ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВ
(1935–2011)

  1935 жылы 20 наурызда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу ауылында туған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған.
  Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Оның «Құстар қайтып барады» (музыкасы Н. Тілендиевтікі), «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің» (музыкасы Ш. Қалдаяқовтікі), «Ертіс вальсі» (музыкасы Б. Жамақаевтікі), «Шақырады көктем» (музыкасы Ә. Бейсеуовтікі) атты әнге жазылған өлеңдері халық арасына кең тараған. Ол Дж. Байрон, М.Ю. Лермонтов, Т.Г. Шевченко, О.Т. Туманян, С. Канутикян, Ғ. Ғұлам, Р. Ғамзатов, Д. Жалсараев және т.б. ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударды.

  Ақынның 1990 жылы 13 томдық шығармалар жинағы, 2004 жылы 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 1992 жылы Физули атындағы Халықаралық түркі дүниесі ақындары сыйлығы тапсырылды. Тұманбай Молдағалиев шығармашылығының ең басты ерекшелігі – оның өлеңдері сезімге толы. Ақынның «Қош, көктем», «Жаңа дәптер», «Жүрек ояу қашанда», «Махаббат оты сөнбейді», «Жүрегім менің сапарда», «Мен де жиырма жаста едім», «Жүректегі жазулар» т.б. жыр жинақтарын жазды.
  Ақын Мұзафар Әлімбай: «Бұнымен қатар, Тұманбай – ойшыл ақын. Біздің қазақ халқының маңдайына біткен ойшылдық, толғампаздық, сонау ұлы жыраулардан басталады ғой. Сол дәстүрді жалғастырушылардың біреуі – Тұманбай», – деп баға береді.
  Ақынның әр жылдарда шыққан «Кәмила» (1960), «Құралай» (1961), «Алатау қызы» (1964), «Зулайды күндер» (1966), «Жаңа дәптер» (1967), «Шақырады жаз мені» (1969), Таңдамалы шығармаларының үш томдығы; «Жаз да өтіп барады» (1996), «Сарыала күз келгенде» (2000), «Туған елім – тірегім» (2001), «Сағындырған көктемдер» (2002), 14 томдық шығармалар жинағы (2004), ІІ томдық өлеңдер жинағы (2005), «Шыңдағы гүлдер» (2006), «Қар жауып тұр» (2008), «Ұмытпа мені» (2009) және т.б. жинақтары бар.

  …Қазір кемеліне келген тұста көптеген өлең кітаптардың авторы болған Т. Молдағалиев – поэзиямыздағы көрнекті, мерейлі ақын.

Қалижан Бекхожин

  Бір нәрсе анық, ақиық ақынның өзі өлгенімен, сөзі өлмейді. Тұманбай Молдағалиевтің азаматтық қасиетіне қайырылсақ, ол жарық дүниеге қара көзілдірікпен емес, махаббат көзімен қараған, сымбаты бөлек сұлулықтың сырын ұққан жаны жайсаң жан! Ақындығын айтса – құйылып түскен құйма талант.

Сәбит Досанов

  ПОЭЗИЯЛЫҚ ЛЕКСИКА – өлең-жырларда, поэзия туындыларында қолданылатын сөз қоры, тіл байлығы. Бұл тұрғыдан қарағанда, әр сөздің мағыналылығы, мәнділігі және бейнелілігіне, сөз сұрыптау, іріктеу, таңдамалысын тану, шебер қиюластыру, сөз інжуін жарасымды қолдану шеберлігіне айрықша назар аударылады.
  Сөз әлемінде халық тарихы, оның ырым-нанымдары, салт-жоралары, мәдени-тарихи дәстүрлері, дүниетанымы, шаруашылық кәсібі айқын бейнеленеді. Бұған қоса ақын, яки жазушы сөздің символикалық-поэзиялық қасиеттерін, суреттілік-бейнелілік, мәнерлік-әуезділік сипаттарын мұқият ескереді. Сөйтіп, талғам таразысына салып толғанады, өлшейді. Ой сүзгісінен өткізіп, солардың ең қасиеттісін, саналысын, салмақтысын алады. Дүниені, болмысты шынайы, табиғи және әсерлі күйінде суреттеп бейнелеу мақсатында әрі шығарманың идеялық-көркемдік мазмұнына орай, ол жалпы халық тілі мен ұлттық әдеби тіл қазынасын еркін пайдаланып отырады. Сонымен қатар сөз талғау суреткердің идеялық-эстетикалық көзқарасына, өмірлік және көркемдік тәжірибелеріне, интеллектуалдық мәдениетіне, сезім-түйсік қуатына тікелей қатысты.

Серік Негимов

  М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабы мынадай тараулардан тұрады: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда».

×
×

Корзина