§37–38. Қазақстан қоғамының жалпыұлттық құндылықтары

Оқу мақсаты:
- «Мәңгілік Ел» идеясының біріктіруші құндылықтарының маңыздылығын анықтау;
- «Мәңгілік Ел – патриоттық актісін» және «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын» зерттеу негізінде мемлекеттің идеология саласындағы саясатын түсіндіру.

Тірек сөздер:

Тақырыпқа шығу:

Қазақстан қоғамын қандай жалпыұлттық құндылықтар біріктіреді?

  1. «Мәңгілік Ел» идеясы Қазақстан қоғамын біріктіруші құндылық. Қазіргі кезде Қазақстанда өзіндік бірегей құндылықтар қалыптасып, жалпыұлттық мағынаға ие болды. Олардың қатарында «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтары, этносаралық келісім, ашықтық, үлкенді құрметтеу, қонақжайлылық, өзара көмек көрсету, әдептілік пен сыпайылық т.б. аса маңызды орын алады.

  Бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының асыл қасиеттерінің бірі екені белгілі. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы мен ынтымақтастығы, өзара сыйластығы – еліміздің басты байлығы. Бүгінде Қазақстан – бейбітшілік пен келісім сақталған, түрлі ұлт өкілдері жарасты өмір сүріп жатқан бірегей мемлекет.

  Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті мәдени, этностық, тілдік және діни әралуандылыққа негізделген жалпыұлттық құндылықтар құрайды. Ол әрбір азаматтың этностық тегіне қарамастан өзінің тағдыры мен болашағын Қазақстанмен байланыстыруына негізделеді. Ортақ тарихымыз, бүгінгі тіршілігіміз, болашаққа деген жауапкершілігіміз қоғамды біртұтастыққа бастайды. Тұжырым бойынша азаматтық қағидаттары, үштілділік сияқты құндылыққа ерекше мән берілді.

ЕҚЫҰ саммиті. 2010 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы

  «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі мазмұны жеті құндылықтан тұрады. 1991 жылы алған тәуелсіздігіміз барлық қазақстандықтарды біріктіретін қоғамдық келісімнің басты, өзекті нысаны саналады.

  «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясында қоғамдағы ұлттық бірлікті сақтау, сондай-ақ бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайту жобасы көрініс тапқан. Сонымен қатар индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсуге, өмір сапасын жақсартуға бағытталған жалпыға ортақ еңбек қоғамын орнықтыруға, республикамызда тұратын барлық ұлттардың тілдерін дамытуға жағдай жасауға және бейбітшілік пен келісім мәселесіне зор көңіл бөлінген.

  Жалпыұлттық идея сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Қазақстанның жалпы әлемдік мәселелерді шешуге қатысуына ықпал етуге бағытталған. Республикамыздың астанасында экономикалық және рухани келісім форумдардың өтуі – еліміздің осы істерді табысты жүзеге асырып жатқандығының дәлелі.

  «Мәңгілік Еліміздің» ұлттық мақтанышы Нұр-Сұлтан қаласы республикамыздың ғана емес, Еуразия құрлығының саяси, мәдени және рухани орталығына айналды. 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласында ЕҚЫҰ саммиті өтті.

  2. Қазақстан тұрғындарының ашықтығы мен жарқын мінезі. Мейірімділік, адамгершілік, жанашырлық, ашықтық, төзімділік сияқты қасиеттер Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқының ұлттық болмысында ерекше танылған. Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған дәстүрі мен мәдени құндылықтары бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Ш. Уәлиханов: «Қазақтар – дүниежүзіндегі ең мейірімді халық», – деп жазады. Қазақтардың арғы ата-бабалары – ежелгі сақ, үйсін, қаңлы, ғұндар, ортағасырлық түркілер мейірімділік, рақымшылық, адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленді. Сақтар досқа адал, дұшпанға қатал болған. Ғұндардың мықты да қуатты болуы себептерінің бірі олардың төзімділігі тіпті басқа дін мен бағыныштыларына жұмсақ мінез танытып отырды.

  Ұлтымыздың мінезіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан үлкенді сыйлау, сөзге беріктік, әйелді құрметтеу сияқты қасиеттер құндылықтарымыздың берік тұғыры саналады.

  Әртүрлі ұлт өкілдері қазақ жеріне түрлі жағдаймен қоныс аудару барысында орналасты. Басқа ұлт өкілдері қазақтармен етене араласып, қазақ тілі мен мәдениетін меңгеруге ұмтылды. Тәуелсіздік жылдары өз елдеріне көшіп кеткен неміс, орыс, украин ұлттарының өкілдері арасынан өз отанына айналған Қазақстан жеріне қайта оралуы да орын алды.

Ойлан
Далалықтар мінезінің қалыптасуына географиялық факторлардың әсері қандай?

  3. Жасы үлкендерге құрмет көрсету. Дәстүрлi қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсiмi ежелден бар болатын. Ондай құрмет жасы үлкен кiсiнiң қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендiгiне қарамай көрсетiлетiн. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметтi орындарға, төрге шығарылды. Жиналыстарда елеулi рөл атқарды. Жастар олардың айтқан сөзiн жерге тастамай, мүлтiксiз орындайтын. Жас жiгiт үшiн үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгiсi саналатын. Кiшi iнi үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетiнше ешқашан отырмайтын.

Ойталқы
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихи отанына көшіп кеткен өзге ұлт өкілдері не себепті Қазақстанға қайта оралды?

  Жас адамның үлкен кiсiнiң алдын кесiп өтуi көргенсiздiк саналатын. Жасы кiшiлердiң үлкендерге дауыс көтеруiне барып тұрған әдепсiздiк ретiнде үзiлдi-кесiлдi тыйым салынатын. Әңгiме үстiнде жасы үлкен кiсiнiң сөзiн бөлуге ешқашан рұқсат етiлмейтiн.

Пікірің қажет
Қазіргі кезде үлкенге құрмет көрсету әдебі қаншалықты сақталған?

  Жастар үлкендердің жолын кесіп өтпеген. Екі қазақ кездесе қалғанда жасы кішісі үлкеніне бірінші болып сәлем береді. Ақсақалдардың атын байлау тікелей жастардың міндеті саналды. Жастар алыс жолға аттанарда не үй болып, шаңырақ көтерерде жасы үлкен ақсақалдардың алдынан өтіп, ақ батасын алатын.

  Жер дауы, жесір дауы, ру арасындағы болып тұратын күрделі дау-жанжалдарды шешуге ауыл ақсақалдары немесе рудың, ауылдың абыройлы азаматтары араласты. Үлкендерді құрметтеу барлық жағдайда орын алған. Саят құру кезінде жас аңшы бағалы олжасын өзімен бірге аңға шыққан адамдардан жасы үлкен ақсақалдың қанжығасына байлайтын.

  Дала тұрғындарына тән әдептілік пен сыпайылық, кішіпейілділіктің бір көрінісі – үлкен кісінің есіміне «әке» немесе «еке» сияқты жұрнақ сөз қосып айту. Мәселен: Дайыр – Дәке, Қазбек – Қазеке, Еркін – Ереке сияқты айтылады. Жастар жасы үлкен адамдарды атын атамай, қоғамдағы қызметі немесе дәрежесі бойынша атады: Би-аға, Батыр-аға, Болыс-ағай т.б.

  Жасы үлкен кісілерді құрметтеу дәстүрі мыңдаған жылдар бойы қанымызға әбден сіңген қасиет ретінде көпұлтты Қазақстан елімізде әлі күнге дейін сақталып, ұлттық құндылықтарымыздың бірі саналады. Қазақ үшін үлкенге құрмет көрсету – жазылмаған заңдылық.

  4. Ұлы дала тұрғындарының қонақжайлылық қасиеті. Ұлы дала тұрғындарына дәстүрлі қонақжайлылық қасиет ежелден тән. Олардың бұл қасиеті көптеген ғасырлар барысында қалыптасқан.

  Қорқыт Ата өсиеттерінің қай заманда болмасын ескірмейтін асыл мұра болып табылатын сөздерінде қонақжайлылық дәстүрін берік ұстануға нұсқау берілген: «Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық». Қазақ халқы дәулеттің арқасында қонаққа тегін дастарқан жайып, қонақжайлылығымен әлемді мойындатқан жұрт. Қонақасы – қазақтың бөлінбеген еншісі. Қарапайым қонақты тіпті күшті билеушілер де ренжітпей күтіп, қамқорлық білдіретін.

  ХІХ ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».

  Үйге келген қонақ әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. ХІХ ғасырдағы неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон Хелльвальд та былай деп жазады: «Қырғыз қайсақтар (қазақтар – авт.) барынша қонақжай мейірімді келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады».

Қазақтар. XVIII–XIX ғ. М.В. Горелик

  Қазақ халқының қонақжайлылық қасиеті мен дәстүрі қазақ даласында болған шетелдік саяхатшылар, ғалымдар және қызмет бабымен келген адамдарды таңғалдырған. Француз зерттеушісі Ш.Е. Ужвальд де Мезе-Ковезд Ұлы дала тұрғындарының тамаша қасиеті туралы былай деп жазады: «Адамгершілік қасиеттері бойынша қазақ көңілді, ашық, ақылды, адал және қонақжай болып келеді. Олар шетелдіктерді керемет қонақжайлылықпен күтеді». ХІХ ғасырдың соңында ағылшын кен кәсіпорындарының акционерлік қоғамында қызмет еткен американдық инженер Э. Нельсон-Фелл қазақтардың қонақжайлылығы туралы жылы сезіммен баяндайды: «Бұл тамаша заң, оны барлығы ұстанады. Басқа заңдар мен әдет-ғұрып бұзылса да, бұл заң бұзылмайды».

Ізден
Қазіргі қоғамда қонақжайлылық дәстүрі сақталған ба?

  Қазақ «Қырықтың бірі – Қыдыр» дейді. Қонақпен бірге еріп құт-береке кіреді. Далалықтарда үйіне келген адамға міндетті түрде тегін қонақасын беру, оған жайлы төсек-орын салып, қондырып жіберу әдет-ғұрпы ежелден орын алған. Күтпеген жерден келіп түсетін қонақты қазақ Құдайы қонақ деп оған айрықша құрмет көрсеткен. Егер үй иесі қонаққа ондай құрмет көрсетудің дәстүрлі әдет-ғұрпынан бас тартса, әлгі бейтаныс жолаушы үй иесінің үстінен биге барып, шағым айтуға құқылы болған. Ал би қонақжайлылық әдет-ғұрпын бұзған үй иесіне ат-тон айып (ат-тон немесе шапан көлемінде салынатын айып түрі – авт.) салатын. Әдетте, мұндай келеңсіз оқиға қазақ арасында өте сирек ұшырасқан. Мұндай айып төлеу түрі туралы А. Гейнс те жазады: «Әрбір жолаушыны мүмкіндігінше күтеді. Үй ішіне кіргізбеген және қонақасын бермеген үй иесі ат және шапан түрінде айып төлеуі тиіс». Үйіне келген қонаққа қонақасын бермеген адамды айналасындағы ел-жұрт та сыйламайтын болған.

  Қазақтарда ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптың бірі – дәм ауыз тию. Үйге бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбейінше, батасын алмай жібермейтін. Қазақ даласына жер аударылған поляк жазушысы А. Янушкевичтің қазақтардың қонақжайлылығы туралы: «Егер экватор сызығын бойлап ылғи қазақ ауылдары қонып отырған болса, мен Жер шарын бір тиын ақша жұмсамай айналып шыққан болар едім» деген сөзі өте дәл айтылған.

  Бұл дәстүр адамдар арасындағы өзара байланыстарды нығайтып, жалпы қоғамның бүтіндігін бекемдеген. Қазақтардың қонақжайлылығы бұрынғы КСРО-ның миллиондаған азаматтарын саяси қуғын-сүргін, жаппай депортация мен эвакуация жылдары аштықтан және қиын-қыстаулардан аман сақтады. Бұл жағынан қазақтар басқалардан көш ілгері тұрған.

  5. Әдептілік пен сыпайылық әдет-ғұрпы. Дала тұрғындарына тән әдептілік пен сыпайылық отбасы тәрбиесінен бастау алады. Бұл қасиеттер адам баласының бойында сарқылатын болса, ол қоғамның рухани тоқырауына әкеледі. Отан отбасынан басталатындығын дана халқымыз терең ұғынып, әрқашан жадында ұстап келген. Бұл атам заманнан халқымыздың сүйегіне сіңген қадір-қасиеттерінің бірі болып табылады.

  Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамайды. Жасы кіші үлкендерді немесе бөтен танымайтын кісіге «Сіз» деп құрметтеп «аға», «ағатай», «ата», «апа», «көке», «жеңге» деп атаған. Кіші үлкенді сыйласа, үлкен өз тарапынан кішінің кішілігін сыйлауы – халқымыздың қанына сіңген абзал әдет.

  Жас келіндер ер-азаматты ерекше құрметтеудің белгісі ретінде күйеуінің жақын туысының атын атамаған. Күйеуінің әкесі мен шешесін ата, ене деп құрметтеген. Күйеуінің іні-қарындастарын шырақ, жарық, айнам, гүлім, бауырым деп еркелете ат қоятын, өзге туысқандарына да жаңа әрі жарасымды ат ойлап табатын.

Ойыңды білдір
Қазіргі қазақ қоғамында жас келіндер күйеуінің жақын туыстарының атын тікелей атамау салтын сақтайды ма?

  Қазақтар екіқабат әйел мен жасы үлкен адамның алдын кесіп өтуді әдепсіздік санаған. Келіндер атасының, қайын ағаларының көзіне түспеуге тырысқан. Отағасы үйде жоқ кезде ересек ер адамның жақын туыс-бауыры болмаса, үйге түсуіне рұқсат етілмеген. Қазақтар үйге кірер алдында қару-жарағын әрқашан тыста қалдыратын. Ханның алдына қамшы ұстап кіруге де болмайтын.

  Ауыл ақсақалдары тамақ үстінде үлкен табақтан жасы кішілерге асату жасайтын.

  Дала тұрғындарында бір-біріне қуанышты хабарды «Сүйінші!» деп жеткізу әдет-ғұрпы болған. Қуанышты хабарды жеткізген адамға жылы сөздерін айтып, сыйлық жасаған. «Сүйінші» деп сәби дүниеге келгенде, ұл бала әскерден аман-есен оралғанда, тағы да басқа елеулі қуанышты хабарды айтады.

  «Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы», – дейді қазақ. Сауға деп жауға шапқан батырдың жорық олжасынан алынатын затты айтады. Мысалы, қазақ-жоңғар соғыстарында алыс әскери жорықтардан олжалы келген батырлар туған-туыстарына сауға ретінде мал, әшекей бұйымдарын т.б. беретін болған. Олжалы келе жатқан аңшыдан сыралғы сұраған. Аңшылар сыралғы сөзін жерге тастамайды, қалаған нәрсесін берген.

  Осы әдет-ғұрыптардың бәрі Қазақстан халқының тұтастығын сақтауға мүмкіндік беріп, жылы қарым-қатынас орнатты, қоғамдағы моральдық-психологиялық ахуалды айтарлықтай жақсартты.

  6. Қазақтардың өзара көмек жөніндегі әдет-ғұрыптық ережелері. Ұлы дала елінде өзара көмек, кез келген қамкөңіл жандарға қол ұшын созу дәстүрі ертеден келе жатқан әдет-ғұрыптарға жатады. Халық бұқарасы ішінде мұндай көмектің орын алуы қазақ қоғамында кедейлердің болмауына септігін тигізген. Қазақ халқы ауызбіршілігінің арқасында жақындары мен туыстарына жанашырлықпен жәрдем беріп отырды.

  Қазақ халқында кездейсоқ жағдайда үйі өртеніп кеткен немесе жаудың шабуылынан, қатал қыстың ауыртпалығынан, су тасқынынан, аштықтан зардап шеккен отбасыларына, ауылдас немесе туысқан адамдарға жұмылып көмек көрсеткен. Олар зардап шеккен жандардың алдына қолдарынан келгенінше мал салып береді, киім-кешек, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ жағынан көмек көресетеді, үй салуына жәрдемдеседі. Мұның өзі зардап шегіп, қиналған ағайынға жаны ашығандықтың, қамқорлық жасағандықтың көрінісі еді. Мүмкіндігі бола тұрып, ондай көмек көрсетуден бас тартқан ағайын-туыс ру ішінен қуылып, аластатылатын. Ал мұндай жазаға кесілгендер өз руының тарапынан жанашырлық, жақсылық дәмете алмайды.

Ойлан
Өзің тұратын өлкеде «асар», «жұртшылық» дәстүрлері кездеседі ме?

  Қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып та кеңінен тараған. Оның мәні белгілі бір себеппен белшесінен қарызға батып, оны төлеуге жағдайы жоқ туысқан адамға рулас ағайын-туғандарының көмек көрсетіп, қарызынан құтылуына жәрдемдесуі болып табылады. Мұндай көмек ауыл ақсақалдары кеңесінің шешімі бойынша көрсетіледі. Қазақтардың ауызбірлігінің, өз жақындары мен туыстарына жанашырлықпен жәрдем жасауының бір көрінісі міне осындай.

  Дала тұрғындарының дәстүрлі әдет-ғұрыптарының бірі – асар. Онда ауыл тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірлесе жұмылып, біреудің белгілі бір жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал қорасын салып беруге, сондай-ақ құдығын қазып беруге жұмыла көмектеседі. Асар ауылдас отырған рулас адамдардың туысқандығы мен ынтымақ бірлігінің жарқын көрінісі болып табылады. Асарға шақырылғанда оған бармай қалу әдепсіздік саналатын. Қазақтар ХХ ғасырдың бас кезінде осы әдет-ғұрыпты пайдаланып, көптеген жерлерде мектептер және мешіттер салды.

  Әрбір қазақ қайғылы жағдайға ұшыраған адамға көмектесуге, қиналған адамның өтінішін орындауға, шөлдеген адамға сусын беруге міндетті болды. Рулас адамдар жоғалған немесе ұрланған малды бірлесе іздеген. Дала тұрғындары өте мұқтаж, кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл міндетті орындау қажеттілігі туған жағдайда кез келген қазақтың жылқы қосынан ат ұстап, мініп кете беруге құқықты болған. Бұл үшін ат иесінен рұқсат сұрау міндетті емес-ті. Ондай кезде көлік беруден бас тартқан адамға ат шапан айып салынған және ол туралы жағымсыз қоғамдық пікір қалыптасқан.

  Сонымен, мыңдаған жылдық тарихымызда ұлттық бірегей дәстүр мен әдет-ғұрып қалыптасты. Бұл құндылықтар «Мәңгілік Ел» идеясында халықтың ынтымағы мен бірлігін нығайтуға зор әсер етті.

1. «Далалықтардың жазылмаған заңдары» деген сөз тіркесін қалай түсінесіңдер?
2. Жасы үлкенге құрмет көрсету хақында қандай ғибратты сөздер мен мақал-мәтелдер білесіңдер?
3. Бұрынғы салт-дәстүрлер уақыт өте өзгерістерге ұшырады ма?

Толеранттылық (лат. tolerantia – төзімділік, көнбістік) – басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті.
Асар – жабылып жұмыс істеуге, көмекке шақыру.
Бата беру – жақсы тілек білдіру.

Гейнс Александр Константинович (1834–1892) – Ресей зерттеушісі, саяхатшы, этнограф.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. «КСРО билігі халықтардың бірегейлігін жою мақсатымен ұлттық саясатты қатаң жүргізді. Соның салдарынан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздан айырылып қалдық». Берілген пікірге байланысты ойыңды ПТМС формуласы арқылы білдіріңдер.

П – позиция (Мен осылай деп ойлаймын…)
Т – түсіндіру (Себебі…)
М – мысал (Мен мұны мынадай мысалдармен дәлелдей аламын…)
С – салдар (Қорытындысында…)

2-тапсырма. Қазіргі және дәстүрлі қазақ қоғамының құндылықтар жүйесін салыстырыңдар.

3-тапсырма. Хрестоматияда берілген «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің толық нұсқасымен танысып, мемлекеттің идеология саласындағы рөліне баға беріңдер.

  «Қырғыздардың (қазақтардың) ерекше қабілетке ие екендігінде еш күмән жоқ. Бұл халық бүгінгі күні өзінің бірегейлігін сақтап қалған. Халық шығармашылығының үлгілері: мақал-мәтелдер, ән-күй, ертегілер, жұмбақтар, тарихи әңгімелер мен т.б. туындылар бұл халықтың бай тарихының бар екенін айғақтап, сонымен қатар оның болашақ дамуының кепілі болып табылады. Бостандыққа сүйіспеншілігі, кішіпейілділігі, сенімі мен білімге құмарлығы – қырғыздарға (қазақтарға) тән қасиеттер…»

Васильев А.В. Татарлар мен қырғыздардың (қазақтардың) өзара қатынасы туралы сипаттау материалдарына алдын ала қысқаша очерк. Орынбор, 1898, 28–29-беттер.

1. Автор қазақ халқының бірегейлігін қалай байқаған?
2. Зерттеуші А. Васильев қазақ халқының қандай қасиеттерін ерекше бөліп көрсетеді?

×
×

Корзина