БАУЫРЛАР
(өлең)


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
  11.3.3.1 шығарманың идеясын көркемдік-эстетикалық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.

  Тірек сөздер: бауырлар, Отан, туған жер, атамекен.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – өлеңді толық оқып, негізгі идеясын анықтау;
  – өлеңде көтерілген мәселенің ұлттық мүдделік сипатын талдау;
  – көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарын талдау;
  – автор стилін білдіретін негізгі оралымдарды табу;
  – өлеңнің көркемдігін талдау, әдеби эссе жазу.

Менің жерім мына жер – сенің жерің,
Жарасып тұр сол жерге келулерің.
Осы алқапта сенің де малың жатыр,
Жайқалып тұр, шабылмай егіндерің.

Менің көлім мына көл – сенің көлің,
Сенің арқаң – көңілге семіргенім.
Жоғалмасын, ағайын, жоғалмасын,
Жетем деген сол көлге сенімдерің.

Менің тауым мына тау – сенің тауың,
Ақбас шыңын алты ай жаз жуған жауын.
Жалғыз рет көрсең де тірлігіңде,
Мүмкін емес сол тауды сағынбауың.

Туы да бір ішетін суы бірдің,
Әуреледі бұл жерден қуып әркім.
Мына орман менікі, сен де соның
Ағашынан үйіңе уық алғын.

Көрдің бәрін, көп түсті жан да азапқа,
Түскен кезі көп және ар мазаққа.
Тоғайдағы толғағыш құстар да ортақ,
Дүниені жайлаған бар қазаққа.

Мынау өзен менікі, ел күніге
Сүйінеді ұрпақтың ерлігіне.
Қимай кеткен сол суды аталарың,
Бетін жуып соңғы рет мөлдіріне.

Мынау теңіз менікі – сенікі ол да,
Ел ырысы дәл бүгін бекем қолда.
Әр бұтасы, ағашы туған жердің
Ыстық тарта береді екен жолда.

Желбіреді көгімде, міне, туың,
Тұлпарым да дайын тұр міне-тұғын.
Мынау үлкен мәңгілік қалаларда
Үйлерің тұр көшіп кеп кіре-тұғын.

Келші, бауырым, кешікпей кір қатарға,
Меңіреуге меңіреу тіл қатар ма?!
Мына тауда сенің де жылқыларың
Жату керек шұрқырап күн батарда.

Жазым да ерек, биылғы күзім бөлек,
Алмам да ерек мол биыл, жүзім де ерек.
Мына көлде сенің де балаларың,
Асыр салып тал түсте жүзу керек.

Кел, бауырым, несіне жүрсің жырақ,
Ішің де ұнап тұр маған, сыртың да ұнап.
Сендердің де бір салған әндеріңе,
Бар таулары қазақтың түрсін құлақ.

Жеңдік біздер тіршілік күресінде,
Әні есіңде еліңнің, жыры есіңде.
Қай қиырға ұшсаң да, қазақ болсаң,
Абайыңды еске алмай жүресің бе?!

 Жастау болсаң жайқалып, жалындап ал,
Бақыт өзі кеп сонда қолыңды алар.
Қазақ болып туғаның рас болса,
Сарыарқаға сағыныш қаныңда бар.

Туған елсіз ешқашан көгермейсің,
Кім қашанғы бұғауға көнер дейсің.
Қазақ болып туғаның рас болса,
Алматыға бір келмей және өлмейсің.

Мүлгисің бе жырыммен ұшықтасам,
Қуатым деп Сыр суын ішіпті Асан.
Қазақ болып тудым деп айта көрме,
Алатаудың басына бір шықпасаң.

Оянады көңілден қайдағы арман,
Бақыт желі ескендей жайлап алдан.
Президентім бар менің елі түгел,
Ақ киізге көтеріп, сайлап алған.

Туым биік бүгінде, нуым да әсем,
Естілер шақ кетті өтіп үнім бәсең.
Қазақпын деп айтпа сен, жан бауырым,
Алматыны тірлікте бір көрмесең.

Қауқылдасып қалдық-ау, есендесіп,
Таңнан тағы тербетті шешем бесік…
Қарсы алуға дайын тұр бауырларың,
Өз жеріңе бәрің де келсең көшіп…

 

  Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш.
  Ақ киізге көтеру – хандық дәуірде қазақтың хан сайлау дәстүрі.
  Бұғау – қылмысты адамның екі білегіне, аяғына кигізілетін, арасы шынжырмен қосылған темір шығыршық. 

1. Өлеңді түсініп оқып, қара сөзбен баяндаңдар.
2. Әр шумақтағы тірек сөздерді белгілеңдер.
3. Ақынның осы өлең арқылы жеткізгісі келген ойын анықтаңдар.
4. Өлең неге «Бауырлар» деп аталған?
5. Өлең кімдерге арналған?
6. Ақынның бұл өлеңді жазудағы мақсаты не деп ойлайсыңдар?
7. Ақын дүниежүзіндегі қандас бауырларымызға қандай өтініш, тілек білдіріп отыр?


1. Топпен бірге өлеңге сатылай кешенді талдау жасаңдар.
1. Авторы.
2. Жанр түрі.
3. Тақырыбы.
4. Негізгі ойы.
5. Шумақ.
6. Тармақ.
7. Бунақ.
8. Буын саны.
9. Ұйқас түрі.
10. Көркемдегіш құралдар.
11. Сөздік.
12. Тәрбиелік мәні.

2. Өлеңдегі ақынның көтерген мәселесін жұптасып анықтап, кестені толтырыңдар.

3. Өлеңдегі патриоттық идеяны танытатын шумақтарды теріп жазып, автор бейнесіне жоба жасап қорғаңдар.
4. «Бауырлар» өлеңіндегі көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін топпен бірге талдай отырып, автор стилін анықтаңдар. Өлең бойынша «Жазушы тілінің сөздігін» құрастырыңдар.

5. Т. Молдағалиевтің «Бауырлар» өлеңі мен О. Асқардың «Шетте жүрген бауырларға» өлеңіндегі ортақ бағыт, жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтап, талдау жасаңдар.


1. Ақынның әлемнің әр түкпірінде жүрген қандас бауырларымызға айтып отырған өтініш, тілектерін негізге ала отырып, өзіңнің тілегіңді білдір.

2.

– Мүлгисің бе жырыммен ұшықтасам,
Қуатым деп Сыр суын ішіпті Асан, –

деген үзіндідегі тарихи шындықты өмірмен байланыстырыңдар. Асан-қайғының ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен» деген сынын негізге алыңдар.
3. «Авторға хат жазу» әдісімен қандас бауырлар атынан авторға хат жазыңдар.
4. Берілген үзіндіні тыңдап, есте қалған шумақтарды қарасөз түрінде жазыңдар. Уақыт – 15 минут.


  – Туған елсіз ешқашан көгермейсің,
Кім қашанғы бұғауға көнер дейсің, –

деген жыр жолдарындағы ойды тереңдете отырып, әдеби эссе жазыңдар.

  Кері байланыс. «Үш минуттық эссе».
  – Бүгінгі түсінгендеріңнің ішінде ең маңыздысы не?
  – Қай сұрақ есіңде қалды?
  – Сен үшін ең қиын, түсініксіз болған не?

×
×

Корзина