Қазіргі қазақ өнерінде өшпес із қалдырған жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұлов 1955 жылы 1 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Ақтоғай стансасында дүниеге келген. Жеті жасынан бастап нағашы атасынан дәстүрлі музыкалық білім алып, әнші Кәрім Баймұратовтан, домбырашы Ғазиз Нұрпейісовтен домбыра өнерін меңгерген. 1976–1980 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің қазақ филологиясы факультетінде оқыған. Прозалық шығармалар мен сценарий жазумен студент кезінен бастап айналысқан.
Т. Әсемқұловтың әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, кино, дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы шығармалары қазақ оқырманының өзін-өзі тануына және рухани
түлеуіне негіз болды. Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы жарық көрген. «Көкбалақтың өлімі», «Біржан сал», «Құнанбай», «Жезтырнақ», «Алматы – Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы.
2003 жылы «Талтүс» ғұмырбаяндық романы жарық көрді. Романда жазушының балалық шағындағы естеліктер берілген. Дала даналарының мектебіндегі асыл мұрамыздың, ұлттық құндылықтарымыздың жоғалып бара жатқандығы туралы жазушы қынжыла жазады. Роман АҚШ-тың Индиана университетіне қарасты Three String Books баспасында «A Life At Noon» деген атпен ағылшын тілінде жарық көрді. Жазушының бұл романы орыс, ағылшын, француз, испан, қытай және араб тілдеріне аударылған.
Таласбек Әсемқұловтың республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген. 1973 жылы «Байжігіт күйлері» деген жеке гранд-дискі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. «Мәңгілік сарын» антологиясына 20-дан астам, «Қазақтың мың күйі» (2009) антологиясына 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы» деген СD дискісі шыққан.
Республикалық халық аспаптар мұражайында, «Жазушы» баспасында, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияда қызмет еткен.
Таласбек өмір-тіршілікті тым жақсы білген, өмірлік те, өнерлік те білімі мен тәжірибесі бай жазушы болғандықтан да, шығармаларының барлығында дерлік оқырмандары үшін бейтаныс кеңістіктер ашылады. Бұл кеңістіктер, әсіресе өнер, оның ішінде, дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы еңбектерінде ауқымдана түседі. Оны өз ұлтының тағдырын әлемдік өркениетпен бір аяда қарастыра отырып, ұлттық бейресми тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашқан, баламалы нұсқалар ұсынған үлкен тарихшы деуге болады. Оның көркем шығармаларын былай қойғанда, әлемдік өркениеттер туралы эсселері; әлемдік тарихтан жазған Мысыр пирамидалары, тамплиерлер туралы, Бабылдың күйреуі туралы, Сион пайғамбарларының протоколдары; Томирис – Тұмар падиша туралы, сақтар мен парсылар, қаңлылар тарихы туралы; Қондыгер, Кетбұға, Шыңғысхан туралы, сондай-ақ қазақ бастан кешкен небір нәубеттердің – ашаршылық пен соғыстардың түп тарихтары туралы, тағы да басқа көптеген мақала, зерттеу, эсселері – жалпы қазақ тарихында алғаш рет соны қырынан қозғалып, жазылған тақырыптар. Жазушының прозасында, көркем эсселерінде кейінгі қазақ тарихы – Абылай хан, Құнанбай, Абай, Біржан, Тәттімбет, Сүгір, Байжігіт тағы да басқа көптеген өнерпаздар тұлғаланып шықты.
Әлия Бөпежанова
ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС – әдеби шығармада белгілі бір оқиғаны еске салу, оқиғаның тарихи уақытын айқындау мақсатында қолданылатын көркемдік тәсіл. Автордың тікелей сюжеттік баяндаудан ауытқуы; композициялық-стилистикалық әдіс, бейнеленетін немесе оған жанама қатысы бар авторлық пайымдау, ойлау, пікір білдіру.