Ақын болу...

Ойымды сызба, өлең түрінде ұсынамын.

1. Сенің сүйікті жазушың (ақының) кім? Қандай шығармаларын білесің (жатқа оқисың)?

2. Түсініп оқы.

Жазып та көрдім…

  «Сіз қалай жазасыз? Қалай жазушы болдыңыз? Ана кітабыңызды қалай жаздыңыз?» деген тәрізді сұрақтар оқырман қауым тарапынан әр кезде қойылатыны белгілі. Бірде бір кездесу кеші әлгіндей сұрақсыз өте қоймайды. Басқаларды қайдам, мен өзім сондай кезде не айтсам екен деп тоқыраңқырап қалам… «Қалай жазасыз дейсіз бе? Үстелге отырып жазам… Жаза, жаза жазушы болдым…» деген секілді әзілмен жауап бере бастаймын.
  Үстелге отырмай да жазатын жазушылар болған. Мысалы, Э. Хемингуэй түрегеп тұрып жазады екен. Сол үшін өз бойына лайық, биік үстел жасатып алған. Отыра беру адамды енжар етеді, семіртіп жібереді дейтін болу керек.
  Әзіл-сықақтың атасы Марк Твен: «Сіз қалай жазасыз?» деген сұраққа: «Солдан оңға қарай жазамын», – деп жауап берген.
  Осы күні мен білетін кей ақын-жазушылар оқырман қауыммен кездесуге тек әлгіндей сұрақтарды есту үшін баратын секілді.
  Ал мен былай ойлаймын: тұтынушы дүкенге барды, көздің жауын алатындай әдемі жасалған кітап шкафын, жазу үстелін көрді, сатып алды немесе үстелді жасаушы шебер ағашты қайдан әкелді? Қалай кесіп өңдеді? Қандай бояу жақты? Ол бояулар қайда? Неден жасалып еді? Осының бәрін тұтынушыға біліп жату қажет пе? Міне, жазушылық еңбек те осы тәрізді. Оқырманға керегі – кітап. Жақсы кітап. Қолдан тастамай оқуға жарайтын қызықты шығарма. Ал оның қалай, қайтіп жазылғанын білмегеннен оқушы ештеңе жоғалтпайды…
  «…Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым! Шындықты айтып отырмын, – әттең жазушыболсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші, төртінші сыныпта оқып жүргеннің өзінде ақындық даңқым мектеп асып, бүкіл ауылға жайылды…»
  Бұл менің өзім емес, кейіпкер Қожаның сөзі. «Менің атым – Қожа» повесі дәл осылай басталады. Атын ұмытып қалдым, бір үлкен қаламгер: «Әр жазушы әуелі өзін жазады» дейді… Бір сөзбен айтсам, сол өзін жазатын жазушы менмін…

Бердібек Соқпақбаев

3. Аты аталған жазушылар туралы не білесің? (Хрестоматияны пайдалануыңа болады).

4. Зер салып тыңда.

Айналама қарасам…

Ғажап неткен тау, дала,
Нұрын төксе Күн көктен.
Ғажап біздің аула да,
Сәби біткен – гүл, көктем.

Қызғалдақтар қыратта
Желбірейді алаудай.
Сыңғыр қаққан бұлаққа
Қараймын көз ала алмай.

Сырласқандай маңаймен,
Шаттанамын, қуанам.
Мұндай сәтте
Қалай мен
Әсерленбей тұра алам?!

Бір іске таңғалам ба,
Бір ғажапты көрем бе –
Дауыл ұйтқып санамда,
Айналады өлеңге.

Бара қалсам көлге де,
Қызықтарды көрем көп.
Бар әсерім кеудеме
Құйылады өлең боп.

Орманда да
Маңыма
Қарай берем елеңдеп.
Қызыққаным
Тағы да
Төгіледі өлең боп.

Бұлбұлға да сайраған
Сүйсінемін жыр арнап.
Байқап жүрмін,
Айналам
Мені ақын ғып шығармақ.

Сұлтан Қалиұлы

5. Автор туралы не білетініңді есіңе түсір.

Сұлтан Қалиұлы
1943–2018

  • ?
  • «Сұлтан Қалиұлының «Жыл құстары келгенде» атты жаңа кітабы – балалар өмірін бейнелеп, дүние танытатын, оларды отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиелейтін, ой-өрісін кеңейтіп, тілін ұстартатын, жарығы мол, жақсы кітап».

Тұрдақын Жексенбай

Тұрдақын Жексенбай – жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

6. Өлеңнен не ұқтың? Ақынның шабытын шақыратынне екен?

7. Суретке қарап, «Мен ақынмын» деп қиялдап, шабыттанып, өлең құрастыр.

×
×

Корзина