Тірек сөздер: қатерлі жағдай, жалғыздық, арпалыс, акулалар шабуылы.
3
Шал өзіне қатысты бар жайға ылғи ой жіберетін-ді. Не оқитын газеті, не тыңдайтын радиосы болмаған соң, ол қазір көп-көп таныс жайларды есіне түсіріп, ойға шомды, күнә туралы да ойлап өтті. «Жайынды сен жұртқа етін сатып, өзің күн көру үшін ғана өлтірген жоқсың, – деп бір қойды. – Балықшы болғандықтан, оған үстемдігіңді танытқың кеп өлтірдің. Бұл балықты тірі кезінде жақсы көрдің, қазір де жақсы көріп отырсың. Жақсы көргендіктен, өлтіргенің күнә емес. Жоқ әлде бұл күнәнің ең ауыры болар ма?».
– Ойға тым беріліп кеттің-ау, шалым, – деді ол дауыстап.
«Дентусоны құшырланып өлтірдің ғой, – деп тағы да ойға қалды. – Бұл да сен секілді басқа балықты өлтіріп күн көреді. Құр өлексені жемейді, басқа акулалар секілді мешкей де емес. Бұл – қауіп-қатер дегеніңді білмейтін, әсем де айбынды жануар».
– Қатерден өз басымды қорғау үшін өлтірдім мұны. Және өте шеберлікпен өлтірдім, – деді шал сөйлеп.
«Кім болса да аң мен құсты да осылай, не басқаша өлтірмек, – деп ойлап өтті. – Балық аулау кәсібі бір күн мені де тап осылай мерт қылар. Қасымдағы серік балам, міне, сол мені ажалдан арашалап қалып жүрген. Жә, жоқтан өзгені ойлай берме, шалым».
Ол қайықтың ернеуінен төмен еңкейіп, жайынның акула тістеген жерінен бір кесек етті жұлып алды да, аузына салып шайнап, дәмін байқады. Жайын етінің түсі қызыл болмаса да, сиыр еті секілді тығыз әрі дәмді екен. Кей балықтың еті тарам-тарам боп бітеді, мынаның еті ондай емес екен, базарда бұл еттің ең жоғары нарықпен өтетінін шал біліп отыр. Бірақ осы еттің иісі теңіз тарабына тарай берді, шалдың бұған қылар еш амалы болмады. Ол тағы да бір арпалыстарға түсетінін ішінен сезіп отыр.
Жел бәсеңдеген жоқ, теріскей шығысқа қарай сәл ғана ауытқыды, бұл жел енді басылмайды деген сөз. Шал алысқа көз тігіп еді, не бір желкеннің, не бір кеменің қарасы, болмаса будақтаған түтіні де байқалмады. Қайықтың тұмсығынан үркіп, екі жаққа ыршып ұшқан қанатты балықтар мен ойдым-ойдым балдырлар ғана көзге түсе берді. Тіпті құс та көрінбеді.
Шал тезірек әл жиып һәм тынығып алу үшін балықтың етін ақырын ғана шайнап, қайықтың артқы жағында қисайып екі сағаттай жатты. Бір мезетте жарқ еткен бір акуланы көзі шалып қалды.
– Ай! – деп қалды шал, қолына шеге кіріп кеткенде адамның дәл осылай мағынасыз үн қатары болады.
– Галанос, – деді дауыстап.
Шалдың көзіне осы акуланың артқы жағынан жарқ еткен екінші акула және шалынды; арқасының үш бұрыштанған қоңыр қанатына, құйрықтарының шайқалған қозғалысына қарап, шал бұлардың жалпақ тұмсықты акула екенін бірден таныды. Бұл жыртқыштар жайын балықтың иісін сезіп, аласұрып, иістен бірде адасып қалып, бірде қайта тауып, ашқарақтана ұмтылып келеді. Қайыққа жақындап қалды.
Шал желкенді тас қып байлап, рульді қозғалмастай етіп бекітті де, сабына пышақ байлаған ескекті қолына алды. Алақаны удай ашып ауырғандықтан, ескекті қатты қыспай, ақырын ғана көтерді. Икемге келтіру үшін саусақтарын бір ашып, бір жұмып, әрлі-берлі байқап көрді. Сонан соң қолының ауырғанына қарамай ескекті сығымдай ұстады да, жақындап келе жатқан акуланы бақты. Екі акуланың жалпақ тұмсығын, талпиған басын, көкірек тұсындағы ақ жиекті қанаттарын көріп отыр. Галанос – акула атаулының ішіндегі ең обыры; өлексені де талғамай жұта беретін сасық жыртқыш; ашыққан кездерінде қайықтың рулін де, ескекті де келіп қабады. Теңіз тасбақалары су бетіне шығып ұйықтап жатқан кездерінде солардың аяқтарын да жұлып әкетеді; әбден ашыққанда бұл акула су ішінде адамға да тап береді.
– Ай! – деді шал. – Келсең кел, бермен қарай, галанос.
Екі акула қайыққа жақын келді. Біреуі жарқ етіп қайықтың астына қарай сүңгіп жайынның етіне ауызды салып жұлқып қалғанда, қайықтың дір ете түскенін байқады шал. Ал екінші акула қиықша біткен сарғыл көзімен қарттың қимылын бағып қарай берді де, аузын арандай ашып атылып кеп, дәл манағы акуланың талқандап кеткен жерінен қапты. Жыртқыштың қоңырқай төбесінен арқасына қарай тартылған сызаты шалға анық көрінді, қарт сол межемен акуланың дәл қарағұсын нысанаға алды да, сабына пышақ байланған ескекпен періп қалды; пышағын қайыра суырып алып, енді акуланың қиықша көзіне қадады. Акула бұлғаң етіп, балықты тастай беріп, жұлып алған кесек етін жұтып, төмен қарай сусыды.
Екінші акула жайынды қайықтың астынан келіп жұлмалап жатыр, қайық қалт-құлт етті. Акуланы қайықтың астынан шығару үшін шал желкенді түсіріп, қайықты бір жақ қырына қарай қисайта берді. Акула көрінген мезетте еңкейіп кеп, оны пышақпен түйреп қалып еді. Пышағы акуланың жай денесіне тиді де, жыртқыштың қалың терісі пышақты терең бойлатпады. Акуланы қатты ұрғандықтан, қарттың қолы да, иығы да қақсап қоя берді. Бірақ жыртқыш тайсалған жоқ, судан басын шығарып, жайынға қайта атылды, сол мезетте шал оны жалпақ маңдайының дәл ортасынан қойып жіберді. Кірш етіп енген пышағын суырып алды да, сол орнына қайыра сұқты. Акула жайынға тісін қадап, әлі жабысып жүр, айырылар емес. Шал пышақты енді оның сол жақ көзіне шаншып еді, акула сонда да тістеген жерінен айырылмады.
– Ә, солай ма? – деді де, шал пышақты акуланың қарағұсы мен мойын омыртқасының астасқан жігінен сұқты.
Қолы мүлт кетпеді, омыртқаның жұлынын үзіп жібергенін сезді өзі. Енді акуланың жағын айыру үшін, оның аузына ескектің жалпақ басын тығып жіберіп, қайырып бұрады да, акула жайыннан сырғып түсе бергенде:
– Тарт төменге, галанос, – деді шал. – Құлдила, төмен қарай. Серігіңе жолық, со маңнан. Әлде ол сенің анаң ба еді?
Қария пышағының жүзін сүртті де, ескекті қайықтың ішіне қойды. Содан соң желкенді көтерді де, оны жел кернеген кезде, қайықты әуелгі бағытына қарай бұрды.
– Жайынның жарты етіне жуығын әкетті бұлар және еттің ең жақсы жерін әкетті, – деді шал үн қатып. – Бәрі де өңім болмай, түсім болса игі еді, жайынды ұстамаған-ақ болайын. Оның мынадай мылжа-мылжасы шыққанына жаным ашиды.
Қарт үндемей отырып қалды, жайын балыққа қарауға енді дәті бармады. Қаны сорғалаған, суға малшынған жайынның дәл қазіргі түсі айнаны аптайтын амальгама сияқтанып, қара қошқыл тартқан, сонда да бүйіріндегі жолақтары білініп тұрды.
– Теңізді шарлап, тым ұзап кетпегенім мақұл еді, – деді шал. – Мынадай жайсыз жағдайға тап болғаным жанымды қинап отыр. Саған да, маған да жақсы болмады, балығым.
«Жә, налыма! – деді ол өзіне. – Пышақты ескекке таңып байлаған жібің қиылған жоқ па екен, соны тексер. Қолыңды сипап-сылап жанын кіргіз, іс әлі тамам болған жоқ».
– Пышақты жанып алатын қайрақтың жоғын қарашы, – деді шал ескектің сабына байлаған жібін тексеріп көріп, – қайрақ ала шығуым керек еді.
«Иә, бірталай нәрсені ала шығуың керек еді, қартым, – деп тағы да ойланып қалды. – Бірақ алмай шыққансың. Енді жоқ нәрсеңді ойластырып отыратын уақыт емес, қолыңда бармен қарманып, аман-есен құтылудың жайын қарастыр».
– Әй, өзің ақылсып-ақ мазамды алып болдың-ау, – деп сөйледі.
Рульдің тұтқасын қолтығына қысып ұстап, екі қолын бірдей суға малды. Қайық алға қарай жүзіп келе жатты.
– Соңғы акула қанша етті қылғығанын бір Құдайдың өзі білсін. Жайынның салмағы жеңілдеп қалған екен, – деді шал.
Жайынның іші жарылып, ішек-қарны ақтарылып түскенін ойына алмауға тырысты. Акуланың қайықты әр дір еткізіп қалғаны – бір кесек етті жұлып әкеткен екендігі көңіліне аян; енді жайынның бүкіл акула атаулыны шақырып, су ішінде тасжол секілді жап-жалпақ із қалдырып келе жатқандығын және сезді.
«Мынадай балық бір кісіге қыстай азық болар еді… Мұны ойлап қайтесің, шалым! Тынығып ал, балықтың қалған етін қорғап қалу үшін қолыңды жазып алуға тырыс.
Менің жарақаттанған қолымнан аққан қанның иісі, жайын балықтың суға араласқан қанының иісіне қарағанда түк те емес. Қазір қолым қанап та отырған жоқ. Алақанға түскен тілік онша терең емес. Сол қолымның аздап қанағаны да дұрыс, құрыспайтын болады.
Дәл қазір нені ойласам екен? Еш нәрсені де ойлама, тағы да келіп акула соқтықпас деймісің, соны күткенің абзал. Шынында да осының бәрі өңім болмай, түсім болса игі еді. Дегенмен кім біледі, әлі де желім оңымнан тұруы ықтимал».
Келесі акула жалғыз кезікті, бұл да жалпақ тұмсықты акула еді.
Өзі тура астауына еңкеңдей ұмтылған шошқа секілді, бірақ адамның басын бір қауып жұлып аларлық арандай ашылған аузы жоқ қой шошқаның.
Шал бағып тұрып, акула жақындап кеп балыққа тісін қадай берген мезетте, пышақ таңылған ескегімен дәл басына түйіп жіберіп еді. Акула шалқалап аударылып түскенде, пышақ омырылып сынып кетті.
Шал рульге кеп отырды. Бірте-бірте суға ақырын батып бара жатқан акулаға көзінің қырын салған да жоқ. Бұрын мұндайға қызыға қарайтын еді. Ал қазір қарағысы келмеді.
– Қолымда енді багор ғана қалды, – деді ол. – Бірақ одан не пайда? Бұдан басқа екі ескек, бір румпель және тоқпағым бар.
«Иә, енді мені акулалар жеңуге айналды, – деген ой келді басына, – Акуланы тоқпақпен ұрып өлтіруге халім жоқ, тым кәрімін. Сонда да қайрат қылып, ескегімнің, румпель мен тоқпағымның қашан талқаны шыққанша шайқасармын».
Ол тұзды суға қолын тағы да малды.
Күн кешкіріп қалды, көзге тек аспанмен астасқан телегей теңіз ғана көрінеді. Жел қатая түсті, көп кешікпей жердің де қарасы көрінер деп дәмеленді қария.
– Шалым, сен қалжырадың. Жан дүниең де қажыды, – деді ол.
Күннің көзі ұясына батар алдында акулалар тағы да тиісті бұған.
Жайын балықтың жосылған қанының ізімен келе жатқан акуланың шоқтығындағы үшкіл қоңыр қанаты шалдың көзіне бірден шалынды. Акула екеу еді, қайыққа қатарласып кеп қалды.
Шал рульді румпельмен тіреп, желкенді бекітіп байлады да, қайықтың артқы жағында жатқан тоқпақты қолына алды. Бұл сынған ескектен кесіп алынған, ұзындығы жарты құлаштай кеспелтек ағаш еді. Шал тоқпақты тұтқасынан оң қолына нығарлай ұстап, алақанының сыртынан жіппен орап таңды да, ағындап келе жатқан екі акуланың жақындай түсуін күтті. Екі акуланың екеуі де галанос еді.
«Асықпайын, әуелі біреуі келіп балыққа тісін мықтап тұрып қадасын, нақ сол кезде қақ тұмсықтан не дәл қарағұстан соғып жіберейін», – деп ойлады шал.
Екі акула қатар жүзіп келді де, бергі жағындағысы аузын арандай ашып, жайынның жарқылдаған бүйіріне тісті салып қалған мезетте, шал тоқпақпен акуланы желке тұстан құлаштай соғып жіберді. Қолына қатты дүмпу сезілсе де, сүйегі берік мығым қол талықсымады, шал тоқпақпен акуланы дәл тұмсықтан тағы да қойып қалды. Балыққа жабысқан акула сылқ түсті.
Екінші акула балықтың етінен жұлып алып, кейін кетті де, аузын арсита ашып, қайта бұрылды. Оның ақсиған тісіне қыстырылған аппақ талшық етті шал айқын көрді. Тоқпағын құлаштай сілтеп еді, бірақ акуланың қарағұсына дөп тигізе алмай, тек төбесінен соқты. Акула қартқа көзін бір аударып қалды да, еттен аузын толтыра жұлып алды. Сол кесегін жұту үшін сәл шегіншектей бергенде, шал оны тағы да соғып жіберіп еді, бұл жолы да тоқпағы акуланың төбесіне дүңк етіп тиді.
– Қане, галанос, жақындашы бермен қарай. Тағы да бір жақындап көрші, – деді шал.
Акула қайыра ұмтылып, жайынға оқша атылып кеп, тісін сақ еткізіп сап қалғанда, шал оны тағы да періп жіберді. Тоқпақты құлаштай көтеріп, бар пәрменімен соғып еді. Бұл жолы қарағұсқа дәл тигізді де, тоқпағын шапшаң көтеріп ап, дәл сол тұстан тағы да бір соғып қалды. Балыққа жабысқан акула тістеген жерінің етін собалаңдай жұлып, төмен суси берді.
Шал бұларды су бетіне тағы да шыға келер деп ойлап еді, бірақ акуланың екеуі де қайтып көрінбеді. Біраздан соң біреуінің қайықтың қасында үйіріліп жүргенін қарт байқап қалды. Ал екінші акула көзге түспеді, ол біржола ғайып болды.
«Мен бұларды шоқпармен ұрып өлтіремін ғой деп ойлаған да жоқпын. Бұрын өлтіре беретінмін, – деді қария ішінен, – әйткенмен екеуін де қансыратып жібердім, жағдайлары онша тәуір бола қоймас. Тоқпақ сәл ұзынырақ боп, қос қолдап соққанымда алдыңғы акуланы сеспей қатыратыным анық еді. Қартайсам дағы, осы қазіргі күйімде-ақ серейтіп салатын едім».
Жайынға қарауға енді мүлде дәті бармады шалдың. Оның жарты етінің ада болғанын іші сезіп отыр. Бұл екі акуламен айқасып жүргенде, Күн батып кеткен.
– Қазір қараңғы түседі. Сол кезде Гавананың жылтылдаған оттарын көрермін, – деді ол. – Ал шығысқа қарай тым ауытыңқырап кеткен болсам, онда со жақтағы жаңа курорттардың біреуінің жарығы көрінер.
«Жағалаудан тым жырақта қала алмаспын. Жұрт мені қайда жоғалып кетті деп алаңдап отырған шығар, – деген ой келді басына, – әсіресе серік балам қатты алабұртып отырған болар. Бірақ ол менің аман-сау екендігіме күмәнданбаса керек! Егде балықшылардың тықыршуы мүмкін. Жастар жағы да алаңдар. Мен сол жақсы адамдар арасында күнелтіп жүрген қартпын ғой».
Акулалар жайынның дал-дұлын шығарып кеткендіктен, шал оған қарауға дәті де бармай, оған арнап тіл де қата алмай отыр еді. Кенет басына бір тың ой келді.
– Жарты балық! – деп үн қатты ол жайынға. – Бұрынғы бүтін балық! Қиырға сонша ұзап кеткенім бекер-ақ болды-ау. Сені де, өзімді де сорлаттым. Дегенмен екеуіміз бірталай акуланы өлтірдік, біразын қансыратып жібердік. Сен, қарт балық, өзіңнің осы ғұмырыңда бұлардың талайының көзін құртқан шығарсың, ә? Тұмсығыңның найзадай сүп-сүйір боп бітуі тегін емес.
Шал толғанып, егер осы жайын теңізде емін-еркін жүзіп жүрген болса, акуланы қалай жайқар еді деген бір ойға кетті.
«Акулалармен шайқасу үшін мен мұның сүйір мүйіз тұмсығын кесіп алайын» деп ұйғарды ол. Бірақ жанында балтасы жоқ еді, пышағы да сынып қалды.
«Жайынның мүйіз тұмсығын кесіп алсам, ескектің сабына бекітіп байлар едім де, мұным тамаша қару болып шығар еді. Міне, нақ сонда бұл балық екеуіміз қол ұстаса қимылдаған болар ек! Акулалар түнде тап келсе, қайтпексің, шалым? Қолыңнан келер не қайрат бар?».
– Айқасамын. Кеудемнен жаным шыққанша айқасамын, – деді ол.
Дентусо – акуланың түрі.
Амальгама (франц. amalgame – қорытпа) – сынап араласқан металдардың қорытпасы. Амальгама сұйық және қатты болуы мүмкін. Бұл сынап пен басқа металдардың арасалмағына байланысты.
Румпель – жүргізу тұтқасының (руль) үстіңгі бөлігіне кигізілген мүйізшелер.
1. Үзіндінің мазмұнымен танысып, бөлімге ат қойыңдар. Сол атты таңдауыңның себебін дәйектеп жазыңдар.
2. Шал күнә туралы неге ойланып кетті? Өзін қалай жұбатты?
3. Сантьягоның мұхит пен теңізді мекендейтін жыртқыштарды жақсы білетінін үзіндіден мысалдар келтіре отырып дәлелдеңдер.
4. Ол су жыртқыштарымен неге арпалысады?
5. Шалдың акулалармен айқасы кезіндегі іс-әрекеттерін жазушы қалай сипаттаған?
1. Шал акулалармен неше рет айқасқа түсуге мәжбүр болады? Үзіндіден мысалдар келтіріңдер.
2. Кейіпкердің болмысы мен табиғатын ашу үшін топпен бірге «Блум түймедағы» стратегиясына сай анықтауыш сұрақ, тәжірибелік сұрақ, бағалау сұрағы, шығармашылық сұрақ, интерпретациялық сұрақ, қарапайым сұрақтар құрастырыңдар. Сұрақтарды топпен бірге талқылаңдар.
3. Үзіндіден көрінетін құндылықтарды топта талқылап, құндылықтар бойынша кластер құрастырыңдар.
1. Жұмекен Нәжімеденовтің «Шал мен теңіз» өлеңін zhumeken. kz сайтынан оқып, екі туындыны салыстырып, өз көзқарастарыңды білдіріңдер. Шығарманың көркемдік құндылығына баға беріңдер.
2. Өздеріңе ерекше ұнаған үзіндіге «Үш жақты түсініктеме күнделігін» толтырыңдар. Ойларыңды жұптасып бөлісіңдер.
3. Мәтінді тыңдап, үзіндіде айтылған теңіз жануарлары туралы экология тақырыбында шағын эссе жазыңдар. Эсседе шал не себепті өзін теңіз тасбақасына теңегеніне назар аударыңдар. Табиғат пен адам қарым-қатынасы үзіндіде қандай сөздер арқылы берілген? Уақыт – 15 минут.
Шығармадағы Сантьяго бейнесін оның қандай қасиеттері даралап тұр? Ойларыңды түйіндеп, сыни баға беріңдер.
Кері байланыс. «Табыс сатысы» әдісі.
1-баспалдақ. Мен … білемін.
2-баспалдақ. Мен … түсінемін.
3-баспалдақ. Мен … жасай аламын.