Ақылды шаштараз

Шығарманың композициялық құрылымын білемін.

1. Шаштараз айтқан сөзге сен қандай пікір білдіресің?

Шаштараз:

«Қашпай сен де далаға,
Жиірек кел ағаңа.
Жалбыраған жаман шаш
Жараспайды балаға».

Қадыр Мырза Әли

2. Мұқият тыңда.

Өнеге

(Ертегі)

  Бұрынғы заманда бір үлкен шаһар бар екен. Шаһарда хан болыпты. Ол күнде қарапайым киініп, шаһарды көптің бірі болып аралап жүреді екен. Күндердің бір күні хан базарды аралап келе жатып, басына бір кесек алтын, аяғына бір кесек алтын қойып жатқан бір адамды көреді. Мұны көріп хан таңғалып, неше күндей әлгі адамды сыртынан бақылап жүреді. Бұл адам таңертең де, кешке де басы мен аяғына кесек алтын қойып жатады. Ақыры, бір күні хан:
  – Сен не қылған адамсың? – деп сұрайды.
  Ол адам басын көтеріп:
  – Мен ақыл сатушымын, – дейді.
  – Олай болса, маған бір ақыл сатшы, – дейді хан.
  Сонда ол адам:
  – Құп болады, бірақ әр ақылымның бағасы мың ділдә алтын, – дейді.
  Хан санап, мың ділдә алтын береді. Сонда ақыл сатушы:
  – Не істесең де, ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың, – дейді.
  Мұнан соң хан ордасына келіп, баяғы сөзді әрбір көзге түсетін жерлерге, орамал-дастарқанға дейін жазғызып қояды. Күндердің бір күні хан шашын алғызатын болып: «Шаштараз алып кел», – деп бас уәзірге әмір қылады. Уәзір дереу бір шаштаразға барып: «Ертең келіп, ханның шашын ал», – деп бұйырады. Таңертең ерте шаштараз ханның ордасына келе жатса, алдынан уәзір шығады.
  Уәзір:
  – Ей, шаштараз, ханның шашын қандай ұстарамен алмақшы едің? – дейді.
  Шаштараз:
  – Әй, тақсыр, күндегі ұстап жүрген жабайы ұстарамен аламын-дағы. Жақсы ұстараны мен байғұс қайдан табамын? – дейді.
  Сонда уәзір:
  – Ей, ақымақ! Ханның шашын жабайы ұстарамен алуға болмайды. Мына ұстарамен ал, – деп, қалтасынан шығарып, бір алтын сапты ұстара береді.
  Шаштараз қуанып, ханның құзырына келіп, шашын жібіте бастайды. Сол уақытта шаштараз: «Не істесең де, ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың!» деп, әр жерге жазылған сөздерді оқып көреді де, ішінен: «Қой, уәзірдің ұстарасын қояйын, өзімнің үйренген жаман ұстараммен-ақ, ханның шашын алайын» деп, уәзірдің алтын сапты ұстарасын былай қойып, зінің ағаш сапты ұстарасымен ала бастайды. Мұны көріп хан ішінен: «Бұл ақымақ алтын сапты ұстарасын менің шашымды алуға аяды ғой! Онымен менен артық кімнің шашын алады? Тоқтай тұр, мен саған көрсетейін!» деп шашын алғызып болған соң, хан:
  – Дереу жендетті шақырып келіңдер, мен бұл шаштараздың басын аламын! – деп уәзірлеріне әмір қылады.
  Шаштараз мұны естіп, неге қылмысты болғанын білмей, қайран қалып тұр еді. Жендеткелген соң, бейшара шаштараз ханның аяғына жығылып:
  – Ей, тақсыр, менің басымды алсаңыз да, ықтияр, бірақ менің кінәмді айтып, алсаңыз екен! – дейді.
  – Сен алғашында менің шашымды алтын сапты жаңа ұстарамен алмақшы болдың. Ақырында оны менен аяп, ағаш сапты ескі ұстарамен алып, мені қорладың. Сенің кінәң осы, – дейді.
  Сонда шаштараз:
  – Жаңа сіздің шашыңызды алуға ордаға келе жатқанымда алдымнан бас уәзіріңіз шығып: «Ханның шашын алуға мына ұстара лайық» деп, осы алтын сапты ұстараны беріп еді. Мен сіздің шашыңызды жібітіп жатып, әр жерде жазылған: «Не істесең де, ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың!» деген сөздерді көріп: «Бұл уәзір берген ұстараның қандай екенін білмеймін, ханға бір зиян келтіріп жүрмейін. Ескі болса да, үйренген өзімнің ұстараммен алайын» деп ойладым. Шашыңызды ағаш ұстарамен алғанымның себебі осы еді, – дейді.
  Сонан соң хан жасауылдарын жіберіп, бас уәзірін шақыртып алдырып:
  – Мына ұстараны шаштаразға сен бердің бе? – деп сұрайды.
  – Мен бердім, – дейді уәзір.
  – Олай болса, бұл ұстарамен уәзірдің шашын ал, – деп, хан шаштаразға бұйырады.
  Шаштараз уәзірдің шашын жібітіп, алтын ұстарамен бір сипағанда, уәзірдің жаны шығып кетеді. Сөйтсе, бұл уәзір ханға қас екен.   Ханды өлтірмекші болып, ұстарасын уға малған екен. Мұны көрген хан шаштаразға дән риза болады. Көп алтын-күміс беріп, үйіне қайтарады.

«Қазақ ертегілері» кітабынан

Шығармадағы оқиға тізбегі сюжет деп аталады.

Сюжеттің кезеңдері:
1. Басталуы – шығармадағы оқиғаның кіріспесі, яғни кейіпкерлердің іс-әрекеті басталмаған жағдаят.
2. Оқиғаның байланысы – кейіпкерлер арасындағы әрекеттің басталуы.
3. Оқиғаның дамуы – кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастың өрбуі.
4. Оқиғаның шиеленісуі – кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас, қимыл, іс-әрекет күшеюі.
5. Оқиғаның шарықтау шегі – кейіпкерлер арасындағы қимыл-әрекеттің мейлінше күшейіп, ең жоғарғы шегіне жетуі.
6. Оқиғаның шешімі – мәтіннің аяқталуы. Оқиғалардың осылайша өрбіп отыруы – шығарма құрылысы, яғни композиция деп аталады.

3. Композициялық құрылым бойынша ертегіні әңгімелеңдер. Әр кезеңді атаңдар.

Үлгі: Оқиғаның шарықтау шегі – ханның әмірі.
1. Оқиға болған жер.
2. Ақыл сатушы мен хан.
3. Уәзір мен шаштараз.
4. Хан мен шаштараз.
5. Ханның әмірі.
6. Уәзірдің өлімі.

4. Ертегіден ақыл сатушының ақылын тауып, жазып ал. Есіңе сақтауға тырыс, өмірде керегі болады.

5. «Тұжырым» кестесімен жұмыс жаса.

6. Ертегіні басқаша тағы қалай атауға болады?

×
×

Корзина