ЖҰТТА
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.3.2.1 көркем шығарманың жаңашылдығын ғаламдық тақырыптармен байланыстыра отырып, сыни тұрғыдан баға беру.

  Тірек сөздер: соңғы сапар, қимас тұлға, ақын өлімі, мәңгілік өмір бастауы.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – үзіндіні оқып, ұлттық мүддені білдіретін тұстарын анықтау;
  – автор идеясын табу;
  – автордың кейіпкеріне деген көзқарасын білдіретін сөздерді анықтау;
  – сыни бағалау.

  Мағаштың өлімінен он шақты күн өткен соң, қыстау маңынан, Ақшоқыдан ұзап көшерде қалың жұрт Мағаштың зиратына барып, қоштасып аттанған екен. Сонда Абай Мағаштың жас балалары мен Баймағамбетті ғана алып, зират басына кейіндеп барыпты. Жылап жүрген ер мен әйелдерді бейіт басынан тез жүргіздіртіп жіберіпті. Балалар мен өзі моланың ішіне кіріп, біраз отырады да, тағы бір кезек Баймағамбетке «балаларды алып шыға бер» деп белгі етеді. Содан кейін Баймағамбет балаларды пәуескеге отырғызып, тыста тұра береді. Абай жапа-жалғыз, баласының жас қабірінің басында екі сағат тапжылмай, сыртқа шықпай қалып қояды. Кейін кешке таман ғана моланың ішінен Абай шыққанда сақалы аппақ болып, беті-жүзі күлбеттеніп, бар денесі жер тартқан жандай құр сүлдерімен ғана шыққан екен. Баймағамбеттің енді ғана есіне түседі, Абай сонда бұған бір-ақ ауыз сөз айтыпты.
  Баймағамбеттен сол сырды ең алғаш есітіп отырып, Дәрмен бір сыр айтты. Мағаш кеткен соң, он екі-он үш күн болған шақта Абайға тағы бір үлкен толқын соққының өзгеше қатты тигенін еске алды. Әйгерім мен Баймағамбетке ол да өзі білген құпия бір жайын ең алғаш баян етті.
  Осы көктемде, Абайдың өмір серік екі арысындай, екі үлкен досы Ербол мен Базаралы да қаза болған. Әуелі Ербол сүзек боп жығылады. Сол қатты ауыра бастағанда Базаралы қасына келеді де, он шақты күн өз қолымен күтеді. Үзілген сағатында досының басын тізесіне салып отырып, қош айтысады.
  Ел жүдеу, жыл жұтаң, ауыл мен ауыл арасы да хабар-ошардан үзіліп қалған кез болған соң, Ерболдың жаназасы көпке жарияланбай, азғана жанкүйер жиыны атқарған болатын. Дәл осы күндерде Ерболдың қасында отырып, Базаралы өзі де ауырып қалғанын сезіп отырыпты. Өне бойын алып түскен ауырлаған дертін батыр жүрекпен тістеніп жеңіп, Ерболдың жаназасын өзі басқарып шығартқан.
  Сол күні кешке үйіне келеді де жығылады. Арада үш күн өткенде қызуы асқындап, өне бойы от-жалын боп лаулай бастайды. Ауру екенін, тіпті жақын ауыл, жанкүйерлері де біліп үлгермепті. Талайдан әлсіреп, солғындап келген дертті жүрек мынау ыстықты, соқпа сүзектің ыстығын көтере алмай, бар-жоғы үш-ақ күннің ішінде батыр жанды Базаралы өзі де қаза болған.
  Бұл жайлар дәл Мағаштың қысылып жатқан шағында болған еді. Абайдың қайғысы онсыз да жетіп жатқандықтан, Кәкітай мен Дәрмен өздері де Абайға білдірмей, өзгеге де айтқызбай ірке тұрған-ды. Тек Мағаштың өлімінен он екі күн өткен соң ғана ауыр қаза хабарын екі іні дос – Дәрмен мен Кәкітай амалсыз отырып, оңаша жерде ғана Абайға айтқан еді.
  Абай сонда егіліп тұрып еңіреп жіберген. Ұзақ уақыт бойын жия алмай, бар еңсесімен бір тұңғиыққа қарай ұмтылып, құлай бергендей күрт кеткен екен. Осыған шейін бірталай шақ өз ішінде үнсіз буынып, улы дертпен түйіліп қалған болса, дәл сол бір сәтте «соңғы рет айтып қалайын» дегендей өзгеше бір зар шеккен-ді.
  – Құп-қу болып, жапа-жалғыз қалыппын! Бақсының моласындай жапа-жалғыз қалыппын. Кімім қалды, нем қалды?! – деп өзімен-өзі сыбырлай күбірлеп сөйлеп кетеді.
  – …Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды… Мен ішпеген у бар ма!.. Жүрегімді көрші, міне, жарадан сау жер қалды ма?
  – Мұнша ғазап шеккендей не жазық, не айыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма?!. – деп біраз отырып барып, тағы да бір ауық уланған оймен оянғандай болады.
  Абайдың жаңағы зарына шыдамаған Кәкітай егіліп жылап жіберіп, көз жасын көрсетпейін деп үйден шығып кеткен еді. Дертті жанның, оған қадала қарап әр қыбырын баққан жалғыз ғана Дәрмен қапты. Соған Абай тағы біраз сыр, шер тастап еді.

  – …Жапан түз, елсіз, жолсыз сары далада жалғыз түп ағаш өсіпті. Айлар, жылдар, не замандар жасапты. Әрбір көктем күніне үмітін артып, шат қуаты жапырағын жарып, гүлін атыпты… Талай жылдар өтіпті. Әр жылының гүлдері мен дәндері ұшып, тарап кетіп жатыпты. Сан жапырақ сарғая солып, жоқ болыпты. Бір заман сол айдаладағы жалғыз ағашқа жай түсіпті де, жайрапты. Бар бұтақтан, гүл жапырақтан, дән нәрден айырылыпты, ажырапты… Қуарып, шошайып қалған жалғыз ғана қу ағаш көк аспанға тіл қатыпты. Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем?! Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің, сенен ғана сұраймын. Сорымның да куәсі, көгерген, гүл атқан шағымның да куәсі сен едің – кең көк аспан!.. Сен ғана бір айтшы… Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?.. …Сайда болса да, жас жапырағын көкке созып, гүл жемісін жер жүзіне берер ме?! Әлде бір-бір өлкеде, тағы бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ме!.. Бұтақтарында өнген-өскенді мадақтап құмыр бұлбұл сайрар ма! Саясында жас өмір, жаңа дәурен мекендер ме! – деп өзімен-өзі шын бір ұлы шабыт, ақын шабытымен шарықтап бір барды да, содан соң үні өшті.
  Дәрмен Әйгерімге осы жайды айтып өтті де, ең ақырында «Абай ағамның ең соңғы бой жазғаны, сыр ашқаны сол ғана болды ма деп шошынамын!» деп, өзі байқамай ағыл-тегіл ағып кеткен жастарын жалаң алақандарымен сүрте берді.
  Осы бір өзі ғана білген Абай шерін, сырын айту үстінде Дәрмен бұрын аңдамаған, ойы жетіп болмаған өзгеше жайларды енді-енді тереңдеп, кең ұғына бастады. Тегінде, жаңағы жан сөздері Абайдың бұрынғы тірлігінде айтылмаған, әлі тудырмаған ғажайып сырлы, өзгеше бір өлеңі тәрізді. Ұлы жүрек түбіндегі ең соңғы бір кенже, таусыншық асыл туыс па екен! Қара сөзбен айтқаны болмаса, жаңағы Дәрменнің өзі қайталап айтқан Абай сөздері соншалық бір терең, көркем! Бар өлеңнен де өктем бір оқшау өлең ғой! Толысып, туғалы тұрған терең сырлы сымбат қой. Толқыған теңіз түбінен атылып шығатын меруерттей кесек қымбат дүние ғой!.. Осы және Абай кешіп өткен шабытты ақын өмірінің, еңбекке толы азамат ойының, ойға толы өмірінің екшеліп келген, сараланған жиын жайы екен.
  Дәрмен ойы ұзай түсті. Кең шабытпен байқап шолып аңдаса, Абай өзін: ұзақ өмір бойында сол сахараға гүлдер шашқан, асыл ұрықтар таратқан бәйтерекке теңепті. Сонысы дәл ғой. Айнымас әділ, анық шын ғой. Осыны және қай кезде айтыпты? Жай түсіп, соңғы бұтақтары сынып, қу түбірдей жалғыз қалған, жайрап қалған күнінде тағдырына арыз-айып еткендей, өкім айтып өтіпті. Бұл зәулім шынардың ең соңғы қалған үш-төрт жемісті балғын бұтақтары бар еді. Оның бірі – Мағаш. Бірі – халқының қадірлісі Базаралы. Тағы бірі – Абайдың бала, бозбала шағынан осы күнге дейін өмірде бір рет, бірде-бір сәл ғана қабақ шытындырып көрмеген айнымас досы, бар туғаннан да жақын туған, өмірсерік жан досы Ербол еді. Осының үшеуі бірдей сынып құлап түскен күні жаңағыдай жан жалынын атқан екен асыл көкірек!
  Дәрмен енді ойласа: Базаралыға, Ерболға, Мағашқа Абайдың айтқан «қош-қошы» да, достық, аталық «арыз қошы» осы. Жаны жылап тудырған жоқтауы да осы екен-ау!..
  Дәрмен осылайша өзі де бір ақындық терең толғауға түсті. Ақын жанын ақынша шыншыл шабытпен жете таныды. Бұның көңіліне Абай енді өз сапарын, өмір сапарын тауысып қойған жандай сезілді де, ол уана алмай көп жылап, көп егілді.
  Абай осылайша бар асыл жандарынан айырылғанын көріп күңіреніп болды да, ұғымсыз бір дертке түсті.
  «Күнім санаулы, мен де жоқпын, дауа жоқ!» деген екен Баймағамбетке, қасындағы Кәкітай, Ақылбай сияқты іні-бала, жақындар «доктор алғызамыз» дегенде Абай суық қана түйіліп, бас шайқаған. Мүлде керек етпейтінін білдірген. Бұнда енді түні бойы титтей көз шырымын алар ұйқы жоқ. Күндіз жалғыз-жарым оқыс айтып қалған сөзден бөтен тіл де жоқ…
  «Не болды?», «Сізге не болды, Абай?!» деп үй оңашада беті-жүзін ыстық жасымен жуып, үш рет, үш күндей оңаша оралып келген Әйгерімге де Абай жауап қатпады. Басын шайқап, Әйгерімді арқасынан сипап, басынан аялап қояды. Үшінші рет қана Әйгерімнің жас тамшысы түйіліп тұрған оң көзінен бір рет сүйді. Сөйтті де алақанымен «басқа жайды айтпа» дегендей ым жасады.
  Абай үшін қазір дүние жыртылып, бұзылып, құлап, тозып бара жатқандай. Бұл білген жақын дүние дәл солай.
  Халық ашығып, жүдеп, жұтап, қырылып барады. Сахара жұрты шұбырды. Бұл қадірлейтін «халық» дейтін қалың шоғыр ыдырап, таусылып барады. Абай өзі болса, бұның да тірегі сынды, Мағашы кетті. Енді бұл өзі де ортасынан опырылып, құлап, сынып қалған. Бұның да өзінің барлығы, болмысы бытырап, ыдырап тозып бара жатқандай. Өзінің де бір сипатынан соң бір сипаты күн санап тарап бітіп барады.
  Соған орай бұның бар мүшесі, тәні де солып, семіп, бір қуатынан соң бір қуаты кетіп, тозып барады. Қазір ол көп нәрсені сезбейді. Көп уақыт оның санасы көп нәрсені түсінбейді, ұқпайды. Сондықтан оған енді ұйқы да керексіз, ас пен дәм де керек емес. Ол сөйлемейді, ой да солған. Күлмейді. Қуаныш пен жұбаныш, жақсылық пен жаманшылық, күн мен түн айырмасы жоқ боп тұтасып, мұнарға айналып барады.
  Ең соңғы санасы өзін тағы суық, түпсіз, лай реңді толқынды судың ішінде сезеді, ол жүзген болады. Бірақ жақында жетерлік жаға жоқ. Тек алыста, көз ұшында, қияда ғана, әзір бергі бетін түн түнегі басқан, биік қоңыр бел бар. Соның ар жағынан алтын арай, жақын таң түн түнегін азадан серпілтіп, баяу көтеріп жеңіп келе жатқандай. Абай бар ойы-бойымен сол асыл арай алыс таңға құбыласындай бой ұруда. Ал жақын дүние суық, лай, түпсіз тұңғиық боп тарта берсе, бұл өше берді, сөніп, семе берді.
  Бір күйге сайған жаңағы жұмбақ жай, оның ең соңғы деміне дейін ой, қиялынан, көз алдынан кеткен жоқ. Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті.

  Пәуеске – орыс тіліндегі «повозка» арба деген сөздің қазақша айтылуы. Төбесін, сыртын былғарымен жапқан, ою-өрнек сап, сәндеп жасаған, күймелі жеңіл арба.
  Ғазап – қазақ тілінде азап түрінде айтылатын араб сөзі.
  Таусыншық – таусылған, біткен, аяқталған, соңғы деген мағынадағы сөз.

1. Абайдың көкірегіндегі қамығу мен өмірден түңілудің қоюлай түсуіне қандай оқиға себепші болады?
2. Жазушы Абай басындағы психологиялық ахуалды ішкі монологі арқылы қалай танытқан?
3. Ербол мен Базаралының қазасын естіген ұлы ақынның ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді жазушы қалай бейнелеген?
4. Неліктен жазушы Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде қайтыс болған Абай өлімін символдық формада түйіндеген? Неге жазушы бірінші кітап соңындағы шыңға шыққан жас шынарға қайта оралады?
5. Төртінші кітаптың соңында сипатталатын шынарда қандай символдық ой түйінделген?


1. «Ойлан-жұптас-бөліс» әдісімен автор бейнесі мен шығарманың негізгі идеясының байланысы туралы ойларыңды бөлісіңдер. Төмендегі сұрақтарды негізге алыңдар:
1) Романдағы авторлық ұстаным туралы пікірің қандай?
2) Автор романда ұлттық ерекшелікті қалай көрсетеді?
3) Жазушы романда пейзажды өзінің авторлық идеясына сәйкестендіріп қолданған ба?
4) Жазушы «Абай жолы» роман-эпопеясында халық тағдырын қалай суреттеген деп ойлайсыңдар?
5) Жазушы романда дәуір тынысын шынайы көрсете алған ба?
2. 1-топ – «Абай жолы» романының әдеби-тарихи маңызы туралы, 2-топ – Әуезов тілінің образдылығы туралы, 3-топ – кейіпкерлерге қатысты тарихи шындық пен көркемдік шешім туралы, 4-топ – эпопеядағы тарау аттарының символдық мәні туралы жоба жасаңдар.


Автордың портрет берудегі ерекшеліктері, жазушының идеялық, эстетикалық нысанасы, көркем тілі туралы пайымдауларыңды жазыңдар. Ойларыңды романнан бір-біріне ұқсамайтын 3 портретке сипаттама беру арқылы дәлелдеңдер.


1. «Абай жолы» роман-эпопеясынан алған әсерлеріңмен бөлісіп, сыр-толғау жазыңдар.
2. Романның жаңашылдығын ғаламдық тақырыптармен байланыстыра отырып, сыни тұрғыдан баға беріңдер.

  Кері байланыс. «Бес саусақ».
  – Маған роман-эпопея ұнады ма? Неліктен?
  – Қандай білім мен тәжірибе алдым?
  – Мен топта/сыныпта нені қалай талқыладым?
  – Тақырып бойынша басты мәселе қандай?
  – Оқу/сабақ барысында өзімді қалай сезіндім?

×
×

Корзина