. Ойларыңды әдеби сын түрінде жазыңдар.

  Кері байланыс. «Жинақтау парақшасының индексі».
(Екі жағында да көрсетілген тапсырмалары бар парақтар таратылады).
1-беті: бүгінгі тақырып бойынша негізгі идеяларды атап шық.
2-беті: бүгінгі тақырыптан нені түсінбегеніңді анықта.


  …«Абай» романын мен соншалықты рақаттанып аудардым. Образдардың бедерлігі мен әсемдігі, тілінің айқындығы мен бояуы терең поэтикалық сезім – осының бәрі қажетті сөздерді сарыла, сарғая іздеуге мәжбүр ете тұрса да, қуанышты болды; мені тағдыры өзіме көптен жақын да қымбат болып кеткен қазақ әдебиетіне деген мақтаныш сезімі билеп алды.

Леонид Соболев

×
×

Корзина