Ұстазға мың алғыс

Шығарма құрылымын жетілдіремін.

1. Ұстаз туралы ойыңды тұжырыммен, түйінді сөздермен білдір.

Мысалы: Ұстазым – ақылшым.

2. Түсініп оқы.

Мейірімді мұғалім

  Дүниедегі ең мейірімді, ең жақсы адамдар мұғалім апайлар сияқты. Сейіттердің Жеңіс апайлары да сондай. Дауысын шығарып бір қатты сөз айтуды білмейді.
  Бірінші күнгі сабақтан қалғаны үшін Сейітке ұрысқан да жоқ. «Ауырып қалдым» деп еді, сене салды. Осыдан бір апта бұрын Жеңіс апай: «Мен демалысты қалай өткіздім?» деген тақырыпта үйде шығарма жазып келуді тапсырған. Сейіт бір тыныш күні жазармын деп еді, ондай күн әзірге туар емес, ертең өткізу керек.
  Оның көз алдына Жеңіс апайының ылғи күлімсіреп тұратын жылы жүзі елестеді. Ренжітіп алуы мүмкін. Кім біледі, ол кісі де үндемей жүріп, бір күндері қатал болып кетуі ғажап емес.
  Амалсыздан тағы да үйге кіріп, ішкі бөлмеге өтті. Жақсылап тұрып іштен бекітті. (Сөйтсе дыбыс естілмейтін болыпкөрінді). Үстелдің үстіне қағаз-қалам қойды. (Ал енді жаз). «Мен демалысты қалай өткіздім?». Ойланды. Неден бастау керек? Сәлден соң қаламы қағаз үстінде жорғалай бастады.
  «Демалыста әжем екеуіміз шөп тасыдық. Өйткені көкем ауырып қалды. Ал жеңешем жұмыста».
  Тағы не айту керек? – «Балалармен бірге өзенге шомылдым. Балық ауладық. Бірақ көп ойнағам жоқ. Айттым ғой жаңа, қол тимеді».
  Қайталап оқып шықты. «Айттым ғой жаңа» деп міндетсуі артық сияқты. Сызып тастады. Міне, бәрі де аяқталды. Ал жазғаны бір бетке толған жоқ. Бұдан ары не жазарын білмеді. (Осы да жетер деп сөмкесіне салып қойды). Әрі ұйқысы да келіп кетті.
  Ертеңіне Жеңіс апай үй шығармасын жинап ала бастағанда ғана аз жазғаны есіне түсті. Дәптерін партаның астына тыға қойды.
  – Сейіт, сен тапсырманы орындап па едің?
  – Қалып кетті.
  Жеңіс апай осы жолы ренжіді. Өйткені үндемей, басқа балалардың жұмыстарын жинап ала бастады.
  – Апай, қалмапты, сөмкемде екен. – Сейіт шыдай алмады. Қолы дірілдеп, партаның астындағы шығарманы ешкімге көрсетпей тез-тез алып, апайға ұсынды. Беруін берсе де, ұяттан беті өртеніп, отырып қалды.
  Содан шығарманы қайта әкеліп үлестіргенше, бір түрлі қуыстанып жүрді. (Жеңіс апай, мүмкін, мұның жазғанын оқып қойған да шығар). Әйтеуір, шығарма қайта қолына тигенде ғана «уһ» деп дем алды. Ақырын ішін ашып көріп еді, «4» деген баға қойылыпты.
  – Сейіт, сен шығарманы жақсы жазыпсың, – деді апай. – Оқып, қуанып қалдым.
  Сейіттің көзі күлімдеп кетті. (Жеңіс апайдай сұлу әрі жақсы мұғалімнен мақтау есту бақыт қой).
  – Асығыс жазылды, – деді Сейіт. (Бұдан да жақсы жаза алатын едім деп айтпақ еді).

Сәбит Дүйсенбиев

3. Автор туралы әңгімеле.

Сәбит Дүйсенбиев
1959 ж.т.

  • Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған.
  • Балаларға арналған «Тәтті алма», «Қақпашы» деген жинақтары бар.
  • «…Адамның шын қасиетін ішіне бойлап қана аңғару қажет. Осыны шынайы түсінетін және кейіпкерлерімен тосырқамай сырласа алатын жазушылардың бірі – Сәбит Дүйсенбиев».

Қуандық Түменбай

4. Берілген жоспар бойынша оқиға жүйесін анықта. Әр бөлікке өз пікіріңді қосып айтып, шығарма құрылымын жетілдіріп көр.

5. Мәтінді басқаша тағы қалай атар едің? Ойыңды дәлелдеп айт.

6. Мұқият тыңда.

Рақмет саған, мұғалім!

Әріптерді үйретіп,
Жақын болған кім бізге?
Жамандықтан жирентіп,
Ақыл болған кім бізге? –

Десек, ол жан – мұғалім,
Таласады, сірә, кім?
Қапастағы елдердің
Мұңын айтқан кім бізге?

Көрікті сан жерлердің
Сырын айтқан кім бізге?
Десек, ол жан – мұғалім,
Таласады, сірә, кім?

Аңыз, ертек, ән-жырдың,
Бәрін бойға құйғыздың.
Санамызға сен біздің
Бар асылды сыйғыздың.
Жақтың білім шырағын,
Рақмет саған, мұғалім!

Өтепберген Ақыпбекұлы

7. Ақынға ілесе ұстазыңа деген алғысыңды өлеңмен білдір.

×
×

Корзина