Геолог-ғалым

Қажетті ақпаратты сызбаға түсіремін және тұжырым жасаймын.

1. Мұқият тыңда. Ойыңды қысқаша тұжырым ретінде сызбаға түсір.

  Сәтбаев Қаныш Имантайұлы – геолог-ғалым, Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін салушы, қоғам қайраткері. Қазіргі Павлодар облысының Баянауылауданында туған. Ол Жезқазған, Қарағанды, Алтай аймақтарын зерттеп, көптеген кен орындарын ашқан.
  «Жеріміздің үсті де, асты да бай. Менің геолог ретінде борышым – жер астындағы қазбаны зерттеп табу, оның қорын анықтау. Ал ғалым ретіндегі міндетім – кен байлықтарын халық игілігіне жарату», – дейді Қаныш Сәтбаев.

«Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясынан

жер құрылысы мен қабатын зерттеп, ондағы пайдалы қазбаларды табумен айналысатын адам.

Қаныш Сәтбаев
1899–1964

  • ?
  • ?
  • ?

2. Мәтінді түсініп оқы.

Қазына көтерген бала

  …1912 жыл. Павлодар қаласындағы екі басқыштық училище. Оқу жылының алғашқы күндері. Ауылдық мектепті бітіріп келген балалар өткен жылы бірінші басқыш оқуды аяқтап, биыл екінші басқышқа жаңа келіп отыр. Балалардың бәрі сол күні мектепке ерте жиналды. Көптен көріспеген оқушылар жазда көрген-білгендерін біріне-бірі айтып тауысар емес. Сыныпты бастарына көтереді.
  Көптің ішінде кішкентай Қаныш көрінбейді. Қалғандары сынып ішінде. Дабырлап тұрған балалардың бірінің көзі партаның астына көрінбесін дегендей, қалтарысқа тығып қойған қапшыққа түспесі бар ма? Міне, қызық! Бір бала жалма-жан тұра ұмтылды.
  – Бұл не екен? Жейтін бірдеме бар шығар ішінде… Құрт, ірімшік пе? Әлде сүр қазы-қарта ма екен?
  – Болсаңшы, не болса да, көрелік! – деп оны қоршаған балалар асықтырып тұр. Қапты ашқанша көңілдері тыныш табар емес.
  Әлгі бала қаптың аузын ашып, қолын салып жіберді де, бір уыс ұсақ тасты алып шықты.
  – Әй, мынасы несі, жай тас па, әлде таскөмір ме? – деп қайтадан тастай салды. Келесі бір бала:
  – Николай Ермилович, мынаны қараңыз, сурет, – деп, қапшықтан сурет салынған бума қағазды алып шығып, маған ұсынды.
  Суретті қолыма алып, қарай бердім. Табиғат көрінісін дәл бере білген. Ақбеттің биік құзы, қос сұңқар қалықтай ұшып келеді. Ит тұмсығы өтпейтін қарағай орманы. Төменде көгілдір Жасыбай көлі. Көз алдыма сонау Баянауылелестеді. Бұрын аралаған жерлерімізді танып тұрмын. Осы кезде сыныпқа Қаныш та келіп кірді. Балалардың бәрі ашылған қап алдында оны қоршап алып, сұрақты жаудырып жатыр:
  – Мынау сенің қапшығың ба?
  – Суретті өзің салдың ба, Қаныш?
  – Тастарды қайдан жинап әкелдің?..
  Қаныш достарының тосыннан қойған сұрақтарына саспастан:
  – Баянауылдан. Жолда Екібастұз өндірісіне соқтым. Содан әдейі жинап алып келдім, – деді.
  – Жарайсың, Қанышым, мен сені әдебиетші немесе гүлдерді жақсы көргендіктен, ботаник болады деп ойлап жүрсем, суретке де құштарлығың бар екен ғой. Құтты болсын талабың!
  Қаныш мені тыңдап тұрып, төмен қарап, қысыла түсті.
  Бұдан кейін сурет бар баланың қолына көшті. Бәрі де Қаныштың өнеріне таңырқай қарап, қызықтай бастады.
  Сабақ соңынан топ баламен бірге кішкене қапшығын иығына іліп, томпаңдап бара жатқан Қанышқа тағы да көзім түсті. Балалар Қаныш берген асыл тастарды қалтасынан бір алып, бір салып, үңіле қарап барады.
  Мен ұзап бара жатқан шәкірттеріме, әсіресе әр нәрсені білуге осыншама құмар он үш жасар сүйкімді Қанышқа ұзақ қарап қалыппын… – деп, әңгімесін аяқтады, ұлы ғалымның ұстазы Николай Ермилович Алексеев ақсақал.
  Қарт ұстаз оқып отырған газетін алдынан ысырып, көзәйнегін алып, күмістей жылтыраған аппақ шашын салалы саусағымен сипап қойды да:
  – Қаныш жайлы ұзақ айтуға болады. Ол жасынан өзгеше тұрпатты жан еді. Ағайын арасында, дос-жарандар ортасында, ұстаздар алдында да Қаныш асқан білікті танылатын, көрікті көрінетін. Кейін де ұзақ келмей жүріп, Павлодарға бір соқса, төбем көкке жететін.   Сонда шәкірттік әдептен танбайтын. «Әңгімені, Қаныш-ау, сен айтсаңшы, көпті көрдің, әлемді айналып жүргендей көрінесің маған» десем, балаша қысылып, жуан дауысымен қарқылдай күлетін, – дейді ұстаз.

Әнуар Жапаров

3. Берілген сурет шығарманың қай тұсына сәйкес келеді? Сипаттап айт. Атау бер.

4. Мәтінге сүйеніп, бала Қанышқа мінездеме бер. Әр пікіріңе дәлелдер келтір. Сызбаға түсір.

5. Әңгіме неліктен «Қазына көтерген бала» деп аталған? Тағы қалай атауға болады?

6. Геолог маман болуы үшін қажетті сипаттарды сызбаға түсіріп айт.

×
×

Корзина