Тірек сөздер: акулалар, жайын сүйегі, шал мен бала, орындалған мақсат.
Қараңғыда алыстан жылтыраған не от, не шапақ көрінбеді; уілдеген жел үні ғана, жел кернеген желкеннің тысырлағаны ғана естіліп тұр. Кенет шалға өлген екенмін ғой деген ой келді. Екі қолын кеудесіне қойып еді, қолдарының жаны кеткен жоқ екен, саусақтарын бір ашып, бір жұмғанда, сыздап ауырғаны сезілді, бұл – тіршіліктің белгісі. Шал қайықтың артқы жақтауына сүйеніп еді, тақтай иығына батты, өзінің тірі екендігіне қарттың сонда ғана көңілі сенді.
«Жайын балықты соғып алар болсам, оқырмын деп серт қылған дұғаның бәрін оқуым керек, – деп ойлады шал. – Бірақ қазір дәрменім жоқ, тым қалжырап қалдым. Қапшықты алып, иығыма жамылайыншы».
Ол қисайып жатып, қайықты туралап жүздіре берді; Гавана шамдарының аспанға түскен шапағы қашан көрінер екен деп, қадағалап отырды. «Қолымда жайынның әлі жарты еті қалды, – деп ойлады, – жолым оңғарылып, тым құрығанда осыны үйге аман-есен жеткізермін. Жолымның бір оңғарылар кезі болды ғой!.. Жоқ, – деді шал өзіне, – жазығың бар, қайығың тым алысқа ұзап кеткен кезде, осы балық қармағыма қайдан ілініп еді деп ренжіген болатынсың».
– Жоқтан өзгені көкіме, шалым! – деді ол өз ойын өзі бөліп.
– Ұйықтап қалма, рульді бақ. Сенің де басыңа бақ қонар.
– Егер бір жерде сатылатын болса, өзіме аздап бақыт сатып алар едім, – деді шал.
«Неменеңе сатып алар ең? – деп өзіне және сауал берді. – Жоғалтқан гарпуныңа ма не сынған пышағыңа ма, әлде қырық тілім болған қолыңа ма? Кім білген! Теңізден балық аулауға шыққан сексен төрт күн бойында іздегенің бақыт болды, соны сатып алғың келді. Саған сол бақытты сата да жаздады ғой…
Жә, жоқтан өзгені ойлаудың керегі не?! Адамға бақыт түрліше түрде келмек, оны танымай қалармын деймісің? Бақыттың қандай түрі болса да, таңдамай-ақ, аздап сатып алар едім, сұрағанын төлер ем. Гавана шамдарының аспанға түскен шапағы көрінсе екен көзіме, – деп те ойға берілді шал. – Қартым, сен өзің бар жақсылық басыма бірден орнай қалса дейсің-ау. Жоқ, дәл қазір тек Гавананың жарқыраған оттарын көрсем екен, өзге тілек тілемен».
Ол рульдің қасына жөнделіңкіреп отырғысы кеп қозғалып көріп еді, тұла бойы қақсап қоя берді, өзінің шынында да тірі екендігіне шалдың көзі енді ғана анық жетті.
Қала оттарының аспанға түскен шапағы оған түнгі сағат онның шамасында көрінді. Ай туып келе жатқан кездегідей, әуелі бозалаң сәуле білінді де, бірте-бірте айқындала берді. Шал осы көрінген жарықты бетке алып жүзіп келеді, енді Гольфстримге ілігуге аз-ақ қалдым деп ойлады.
«Әйтеуір жердің қарасы көрінді-ау, – деді ішінен. – Әрине, акулалар маған тағы да келіп соқтығар. Бірақ құр қол адам қараңғыда оларға не қайрат қыла алмақ?!».
Шалдың тұла бойы сырқырап шанышты, тілім-тілім қол-аяғының жарасына түнгі салқын жайсыз тиіп, ауырта түсті. «Мүмкін, енді акула кезіге де қоймас, айқасқа түспеспін, – деп те ойлады. – Тек айқасқа түспесем екен енді».
Бірақ түн ортасы шамасында акулалармен тағы да айқасты ол; бұл жолғы айқастан түк өнбесін білді де. Акулалар үйірімен кеп тиісіп еді, шал олардың қыр арқасындағы қанаттарының суды тілген ізін ғана, жыртқыштардың жайынға атылған кездегі қылаң еткен елесін ғана көрді. Акулалар қайықтың астыңғы жағынан кеп тістерін сақ еткізіп салып жіберіп, жайынды жұлқылағанда, қайық қалт-құлт етті. Шал дыбыс білінген тұсты жобалап, тоқпақпен төпелей берді, бір кезде қолынан тоқпағы да ұшып кетті.
Ол енді румпельді шығырынан жұлып алып, қос қолдап ұстап, жыртқыштарды оңды-солды соққылады. Акулалар қайықтың тұмсық жағына үймелесіп қалған екен; жайынға бірінен соң бірі ұмтылып, оның етін дал-дұл ғып жұлып жеп жатыр. Кейін қарай шегіне беріп, жеміне қайыра атылады.
Ақыр соңында бір акула жайынның дәл басына ұмтылып жүзіп барды, балықтың қауқиған басынан өзге дымы қалмағанын шал сонда білді. Жайынның тастай бас сүйегіне акуланың тісі кірш етіп қадалған мезетте шал оны дәл тұмсықтан румпельмен періп қалды.
Құлашты кере сермеп, тағы да екі-үш қайыра соғып жіберіп еді. Румпель сатыр-сұтыр етіп жарылып, омырылып сынып кетті де, шалдың қолында оның тек шолтиған сабы ғана қалды. Қарт енді сол саппен түйіп қалып еді, ағаш акуланың денесіне кірш ете қалды. Сап ағаштың сынық жағы үшкір екенін сезіп, акуланы тағы бір түйіп жіберді шал. Акула балықты тастай беріп, әрі қарай жылысып кетті. Үйірімен келіп тиіскен акуланың бұл ең соңғысы еді. Бұл да тайды, өйткені балықтың енді құр сүйегінен басқа, жейтіндей ештеңесі қалған жоқ еді.
Шал демін әрең алып отырды, аузына өзгеше бір дәм білінді. Балға ұқсас тәтті дәм. Шал бір сәт қорқып қалып еді, бірақ көңілі орнына тез түсті. Ол мұхитқа түкіріп тастады да:
– Галанос, асаңдар, жапырыла ұмтылыңдар! Адамды өлтірдік деп масайраңдар, – деді.
Қарт енді өзінің оңалмастай боп әбден жеңілгенін білді де, қайықтың арт жағындағы орнына жылжып барды; румпельдің қолындағы тұқылын рульдің кертесіне сұғып көріп еді, тура келді, енді осыны ілдәлда ғып, рульді ептеп басқаруға болатын секілді.
Шал иығына қапшығын жамылды да, қайықтың бағытын түзеді. Қайық енді жеңіл жүзді, шал да енді ештеңені сезбеді де. Оған енді бәрібір еді, тек қайығын жағаға тезірек жеткізсе, жақсы жеткізсе болғаны.
Түнде акулалар, бейне үстел үстінде қалған сарқытқа қомағайлана бас салған ашқарақша, балықтың қаңқасына таптап берді. Шал бұларға назар салған жоқ. Өзінің қайығынан басқа еш нәрседе жұмысы болмады оның.
Жайынның құр қаңқасы қалғаннан кейін қайықтың жеңілденіп, жүрісі шапшаңдай түскенін ғана сезіп келе жатты.
«Қайығым жап-жақсы, – деп ойлады, – тек румпельдің сынғаны болмаса, еш жеріне зақым түскен жоқ, бүтін. Ал румпельдің жаңасын орнатып алудың қиындығы жоқ».
Шал қайықтың жағаға таяп қалғанын сезді, теңіз жағалауындағы поселкелердің жылтыраған оттары көрінді. Қарт өзінің қай жерде келе жатқанын да білді, енді үйге жетудің еш қиындығы жоқ.
«Жел жарықтық дос қой бізге, – деді ішінен. – Дегенмен үнемі дос та емес-ау, – деп бір қойды. – Шалқар теңізде қастарымыз, достарымыз баршылық. Ал төсек бар ғой, соны айтамын. Төсекте жату деген ғажап нәрсе! Жеңіліске ұшырасаң, көңілің жай табады екен. Бұлай болатынын білмейтін ем… – деп ойланып қалды қарт. – Шалым, сені жеңген кім осы? – деді өзіне сауал беріп. – Ешкім де емес, – деп жауап қайырды. – Шығандап тым ұзап кеткенімнің кесірі».
Ол қайығымен кішкентай қойнауға кеп кіргенде, террассаның маңы қараңғы еді, шамдар сөнген; жұрттың бәрі ұйықтап қалған. Жел уілдеп, бұрынғысынан да күшейе түсті. Гавань төңірегі тып-тыныш; шал жартастың ығына таман таяла бергенде, қайығы қайырға тиіп, қайраңдап қалды. Оған жәрдемдесіп жіберетін ешкім жоқ, шал өзі тырбанып қайығын ілгері жылжытыңқырады да, сосын жерге түсіп, қайықтың бауын жартасқа іліктіріп байлады.
Кіндік діңгекті суырып алып, оған желкенді домалатып орады да, сыртынан жіппен буды. Содан соң діңгекті иығына салып, өрге қарай аяңдап еді, өзінің әбден қалжырап біткенін ол сонда ғана сезді. Бір сәт аялдап, жан-жағына қаранып еді, қайығының артқы жағында бұлғаңдаған жайынның алып құйрығына көзі түсті, жарқабақтанған ірі Кіндік діңгекті суырып алып, оған желкенді домалатып орады да, сыртынан жіппен буды. Содан соң діңгекті иығына салып, өрге қарай аяңдап еді, өзінің әбден қалжырап біткенін ол сонда ғана сезді. Бір сәт аялдап, жан-жағына қаранып еді, қайығының артқы жағында бұлғаңдаған жайынның алып құйрығына көзі түсті, жарқабақтанған ірі толқын балықтың құйрығын жоғары серпіп, көтеріп-көтеріп тастайды; қайық жаққа көшедегі қолшам жарығы түсіп тұрғандықтан, балықтың тізілген омыртқасының ағараңдаған желісі де шалға көрінді, сүйір мүйіз тұмсығы қайқиған жайынның басы да қарауытып көзге шалынды.
Шал өрге қарай қайтадан қадам басты. Қырқаға шыға бере құлай кетіп, кіндік діңгекті иығына салған күйінде біраз жатты. Содан соң түрегелмек болып еді, қол-аяғынан әл кетіп, бойын жаза алмай қалды. Жолға көз жіберіп, осы қалпы едәуір отырды. Бір мысық жолды кесіп жүгіріп өтті, шал оның кеткен жағына біраз қарап отырды да, енді көзін сұлық жатқан жолға аударды.
Бір кезде ол иығындағы кіндік діңгекті жерге тастай беріп, орнынан түрегелді. Сонсоң діңгекті көтеріп иығына қайтадан салды да, жолмен жоғары өрлей берді. Өзінің лашығына жеткенше бес рет аялдап демалды.
Үйге кірген соң, кіндік діңгекті қабырғаға сүйеп қойды. Су құйылған құмыраны қараңғыда қармалап тауып алып, қанып ішті де, кереуетіне келіп жатты. Көрпешемен иығын бүркеп, арқасын, аяғын қымтады да, төсеніш ретінде жайылған газетке бетін басып, алақанын жайған күйі екі қолын созып жіберіп, ұйықтап кетті.
Ертеңіне шалдың серік баласы лашыққа кеп кіргенде, қарт ұйықтап жатыр еді. Жел өте күшейіп кеткендіктен, балықшылар бүгін теңізге шықпаған еді, ешкім оятпаған соң, бала ұйықтап қалған-ды, ұйқысы қанған соң, өзі оянып тұрып, күндегі дағдысынша таңертең шалдың лашығына соққан. Бала қарттың ақырын ғана дем алып жатқанын көрген соң, көңілі тыншып еді, бірақ шалдың тілім-тілім қолдарын көргенде, жылап жіберді. Қарияға кофе алып келу үшін лашықтан ептеп қана шықты да, асханаға бет алды, жеткенше жылап барды.
Шалдың қайығының маңына балықшылар жиылып қалған еді, қайыққа қосақталған ғаламат нәрсеге бәрі таңдана қарасады; біреуі шалбарының балағын түріп алып, су ішінде жайынның қаңқасын жіппен өлшеп жатыр.
Бала бұлардың қасына барған жоқ, өзі әлгінде ғана көріп кеткен болатын, «қайықты мен қарайлай тұрайын» деп бір балықшы оған уәде еткен-ді.
– Қарттың халі қалай екен? – деп дауыстады балаға бір балықшы.
– Ұйықтап жатыр, мазалауға болмайды, – деп жауап қатты бала. Өзінің ағыл-тегіл жылап келе жатқанын балықшылар көрсе көре берсін дегендей, көзінің жасын сүрткен де жоқ.
– Мынаның тұмсығынан құйрығына дейінгі ұзындығы он сегіз фут шықты, – деп дауыстады жайынды өлшеп жатқан балықшы.
– Бірде кем емес, – деді бала.
Ол террассаға енді де, бір құты кофе сұрады.
– Ыстық кофе беріңізші маған, сүті мен қанты молырақ болсын, – деді.
– Тағы да бірдеме алсаңшы.
– Керегі жоқ. Әуелі кофені ішсін, сосын не керек боларын өзім байқармын.
– Ой-пой, бұ не деген нән балық! – деді қожайын. – Мұндай нән балықты көрген емен. Айтпақшы, сен де кеше екі ірі балық ұстадың ғой.
– Адыра қалсын ол балықтар! – деп бала тағы да жылап жіберді.
– Бірдеңе жұтқың келе ме? – деп сұрады қожайын.
– Жоқ, – деді бала. – Ана балықшыларға айт, Сантьягоның мазасын алмасын. Мен қазір қайтып келем.
– Шалға қатты жаны ашып тұр дегейсің мені.
– Рақмет, – деді бала.
Ол бір құты ыстық кофені әкеліп, шалдың қасына барып отырды да, қария қашан оянғанша орнынан тапжылмады. Балаға қарт бір мезет ояна берген секілді көрініп еді, бірақ шал сәл ғана қозғалып, қалың ұйқыға қайта енді. Бала кофені ысыту үшін жолдың арғы бетіндегі көршілерге барып, қарызға біразырақ отын сұрап әкелді.
Бір кезде шал да оянды.
– Тұрма, жата бер, – деді оған бала. – Мә, іш мынаны! – Ол стақанға кофе құйып, шалға ұсынды.
– Акулалар маған бой бермеді, Маналин. Олар жеңді мені, – деді қарт.
– Дегенмен саған жайынның шамасы келген жоқ қой! Ол сені жеңе алмады ғой!
– Оны айтып қайтесің, болары болды.
– Педрико сенің қайығыңды, құрал-сайманыңды қарайлай тұрайын деген. Анау жайынның басын қайтесің?
– Оны Педрико алсын да, паршалап бұзып, ау құрғанда балыққа жем қылсын.
– Ал жайынның мүйіз тұмсығын не істейсің?
– Оны ескерткіш ретінде өзің ал, қаласаң.
– Мақұл, – деді бала. – Ал енді алдағы уақытта не істейтінімізді ақылдасалық.
– Мені іздеді ме?
– Әрине. Жағадағы күзетшілер де, ұшақтар да іздеді.
– Мұхит – ұлан-ғайыр да, қайық болса – құрттай ғана, көзге қайдан шалынсын, – деді шал.
Кешеден бергі сырласы теңіз ғана еді, енді қазір қасында ақылдасар адамы отырғаны жанын жадыратып жіберді. – Сені сағынып қалыппын, – деді қарт.
– Өзің ештеңе ұстай алдың ба?
– Әуелгі күні бір балық, келесі күні және бір балық, үшінші күні екі балық ұстадым.
– Бәрекелді!
– Енді бұдан былай балықты екеуіміз қайтадан бірігіп аулаймыз.
– Жоқ. Мен бақытсыз адаммын. Енді жолым болмайды.
– Жолым болмайды дегенді қой, – деді бала. – Мен сенің қолыңа бақыт құсын қондырамын.
– Менің қасыма ергеніңе ата-анаң не дер екен?
– Не десе, о десін. Кеше екі балық ұстадым. Мен әлі көп нәрсені үйренуім керек, сол үшін бұдан былай балықты сенімен бірігіп аулаймын, қасыңда боламын.
– Жақсы бір қарымды найза тауып алып, қолымнан тастамай алып жүруім керек екен. Оның үшкір ұшын «Фордтың» рессорынан жасауға болады. Қайрақшыға апарып, қырын қылпытып қайрап аламыз. Ұшы үшкір, қыры өткір болуға керек, суарып шыңдаудың қажеті жоқ, морт сынбауына жақсы болады. Пышағым екі бөлініп, сынып қалды.
– Мен саған жақсы пышақ тауып берем, рессорды да қырлап, ұштау қолымнан келеді. Мына азынаған жел неше күн соғар екен?
– Үш күн соғады. Бұдан да көпке созылып кетуі мүмкін.
– Ендеше оған дейін бүкіл істі реттеймін. Ал сен қолыңды емдей бер әзірше, – деді бала.
– Қолымды қалай емдеуді білемін ғой. Түнде аузыма бір түрлі бір жылымшы жаман дәм келген соң, түкіріп тастап ем, қолқам үзілгендей болды.
– Қолқаңды да емде, – деді бала. – Төсегіңнен тұрма, жата бер, ата, саған қазір таза жейде әкеп берейін. Жейтін бірдеңе және ала келейін.
– Мен жоқ кезде шыққан газеттердің біреуін ала келші, – деп өтінді шал.
– Сенің тезірек сауығуың керек, өйткені мен сенен бір нәрсені үйренуге тиістімін. Сен маған талай нәрсені үйрете аласың да. Жарақатың жаныңа қатты батты ма?
– Қатты батты, – деді шал.
– Мен тамақ алып келейін, газетті де ала келейін. Сен демал, ата. Дәріханаға соғып, қолыңа жағатын бір дәрі де ала қайтайын.
– Педрикоға айт, жайынның басын өзі алсын, ұмытып кетпе.
– Ұмытпаймын.
Бала лашықтан шығып, ескі тастақ жолмен төмен ылдилап түсіп келе жатып, тағы да жылап алды…
Сол күні террассаға бір топ туристер келіп еді. Шығыстан соққан желдің екпінінен ақжалдана дөңбекшіген биік толқындарға қарап тұрған турист әйелдің бір нәрсеге көзі түсті; бұл – теңіздің қолтығына толқын айдап келген қоқыстың, босаған қалбырлар мен өлген медузалардың арасында бірге қалқып, су бетінде ағараңдап, тербетіліп жатқан алып жайынның қаңқасы еді.
– Бұл не нәрсе? – деп сұрады даяшыдан турист әйел, толқын ысырып бара жатқан қоқыстың арасында қалқыған алып балықтың шұбалған омыртқа сүйегін нұсқап.
– Tiburon, – акула, – деді даяшы. Ол болған жайды турист әйелге түгел айтып беруге оқталды.
– Акуланың сәнді иіле біткен мұндай сұлу құйрығы болатынын білмейтін ем, – деді турист әйел.
– Мен де білмейтін ем, – деді қасындағы серігі.
Жоғарыда, өзінің лашығында, шал қайтадан ұйықтап кеткен еді. Тағы да етпетінен жатыр, серік баласы қасында қарауылдап отыр. Шал түсінде арыстандарды көріп жатты.
Лашық – уақытша тұруға арналған шағын баспана.
Цент (ағылш. cent; лат. centum – жүз) – АҚШ-тың, Австралияның, Канаданың, Жаңа Зеландияның т.б. елдердің ұсақ монетасы, есепақша өлшемі.
1. Үзіндіні оқып, мазмұнына сай тақырып қойыңдар.
2. Үзіндіні бөліктерге бөліп, әр бөлікте не айтылғанын қысқаша жеткізіңдер.
3. Үзіндідегі негізгі ойды танытатын тірек сөздерді белгілеңдер. Негізгі ой қай бөлікте деп ойлайсыңдар?
4. Жазушының осы повесть арқылы жеткізгісі келген ойын анықтаңдар.
5. Шығармаға композициялық талдау жасаңдар.
6. Өзіне онша сенімді болмаса да, акулалармен айқасқа бел байлағанынан шалдың қандай қасиеттері байқалады?
7. Үзіндіде серік баласы шалға қалай қамқорлық көрсетеді?
8. Егде Сантьяго мен жасөспірім Маналин арасындағы достық туралы пікірлерің қандай?
9. Автор қарт балықшының алып күшті бағындырғанын қандай деталь арқылы танытқан деп ойлайсың?
1. 1-жұп – Сантьягоға, 2-жұп Маналинге кесте толтырыңдар.
2. Кестені пайдаланып, үзінділердегі жазушының айтар ойы мен өз ойыңды жеткіз.
3. Топпен бірге «Шал мен теңіз» повесі бойынша «Жазушы тілінің сөздігін» құрастырыңдар.
1. «Шал мен теңіз» повесіндегі оқиға шешімі оқырман ретінде сендерге қалай әсер етті? Ойларыңды талдап жазыңдар.
2. «Шал мен теңіз» повесіне «…Алайда тұтас шығарманың логикалық монолог арқылы өрбіп, әлем әдебиетінен орын алуы – автордың философиялық, психологиялық ойларының жемісінен» (Р.Ж. Есбалаева) деген пікірді негізге ала отырып, сыни пікір жазыңдар.
3. Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетіндегі, қазақ киносындағы үндес туындылардың ұқсастықтарын салыстырыңдар.
1. Үш топқа бөлініп, балықшы кәсібі туралы топтық жұмыс орындаңдар.
І, ІІ топ: Шығарманы оқи отырып, балықшы кәсібінің қызығы мен қиындығы туралы қандай ой түйдіңдер? Кестені толтырыңдар. Түйінді ойларыңды мақал-мәтел, нақыл сөздермен тұжырымдаңдар.
ІІІ топ: Балықшы болу үшін адамда қандай қасиеттер болуы қажет деп ойлайсыңдар? «Ой картасын» сызып, дәлелдеңдер.
2. «Хемингуэйдің әлемдік әдебиетке әсері» тақырыбында сыни мақала жазыңдар.
Кері байланыс. «Үш минуттық эссе».
1) Бүгінгі оқығандарыңның ішінде ең маңыздысы не?
2) Қай сұрақ есіңде қалды?
3) Сен үшін ең қиын, түсініксіз болған не?