ҚАЙЫРБОЛДЫ-САҒЫНДЫҚ ПЕН БЕКТОРЫ
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау арқылы өмір шындығын көрсету.
  11.2.1.1 әдеби шығарманың композициясын, жанрлық ерекшеліктерін айқындап, уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау.
  11.3.4.1 шығарманы идеялық жағынан мазмұндас әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдап, әдеби сын жазу.

  Тірек сөздер: байлық, ақша, мол қазына, адамгершілік, өзін жоғалту, өзін іздеу.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – уақыт пен кеңістік ұғымын қайталау;
  – көркемдік құндылығын білдіретін сөздерді анықтау;
  – басқа да осы әңгімеге ұқсас шығармалармен салыстыру;
  – әдеби сын жазуға дайындалу.

  Көзін ашып, өзінің қайда екенін түсінбей ұзақ жатқан. Ақырын тұрып жан-жағына қарады. Аэровокзалдың жанындағы жұпыны пәтеріне мүлдем ұқсамайды. Үйді қарап шықты. Он бір бөлме екен. Бір-біріне ұқсамайды. Бөлменің біреуі қымбат таспен қапталған болса, біреуі заты түгіл аты да белгісіз ағашпен көмкерілген. Бірнеше жерде телефон аппараттары тұр. Ванна көздің жауын алатын қара мәрмәрмен безендірілген. Ат шаптырым асүй. Үстел үстінде бір шиша тұр. Бірден таныды. Бұл – жұмыс істейтін түнгі ресторанның бай клиенттері ғана ішетін қымбат шарап. Бір бокал шарапты қағып салған. Басы лезде шайдай ашылды. Осы кезде телефон шыр ете қалды. Ақырын алып құлағына тосқан.
  – Алло.
  – Бұл Қайырболды мырза ма екен? – деді ар жақтан Бекторы.
  Қайырболды қуанып кетті.
  – Иә, мен, мен ғой. Бір жұмбақ сарайда жатырмын.
  – Ол сенің үйің, Қайырболды, – деді Бекторы, – залдағы үстелдің үстінде үлкен сары сөмке жатыр ғой. Құжаттың барлығын соның ішінен тауып аласың. Керек қылғанда мені ойласаң болды, жетіп келем. Ал жайла үйіңді. Жаңа өмірдің қызығын көр.
  Телефон сырт етіп өшті.
  Қайырболды сары сөмкенің ішіндегі қағазды үстелдің үстіне төге салып, шетінен қарай бастаған. Заңдастырылған үйдің құжаты. Содан соң… содан соң «Меркурий» халықаралық қаржы жүйесінің депозиттері, швейцар банкісінің депозиттері. Депозиттер, депозиттер, депозиттер… Қайырболды жан-жағына ұрлана қарады. Өзінен басқа ешкім жоқ. Түс көріп отырған жоқ па деп өзін-өзі шымшып көрді. Өңі. Өңінде болып жатыр!
  Үстел үстіндегі калькуляторды алып, депозиттерді есептегенде ақылға сыймайтын миллиондаған доллар болып шықты.
  – Болды! – деді айғайлап. – Қош бол, кедейлік, құрдымға кет, жоқшылық!
  …Жаңа өмірін меншік иеленуден бастады. Әуелі өзі жұмыс істейтін ресторанды қаланың маңайындағы, алыс аймақтардағы, ет, көгөніс, жеміс-жидек өндіріп, өсіріп жеткізіп тұратын шаруашылықтарымен қоса сатып алды. Кезінде өзіне теперіш көрсеткен басшыларды, өзіне ұнамайтын адамдарды әй-шайға қарамай жұмыстан босатты. Ешкім қарсылық қылмаған, құжаттарын алып, үн-түнсіз кете берген. Сол күні бұның қол астына келіп ресторанның директоры болып бекітілген Сәрсен деген досы қарсыласып көрмек болды.
  – Қайырболды, «Кең болсаң, кем болмайсың» деген, кешіре салсаң қайтеді, – деген досы.
  – Бұрынғы жаудан адал дос жоқ, есіңде болсын.
  – Көбінің бала-шағасы бар дегендей.
  – Олар кімді аяпты? – деді Қайырболды күліп. – Керек болса, сені де қызметтен босатам. Бар, жұмысыңды істе.
  Содан соң жанына шетелдің тілдеріне жетік, жөн білетін бірнеше адамды алып, дүниені аралап, сайранды салды. Аз жылдың ішінде бармаған жері қалмады. Париж, Лондон, Рим, Мадрид, Амстердам… Мұхиттан өтіп, Нью-Йорк, Токио, Гонконгқа барды… Әлемдегі ең ірі буржуазиялық курорттардың көбінде болды… Қызық үшін Ресей олигархтары таңдап алған Куршевельде екі апта болып, Швейцарияның қысқы көркін тамашалап қайтқан. Және барлық жерде «Меркурийдің», швейцар тағы басқа банктердің сиқырлы кредит кәртішкесінен ақша тоқтаусыз төгіледі, есіктер өздерінен өздері ашылады, қызмет өз-өзінен көрсетіледі. Ақша әкелетін бостандықтың не екенін енді түсінгендей.
  Жанындағы көмекшілері дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, Алматыда не болып жатқанын интернет арқылы біліп отырады. Бұл кезде Сәрсен дәрежесі өсіп, енді Қайырболдының іс басқарушысы болып тағайындалған.
  Күндердің күнінде өзінің миллиондарын іске қосып, банк, кредит жүйесіне ауыз салды. Енді бір доллары лездің арасында он долларға айналатын болды. Алғашқыда несие сұрап келгендерді өзі қабылдайтын. Кейіннен қаптаған көмекшілер барлық жұмысты өз мойындарына алған. Аса ірі кредитті ғана бұнымен ақылдасады. Ал ұсақ-түйек болып жатқаннан толық бейхабар.
  Өзі жайлы, қол астындағы банк жүйесі жайлы баспасөзде неше түрлі сын мақалалар жазылып жатқанын еміс-еміс еститін. Бірақ бұл кезде Қайырболды жердің тартылыс күші әсер етпейтін орбитаға шыққан, ешбір заңға бағынбайтын адамға айналған. «Барға барша береді» дегендей. Үсті-үстіне төгілген қисапсыз ақша туыстық сезімді де, арды да, ұятты да, бәрін ұмыттырған.
  Бақ қонған күні такси жалдап қала түбінде тұратын атасы мен әжесінің үйіне барды. Түн іші еді. Қақпаның алдына келіп, ұзақ тұрды. Бірақ өз бойынан ешқандай сезім таба алмады. – Қызық, – деді қайран қалып. – Әке-шешемнен ес білмейтін кезімде айырылыппын. Кемпір-шал… атам мен әжем тәрбиелеп өсірді. Әкем де, шешем де осылар еді. Бірақ неге жүрегім селт етпейді? Ішімде неге ықылас-пейіл жоқ? Мынау тұрған жұпыны үйден, бастан өткен кіріптар өмірден неге жиренем?.. Білмеймін… Әйтеуір мына қақпаға кіргім келмейді… Осыны ғана білем.
  Бұрылып жүре берген. Одан кейін өмірдің қызығына толы қарбалас бәрін ұмыттырды.
  Бұл кезде қол астындағы банк алпауытқа айналған. Алған несиені қайтара алмай қаншама адам барынан айырылып, тіленшіге айналды, қаншама ошақтың оты өшті. Банкке қарсы қаншама қылмысты іс қозғалды, бірақ пара берудің, жемқорлықтың қыр-сырын жете меңгерген Қайырболды бір журналист жазғандай «қандай жауыннан болса да, шыланбай құрғақ шығатын». Жаза көрмеу адамды аздырады. Бәрін сатып алып үйренген Қайырболды басқада мүдде бар, намыс бар, тіршілік бар деп білмейтін. Жер бетінде мен және менің тілегім мен қалауым ғана бар дейтін.
  Өзі төмен тап, өтініш иесі болып жүргенде көрген қорлықтарын ұмытқан жоқ. Сол өткен өмір тәжірибесі бойынша қол астындағы банктің қабылдау бөлмелерінде, операциялық залдарында қандай қиянаттар істелініп жатқанынан толық хабардар болатын. Бірақ не естісе де, не білсе де, селт етпейтін.
  Адамның дегені емес, Алланың дегені болады екен. Көктемнің шуақты күні мейманханада белгіленген сырлы кездесуге асығып келе жатқан. Крем түстес «Бентли» зымырап келіп, мейманхананың алдындағы шағын алаңға бұрыла бергенде қатар-қатар тіреудей қылып су шашып тұрған фонтанның тасасынан қолында шелегі бар бір бала жүгіріп шықты. Шопыр тежегішті аямай басқан. Бірақ бәрі де зая екен. Бала соққыдан автомобильдің капотына шықты да, екі қолын жайып барып, бір қапталға құлап түсті.
  – Не істедің сен? – деді Қайырболды айғайлап. – Неге осынша қатты келдің?
  – Кешіріңіз, аға, – деді өңі шүберектей қуарған шопыр, – мына жерден атып шығатынын кім білген?!
  Жерде жатқан баланың жанына жұрт жиналып қалды.
  – Жарайды енді, – деді Қайырболды, – болары болды. Бірдеңе қылып құтылармыз. Әуелі көрейік.
  Бұлар топқа тақағанда баланың жанында жүресінен отырған мейманхананың швейцары орнынан тұрып, қынжыла бас шайқаған.
  – Әттеген-ай. Осы жерде машина жуып күнін көріп жүрген бала еді. Сондай жақсы еді өзі.
  Қайырболды жұртты киіп-жарып баланың жанына барды.
  – Тірі ме?
  – Жоқ, – деді тұрғандардың бірі. – Өліп қалған сияқты.
  Баланың бетіне үңілген Қайырболды кенет айғайлап жібере жаздап, өзін-өзі әрең тежеген. Бала бұның өзінен айнымайды екен. Әзер жүріп машинаның жанына келді. Есікті ашып, тағы тұрды.
  – Қайтамыз, – деді содан соң, отырып жатып.
  Шопыр сәл аңырып қалды, артынша ұйқыдан оянғандай асығыс машинаны оталдырды.
  …Үйге жүгіріп кірген Қайырболдының алдынан аспаз әйел шыққан.
  – Мырза…
  – Қоя тұрыңыз, – деді Қайырболды қолын сілтеп, – екінші қабаттағы кабинетке сигара, кофе, коньяк келтіріңіз.
  Аспаз әйел сұрағандарын алдына әкеп қойғанда меңірейіп отырған Қайырболды коньяктің бөтелкесін дереу ашып жөппелдеме бірнеше бокалды толтырып ішкен. Иесінің бұндай әдетін бұрын көрмеген аспаз әйел ернін жымқырып төмен қарады.
  – Кешкі жаңалықтан көрген шығарсыңдар, – деді Қайырболды аспаз әйелге қарап.
  – Иә, көрдік, – деді аспаз әйел, – бірақ біз сенбедік. Сіздің олай етуіңіз мүмкін емес.
  Қайырболды тағы бір бокалды толтырып ішті.
  – Байғұс, әйтеуір тірі екен, – деді аспаз әйел. – Мырза, бүгінгі қонақтарға не дайындауымыз керек.
  Қайырболды селк ете қалды.
  – Тірі дейсің бе? Қайда екен?
  Аспаз әйел қуанып басын изеген.
  – Иә, тірі. Бірақ ауыр екен. Реанимацияда. Сонымен бүгінгі қонақ…
  – Қонағыңды қоя тұр, – деді Қайырболды, – Жандосты шақыр.
  Аздан соң осы үйдің ұлан-ғайыр шаруасын басқаратын Жандос кірді.
  – Шақырдыңыз ба? – деді елулердегі жылы жүзді адам.
  – Жандос, жағдай былай, – деді Қайырболды, – анау бүгінгі апатқа түскен бала қай ауруханада жатыр соны біл. Содан соң менің атымнан Совминнің ауруханасымен сөйлес те, баланы соның реанимациясына ауыстыр. Қанша ақша, қандай көмек керек, бәрін ұйымдастыр. Тындырғаннан кейін айтарсың.

* * *

  Қайырболды реанимация бөлмесіне кіргенде шашын қырау шалған, жас өңді дәрігер орнынан тұрып қарсы жүрген.
  – Өтінем, – деген биязы дауыспен, – реанимация жалғасып жатыр. Бала системаның астында. Бір рет қана қараңыз. Ештеңеге қол тигізбеңіз. Шығып кетіңіз.
  Түнгі шаммен жарықтанған бөлмеге кіріп баланың жанына отырған Қайырболды көпке дейін қарауға жүрегі дауаламай басы салбырап отырған да қойған. Есіктің сыртында тұрған дәрігер жөтеліп белгі бергенде ақырын көз қиығын тастады да, ыңырана тербеліп отырып қалды.
  Содан соң баланың бетіне қайта үңіліп, көңілі бұзылды. Кішкентай әлсіз дененің ажалмен алысып, жанның әне-міне үзіліп кетейін деп жатқаны көрініп тұр. Тәлтіректеп дәлізге шықты. Дәрігер қолтығынан сүйеп, тахтаға отырғызды.
  – Сабыр етіңіз. Әлі үміт бар. Кіміңіз еді?
  Қайырболды дауысы қарлыға жауап қатты.
  – Ең жақын адамым.
  – Жүріңіз, менің кабинетіме барайық, – деді дәрігер.
  – Дәрігер, тыңдаңыз, – деді содан соң, – өтінем. Жоқ, жалбарынам. Осы баланы құтқарыңыз. Бар өнеріңізді салыңыз. Өкінбейсіз. Қандай дәрі керек, қанша ақша керек, қысылмаңыз, айтыңыз, бәрін берем. Тек тірілтіңіз. Егер осы бала тірі қалса, мен бүкіл өміріңізді қамтамасыз етем. Мынау аурухананы шетелдің ең озық техникасымен жабдықтап берем. Тек барыңызды аямаңыз.
  – Бұл – біздің парызымыз, – деді дәрігер, – қолдан келгеннің бәрін де істейміз. Ал сіз, енді үйіңізге қайтыңыз. Демалыңыз.
  Бір апта бойы бел шешкен жоқ. Қызметке бармады. Күні бойы үйде, ауруханадан хабар күтіп, меңірейіп отырады да қояды. Сегізінші күні түске қарай дәрігер телефон соққан.
  – Құттықтаймын, – деген толқынысын жасыра алмай, – балаңыз ажалды жеңді. Бірақ өте әлсіз. Тағы біраз жатуы керек.
  Жүруге жарағанда баланы үйіне алдырды. Әбден сауыққаннан кейін мән-жайды сұраған. Қаланың түбінде Тұздыбастау деген жерде тұрады екен. Ауылына машинамен апартып тастаған.
  Ертеңіне кабинетке Сәрсенді шақыртты.
  – Анау баланың бүкіл жағдайын білші, қандай көмек керек екен, қалай көмектесуге болады? – деген досының бетіне қарап отырып: – Екі күнде осы шаруаны тындыршы.
  – Шеф, оның білетін ештеңесі жоқ, – деді Сәрсен, – анықтап та қойдым. Бұл, баяғыда, осыдан төрт жыл бұрын бізден кредит алып күйіп кеткен адам. Соның үйелмені. Әйелі, балалары.
  – Одан кейін не істедік? – деді Қайырболды.
  – Не істеуші едік? – деді Сәрсен. – Кепілге қойған үйін, бизнесін, бәрін алдық.
  Қайырболдының санасында бір қақпақ сарт етіп ашылғандай болды. Ақ шашты жүдеу адамның, неше ай тұрып бұның қабылдауына әзер ілінгені, осы кабинетте тұрып қалай жалынып-жалбарынғаны, өзінің ол адамды алдап шығарып салғаны, бәрі есіне түскен.
  – Әлсіз адам ғой, – деді Сәрсен. – Пәтерінен, бизнесінен айырылғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болған. Әйелі, бала-шағасы қаладан ауылға көшкен.
  Қайырболды орнынан тұрып, кабинетті ары-бері кезіп, ұзақ үнсіз жүрді. Үстелге екі жұдырығын тіреп, күрсініп тағы тұрды.
  – Былай істейміз, – деді тағы бір сигараны тұтатып, – ересек, кәмелетке толған баласы бар ма?
  – Иә, – деді Сәрсен, – бар.
  – Бүкіл бизнесін қайырып беру керек, – Қайырболды орнына отырып, тез-тез жарлық бере бастады, – бізге кеткен пәтеріне парапар пәтер алып беріңдер. Қаладан. Содан соң баяғыдағы үш жүз мың несиені заңдастырып, қолдарына ұстатыңдар. Содан соң…
  – Шеф, бір отбасына осының өзі жетіп артылатын игілік, – деген Сәрсен. – Осымен тоқтайық.
  – Жарайды, – деді Қайырболды. – Осы шаруаларды тындыр. Тағы да тілектері болса, көре жатармыз.
  …Үйге келгеннен соң, кабинетке төсек салдырды. Бірақ ұйықтамады. Көрер таңды көзбен атқызған. Балалық шағын, түрін көре алмай кеткен әкесі мен шешесін, бар-жоғы белгісіз атасы мен әжесін, соңғы аласапыран сегіз жыл өмірін ойлады. Таңертең тастүйін бекінген. Шайын баппен асықпай ішті. Жақсылап қырынып, душ қабылдады. Мұздай киінді. Содан соң машинаға мініп, тауға қарай тартқан.
  Таныс жолмен жүріп отырып, іздегенін тез тапты. Зәулім үйдің бөлмелерінде тырс еткен дыбыс жоқ. Сол баяғы байлық пен салтанат. Залда жасаулы дастарқан. Ештеңеге қол тигізген жоқ. Дәлізбен жүріп жерасты ұраға келді. Қызыл ағаштан шапқан есік дыбыссыз ашылды. Қайырболды жап-жарық бөлмеге кіріп, қабырға бойлай созылған сөрелердің жанына тақаған.
  – Келдің бе? – деді таныс дауыс.
  Қайырболды селт еткен жоқ. Жаймен бұрылды. Бекторы.
  – Иә, келдім, – деді.
  Дауысы сезімсіз шықты.
  – Білгем, – Бекторы елжірей жымиған, – қайтып келген санаулы адамның бірісің. Сол үшін ризамын.
  – Мыналар ешқашан қайтпайды, – иегімен сөрелерді меңзеді, – жүрексіз жүрген ұнайды екен. Жүрексіз жүргеннен шаршамайды екен, жалықпайды екен. Көбі құрдымның шетінде тұр. Ал көбі құрдымға баяғыда құлап кеткен.
  Кенет жер-дүние солқ ете қалды. Қайырболды жан-жағына қараған.
  – Бұл – келе жатқан апаттың белгісі, – деді Бекторы.
  – Ненің апаты? – деді Қайырболды үрейленіп.
  – Жанның, рухтың, иманның апаты, – Бекторы Қайырболдының жанына келді.
  – Бекторы, уақыт өтіп бара жатыр, – деген Қайырболды. Бекторы алақанын Қайырболдының кеудесіне тигізді.
  – Міне, қайтардым.
  Сол сәт Қайырболдының бойын баяғыда ұмыт болған сезімдер кернеп жөнелген. Қуаныш та, қайғы да, сүйініш те, қамрық пен мұң да бар еді қайтып келген түйсікте.
  …Сыртқа шыққан Қайырболды машинасын көре алмады. Артынша үстіндегі өзінің бұрынғы қарапайым киімін танып, бәрін түсініп, рақаттанып тұрып күлген. Содан соң Медеудің жолымен төмен қарай асыға жөнелді Алматыға.
  Ол кейін әжесімен кешу айтысып табысады, атасының төрт жыл бұрын қайтыс болғанын естіп қайғырады, ақырында өзі сүйген қызға жүрегі дауалап асықтық сөзін де айтады. Бірақ бұның бәрі кейін болады. Ал қазір ол Алматыға, өзінің Алматысына асығып бара жатыр еді.

* * *

  Сағындық оянғаннан кейін көрген түсін пайымдап, өзінің кім екенін есіне түсіре алмай ұзақ жатқан. – Қызық, – деді мырс етіп. Мен неге түсімде басқа адам болдым. Неге Қайырболдымын. Неге ресторанда қызмет қылатын даяшымын. Мен Сағындық Тілешев, шындығында қазақ теледидарында қатардағы тележурналист-редактор болып қызмет етпеуші ме едім.
  Бір шыны кофе ішіп, жұмысқа аттанды. Келе сала күнделікті қарбаласқа кіріп кеткен. Түстің шамасы еді. Көшеге шығып келген қызметтес қыз редакцияға даурығып сөйлеп кірген.
  – Әй, Сағындық, фойеде сені бір қыз тосып тұр. Такая красавица! Еркек түгілі әйел ғашық болғандай.
  Сағындық шашын асығыс түзеп жіберіп, сыртқа беттеді. Теріс қарап тұрған қызды бірден таныған. Селт еткен жоқ, қорыққан жоқ.
  – Амансыз ба, Бекторы?
  Бекторы бұрылып, жылұшырай күлген.
  – Амансың ба, Сағындық?
  Екеуі сыртқа шықты.
  – Қайда барамыз? – деді Сағындық.
  – Кавалер деген атың бар емес пе?! – деді Бекторы.
  – Осы маңайдағы бір кафеге барайық.
  – Қарсы болмасаңыз, «Алматы» ресторанына барайық, – Сағындық қызға қолын ұсынған.
  Күн едәуір ыстық болғанымен ресторанның іші салқын екен. Даяшы дастарқан мәзірін алдарына қойып, кетіп қалды.
  – Мен шай ішсем болады, – деді Бекторы.
  Сағындық жеңіл-желпі тамаққа тапсырыс беріп, шылымын тұтатып, орнығып отырды.
  – Сенің күйіңді түсінем, – деген Бекторы аз үнсіздіктен кейін, – менің іздеп келіп саған жолығуым, одан кейін басыңнан өткен өткелек, бұның бәрі ақылыңа әзер сыйып тұр. Сұрақ сұрауға бойыңдағы туабітті мәдениетің жібермейді. Сол себепті барлығын мен өзім айтып берейін.
  Бекторының дауысы қолсозым жердегі жұмыр тастан қаланған бұлақтың сылдырымен жарасып, ертегідей тербеп жөнелген.
  – Адамзат өзінің осы жолға қалай түскенін, бүгінгі күйіне қалай жеткенін білмейді. Себебі ақылы кеміс. Адамзат бүгінгі ахуалына бір күнде келген жоқ. Және адам, инсан, әлмисақтан арғы көне дүниеде мүлдем басқа болған. Ақ пен қара, жалған мен ақиқат, жамандық пен жақсылық дегенді сендердің миы ауысып кеткен философтарың ойлап шығарған. Дүниеде өз бетінше тұрған жамандық яки жақсылық болмайды. Қандай да болмасын сөз яки іс өзінің айтылуының немесе тындырылуының ыңғайына қарай жаман я жақсы болып шығуы мүмкін. Ақылды тәуіптің тілектестікпен айтқан өтірігі ауруға шипа болады. Осыны өтірік деп көрші. Әлемдегі ең ізгі деген ақиқат, антұрған мұнафұқтың аузынан шыққанда былғаныш кептегі жалған сөз болып шығады. Бұдан кейін оны қалай ақиқат санайсың.
  Бүгінде сендер жамандық, өтірік, жалған деп санайтынның барлығы көне дүниеде жақсылықтың, шындық пен ақиқаттың жартысы, соларға апаратын жол саналған. Сендердің ұғымдарыңдағы жын менен пері, шайтан мен шерәлі, әзәзіл, көне дүниеде ізгілік жолындағы періште атаулының сыңарлары болып саналған. Ол кездегі адам құр сөзге емес – нақты іске сенетін, істі ғана шын сөз санайтын. Көне адамның ойы, сөзі және ісі бір жерден шығатын. Құдайдың сөзі мен ісі сияқты. Содан кейін жерді ғана емес, бүкіл болмысты астаң-кестең еткен сұмдық апат келді.
  Бекторы алдына қойылған шайдан бір ұрттап, аз үнсіз қалды.
  – Ол не апат? – деді Сағындық. – Қайдан келген?
  Бекторы мұңая жымиған.
  – Аспанның сырын кім білген?! Бұл зауалдың неліктен келгенін, болмыстың қай түкпірінен бізге қарай атылғанын күні бүгінге дейін ешкім айтып бере алмайды. Әйтеуір келді, бәрін күйретті де кетті. Адам періштеге теңескен ізгі еді, иманды еді, ақылы қиырдағыны шалатын кемел еді. Бірақ осы әлемдік, ғарыштық апаттан кейін адамзат бақытсыз болып қалды. Ақылы кеміс, жарымжан болып қалды. Кеміс ақыл зорлық-зомбылыққа әкелді. Осының бәрі асқына келе ақырында бүгінгі кенеусіз қиянатқа ұласты. Осының салдарынан адамның көкірегіне, көңіліне періштемен қатар, тең ұялаған біз – перілер, жындар, соңында жамандық иесі болып шықтық. Алайда біздің атымыз өзгергенмен, затымыз өзгермеді. Жаратқан Ие мойнымызға артқан міндетті адал атқарып келеміз.
  Бекторы жалт етіп, Сағындыққа бір қараған.
  – Не айтқың келгенін түсінем. Дүниеге жамандықтан не пайда демексің ғой. Жанында жамандық тұрмаса, жақсылықтың жақсылық екенін қайдан білесің? Қарсысында жалған мен өтірік тұрмаса, ақиқаттың ақиқат екенін нендей тиянаққа сүйеніп білдің? Жолдың серті – адасу, адасып барып түзелу. Екі түрлі пәктік бар. Біреуі анадан туғандағы, күнә мен зина, қиянаттан бейхабар, тәжірибесіз, мінезсіз пәктік. Екіншісі, бұл дүниенің барлық сатыларынан қан кешіп жүріп өткен, өтсе де лайланбай қалған пәктік. Адам болып қалам десең, осының бәрінен өтуге, осының бәрін көруге міндеттісің. Міне, осы қасіретті өткелектің бәрінен өткізетін біз, жындар, перілер.
  – Сөзіңіз асыл, Бекторы, – деді Сағындық төмен қараған күйі, – тек бір ғана түйткіл бар. Мен неге басқа адамның кебін кидім, осы түсініксіз?! Бекторы шайын ішіп отыра берді.
  – Айтайын, – деді содан соң күрсініп, – дүние барған сайын қиындап, адамдардың бір-біріне деген көңілі барған сайын суып барады. Қазақтан пейіл кетті. Бұрын жақсылығы асып-төгілген, төңіректегі жұрттың бәріне пана болып, шарапаты жеткен қазақ, енді өзіне қайырым қыла алмай отыр. Сен Қайырболдының тағдырын кештің. Қайырболды болып, кедейшіліктің қорлығын да, байлықтың игілігін де көрдің. Асып-тасқан меймананың неге апарып соғатынына да көзің жетті. Сен өзің мүлдем танымайтын адамның тағдырына теліндің. Бөгденің тағдырын өз тағдырыңдай кешкендіктен, сен сол Қайырболдыны енді өзіңдей көресің. Ұрпақ ендігі жерде бір-біріне осындай бауырмал болмаса, өмір сүру қиын болады.
  Бекторы орнынан тұрды.
  – Аман бол, Сағындық.
  – Бекторы, кетпеңізші, – деді Сағындық меңірейіп отырып.
  – Мені кетеді деп кім айтты? – деді Бекторы жымиып. – Мен сенімен ғана амандасып тұрмын. Өйткені саған енді менің керегім шамалы. Мен елден кетпеймін. Ешқашан да. Перінің қызы Бекторы қазаққа әманда керек.
  Есікте бір сәт қана бөгеліп, қолын бұлғады. Содан соң басын биік ұстап, шығып жүре берген.
  … Сағындық түнгі ресторанға келіп, шеткі үстелге отырған. Терезенің алдында сөйлесіп тұрған қыздардың біреуі жанына келді.
  – Не бұйырасыз?
  – Маған Қайырболды қызмет қылса деп едім, – деді Сағындық. – Оның үстелі қай жерде?
  Даяшы қыз таңдана қараған.
  – Қайырболды дейсіз бе? Ол кім?
  Енді Сағындықтың таңданатын кезегі келді.
  – Кімі қалай? Осы ресторанда жұмыс істейтін даяшы.
  Даяшы қыз әдеппен жымиған.
  – Кешіріңіз, бұл бір түсініспеушілік. Қайырболды деген даяшы бізде ешқашан болған емес.
  – Мен он жылдан бері осы ресторандамын, – деген одан кейін. – Завзалды шақырайық. Мүмкін сол кісі білер.
  Залдың меңгерушісі, қалың қайратты шашын қырау шалған, егделеу келген денелі адам екен.
  – Қайырболды Намазбеков дейсіз бе? – деді маңдайын уқалап. – Лақап аты емес пе екен?
  – Жоқ, азан шақырып қойған аты, – деді енді күлкісі келе бастаған Сағындық.
  – Онда кешіріңіз, – меңгеруші қолын жайды, – мен отыз бес жылдан бері осы қызметтемін. Ондай адам ешқашан болмаған бізде.
  Сағындық орнынан тұрды.
  – Жарайды, мазалағаным үшін кешірім өтінем.
  – Отырыңыз, дәм татыңыз, – деді меңгеруші.
  – Келесі жолы, – Сағындық сыртқа беттеді.
  Көңілінде ешқандай күмән, ешқандай сауал қалмаған.
  – Сен пері емессің – періштесің! – деген, самаладай жарқыраған Алматының түнгі көшелерін тамашалап келе жатып. – Жаса, Бекторы!

* * *

  «Мен заманымда кедейлікті де, байлықты да көрдім. Басыма нелер келіп, нелер кетпеді. Кедей едім. Кедей болсам да, көңіліммен бай едім. Бай болдым, Бай болсам да – кедей болдым. Ақшасы көп қайыршы болдым. Тастан сарай салдырдым, алтынды уыстап шаштым. Бірақ кеудемдегі жүрегім де тас еді. Міне, мен қазір ешкімнен артық та емеспін, кем де емеспін. Тіршілігім бір басыма жетеді. Есесіне кеудемде тірі жүрегім бар. Көңілімде адамдарға деген құрмет пен ықылас-пейіл бар…».
  Сағындық қаламын қойып, үстелден шегініңкіреп отырды да, терезеге қарады. Қалың бақтың ар жағынан Алматының ғажайып таңы атып келе жатыр еді.

  Инсан – кемел адам, толық адам.
  Мұнафұқ – екіжүзді, имансыз адам. 

1. Өлген жүрекпен байлыққа бата алаңсыз өмір сүрген Қайырболдының Бекторыны іздеп, түпсанасына аттануына әсер еткен қандай оқиға еді?
2. Түсінде Қайырболды болып ғұмыр кешкен Сағындық қандай адам?
3. Түс көріп оянған Сағындықтың Бекторымен кездесуі қалай өтті? Екеуі не жайында сұхбаттасады?
4. Әңгімеде көтерілген мәселелер бүгінгі қоғамда қалай көрінеді?
5. Әңгімеден қандай заманауи қағида шығаруға болады?
6. Әңгіменің танымдық-тәрбиелік мәні неде деп ойлайсыңдар?
7. Осы тақырыпта жазылған қандай шығармаларды білесіңдер?


1. Шығарманың композициясын анықтаңдар.

2. Шығармадағы уақыт пен кеңістік көрінісін топпен бірге талдаңдар.
І. Қайырболдының басынан кешкен оқиғалары.
ІІ. Сағындықтың перінің қызы Бекторымен кездесуі.
ІІІ. Әңгімедегі соңғы оқиға кейіпкері Сағындықтың шығармасының аяқталуы.
3. Жұптық жұмыс. Әңгімедегі Бекторы мен «Ер Төстік» ертегісіндегі Бекторыны салыстырыңдар.


1. «Адам баласының шынайы өмірде жүзеге асыра алмаған әрекеті виртуалды әлемде қиындықсыз жүзеге асады» деген пікірмен келісесіңдер ме?
  1. Пікір. Пікіріңді бір сөйлеммен жаз.
  2. Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
  3. Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып, мысал келтір.
  4. Қорытынды. Мәселе бойынша қорытынды шығар.
2. «Бекторының қазынасы» әңгімесінде көтерілген мәселенің өзектілігін анықтап, қорытынды жасаңдар.

3. Әңгіме кейіпкерлерінің бойынан көрінетін жақсы және жаман қасиеттерді салыстырып, «Т кестесі» бойынша түсіндіріңдер. Саған қандай ой салды?
4. Үзіндіні тыңдап, Бекторы мен Қайырболдының диалогіне талдау жасаңдар. Уақыты – 15 минут.


1. «Бекторының қазынасы» әңгімесін ғаламдық тақырыптармен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалаңдар.
2. Әңгімеге талдау жасап, әдеби сын жазыңдар.

  Кері байланыс. «3 минуттық пауза».
  Мен ______ өз көзқарасымды өзгерттім.
  Мен ______ туралы білдім.
  Мен ______ таңғалдым.

×
×

Корзина