Дәрігер – ең құрметті мамандық

Шығарманы өзгертіп, жағдаяттар қосып, оқиғаларды өрбітіп әңгімелеймін.

1. Мақалдарды түсіндір. Ортақ тақырып ойластыр.

1) Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде.
2) Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады.
3) Аурудың жақсысы жоқ,
    Дәрінің тәттісі жоқ.
4) Көзің ауырса – қолыңды тый,
    Ішің ауырса – аузыңды тый.

бұл жерде: көптеп.

аздап, зорға.

2. Мәтінді түсініп оқы.

Жедел жәрдем – апамның сүйікті жұмысы

  – Әбіл, Гүл, естимісіңдер, мен жұмысқа кетіп барамын.
  Атаң да, әкең де кештеу келетін болар. Тамақ ішкілерің келсе, дайын, газда тұр. Ысыта қойыңдар. Жұмыстан хабарласармын.
  Апам бүгін түнгі кезекке шығып бара жатыр.
  Жедел жәрдем дәрігеріне бүгінгі түн әдеттегіден гөрі мазасыз әрі қиын болары анық. Себебін апамның ойымен түсіндірсем, былай: осындай мереке күндері адамдар көңіл көтеру мәселесін, сірә, шамадан тыс асырып жібереді, демек, денсаулықтарына да белгілі дәрежеде зиян келеді деген сөз. Әсіресе, көп жағдайда, бұрыннан дімкәсі бар, соғыстан жарақат алған адамдар жедел жәрдем көмегіне зәру болады. Ал ондай адамдар аз емес. Апам үшін мазасыз, қиын түн болатыны да сондықтан.
  Маңдай шамында қызыл крест белгісі бар, зымырап, жүйткіген жедел жәрдем мәшинелерінің азынаған сиренасы көше жақ терезеден бүгін тым жиі естіліп жатқандай. Адам жанын ажал деген сұмдықтан арашалап қалуға асығып бара жатқан апамның шаршаулы кейпі көз алдыма келеді. Жедел жәрдем – өте ауыр жұмыс. Жанға бататын осы өте ауыр жұмысын ол бәрібір тастай алмай келеді. Талай рет емханаға ауысатын болады да, ауыспайды. Дәлелі: жедел жәрдемнен басқа жерде өзімді ауру жанға дер кезінде қол ұшын бере алатын дәрігер ретінде сезіне алмайтын сияқтымын дейді. Несі бар, дұрыс. Апамның мұнысына қосыламын. Егер мен дәрігер болсам, міндетті түрде тек жедел жәрдемде ғана қызмет етер едім. Бірақ, өкінішке қарай, болашақта дәрігер болмайтынымды қазірден-ақ біліп жүрмін. Қалайша дейсіңдер ғой? Басқа мамандықты таңдап қойғанмын. Қандай мамандық дейсіңдер ғой? Бұл әзірге осы күнделікке жазылмайтын құпияларымның бірі бола тұрсын. Өйткені, кім біледі, шынымен-ақ, жедел жәрдемнің дәрігері немесе әкем сияқты музыкант болып кетуім де мүмкін ғой. Кім біледі?..
  Атамнан бастап, үй ішіндегілердің бәрі де шешемнің ауыр қызметінің жайын түсініп, оған шамалары келгенше көмек көрсетіп, қол ұшын беруге тырысады. Яғни оның мойнына түсетін үй шаруасын бәріміз өзара бөлісіп аламыз. Еденнің тазалығына мен жауап беремін. Төсеніштерді қағып-сілкіп қою да менің мойнымда. Үй өсімдіктерін суарып, жиһаздардың шаң-тозаңдарын сүрту – Гүлдің міндетіне кіретін жұмыстар. Жоғарыда айттым, атам сыртқы шаруалардың басы-қасында жүреді. Ал әкеме жалпы басшылық және жеңіл-желпі жұмыстар қалады. Осыншама қыруар міндетті бөлісіп алғанымыздың өзінде де оның бір басына жетіп артылатын талай жұмыстың күтіп тұратынын қайтерсің?! Қабырғам қайысып, көмектескім-ақ келеді. Амал қайсы, менің де жеке басыма жетіп артылатын толып жатқан басқа істер бар. Мәселен, оқушылық тапсырмалардың неше алуаны, жүзу (секция), мерекелік концертке дайындық (хор), спортзалында ГТО-ның нормативін тапсыруға жаттығу (қысқы түрі), фотоүйірме, олимпиадаларға дайындалу, ертеңгі сабақты оқу, содан соң, міне, күнделік жазу. Сонда да шаршамаймын, дәлірек айтқанда, шаршап, уһілеп отыруға уақыт та қалмайды.
  Үлкендердің пайымдауынша, бала шаршау дегеннің не екенін білмеуге тиісті. Яғни шаршау деген ұғым басыма кіріп-шықпауы керек.   Жоқ, бұл турасында құрметті үлкендермен, абзалы, келісе алмаспын. Бала – бүкіл іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы күрделі электроника жүйелері арқылы программаланып қойылған робот-автомат емес қой. Ол да жұрт қатарлы шаршауға тиіс. Тоқта, есімнен тарс шығып кетіпті ғой, шаршап отыруға менде уақыт қалмайды емес пе?! Қандай өкінішті…

Мәди Айымбетов

3. Автор туралы әңгімеле.

Мәди Айымбетов
1946 ж.т.

  • Жазушы.
  • «Шілденің күні», «Ертегіден келген бала», «Көгілдір соқпақ» деген жинақтары бар.
  • «Мәди Айымбетов шығармалары – ел суреттерінің көрмесі деуге лайық»..

Серік Негимов

4. Әңгіменің қай жақтан баяндалып тұрғанына мән бер. Үшінші жаққа өзгертіп және өз ойыңды қосып әңгімеле.

1) Әбілдің анасының жұмысы (жедел жәрдемде, жалпы дәрігер болып жұмыс істейтін туыстарың туралы қосып айту).
2) Әбілдің, жалпы үй ішінің анасына көмегі (Сен және сенің отбасың қалай көмектеседі?).
3) Әбілдің толып жатқан басқа жұмыстары (Сен немен айналысасың?).

5. Мәтіннің соңғы азат жолын қайталап оқы. Бағала.

6. Суреттерге қарап, дәрігер мамандығы туралы түйінді сөздерді аяқта.

1. Дәрігерлер – ақ халатты …
2. Дәрігер – адам жанының …
3. Дәрігер – ең құрметті …
4. …

×
×

Корзина